Жергілікті атқарушы органның қызметкері құжаттарды олар келіп түскен күні тіркейді.
Емтиханды сәтті тапсырған өтініш берушілерге жергілікті атқарушы органдармен осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша он жыл мерзімге шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктер береді.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәлік бланкісі емтихан нәтижелері мен осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген құжаттар негізінде толтырылады, жергілікті атқарушы органның уәкілетті лауазымды тұлғасы қояды және мөрмен куәландаралады.
Жергілікті атқарушы органда осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктерді беруді есепке алу журналы жүргізіледі.
Жергілікті атқарушы орган мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингі ақпараттық жүйесіне енгізілуін қамтамасыз етеді.
Уәкілетті орган мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны көрсету тәртібі туралы ақпаратты жаңартады және Бірыңғай байланыс-орталығына жібереді.
Жергілікті атқарушы орган шағын көлемді кемелерді басқару құқығына рәсімделген куәлікті, «Өздігінен жүретін шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлік беру» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесімен белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін бір тәуліктен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияға жібереді.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына ресімделген куәлікті Мемлекеттік корпорация қызметкері онда көрсетілген мерзімде, қолхат негізінде, жеке өзі келген кезде кеме жүргізушісіне жеке басын куәландыратын құжатты көрсету арқылы немесе сенімхат бойынша оның өкіліне береді.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктер кеме кітабында мемлекеттік тіркелуге жататын, қозғалтқыш қуаты сегіз киловаттан асатын өздігінен жүретін шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілеріне беріледі.
Жүзуге рұқсат етілген аудан туралы мынадай белгілер:
1) «ТЖ» – егер кеме жүргізуші 1972 жылғы Теңiзде кемелердiң соқтығысуынан сақтандырудың халықаралық қағидалары туралы Лондон Конвенциясы (Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 4 наурыздағы № 244 қаулысы) қабылдаған Теңізде кемелердің соқтығысуынан сақтандырудың халықаралық қағидалары қолданылатын Қазақстан Республикасының теңіз жағалауындағы суларда кемені басқару құқығына емтиханды тапсырса;
2) «ІСЖ» – егер кеме жүргізуші Ішкі су жолдары бойынша жүзу қағидасы қолданылатын ішкі су жолдарында кемені басқару құқығына емтихан тапсырса;
3) «ТЖ» және «ІСЖ» – егер кеме жүргізуші Қазақстан Республикасының теңіз жағалауындағы суларда және ішкі су жолдарында кеме басқару құқығына емтихан тапсырса;
4) «ІСЖӨ» (өзен учаскелері үшін) және «ІСЖК» (көл учаскелері үшін) – егер кеме жүргізуші кеме қатынасы үшін ашық ішкі су жолдарының тізбесіне енгізілмеген ішкі су қоймаларында ғана шағын көлемді кемелерді басқару құқығына емтихандар тапсырса, қойылады.
Егер кеме жүргізуші теңізде жүзу мақсатында пайдаланылатын сыйымдылығы он екі адамнан аспайтын жолаушы таситын серуендік кемені басқару құқығына емтиханды тапсырса, рұқсат ететін белгілер «ТЖ» жолына және «Механикалық қондырғысы бар шағын көлемді кеме» жолына қойылады. Бұл ретте шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктің осы бетінің төменгі жағына «Ерекше белгілер» бөліміне осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Теңізде серуендеу кемесі» деген мөртабан қойылады.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәлікке енгізілген жүзу ауданын және (немесе) кеме типін өзгерту тиісті жүзу ауданына және шағын көлемді кеме типіне арналған емтиханнан өткеннен кейін шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктің түпнұсқасын қоса бере отырып, кеме жүргізушісінің жазбаша арызын Мемлекеттік корпорацияға беру арқылы жүргізіледі.
Портал арқылы жүгінген кезде шағын көлемді кеме жүргізуші өтініште шағын көлемді кеменің тиісті жүзу ауданына және типіне емтиханнан өткеннен кейін шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктің сериясы мен нөмірін көрсетеді және Мемлекеттік корпорацияға шағын көлемді кемелерді басқару құқығына жаңа куәлікті алған кезде бұрынғы куәліктің телнұсқасын ұсынады.
Бұл жағдайда шағын көлемді кемелерді басқару құқығына жаңа куәлік беріледі, ал бұрынғы шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәлік кеме жүргізушісінен қайтарылып алынады, жергілікті атқарушы орган оның өтелуі туралы белгіні қояды және бір жылдан кейін жояды.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктің қолданылу мерзімінін өтуі бойынша шағын көлемді кеме жүргізушісі жаңа куәлікті алу үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе порталға «Өздігінен жүретін шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлік беру» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінің 8-тармағында көзделген құжаттарды, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді басқару құқығына бұдан бұрын берілген куәлікті ұсынады. Құжаттарды портал арқылы берген жағдайда, құжаттарды порталға тапсырған күні 2,5х3,5 сантиметр мөлшерiндегi екі фотосурет Мемлекеттік корпорацияға ұсынылады және жергілікті атқарушы органға жіберіледі.
Шағын көлемді кемені басқару құқығына жаңа куәлікті беру құжаттар берілген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде шағын көлемді кеме жүргізушісінің емтихан тапсыруынсыз жүргізіледі.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына бұрын берілген куәлік кеме жүргізушісінен қайтарып алынады және бір жылдан кейін оны жергілікті атқарушы орган жояды.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәлікті жоғалтқан жағдайда, кеме жүргізуші осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Мемлекеттік корпорацияға немесе порталға өтініш береді.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктің телнұсқасын беру кеме жүргізушісінің емтихан тапсыруынсыз, жергілікті атқарушы орган шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктерді беруді есепке алу журналында тексергеннен кейін Мемлекеттік корпорацияда жүргізіледі. Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктің телнұсқасын беру мерзімі 2 (екі) жұмыс күнін құрайды.
Өтінішке 2,5х3,5 сантиметр мөлшерiндегi бір фотосурет, сондай-ақ өтініш берушіні сәйкестендіру үшін жеке басты куәландыратын құжат қоса беріледі.
Шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктің телнұсқасын беру кеме жүргізушісін сот шешімі негізінде шағын көлемді кемелерді басқару құқығынан айыру мәніне тексергеннен кейін жүргізіледі.
Жоғалған куәліктің орнына берілген шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәлікке «Телнұсқа» деген белгі қойылады, ал шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктер беруді тіркеу журналына куәлік телнұсқасының берілгені туралы жазба жазылып, оның сериясы мен нөмірі көрсетіледі.
******
Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ болған жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті "электрондық үкіметінің" веб-порталы арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде "электрондық үкіметінің" веб-порталдағы "жеке кабинеті", көрсетілетін қызметті берушінің анықтамалық қызметі, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8-800-080-7777 арқылы алуға мүмкіндігі бар.