GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
Көлік және жолдар
21 октября 2026
Жетісу облысының Кербұлақ ауданында биыл ауылішілік 11 км жол жөнделсе, келесі жылы 5 елді мекеннің көшелері жаңарады

Жетісу облысында Сарыөзек ауылын айналып өтетін жол төселді. Аталған айналма жол Кербұлақ ауданы тұрғындарының өтінішіне сәйкес салынды. Сол сияқты биыл жалпы ұзындығы ауылдардың 11 шақырым болатын 9 көшесіне орташа жөндеу жүргізілсе, келесі жылы Кербұлақ ауданының 5 ауылында көше жолдары жөнделеді. Сонымен қатар Байғазы ауылындағы көпірдің жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы аудан халқымен кездесуі барысында өңір басшысы Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің айтуынша, жол инфрақұрылымын дамыту бағытында өңірде жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мәселен, «Алматы – Өскемен» автомобиль жолының Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде және Талдықорған қаласының айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 км қамтитын орташа және күрделі жөндеу жобалары іске асырылуда. Бүгінгі күнге жөндеу 103 шақырымда аяқталды, қалған учаскелерде жұмыстар келесі жылы жалғасатын болады.

- Өткен жылы «Сарыөзек – Қорғас» бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы бітті. Ал биыл «Алацем» зауыты өз қаражаты есебінен «Сарыөзек-Көктал» автожолының бойында ұзындығы 38 шақырым болатын жүк көліктерінің қозғалысына арналған техникалық жол төсеуде. Сонымен қатар жаңадан салынған жолдарға шамадан тыс жүктеме түсірмеу үшін аталған жолдың 7-ші және 51-ші шақырымдарында автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылған. Сол сияқты тұрғындардың өтінішіне сәйкес Сарыөзек ауылын айналып өтетін 7 шақырым жол салынды, - деді Б. Исабаев.

Облыс әкімі жаңа бір станцияны «Сарыөзек-Алматы» тас жолының бойында орнату керектігін айтып, «Қазавтожол» мекемесінің жергілікті филиалы басшылығына келесі жылға бюджеттік өтінім әзірлеуді тапсырды.  

- Жалпы, облыста жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі жыл соңына қарай 97%-ға жуықтайды. Біз ендігі кезекте негізгі назарды ауылдардың ішкі көше жолдарын жөндеуге бағыттаймыз, - деді облыс басшысы.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

Көлік және жолдар
13 октября 2026
Жетісуда жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді

Жетісу облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Ақсу ауданында да жол инфрақұрылымының сапасы айтарлықтай жақсарған. Соңғы үш жылда ауданда облыстық маңызы бар 180,2 шақырым жол жөнделіп, 13 елді мекендегі 49 көше жаңартылды, 5 ауылда көше жарығы орнатылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық маңызы бар «Талдықорған – Үштөбе» (40 шақырым) және «Ақсу – Жаңалық» (22 шақырым) автожолдарын жөндеу жұмыстары аяқталды.

- «Жансүгіров - Матай» автожолының Ақсуға дейінгі учаскесінде 30 шақырым жолға толықтай асфальт төселді. «Ақсу - Ойтоған» және «Ақсу - Қаракөз» автожолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олар келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге де жыл сайын ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, биыл Жансүгіров ауылында 9 көше жөнделді. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады, - деді Б. Исабаев.

Атап өтсек, былтыр облыстық маңызы бар Егінсу, Алтынарық ауылдарына кіреберіс автожолдар, сондай-ақ «Алматы - Өскемен» тасжолынан Қапал ауылына дейінгі 26 шақырым жол учаскесі жөнделді.

Сонымен қатар өңірде республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» автожолының Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде және қаланың айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 шақырымды құрайтын орташа және күрделі жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 103 шақырым жолда жұмыс аяқталды, қалған учаскелердегі жөндеу жұмыстары келесі жылы жалғасады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов

08 октября 2026
2026 жылғы 08 қазанда «Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша «Адал жол – қауіпсіз бағыт» акциясын өткізіп жолаушыларға арналған жадынамалар таратылды.

