Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы
Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, еліміздің экономикасының тиімділігін арттыру және Қазақстан Республикасының тауар нарықтарында бәсекелес ортаны қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу және белсенді бәсекелестік саясатты енгізу Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы, өкілді органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің басым бағыты деп жариялансын.
- Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мыналар деп айқындалсын:
1) тауар нарықтарында экономикалық шоғырлану деңгейін төмендету;
2) тауар нарықтарына кірудің әкімшілік және экономикалық кедергілерін, мемлекеттік бағалық реттеу құралдарын қысқарту;
3) нарыққа жаңа қатысушылардың пайда болуына немесе кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестікті күшейтуге бағытталған кәсіпкерлікті және инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асыру;
4) тауарлардың жаңа түрлері нарықтарын қалыптастыру, отандық өндірушілер өнімдерінің айналымы, олардың әлемдік нарықтарға шығуы саласын кеңейту;
5) мемлекет қатысатын нарық субъектілерінің үлесін қысқарту және мемлекеттің экономикалық активтерін басқару тиімділігін арттыру;
6) шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, оның ел экономикасына үлесін ұлғайту;
7) биржалық сауданы және баға белгілеудің өзге де ашық тетіктерін кеңейту;
8) кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына және мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету;
9) тауар нарықтарында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету, және олардың Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар жүйесін іске асыруы;
- Бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің меншік нысанына қарамастан теңдігі;
2) бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат нәтижелерінің өлшенуі;
3) монополияға қарсы реттеу мен бақылаудың ақпараттық ашықтығы мен айқындығы;
4) монополияға қарсы реттеудің профилактикалық шараларының басымдығы;
5) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға жауаптылығы.
- Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021 жылғы 1 ақпанға дейінгі мерзімде «Қазақстан Республикасында бәсекелестікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны» (бұдан әрі – Ұлттық жоба) әзірлесін.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі 2021 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде Ұлттық жобаны бекітсін.
- Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі:
1) 2021 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде салалар мен өңірлерде бәсекелестікті дамытудың үлгілік стандарттарын бекітсін;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына 2021 жылдың соңына дейін ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес нормативтік құқықтық актілер жобаларының бәсекелестікке әсерін бағалау тетігі мен әдіснамасын енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтамасыз етсін;
3) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің Ұлттық жобаға қатысу мүмкіндігін қарасын.
- Экономиканың тиісті салаларында реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары 2021 жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу бойынша бәсекелестікті дамыту стандарттарын әзірлесін және бекітсін.
- Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп 2021 жылғы 15 қаңтарға дейін еліміздің қаржы нарықтарында белсенді бәсекелестік саясатты енгізуге мүмкіндік беретін бәсекелестікті дамытудың аралық және түпкілікті индикаторларын пысықтасын.
- Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын қолданудың сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету және істерді қараудың сапасын арттыру мақсатында соттардың монополияға қарсы істерді қарау практикасын қорыту және мамандандыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын.
- Құқық қорғау органдары бәсекелестікті қорғау саласында қылмыстық жаза қолданылатын әрекеттерді анықтау және олардың жолын кесу және монополияға қарсы органмен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру және тергеп-тексерулер жүргізуге кедергі келтіретін құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу жөніндегі монополияға қарсы органмен бірлескен
іс-шаралар жүргізу бөлігінде өзара іс-қимыл тетігін енгізу жөнінде шаралар қабылдасын.
- Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп бәсекелестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру туралы, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптары туралы ақпараттың кеңінен таралуын қамтамасыз етсін.
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі одан әрі білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізе отырып, жоғары оқу орындарының магистратура деңгейіндегі «Бәсекелестік құқық» білім беру бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігін қарасын.
- Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
- Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ. Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жыл
№