Қазақстан Республикасы
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі
Қоғамдық кеңесі отырысының
2024 жылғы 19 қаңтардағы
хаттамасымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту
агенттігінің Қоғамдық кеңесі туралы
ереже
- Жалпы ережелер
- Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қоғамдық кеңесі (бұдан әрі – Қоғамдық кеңес) Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган болып табылады.
- Қоғамдық кеңес Қазақстан Респуликасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру және тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру үшін азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
- Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңын (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасының Президентінің, Қазақстан Республикасының Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- Қоғамдық кеңесті қалыптастыру
- Қоғамдық кеңес Заңда көзделген тәртіппен қалыптастырылады.
- Қоғамдық кеңес республикалық деңгейде құрылады.
- Қоғамдық кеңестер арасындағы өзара іс-қимыл Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
- Қоғамдық кеңестің мақсаттары мен міндеттері
- Тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру Қоғамдық кеңес қызметінің мақсаты болып табылады.
- Қоғамдық кеңестің міндеттері:
1) тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту бойынша шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жұртшылықтың пікірін ескеру;
2) Агенттіктің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасасуын дамыту;
3) қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және Агенттік қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.
- Қоғамдық кеңес қызметінің қағидаттары
- Қоғамдық кеңес өз қызметін мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:
1) тәуелсіздік;
2) волонтерлік (ерікті қызмет ақысыз);
3) автономдық;
4) дербестік;
5) жариялылық.
- Қоғамдық кеңестің өкілеттіктері
- Қоғамдық кеңестің өкілеттеріне:
1) тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі стратегиялық құжаттардың жобаларын талқылау;
2) Агенттік әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен талқылауға қатысу, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және Агенттікке енгізу;
3) мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
4) қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де нысандарда жүзеге асыру;
5) Агенттік қызметінің бағыттары бойынша комиссиялар құру болып табылады.
- Қоғамдық кеңестің және оның мүшелерінің
құқықтары мен міндеттері
- Қоғамдық кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негізде және тәртіппен Агенттікке жүгінуге;
2) мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер қаралатын отырыстар мен іс-шараларды қоспағанда, Агенттік Заңның 5-бабының 1-тармағында көзделген мәселелер бойынша өткізетін іс-шараларға қатысуға;
3) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жүгінуге;
4) Агенттіктің Қоғамдық кеңесінде қарауға жататын азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді айқындау жөнінде ұсыныстар енгізуге;
5) Агенттіктен Қоғамдық кеңес мүшесінің мәртебесін куәландыратын құжат алуға;
6) Агенттік өкілдерін Агенттіктің құзыретіне жатқызылған мәселелерді талқылау үшін Қоғамдық кеңестің отырыстарына шақыруға;
7) қажеттілігіне қарай тұрақты және (немесе) уақытша жұмыс органдарын: комитеттер мен сараптама топтарын құруға;
8) ерекше тәртіпті қолдана отырып жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуды қоспағанда, Агенттіктің мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларына қатысуға құқығы бар.
- Өз қызметінде Қоғамдық кеңес мүшелері:
1) Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын сақтауға;
2) өз қызметін жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асыруға;
3) жылына екі реттен сиретпей бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) интернет-ресурстар арқылы халықты Қоғамдық кеңестің қызметі туралы хабардар етуге;
4) өз қызметі туралы жылдық есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және (немесе) Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруға;
5) «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпаратты қоспағанда, дербес деректер субъектісінің келісімінсіз дербес деректерді таратпауға, сондай-ақ Агенттіктен алынған мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
- Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыру
- Отырыс Қоғамдық кеңестің жоғары органы болып табылады.
- Қоғамдық кеңестің қызметіне басшылықты жүзеге асыру үшін оның отырыстары арасындағы кезеңде Қоғамдық кеңестің төралқасы сайланады.
- Төралқаның құрамына Қоғамдық кеңестің төрағасы мен хатшысы, оның қатысуымен Қоғамдық кеңес құрылған Агенттіктің төрағасы, Қоғамдық кеңес комиссияларының төрағалары, жекелеген мүшелері кіреді. Төралқаның сандық құрамын Қоғамдық кеңес мүшелері айқындайды.
- Төралқаның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары кіре алады және Қоғамдық кеңестің қызметіне қатыса алады.
- Қоғамдық кеңестің төралқасы:
1) Қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіреді;
2) Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізуге дайындықты ұйымдастырады;
3) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды қамтамасыз етеді.
- Қоғамдық кеңестің бірінші отырысын Жұмыс тобының жетекшісі ашады. Бұл отырыста ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы және төралқаның бүкіл құрамы сайланады.
- Қоғамдық кеңестің төрағасы оның мүшелері – мемлекеттік қызметте жоқ белгілі қоғам қайраткерлері арасынан сайланады.
- Қоғамдық кеңестің төрағасы, хатшысы, төралқасының құрамы сайланғаннан кейін Жұмыс тобының өкілеттіктері тоқтатылады.
- Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі нысаны отырыс болып табылады. Қоғамдық кеңестің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі. Қоғамдық кеңестің отырыстарын бейнеконференцбайланыс режимінде және онлайн форматта өткізуге жол беріледі.
- Қоғамдық кеңестің отырыстарына қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіподақ және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылады.
- Қоғамдық кеңестің отырыстары ашық болып табылады және бір жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі.
- Жұмыс жоспары Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде қалыптастырылады және оны Қоғамдық кеңестің төрағасы бекітеді.
- Қажет болған жағдайда кезектен тыс отырыстар өткізіледі. Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысының бастамашысы Қоғамдық кеңес төрағасының қарауына талқылау үшін ұсынылатын мәселелердің тізбесін және олар бойынша шешімдердің жобаларын енгізеді, оларды Қоғамдық кеңес мүшелеріне жібереді. Кезектен тыс отырысты өткізу туралы шешімді Қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілігі дауыс беру арқылы қабылдайды.
- Отырыс күн тәртібінің жобасы Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.
- Отырыстың күн тәртібі Қоғамдық кеңестің отырысында бекітіледі.
- Отырысқа материалдарды хатшы отырыстың өткізу күніне дейін екі жұмыс күн бұрын Қоғамдық кеңестің мүшелеріне жібереді.
- Қоғамдық кеңес мүшесі отырысқа дәлелді себеппен қатысудың мүмкін еместігі туралы төрағаны немесе хатшыны хабардар ететді, оның ішінде ресми электрондық мекенжайларға алдын ала хабарланады.
- Қоғамдық кеңестің шешімдері қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады.
- Қоғамдық кеңестің қаралатын мәселе бойынша ерекше пікірі бар мүшесі отырыстың хаттамасына қоса берілетін жазбаша нысанда жазылған ерекше пікірін ұсына алады.
- Қоғамдық кеңестің әрбір отырысы отырыс хаттамасымен ресімделеді, оған хатшы және отырыста төрағалық етуші қол қояды.
- Отырыстар өткізудің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңестің шешімімен айқындалады.
- Қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асыру кезінде басқа қоғамдық кеңестермен теңдік және әріптестік шарттарында өзара іс-қимыл жасайды.
- Қоғамдық кеңестің мүшесі өз өкілеттіктері шегінде кеңесші дауыс құқығымен өзге де қоғамдық кеңестердің қызметіне қатыса алады.
- Отырыстарда қарау үшін материалдарды Агенттіктің тиісті құрылымдық бөлімшелерінің басшылары Қоғамдық кеңес хатшысына Қоғамдық кеңес өткізілгенге дейін жеті жұмыс күні бұрын береді.
- Қоғамдық кеңес төрағасының және хатшысының өкілеттіктері
- Қоғамдық кеңестің төрағасы:
1) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырады;
2) отырыстарда төрағалық етеді;
3) Қоғамдық кеңестің атынан құжаттарға қол қояды;
4) Қоғамдық кеңестің шешімдерін іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді;
5) Агенттіктің отырыстарына кеңесші дауыс беру құқығымен қатысады;
6) өзі болмаған уақытта Төрағаның міндетін атқаруды Қоғамдық кеңес төрағасының өкілеттіктерін соңғысының қабылдағаны туралы келісім жасасу арқылы Қоғамдық кеңес төралқасы мүшелерінің біріне береді.
- Қоғамдық кеңестің хатшысы:
1) Қоғамдық кеңестің отырыстарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;
2) Қоғамдық кеңесте іс жүргізуді ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ Қоғамдық кеңес шешімдерінің орындалу мерзімдерін бақылайды.
- Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату
- Қоғамдық кеңестің мүшесі жазбаша нысанда өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.
- Қоғамдық кеңестің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда не Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген өзге де негіздер бойынша Қоғамдық кеңестің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.
- Қоғамдық кеңес конкурс нәтижелері бойынша немесе Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес Агенттіктің шешімі бойынша оның өкілеттігінің қалған мерзіміне шығып қалған мүшенің орнына жаңа мүшені Қоғамдық кеңес құрамына енгізу туралы шешім қабылдайды.