 

Цифрландыру
06 октября 2026
«Digital Qazaqstan»: Жетісуда облыс орталығының тіршілігін басқару орталығын құру жоспарлануда

Жетісу облысында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында Талдықорған қаласының инфрақұрылымын қадағалауды орталықтандыру және қалалық қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін Қаланың тыныс-тіршілігін басқару орталығын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жалпыұлттық стратегияға сәйкес мемлекеттік басқару, әлеуметтік саланы цифрлық трансформациялау және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жобалар іске асырылуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметіне қарағанда, мемлекеттік басқару саласында халықпен өзара іс-қимыл жасау және деректер негізінде шешім қабылдаудың цифрлық құралдары енгізілген. «Қызмет-109» бірыңғай байланыс орталығы, облыстық ахуал орталығы жұмыс істейді.

Цифрлық экономика үшін кадрлық және инновациялық база қалыптастырылуда.

- «Jetisu Digital» IT Hub базасында Samsung Innovation Campus бағдарламасы бойынша 300-ден астам адам оқытылып, әртүрлі салалардағы 10 стартап-жобаға сүйемелденуде. Жуырда Талдықорған қаласында Tomorrow School кампусы ашылды. Алғашқы қабылдауға 600-ден астам өтінім түсіп, 70-тен астам адам оқуға қабылданды, 28 қыркүйекте оқудың екінші легі басталды, - деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев.

Цифрландыру денсаулық сақтау саласындағы медициналық процестерге де тікелей енгізілуде. Ауруханалардың бәрі PACS жүйесімен интеграцияланған, «Жетісу», «ДамуМед», «Көмек 103» медициналық ақпараттық жүйелері жұмыс істейді. Облыстың 3 медициналық ұйымында КТ-ны талдау және инсультті ерте анықтау бағытындағы CEREBRA AI жүйесі енгізілді. 32 қабылдау бөлмесі бейнебақылаумен толықтай қамтамасыз етіліп, «Смарт-жетон», «Суық тізбек» жүйесі және телемедицина кешендері енгізілді.

Қауіпсіздік және Smart City бағытында зияткерлік бейнемониторинг жүйелері кеңейтілуде. Облыс жолдарында 579 камерасы бар 137 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді, ал биыл «Target-EYE» жүйесі кеңейтілген.

Оған қоса цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасуда. Оосы мақсатта 2026–2027 жылдары талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу арқылы 160 ауылдық елді мекенді Интернетке қосу жоспарлануда. Атап өтсек, бүгінде облыстың 356 елді мекенінің 348-інде немесе 97,7% Интернет бар.

Осылайша, Жетісу облысында «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру жұмыстары мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, IT-мамандар даярлау және цифрлық инфрақұрылымды дамыту сияқты негізгі бағыттарды қамтып отыр.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды

28 сентября 2026
2026 жылғы 28 қыркүйекте «Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен «Қызметтік әдеп және мүдделер қақтығысы» тақырыбында семинар кенес өткізілді.

Сонымен қатар семинар кенес қатысушыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі құралдары, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін көзделген жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.

Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік органдар қызметіндегі ашықтық, есептілік және адалдық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

 

https://www.instagram.com/p/Dd1RKb2ChZk/?img_index=3&stkn=MXdzYmJzYXJxejFnNQ==

https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-transport-way/press/news/details/1300277?lang=ru

https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-transport-way/press/news/details/1300277?lang=kk

Көлік және жолдар
26 сентября 2026
Жол инфрақұрылымы: биыл Талдықорған қаласының негізгі 13 көшесі орташа жөндеуден өтті

Биыл облыстың 38 елді мекенінде 230-ға жуық көше жолдары жөнделуде. Соның ішінде Талдықорған қаласының негізгі 13 көшесінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп, 11-інде құрылыс жұмыстары аяқталған. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жөндеу жүргізіліп жатқан қаланың бірқатар жол учаскелерінде болып, құрылыстың сапасын көріп қайтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.   

