Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігінің төрағасы
С.М. Жұманғариннің баяндамасы
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
Сіздердің назарларыңызға бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін әзірленді. Ол нарық субъектілері үшін тең жағдайлар жасауға және негізгі қуатқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Парламент Мәжілісінің депутаттары заң жобасын әзірлеу жұмысы басталғаннан бері белсенді қатысқанын атап өткім келеді.
Депутаттар Альберт Павлович Рауға, Самат Сағынбайұлы Ақышевке, Ерлік Қайдарұлы Өмірғалиға және жұмыс тобының басқа да қатысушыларына ерекше алғысымды білдіргім келеді.
Бүгінгі күні еліміздегі бәсекелестіктің жай-күйі негізгі тауар нарықтарындағы шоғырланудың және экономикаға мемлекеттің қатысуының жоғары деңгейлерімен сипатталады.
Осыған байланысты, біздің жұмысымыз және заң жобасының нормалары мемлекеттің экономикаға қатысумен қандай да бір түрде байланысты үш негізгі реттеуші кедергілерді шешуге бағытталған:
Бірінші. «Негізгі қуатқа» шектеулі қол жетімділік. Бұл инфрақұрылым, ресурстар, оларға қол жеткізбестен бизнес тұтынушыларға қызмет көрсете алмайды.
Екінші. Бағаны бұрмалау. Бүгінгі таңда Кәсіпкерлік кодексте бағалық реттеуге жататын тауарлардың 14 түрі көзделген. Іс жүзінде әкімшілік бағаны бақылау шаралары қолданылатын тауар нарықтары одан да көп.
Үшінші. Селективті қамқоршылық немесе фаворитизм. Бұл жекелеген компанияларға нарықтық билік беретін құқықтық актілерді қабылдау, мемлекеттік қолдау шаралары, әдетте, бәсекелестіктің аллокативті тиімділігін бұрмалайтын атаулы сипатта болады.
Негізгі қуатқа қол жеткізуді қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады.
Бұған магистральдық теміржол желісі, байланысқа арналған кәбілдік кәріз, әрі қарай өңдеуге арналған бастапқы металдар, теңіз порттары, дәрі-дәрмек өндіруге арналған заттар, өндіріс технологиялары жатады.
Біз негізгі қуатқа қол жеткізу қағидаттарын ғана айқындап қоймай: тең қолжетімділік, ашықтық, ақылылық, сонымен қатар негізгі қуатқа қол жеткізу шарттары, мерзімдері, бас тарту негіздері айқындалатын болады.
Келесі маңызды қадам – мемлекеттік және жеке операторлардың қызметін реттеу.
Бүгінгі күні Кәсіпкерлік кодекс мемлекеттік монополияны енгізу негіздерін айқындайды.
Сонымен қатар, Қазақстанда мемлекеттік монополия құрмай белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыруға айрықша құқықтарды заңнамалық түрде беру практикасы қалыптасты.
Іс жүзінде мемлекеттік және жеке операторлар деп аталатын балама институт құрылды. Біз 51 операторды анықтадық, оның
47-сі мемлекеттің қатысуымен құрылды.
Не ұсынылады. Оларға мемлекеттік монополия субъектілеріне қолданылатын құқықтық шектеу режимі қолданылсын. Бұл бағаны реттеу, монополиялардың сабақтас нарықтарға теріс әсерін болдырмау мақсатында басқа қызметті жүзеге асыруға тыйым салу, конкурстық іріктеу және қызметтің жариялылығы.
Бірақ, ең бастысы, оларды қысқарту бойынша жұмыс.
9 оператор бойынша түбегейлі шаралар қабылданады, олар заң жобасы қабылданғаннан кейін мәртебесінен айырылады. Осыдан кейін Үкімет 4 субъектіні жекешелендіру (тарату) мерзімін белгілейді, 2 - уі жеке меншікте және 3-уі ведомстволық бағынысты ұйымдар ретінде жұмысын жалғастырады.
18 оператор бойынша реттеу талап етілмейді, себебі олар қоғамдық қызметтерді жүзеге асырады және пайда алмайды.
Қалған 24 оператор бойынша қатаң монополияға қарсы реттеуді қамтамасыз ету ұсынылды.
Заң жобасының үшінші бағыты – мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын қысқарту.
Бүгінгі күні Қазақстанда коммерциялық профильді 2 мыңнан астам кәсіпорын (АҚ, ЖШС) құрылған және жұмыс істейді.
Бұл проблеманы шешу үшін мемлекеттік меншікке секторалдық талдау жүргізу ұсынылады.
Секторалды тәсіл кезінде мемлекеттің қатысуын болдырмау үшін базалық өлшемшарттар ретінде Шағын және орт бизнестің үлесі, салаға жеке инвестициялардың көлемі, жеке кәсіпкерлердің бөлшек сауда айналымы және тағы басқалары айқындалатын болады.
Мысалы, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар деңгейінде стоматология, күзет кәсіпорындары, көлік қызметтері, абаттандыру жөніндегі кәсіпорындар және тағы басқалары жекешелендірілуі тиіс.
Мемлекеттік қатысуды қысқартудың тағы бір тәсілі - мемлекеттік компанияларды қаржыландырудың ең көп таралған түрі ретінде мемлекеттік тапсырмаларды бөлу үшін толық тізімді айқындау және негіздерін қысқарту.
Статистика көрсетіп отырғандай, мемлекеттік тапсырмаларға бөлінетін қаражат көлемі қарқынды өсті (171 млрд.теңгеден бастап). 2018 ж.378 млрд. теңгеге дейін. 2020 жылы).
Ұсынылып отырған тізім тауарларды бәсекеге қабілетсіз сатып алудың өсуін шектеуге және оны одан әрі қысқарту үшін құқықтық негізді қалауға мүмкіндік береді.
Маңызды аспект – мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету.
Мемлекеттік қолдау көрсетуде жеке компанияларды фаворитизм немесе іріктеп қолдау практикасы экономиканың түрлі секторларында бәсекелестіктің дамуын тежейтін фактор болып табылады.
Заң жобасында мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге қойылатын бәсекелестік қағидаттар мен талаптарды айқындау, олардың сақталуына мониторинг жүргізу ұсынылады.
Оларды іс жүзінде іске асыру кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тең жағдай жасауға, тауар нарықтарындағы бәсекелестікті бұрмалайтын атаулы қолдау фактілерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Біз қазірдің өзінде цифрлық экономика дәуіріне аяқ бастық.
Әрине, реттеудің бүгінгі әдістері біршама ескірген, сондықтан цифрлық платформаның түсініктерін, желілік әсерін және цифрлық нарықтарды талдаудың жаңа әдістемесін анықтау қажет.
Цифрлық тауар нарықтарын талдау бойынша жаңа әдістеме әзірлеу шетелдік цифрлық платформалардың отандық кәсіпкерлерге теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
2017-2020 жылдарға арналған заңнаманы тексеру қорытындысы бойынша 45-тен астам заңнамалық кедергілер алынып тасталды.
Жаңа кедергілердің туындауының алдын алу үшін нормативтік актілерді әзірлеу кезінде реттеушілік әсерді талдаудың жалпы рәсімі шеңберінде бәсекелестікке әсерді бағалауды жүргізуді ұсынамыз.
Бұл мемлекеттік органдарға салалық саясатты оның бәсекелестікке тигізетін әсерін ескере отырып түзетуге мүмкіндік береді.
Келесі құрал.
Экономконцентрацияны бақылау нарық құрылымын монополияға қарсы реттеудің маңызды құралы болып табылады нарықтық шоғырланудың көтерілуін алдын алуға бағытталған.
Мәмілелерге бақылауды жүзеге асыру барысында монополияға қарсы орган мәміле жасауға рұқсат алуға негіз болатын әрекеттер мен құрылымдық шарттарды ұйғаруы мүмкін.
Практика көрсеткендей, осы шарттардың орындалуын бақылау мен тексерудің тиімді тетіктері жоқ.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде осы мәселенің шешімін тапты және мәмілелер бойынша шарттардың орындалуына тәуелсіз мониторинг жүргізу үшін монополияға қарсы органдар сенім білдірілген адамдарды тартады.
Шын мәнінде, сенім білдірілген адам - бұл белгілі бір саладағы тәуелсіз сарапшы, ол нарық субъектісінің монополияға қарсы орган белгілеген талаптарды орындауына баға береді.
Заң жобасында Қазақстанда сенім білдірілген адам институтын енгізу ұсынылады.
Электр энергиясы нарығындағы бәсекелестік маңызды болып табылады.
Бүгінгі күні ұйымдастырылған сауда-саттықта электр энергиясының 1%-ы ғана сатылады. Қалғанының бәрі ашық емес тікелей келісімшарттар бойынша.
Осыған байланысты, 2025 жылға дейін ұйымдастырылған электр энергиясы саудасы кем дегенде 30%-ға дейін ұлғаюы тиіс.
Дәрілік заттарды өткізу нарықтарында бәсекелестікті дамыту.
Бүгінде мемлекет Қазақстанда сатылатын барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеп отыр (7000-нан астам сауда атауы).
Заң жобасында бағаны реттеуге жататын дәрілердің тізбесін айқындау ұсынылады.
Осы тізбені өзара алмастырылатын дәрілердің болуын, сұраныс пен ұсыныс теңгерімін, баға жағдайын және өзге де факторларды ескере отырып, уәкілетті орган (Денсаулық сақтау министрлігі) бекітетін болады.
Бұл заң жобасының негізгі бағыттары.
Бірақ бәсекелестікті дамыту бойынша жұмыс тек заңдар мен заңға тәуелді актілерді өзгерту жолымен ғана емес, практикалық қадамдарды іске асыру арқылы да жүргізіледі.
Осы бағыттарды кешенді іске асыру Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Жобаның өзінде үш базалық бағыт көзделген –биржалық сауда-саттықты дамыту, электр энергиясымен сауда-саттық көлемін 30% - ға дейін ұлғайту және мемлекет иелігінен алу.
Ұлттық жобаға қосымша көлік, байланыс, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында бәсекелестікті дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейтін іс-шаралар жоспары жасалатын болады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында біз азаматтық және бизнес-қоғамдастықпен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беретін краудсорсингтік алаңдар құрдық.
Бірінші кезекте, бұл Open Space форматындағы алаң, онда апта сайын жұма күндері белгілі бір нарықтар немесе салалар бойынша ашық талқылау өтеді. Бұл алаң қысқа уақыт ішінде 220-дан астам проблемалық мәселелерді анықтады.
Бұдан басқа, әртүрлі тосқауылдарды анықтау үшін және орталықта 17 өңірде, барлығы 216 адамнан тұратын кедергілерді анықтау бойынша Кенестер құрылыды. Кеңесті бизнес өкілі басқарады. Кеңес отырыстары айына кемінде 1 рет өткізіледі.
Өткен 185 отырыста біз бәсекелестікті дамытудың 52 жүйелік кедергісін анықтадық, оның 6-уы жойылды.
Ұсынылып отырған заң жобасын қолдауларыңызды сұраймыз.
Баяндама аяқталды.
Назарларыңызға рақмет.