Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде монополияға қарсы органның қорытындысын беру тәртібін реттейтін бұйрық жобасын әзірледі.
Бұйрық жобасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2), 26) және 31) тармақшаларына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 428 Жарлығына сәйкес әзірленді.
Әзірленген қағидалар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген, атап айтқанда: құқық иеленушіден зияткерлік меншік объектілерін сатып алған, ұқсас өнімді өндіретін жеке кәсіпорындар болмаған жағдайда мемлекеттік органдар тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алған, сондай-ақ егер сатып алуды бәсекелестік негізде өткізу мүмкіндігі болмаса, көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың және басқа да іс-шаралардың материалдарына ақы төлеген жағдайларда қорытынды беру тәртібін айқындайды.
Аталған қағидаларды қабылдау бәсекелестікті шектеуге жол бермейтін мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мен құқыққа сыйымдылығын қамтамасыз етуге және бір көзден сатып алу кезінде объективті және негізді шешімдер қабылдау үшін жағдайлар жасауға бағытталған.