Алдымен облыс басшысы Абылай хан көшесінің бойындағы, атап айтқанда Талдықорған – Текелі бағытындағы жөндеу жүріп жатқан жол бөлігіне  барды. Мердігер мекеменің бас инженері Николай Юдиннің айтуынша, көшенің 5 шақырымына орташа жөндеу жасалу жоспарланса, соның 3,8 шақырымында тиісті жұмыстар атқарылған, қалған 1,2 шақырымы келесі жылдың үлесінде. Нысандағы жұмыстардың барысымен танысқан Бейбіт Исабаев мердігерге жол жабынының сапасы мен жұмыстарды орындау мерзімін қатаң сақтауды тапсырды.

Мұнан кейін облыс әкімі «Алматы – Өскемен» республикалық автожолының Талдықорған қаласын айналып өтетін учаскесіндегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылыс жұмыстары атап айтқанда трассаның 259 км бастап 29 шақырымды қамтиды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, нысанның қазіргі дайындығы 85 пайызға жеткен.

- Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Енді алты шақырымға асфальт төсеу жұмыстары қалды, содан соң абаттандыру ісін жалғастырамыз. Жұмысты суық түскенге дейін атқарамыз. Жоба келесі жылға өтпелі, жұмыстардың бір бөлігі келесі жылға қалады. Сонымен қатар бұл жолды қыс мезгілінде күтіп-ұстау біздің мекеменің міндетінде, - деді Ж.Қалтаев.

Жобада жол жамылғысын жаңартумен қатар, шамамен 500 жарық шамын орнату, абаттандыру және жолға термопластикпен таңба түсіру қарастырылған. Филиал басшысы 284-287 км аралығындағы үш шақырымдық жол учаскесіндегі жол жамылғысында тегіс емес тұстар пайда болғанын,  анықталған кемшіліктерді жою, яғни асфальтты фрезерлеу мен жаңа жабын төсеу шаралары қабылданатынын айтты. Жол жөндеу техникалары негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін кемшілік анықталған үш шақырымдық  учаскеге жіберіліп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында  «АКЛ» базары маңындағы жол айрығына да болды. Бұл жолды облыс әкіміне «Береке» және «Ынтымақ» тұрғын алабы тұрғындарының өтінішінен кейін «Алматы – Өскемен» автожолының 259-шы шақырымында салу қолға алынды. Еске салсақ, бұған дейін тұрғындар қалаға бару үшін шамамен үш шақырым айналма жолмен жүруге мәжбүр болатын. Ұзындығы 300 метрлік жаңа жол қалаға тікелей шығуға мүмкіндік беріп, жолды барынша қысқартады. Жол төсемі мен инженерлік желілер бойынша негізгі жұмыстар аяқталған. Нысанның дайындық деңгейі шамемен 80%. Енді бағдаршамдар мен жол белгілерін орнатуы жұмыстары атқарылуы тиіс.

Бұдан әрі Бейбіт Исабаев Оңтүстік-Батыс тұрғын алабына барып, онда салынып жатқан №11 және №12 шағынаудандардағы жолдар  құрылысының бірінші кезеңінің іске асырылу барысымен танысты. Өңір басшысына қала әкімі Ернат Бәзіл жаңа жолдар өтетін бағыттарды сызба арқылы көрсетіп, баяндады. Қарастырылған жолдардың бірі тұрғын алапты Алдабергенов көшесімен байланыстырып, осы жолмен өрт сөндіру депосы мен салынып жатқан газ қазандығына қатынайтын болады.

- Бұл - жаңа тұрғын алап. Бұл жерде қазандық салынып жатыр, өрт сөндіру депосы да жұмыс істеп тұр. Оларға қатынайтын жол қажет, сондықтан Алдабергенов көшесіне дейін жол саламыз, – деді Бейбіт Исабаев.

Жалпы, жобаның бірінші кезеңінде тұрғын алапта үш шақырым жол салу жоспарланған. Қазандық пен өрт сөндіру депосына қатынайтын жол бөлігін 20 қазанға дейін дайындау жоспарланған. Құрылыс жұмыстары келесі жылы да жалғасады.

