Қазақстан Республикасының Үкіметі 2017 жылғы 27 наурыздағы № 137 бекіткен тізбеге сәйкес сиыр еті (жауырын-төс бөлігі) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіреді.
Қазақстан Республикасында сиыр етінің тауарлық нарығының ресурстары мен пайдалану теңгерімі 2019 жылы өндіріс - 501 393,0 тоннаны, импорт - 25 822,9 тоннаны, экспорт - 5 571,0 тоннаны, ішкі нарықта өткізу - 521 644,9 тоннаны құрады (статистика деректері).
Теңгерімнен 2019 жылы сиыр етінің импорты осы өнімді тұтынудың жалпы көлемінің 5,1%-ын құрайтыны келіп шығады, бұл ішкі нарықтың толықтығын және импортпен салыстырғанда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін растайды.
Тұтастай алғанда республика бойынша сиыр етін өндіру көлемі артып келеді (2018 жылмен салыстырғанда өсім 5%-дан асты). Сонымен қатар, саланың белсенді өсуіне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға және дамытуға бағытталған субсидиялау бағдарламасы ықпал етеді.
АШМ-ның ақпараты бойынша 2019 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және саланың өнімділігін арттыруды субсидиялауға 115,6 млрд. теңге бөлінді. Бұдан басқа, 82,2 мың бас ірі қара мал сатып алуға кредит берілді.
Статистика деректеріне сәйкес 1991 жылдан 2015 жылға дейін ІҚМ саны 1,5 есеге азайды. 2015 жылдан бастап мал басының өсуі байқалады, айталық, 2017 жылы мал басының саны 6745,4 мың басты құрады, 2019 жылға қарай 7 436,4 мың бас өсім 2 жыл ішінде 10%-ды құрады.
ІҚМ басының едәуір бөлігі орналасқан және тиісінше сиыр етін (ІҚМ) өндірумен айналысатын негізгі өңірлер Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары болып табылады.
Статистика деректері бойынша 2019 жылы ҚР бойынша барлық санаттағы шаруашылықтардың сиыр еті мен құс етін (сойыс салмағында) өндіру көлемі 1 120,1 мың тоннаны құрады, оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары – 315,4 мың тонна (28%), шаруа және фермер қожалықтары – 215,1 мың тонна (19%), халық шаруашылығы – 590,4 мың тонна (53%). Көріп отырғанымыздай, сиыр және құс етін өндірудің негізгі үлесі (53%) халық шаруашылығына тиесілі.
Сиыр еті өндірісінің едәуір көлемі Алматы облысында – 225,9 мың тонна (20%), ШҚО - да – 170,2 мың тонна (15%), Түркістан облысында-124,3 мың тонна (11%) байқалады.
Тұтастай алғанда, республика бойынша сиыр еті нарығы орташа шоғырланған болып табылады. Ет сату нарығы нарыққа қатысушылардың көптігімен сипатталады. Сиыр етін өндіруді жүзеге асыратын субъектілер саны 350-ден астам, көтерме сауданы 300-ден астам субъект жүзеге асырады (статистика деректері).
Республикадағы АӨК нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне мынадай факторлар теріс әсер етеді:
- сиыр етін өндіру көлемі бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарының жалпы көлемінің шамамен 70% - ын құрайтын жеке үй шаруашылықтарында (ЖҮШ), сондай-ақ ұсақ шаруа және фермер қожалықтарында 22%-ын құрайтын ұсақ тауарлы ет өндірісі, бұл жергілікті базарларды ірі қалалардың айналасында сиыр етімен қамтамасыз етуге ғана ықпал етеді;
- облыстың шалғай әкімшілік аудандарында жеткілікті дамымаған инфрақұрылым, бұл нарықты жаңа әлеуетті өнім берушілер үшін тартымды етпейді және мұндай аудандарда бизнесті кеңейту үшін кәсіпкер үшін қосымша шығындар қажет болады;
- айналым қаражатының жетіспеушілігі;
- ауыл шаруашылығы шикізатын дайындау, тасымалдау және сақтау жүйесінің нашар дамуы, сақтау орындарының, қоймалардың, бастапқы өнім пункттерінің, байланыс құралдарының жеткіліксіздігі, жолдардың нашар жағдайы;
- ветеринариялық-санитариялық құжаттаманы алудағы қиындықтар;
- жалға алу құнының жоғары болуына байланысты сауда алаңдарының қолжетімсіздігі;
- нарықта өнімсіз делдалдардың болуы;
- кредит қаражатын ресімдеу кезінде талап етілетін құжаттардың үлкен көлемі;
- мемлекеттен субсидия алу кезіндегі қиындықтар (субсидия алу кезіндегі жоғары өлшемшарттар мен талаптар), АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдауға қолжетімділіктің теңсіздігі, субсидиялау тетігінің жетілмегендігі.
Осыған байланысты орталық және жергілікті органдардың үйлестірілген жұмысын талап ететін мынадай міндеттерді шешу қажет:
Ішкі азық-түлік нарығындағы ахуалға қатаң мониторинг жүргізу, баға алыпсатарлығына немесе заңсыз әкетуге жол бермеу, бұл Кеден одағы жағдайында өте маңызды.
Бытыраңқы ұсақ шаруашылықтарды біріктіруге қабілетті тиімді ынтымақтастық жүйесін құру және оларға осы жүйеде тиімді жұмыс істеуге көмектесу.
Фермерлік шаруашылықтар мен халық шаруашылықтарын дамыту, оларды ірілендіру, мамандандыру, нақты табиғи, экономикалық жағдайлар мен нарықтық конъюнктураға байланысты мал басын ұтымды шоғырландыру есебінен етті бағыттағы ІҚМ басын ұлғайту.
Азықтық дақылдарға арналған егіс алқаптарының мөлшерін ұлғайту, азықтық дақылдардың тұқым шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту және көлемін ұлғайту.
Өнімсіз делдалдардың қатысуын барынша азайта отырып, ет өндірушілер мен отандық сауда желілері арасында тікелей шарттар жасасу мәселесін пысықтау.
АӨК субъектілерінің субсидияларын алу кезінде мемлекеттік қолдауға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін субсидиялауды бөлу тетігін жетілдіру.
Қазіргі кезде Агенттік Тауар нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп жатыр, онда бағыттардың бірі ірі бизнеске мемлекеттік қолдау тетігін бағдарлау, пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін алып қоюдың тиімсіз тетігі сияқты сиыр еті нарығындағы аталған кедергілерді шешу болады.