Облыс әкімі Талдықорған қаласы жолдарын жөндеу жобаларының жайына қысқаша тоқталды:

- Талдықорғанның орталық көшелерін күрделі және орташа жөндеуге бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Қазір Абылай хан көшесінде жұмыстар жүріп жатыр. Мұнан кейін Абай көшесіндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау қалады. Сонымен, облыс орталығындағы 13 негізгі көшеде жоспарланған жұмыстарды аяқтаймыз. Осылайша шамамен он бес жыл бойы жөндеу көрмеген бірқатар жолдарды жаңартамыз, – деді.

Өңір басшысының айтуынша, жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Былтыр Қабанбай батыр көшесі ретке келтірілді. Биыл сондай-ақ Ескелді би көшесінен Гагарин көшесіне дейінгі аралықтағы көлденең көшелерді жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр.

- Келесі жылға кіреберіс аркадан Орталық бассейн маңындағы айналма жолға дейінгі жолды, сондай-ақ Назарбаев даңғылының айналма жолдан орталық саябаққа дейінгі учаскесін жөндеу жоспарланып отыр. Сол сияқты Қабылиса жырау көшесі де жөнделеді. Былтыр, биыл, келесі жылы – осы үш жыл ішінде Талдықорғанның негізгі магистралдарын, оған қоса тағы сегіз-тоғыз қосалқы көшесін ретке келтіреміз. Қалған шағын учаскелерді де аяқтап, осылайша облыс орталығындағы жолдарды жөндеу мәселесін толықтай  шешеміз. Мұнан соң қаланың шеткі аймақтарындағы жолдарды жөндеуге көшеміз, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

Көлік және жолдар
22 сентября 2026
Жетісуда жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде

Жетісу облысында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жалғасуда. Авариялық-қауіпті учаскелерді абаттандыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше көңіл бөлініп келеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жол қозғалысы қауіпсіздігіне бақылауды күшейту мақсатында автомобиль жолдарында 504 камерамен жабдықталған 159 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды.

Сонымен қатар жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде қауіпсіздікті арттыру жөніндегі кешенді шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, 150 катафот, 2 мыңнан астам жол белгісі, 40 жарықтандырылған белгі, 9, 500 жарыққайтарғыш элемент, 125 жасанды жол кедіргілер және 13 км металл қоршау, сол сияқты аялдамалар кешені, цифрлық проекциялар, ақпараттық билбордтар орнатылды. Оған қоса 1,8 мың км жол таңбасы мен 1,5 мың қ.м. шу жолақтары салынды.

Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция департаментінің 16 қызметтік автокөлігінде «Ekin Patrol» автоматты тіркеу жүйесіне қосылған жылдамдық өлшегіштер орнатылды. 

Оған қоса авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін материалдықбаза нығайтылуда. 4 бірлік арнайы көлік құралдары, яғни эвакуатор және авариялық-құтқару жабдығы бар арнайы машина сатып алынды.

Сондай-ақ өңірде автокөлік жолдарын жөндеу жалғасуда. Биыл 159 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, 377 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға және жөндеуге қаржы бөлінді.

Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға және жол апаттарының санын азайтуға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Осылайша, өңірде қабылданып жатқан кешенді шаралар жол жүрушілердің барлығына қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

 Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай,  Дмитрий Ерофеев, сол сияқты бірқатар фотосуреттерді Жетісу облысының полиция департаменті ұсынды.

18 сентября 2026
Жолда қабылдау: Жетісуда полицейлер тұрғындардың сауалдарына жауап берді

Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындармен тиімді кері байланысты нығайту мақсатында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы өтуде.

Іс-шараға Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдері және прокуратура қызметкерлері қатысты.

Акция барысында тұрғындар жол қозғалысы қағидалары, әкімшілік заңнама, автомобиль жолдарының жай-күйі, жол белгілерін орнату, жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша сауалдарын қойды.

Әрбір өтініш бойынша сала мамандары түсіндірме беріп, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын нақтылады. Сонымен қатар азаматтарға жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

"Жолда қабылдау" акциясының негізгі мақсаты – тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою, жол қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы тиімді кері байланысты қамтамасыз ету.

Жетісу облысының полициясы мұндай ашық форматтағы кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты

Жолда қабылдау: Жетісуда полицейлер тұрғындардың сауалдарына жауап берді

11 сентября 2026
ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫНА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ

Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.

Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:

- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;

- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;

- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;

- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;

- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;

- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;

- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.

Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.

Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.

Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.

«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.

Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz

Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

 

Көлік және жолдар
10 сентября 2026
Жетісуда Талдықорған мен Үштөбені жалғайтын жол жаңартылды

Жетісуда облыстық маңызы бар «Талдықорған - Үштөбе» автожолының орташа жөндеуі аяқталды. Облыстық маңызы бар бұл жолдағы жөндеу рекордтық қысқа мерзімде – жоспардан екі ай бұрын аяқталды. Осылайша, облыс құрылғаннан бері негізгі күрежолдар – Достыққа, Қорғасқа, Лепсіге, яғни Балқаш көліне,  Қаратал ауданының ең шалғай нүктесі – Көпбірлікке, енді оған қоса Үштөбе қаласына дейінгі жолдар жасалды. Текеліге апаратын жолды жөндеу жобасы жасалуда. Сөйтіп, Талдықорғанды аудан орталықтарымен байланыстыратын барлық жолдар жөнделіп бітеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Талдықорған мен Үштөбе қалаларының арасын жалғайтын 42 шақырымдық жолды жөндеу туралы тапсырманы облыс әкімі Бейбіт Исабаев өткен жылы болған Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесуінде берген. Соған сәйкес осы жоба қолға алынып, оны іске асыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.

- Жол жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталды. Сараптаманың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары 14 ай жүргізілуі керек болған, яғни қараша айында бітуі керек еді, дегенмен қарқынды жұмыстың арқасында жоба мерзімінен бұрын аяқталып отыр. Мұндағы 42 шақырымның 27 шақырымы – бұл Үштөбе қаласынына шығаберісте Жаңаталап ауылының бұрылысынан басталып, екі қабат асфальт жамылғысымен жасалды, оған қоса жолдың негізін түзету жұмыстары жүргізілді. Қалған 15 шақырымында жолдың негізі дұрыс болғандықтан, бір қабат асфальт жамылғысы жүргізілді. Сөйтіп асфальттау жұмыстарын қыркүйек айының басында аяқтап отырмыз. Қазір жол жиектерін реттеу жұмыстары 50% аяқталды. Осы айдың аяғына дейін жолды эксплуатацияға қабылдайтын боламыз, - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Сондай-ақ 13 жерден су өткізгіш құбырлары ауыстырылды, 4 жерде бағдаршам орнатылды, 4 аялдама жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар жол бойындағы жол таңбалары термопласт материалымен жасалуда. Әдеттегі жол таңбалары үш айға жарамды болса, бұл материал одан әлдеқайда ұзақ қызмет етеді дейді мамандар.

Техникалық қадағалау мекемесі өкілдері жұмыстың жол негізінен бастап асфальт төсеуге дейінгі барлық процесі бастан аяқ қадағаланғанын және бекітілген сметаға сәйкес жасалғанын айтады.

«Талдықорған - Үштөбе» автожолының бойында орналасқан Ескелді ауылының тұрғындары жолдың жөнделгеніне риза.

- Өзім Ескелді ауылында ұзақ жылдан бері тұрып келемін. Жол қатынасы біз үшін ең маңызды мәселенің бірі болатын. Қазір жолымыздың жаңаланып, ары-бері қатынастың қолайлы бола түскені бізді қуантып отыр. Аялдамамыз да жөнделді. Ауылда балалар ойын алаңы жасалды. Ауылымыз бірте-бірте көркейіп келеді, - деді  ауыл тұрғыны Патигүл Сайранова.  

Жалпы, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында қабылданған шаралардың арқасында жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі облыстық маңызы бар жолдардың үлесі 97 % жуықтады.

Атап өтсек, биыл облыста 370 шақырымға жуық автомобиль жолы жөнделуде. Сонымен қатар өңірдің 38 елді мекенінде 230-ға жуық көше жолдары жөнделу үстінде.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы