Euronews Kazakhstan түсірілім тобы Жетісу облысында қайтадан жұмыс істеп жатыр. Бұл жолы журналистер «Петроглиф іздеушілері» командасымен бірге Ешкіөлместің көне жартас суреттеріне экспедицияға аттанды. Мақсат — көрермендерді өңірдің бірегей тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру.
Жетісу — тарихи және археологиялық ескерткіштерге бай Қазақстан өңірлерінің бірі. Мұнда ежелгі адамдардың өмірінен сыр шертетін көптеген тарихи мұра сақталған. Олар әртүрлі дәуірлерде осы аумақты мекендеген халықтардың тарихын, мәдениетін, дәстүрлері мен дүниетанымын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.
Осындай тарихи ескерткіштердің ішінде мыңдаған көне жартас суреттерімен танымал Ешкіөлмес археологиялық кешені ерекше орын алады. Әртүрлі тарихи кезеңдерге, соның ішінде қола дәуіріне жататын петроглифтер Қазақстанның көне тарихын зерттеуде үлкен маңызға ие.
Жартастарға қашалған бейнелерден ежелгі адамдардың күнделікті тұрмысын, айналысқан кәсіптерін, қоршаған әлем туралы түсініктері мен мәдени дәстүрлерін көруге болады. Бұл суреттер — тарихи білімнің маңызды дереккөзі. Олар бізге дейін өмір сүрген ұрпақтардың рухани мұрасын тереңірек түсінуге көмектеседі.
Экспедиция барысында Euronews Kazakhstan түсірілім тобы «Петроглиф іздеушілері» командасымен бірге Ешкіөлмес ескерткіштерімен танысып, олардың тарихи маңызына және бірегей мәдени мұраны сақтаудың қажеттілігіне назар аударуда.
Бағдарламаның алдағы шығарылымдарында Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуде маңызды орын алатын жартас өнерінің тағы бір танымал ескерткіші — Таңбалы петроглифтеріне де ерекше назар аударылады.
Ешкіөлмес пен Таңбалы петроглифтеріне жасалған экспедиция, сондай-ақ көне жартас өнерінің ерекшеліктері туралы көрермендер Euronews арнасындағы Modern Nomads бағдарламасының алдағы шығарылымдарының бірінен толығырақ біле алады.
Осындай тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, сақтау және кеңінен таныту ұлттық мұраға деген құрметті арттыруға, Қазақстан тарихына қызығушылықты күшейтуге және өңірде мәдени туризмді дамытуға ықпал етеді.
Облыстық туризм басқармасының мәліметі бойынша дайындалды.
Фотограф: Роман Дементьев
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда өңір басшысы облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер жөнінде баяндады. Сондай-ақ аудан әкіміне ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымды, туризмді және басқа да маңызды салаларды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, 2026 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі салаларында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105%-ды құрады. 2026-2028 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 299 млрд. теңгені құрайтын
18 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланса, соның екеуі биыл іске қосылған. Оның бірі - Кербұлақ ауданындағы «Агрохолдинг Жетісу» серіктестігі іске 1,4 мың гектар алқаптағы 21 дана жаңбырлатып суғару құрылғысын іске қосты. Сол сияқты ауданда биыл басталып, 2028 жылы аяқталатын суару жүйелерін қайта жаңғырту жобаларының нәтижесінде Қоғалы, Онжас, Аралтөбе ауылдарының 33 шақырым каналдары қалпына келтіріліп, 2,5 мың гектар жер қайта айналымға енгізілетін болады. Облыста заманауи су үнемдеу технологиялары 45,5 мың гектарға енгізілген, оның 9,3 мың гектары Кербұлақ ауданында, яғни үлесі - 20,4%.
Сондай-ақ Бейбіт Исабаев өз сөзінде су, газ, жол инрақұрылымдарын дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы және басқа да маңызды мәселелерге тоқталды.
Бұл ретте өңір басшысы шалғайда жатқан Қоғалы ауылына назар аударылып, бірқатар маңызды жобалар қолға а
лынатынын айтты. Атап айтқанда, Қоғалы ауылында ауыз су жүйесін жаңғырту, ауылдық ауруханасын ағымдағы жөндеу қарастырылады.
Облыс басшысы сөзінің қорытындысында аудан әкіміне пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, оларды қайта айналымға қосу, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңдеу саласын дамыту туралы тапсырмалар берді. Сонымен қатар туризм саласын да назардан тыс қалдырмау керектігін жеткізді. Бұл ретте ауданда орналасқан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің жұмысымен шектелмей, жеке инвесторларды тарту арқылы тау және экотуризм бағыттарын жандандырып, аудан экономикасын дамыту мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты.
- Жалпы, облыс құрылған кезде Кербұлақ ауданында басты үш мәселе бар болатын - ауыз су, апатты үйлер және Сарыөзек ауылының айналма жолы. Бұл мәселелерге қатысты түбегейлі шаралар қабылдадық. Соның нәтижесінде ауыз су мәселесі шешілді, айналма жол салынды, апатты үйлерде тұратын азаматтарға жаңадан салынған 60 пәтерлі тұрғын үй берілді, тағы бір осындай үйдің құрылысы аяқталды. Жалпы, Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті - халықтың жұмыс істеуіне жағдай жасау. Соған сай жаңа жұмыс орындарын ашу, жеңілдетілген несиелер беру, «Ауыл аманаты» бағдарламасының, кооперативтер құрудың мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіру қажет. Аудан әкімі халықпен ашық тілдесіп, қарапайым, түсінікті тілде диалог құра білуі керек, – деген Б. Исабаев аудан басшылығына тиісті тапсырмалар берді.
Осы күні Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда көтерілген мәселелер тұрғын үй, газдандыру мәселелеріне қатысты болды. Бұл мәселелердің заң аясындағы шешімі түсіндіріліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков
Қазақстанда гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін талаптар жаңартылды. 2026 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, аталған мамандардың қызметін жүзеге асыру тәртібі нақтыланды.
Негізгі талаптардың бірі — қызметті бастамас бұрын белгіленген тәртіппен хабарлама беру. Бұл талапты орындамай жұмыс істеу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Туризм индустриясы комитеті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саладағы заң талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Гид қызметін қалай заңдастыруға болады? Қандай талаптарды сақтау қажет? Міндетті хабарламасыз жұмыс істегені үшін қандай жауапкершілік көзделген?
Осы сұрақтардың жауаптары мен қызметті заңды түрде жүзеге асыру тәртібі ұсынылған ақпараттық материалда қамтылған. Сонымен қатар, қызметтің басталғаны туралы хабарлама беру және гидтердің ресми тізілімін тексеру үшін QR-кодтар орналастырылған.
Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Үштөбе қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңарған заманауи орталық саябақ пайдалануға берілді. Бұл – биыл өңірде жөндеу жүргізіліп жатқан 7 саябақтың бірі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ардагерлер, жастар өкілдері, аудан тұрғындары – жалпы саны 1,5 мың адам жиналды. Алдымен аудан әкімі көпшілікке өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Бүгін Мемлекет басшысының елді мекендерді көркейтуге, абаттандырып, көгалдандыруға үлкен серпін беріп отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түбегейлі жаңарған жаңа саябақтың іске қосылуына куә болып отырсыздар. Мұнда амфитеатрдан бастап, балалар ойын алаңдарына дейінгі демалысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Ендігі ретте ортақ игілікке қамқорлық танытып, оны күтіп ұстау – аудан тұрғындарының парызы. Бүгін қолданысқа беріліп отырған саябақ қаладағы ең көрнекті демалыс орындарының бірі болады деген сенімдемін. Жетісуымыз көркейіп, гүлдене берсін! Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», - делінген құттықтау хатта.
Тұрғындар атынан еңбек ардагері Рақымғали Өтегенов сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Мұнан соң саябақтың ресми ашылғанының символы ретінде лентасы қиылды. Сондай-ақ жиналған қауым саябақ ішіне 50-ге тарта ағаш отырғызды.
Атап өтсек, Үштөбедегі орталық саябақ 1936 жылы салынған. Соңғы рет 2015 жылы жөндеуден өткен демалыс орны араға он жылдан астам уақыт салып, бүгінгі заман талаптарына сай жаңғыртылып, қайтадан халық игілігіне ұсынылып отыр. Оның жалпы аумағы - 6,6 гектар.
Абаттандырылған саябақта тұрғындар мен аудан қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне, отбасымен серуендеуіне және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Мұнда спорт алаңдары, балалар ойын алаңқайлары, 200 адам сиятын амфитеатр, сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар орнатылған. Сол сияқты ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан хабардар ететін «Жеті қазына» алаңы бар. Жыл басынан бері саябақта 1 200 ағаш көшеті отырғызылса, соның 750-і қарағай, 450-і ақ қайың. Жасыл желекті күтіп-баптау және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі орнатылған.
Саябақтың ашылуына келген тұрғындар өз пікірлерін білдірді.
- Үштөбе қаласында 1980 жылдардан бері тұрамын. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мені осындағы «Үштөбе орман шаруашылығы» мекемесіне жолдамамен жұмысқа жіберді. Қазір зейнеткермін. Қаламыз жылдан жылға дамып келеді. Жолдар жасалып, көшелер көркейтіліп, жасыл желекке орануда. Әсіресе, осы парктің жаңа кейіпте қолданысқа берілгеніне қуаныштымыз. Бұрын бұл парк тозып тұрған, үлкен ағаштары ескіріп, қураған, демалысқа қолайлы емес еді. Бүгін орталық саябақ жаңа бет-бейнесімен халықты қуантып жатыр. Қазір жаңартылғаннан кейін паркті тіпті танымай қалдық десе де болады. Паркте бейнекамералар да қойылған. Ол мұндағы дүние-мүлікті сындырмай, тоздырмай ұстауға ықпал етеді деп ойлаймын. Әсіресе айналаға жастар жанашырлықпен қараса екен дейміз. Енді немерелерімізбен, қатарластарымызбен келіп, саябақта еркін демала аламыз, - дейді Көпбай Әкімов.
- Парктің ішінде спорт алаңдары бар. Балалардың ойын алаңдары да салынды. Бұл бізге өте жақсы болды. Енді спорттық ойындарды алаңсыз ойнауға мүмкуіндігіміз бар, - дейді оқушы Мұрат Айбын.
- Биыл Үштөбе қаласына 65 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой қарсаңында Республика күніне орай қалада жаңа саябақтың ашылуы аудан орталығының тұрғындары үшін үлкен тарту болды. Жыл басында облыс әкімі саябақты жөндеп, көркейтіп береміз деп уәде берген болатын. Бүгін, міне, сол айтылған уәденің орындалғанына куә болып отырмыз. Үштөбе қаласы тұрғындарының атынан облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Жерлестеріме айтарым, енді біз бұл игіліктерді балаларымызға, ұрпақтарымызға осы көрікті қалпында қалдыруымыз керек. Саябағымызды күтіп ұстайық! – деді Никита Опрышко.
Атап өтсек, облыста елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында 2022-2025 жылдары 40 саябаққа жөндеу жүргізілсе, биыл 7 парк, 1 сквер, 4 аллея жөндеуден өткізілуде. Жалпы, облыс құрылғаннан бері Талдықорған қаласында, сондай-ақ Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарында 14 жаңа саябақ, 6 сквер және 4 аллея салынды.
Сондай-ақ Талдықорған қаласында «Тасбақа», Сарқанда «Қойтас», Текеліде «Серкесай» экопарктері құрылды. Төртінші экопарк ретінде Қапалдағы «Тамшыбұлақты» дамыту қолға алынбақ. Оларды құрудағы мақсат - Жетісуда экологиялық және мәдени-танымдық туризмді дамыту, сондай-ақ өңірдің табиғи және тарихи ерекшеліктерін кеңінен насихаттау.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өткен «Алтынемел – құландар мекені» туристік және мәдени-экологиялық фестиваліне мыңнан астам адам жиналды. Қатысушылар қатарында Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Ресейден, соның ішінде Якутиядан қонақтар, сондай-ақ Астана, Алматы, Талдықорған қалалары мен Алматы облысының тұрғындары бар. Биыл фестиваль алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Фестиваль аясында спорттық жүгіру жарыстары, этномәдени қойылымдар, ежелгі петроглифтерге экскурсиялар өткізіліп, құландарды табиғи мекенінде тамашалау мүмкіндігі жасалды. Бүгінде табиғи парктегі құландар саны 3500 бастан асқан, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фестивальге облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, travel-блогерлер, инфлюнсерлер, жалпы экологиялық туризмге қызығушылар қатысты. Ұйымдастырушылар - «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, облыстық туризм басқармасы, «Vizit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін насихаттау.
- Бұл фестиваль – Туризм және спорт министрлігінің ірі мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген үш шараның бірі. Оның ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Негізгі мақсаты – келушілерді ұлттық парктің бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру, сирек кездесетін жануарларды қорғауға назар аудару және табиғатты аялаудың маңызын насихаттау. Жалпы, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың басшылығымен өңірде туризмді дамытуға қажетті шаралар қабылданып, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде Жетісу облысына жыл сайын 2 милиондай турист келеді, – деді Марлен Көлбаев.
Биыл фестиваль Шолақ тауларының бөктерінде 5 және 10 шақырымдық эко-жарыспен басталды. Жарысқа қатысушылар белсенді демалыс пен экологиялық мәдениетті ұштастыра отырып, тау ландшафтары аясында жүгірді. Жарыс жеңімпаздары арнайы медальдармен марапатталды.
Осы күні ұлттық парктегі визит орталық алаңында далалық рухтағы мәдени шаралар көрермен назарына ұсынылды. Атап айтқанда, кеушілер фестиваль сахнасынан «Қылыш айналдыру», «Айбалта шоуын» тамашалап, көшпелілердің жауынгерлік дәстүрі көпшілікке паш етілді. Сол сияқты өнерпаздар ұлттық аспаптарда өнер көрсетті.
Фестиваль қонақтары Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтерге экскурсияға барып, мыңдаған жыл бұрын жартастарға қашалған, Жетісудың көне тарихынан сыр шертетін суреттер мен таңбаларды көрді.
Сол сияқты визит-орталық алаңында петроглифтер мен көне түркі жазуына және дәстүрлі қолөнерге арналған шеберлік сабақтары, балаларға арналған ойындар мен квесттер өткізіліп, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Сөйтіп, фестиваль табиғатпен бірге тыныстай отырып, ұлттық мәдениетті тануға, туған өлкенің тарихын сезінуге мүмкіндік беретін мәдени-танымдық алаңға айналады.
Келген қонақтар іс-шара туралы ой-пікірлерін білдірді.
- «Алтынемел» ұлттық паркіне визит-орталық ашылғанда бірінші рет келгенмін. Бүгін екінші мәрте келіп отырмын. Осы фестивальдің өтетіні туралы Инстаграм әлеуметтік желісінен көріп, күйеуім екеуіміз Алматыдан арнайы келдік. Таңертең 5 шақырымдық кросқа қатыстық. Маршрут өте қызық болды. Өзім жартасқа өрмелеумен айналысамын, сондықтан спорттық шараға қатысу аса қиындық туғызған жоқ. Бүгінгі фестивальда этникалық атмосфера бар, ежелгі тарих туралы сан қилы фантазияға берілдік, көне көшпелі халықтардың тынысын сезіндік. Сондықтан бұл сапар маған ерекше әсер етті, - дейді алматылық Дарья Никишина.
- Туристік компания өкілімін. Ұлттық паркке алғаш рет келіп отырмын. Өзіміз туристік салада жүргеннен кейін Қазақстанның табиғаты мен тарихын үйлестірген осындай көрнекті жерлерін насихаттауға атсалысайық деген ойымыз бар, оның үстіне фестивальді тамашаласақ, құландарды көрсек деп келдік. Өзім SMM маманымын, менімен бірге дронмен түсірілім жасаушы азамат бірге келді, біз бейнежазбалар түсіріп, осы парктің мүмкіндіктерін барынша кең таратсақ дейміз, - дейді Гүлдана Қаршигина.
Келушілердің ішінде шетелдік азаматтар да бар.
Ұлттық парк мамандары бір кездері саны күрт азайып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құландардың бүгінде «Алтынемелде» арнайы бағдарлама негізінде саны көбейтіліп, ол парктің табиғи символдарының біріне айналғанын айтады.
- Бүгінгі фестивальға келушілерге құландарды табиғи ортада тамашалауға мүмкіндік жасалып отыр. Бір атап өтерлігі, 1982 жылы небәрі 32 құлан болса, биыл олардың саны 3 571 басқа жетті. Бұл – табиғатты қорғау жұмыстарының нақты нәтижесі және сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтірудің жарқын үлгісі, – дейді «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Қуат Байтұрбаев.
Жалпы, өңірде туризм саласын дамыту 5 дестинацияға негізделген, соның бірі – ұлттық парктер. Былтыр «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 32 мың адам келсе, соның 11 мыңы – шетелдіктер.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Бекен Нұрхан.
Жетісу облысы Қапал ауылындағы «Тамшыбұлақты» «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экопарк ретінде дамыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі төртінші экопарк болмақ. Ол жайында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы, туризм саласы – облыс экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Өңір басшысының айтуынша, 2023-2025 жылдары бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 50,7 млрд теңге бөлінсе, биыл 23,1 млрд теңге қарастырылды, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 17,8 млрд теңгеге 23 демалыс аймақтары салынуда. Туристердің жайлы демалысы үшін қажетті инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Алакөл жағалауын нығайту бөгеттерінің және кәріз тазарту қондырғыларының (КОС) құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты Балқаш көлінің жағалауындағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы аяқталуға жақын. Көл жағалауында коммуналдық жағажайлар салынуда, осындай 3 жағажай болады. Ендігі кезекте жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвесторларды тарту жұмыстары атқарылады.
Ал экологиялық туризмді дамыту бағытындағы үлкен жоба – Ескелді ауданында орналасқан «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы келесі жылы аяқталады.
- Ақсу ауданында да туризм саласын дамытуды қолға алу қажет. Әсіресе, таулы және экологиялық туризм бағыттарын жандандыру арқылы ауданның туристік әлеуетін арттырып, аудан экономикасын көтеруге толық мүмкіндіктер бар. Осы бағыттағы перспективалы нысандардың бірі – Қапал ауылында орналасқан «Тамшыбұлақ» табиғи нысаны. Аталған нысанға келушілерге қажетті жағдай жасау және туристік маршруттарға енгізу мәселелерін қарастыру қажет. Сметасын әзірлеңіздер. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Тамшыбұлақ» эко-паркін қолға аламыз, - деді Б. Исабаев.
Атап өтсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бұған дейін 3 экопарк - «Қойтас», «Тасбақа» және «Серкесай» құрылған болатын. Болашақта «Тамшыбұлақ» экопаркі солардың қатарына қосылмақ.
Жалпы, облысқа жыл сайын 2 миллионнан астам турист келеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жетісу облысында «Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ» экологиялық акциясы өтті. Акцияға қатысушылар Ақсу ауданындағы әйгілі Тамшыбұлақ бұлағының маңына 35 шырша отырғызып, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени көрікті жерлерін насихаттауға бағытталған облыстық жобаны бастап берді. Ағаш отырғызу шарасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараны «Jetisy jastary» КММ ұйымдастырды. Ағаш отырғызу жұмыстарына Қапал орман шаруашылығының қызметкерлері де қатысты.
«Jetisy jastary» директоры Арнай Байжұрыновтың айтуынша, жоба көрікті жерлердің тазалығын сақтауға, тарихи мұраны насихаттауға және облыстың көрікті орындарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Іс-шара бағдарламасы аясында келушілерге бұлақтың тарихы мен мәдени құндылығын таныстырылды.
Акцияға қатысушылардың бірі, Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің 1-курс студенті Диана Абуталипова әсерін бөлісті. Ол бұл іс-шараның түрлі мәдениет өкілдері мен әр буынның басын қосқанын айтады. Сондай-ақ ол туған ауылының біртіндеп көркейіп, абаттанып, туристер үшін тартымды бола түскенін атап өтті.
- Отырғызылған шыршалар уақыт өте келе табиғи ландшафтың бір бөлігіне айналады әрі біздің бірлесіп жасаған еңбегімізді еске салып тұрады. Мұндай бастамалар табиғатқа қамқорлық нақты істерден басталатынын көрсетіп берді. Ал табиғи мұраны сақтау әр адамның атсалысуын қажет етеді, - деді ол.
«Жетісудың 7 қазынасы» жобасы арқылы Жетісудың табиғи және тарихи ескерткіштерін насихаттау жұмысы жалғастырылады. Жобаның басты мақсаты - туған өлкенің байлығына қоғам назарын аударып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырылатын мұраларымызға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай Жетісу облысында туризм саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттауға арналған іс-шара өтті.
Іс-шара барысында облыстың туризм саласындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысы айтылып, туристік маусымның нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер атап өтілді. Сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін арттыру, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мәселелеріне назар аударылды.
Туризм саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің төсбелгісімен, Алғыс хаттарымен, Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ Жетісу облысының туризм басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапатталғандар қатарында мемлекеттік қызметшілер, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, полиция қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер, шипажайлар мен демалыс орындарының қызметкерлері, ұлттық парктердің мамандары, музей қызметкерлері, өлкетанушылар және туристік компаниялардың өкілдері бар.
Жетісу облысында туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Өңірдің табиғи, тарихи және мәдени нысандарының туристік тартымдылығын арттыру, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Облыстық туризм басқармасының мәліметі бойынша дайындалды.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев.
Жетісу облысында биыл пайдалануға беру жоспарланған үш экопарктің соңғы - үшіншісі ашылды. Жалпы, экопарктер Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру аясында құрылған. Текелі қаласында ашылған жаңа «Серкесай» экопаркі табиғат аясындағы демалыс пен белсенді өмір салтын ұштастырып, өңірдегі туризмді дамытуға ықпал етпек, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Текелі қаласының тұрғындары мен қонақтары, жергілікті бизнес өкілдері, ұлттық қолөнер шеберлері, спортшылар, туризм саласының өкілдері, жалпы табиғат аясында белсенді демалысты ұнататын тұрғындар қатысты.
Өңір басшысының атынан жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында үш экопарк ашылды, олар - Сарқан ауданындағы «Қойтас», Талдықорған қаласындағы «Тасбақа» және Текелі қаласындағы «Серкесай» экопарктері. Облыс әкімінің қолдауымен үш экопаркке де жайлы демалыс үшін қажетті инфрақұрылым тартылды. Оларды дамыту жұмыстары жалғасады. «Серкесай» паркінде өз бетінше демалуға арналған орындар құру, жарықтандыру жүйесін және бейнебақылау камераларын орнату, интернет желісін жүргізу кезең-кезеңімен жоспарлануда. Бұл жерге келген әр адамның жайлы әрі жақсы демалысы үшін барлық жағдай жасалады. Сонымен бірге экопарктің тазалығы мен табиғатын сақтау әрқайсымызға байланысты екенін есте ұстауымыз керек. Демалғаннан кейін қоқыс қалдырмай, табиғатқа ұқыпты қарайық. Бұл орындарды балаларымыз бен келер ұрпақ үшін осындай көрікті қалпында сақтап жеткізейік, – деді ол.
Ашылу бағдарламасы бірнеше тақырыптық бағытты қамтыды. Негізгі алаңдардың бірі жергілікті тауар өндірушілер, шеберлер мен қолөнершілердің өнімдері ұсынылған «Табиғаттан туған өнер» көрмесі болды. Келушілер омарташылық өнімдерімен, шөптер мен майлар негізінде дайындалған табиғи косметикалық өнімдермен, ұлттық зергерлік бұйымдармен танысып, Текелінің танымал прәндігінен дәм татты.
Ұлттық этномәдени мұраға арналған көрме де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұнда бүркітшілік өнері, тазы өсіру дәстүрі, сондай-ақ ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау үлгілері таныстырылды.
Бағдарламаның шығармашылық бөлігі «Өнер әлемі» көрмесімен және жергілікті балалар шығармашылық орталығының өнері көрсетуімен жалғасты. Қонақтар жас суретшілердің туындыларын тамашалап, домбыра, қобыз, жетігенде орындалған музыкалық шығармаларды тыңдады.
Текелі кәсіптік колледжі туристік бағыттарды таныстырды. «Туристік қоржын» көрмесі аясында туристік құрал-жабдықтар мен саяхатқа қажетті керек-жарақтар ұсынылды. Туристік орталық мамандары туристік көпсайыс пен спорттық альпинизм көрсетілімдерін ұйымдастырды. Іс-шара бағдарламасы скандинавиялық жүрістен өткен жарысқа қатысушыларды марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Экопарктің ашылуына дейін «Серкесайды» абаттандырудың бірінші кезеңі толық аяқталды. Аумақта автотұрақ жасалып, демалуға арналған бес шатыр орнатылды. Сонымен қатар 10 жеке орындық, шатырлардың ішіне 10 орындық және бес үстел қойылған. «Таутеке» екі шағын сәулет нысаны жасалып, орнатылды. Санитарлық торап та толық жабдықталды. Бұдан бөлек, теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте таулардың көркем көрінісі ашылатын шолу алаңы орналастырылды.
Осы кезеңге жоспарланған жұмыстар толық көлемде орындалды. Осылайша бұл абаттандырылған аумақ Текелі тұрғындары мен қонақтарының демалуына, спорттық, мәдени және туристік іс-шаралар өткізуге арналған жаңа орынға айналмақ.
Іс-шараға қатысқан азаматтар пікір білдірді. Солардың бірі – Талдықорған қаласының тұрғыны Анна Хохарина:
– Бүгін «Серкесай» экопаркінің ашылуына арнайы келдік. Мұнда кішкентай сәбиіммен келдім. Ол «кенгуру» сөмкесінде менімен бірге таудың ең биік бөлігіне дейін көтерілді. Текеліге жиі келіп, осында серуендеп тұрамын. Енді соқпақ абаттандырылып, демалуға арналған шатырлар орнатылып, орындықтар қойылғанын көріп қуанып қалдық. Қазір күздің әдемі мезгілі басталды. Сондықтан мұндай мезгілде үйде отырмай, осылай табиғатқа шыққан дұрыс. Тауға келіңіздер! – деді ол.
– Мен Алматыдан Текеліге қонаққа келдім. Мұнда негізінен парапланмен ұшуға арнайы келдік. Экопарктің ашылатынын біліп, осында келіп тамашалауды жөн көрдік. Ауа райы тамаша, табиғаты да керемет. Бұған дейін де осы жерде болғанмын, дегенмен барған сайын бұл жер қатты ұнай бастады. Мұнда келген сайын бойыңа күш-қуат алып қайтасың. Оның үстіне аумақты өте ұқыпты әрі жақсы абаттандырған, – деді Алматы қаласының тұрғыны Балтабай Саусақов.
Жергілікті тұрғындар да пікір қосты:
– Біздің қалада экопарктің ашылғанына өте қуаныштымыз. Жоғарыға көтеріліп, таза ауамен тыныстадық, кәдімгідей тынысымыз ашылды. Мұнда бәрі өте әдемі жасалған. Енді осыған ұқыпты қарап, қоқыс тастамай, әркім өзінен кейін жинап жүрсе дейміз. Өйткені мұның бәрі әрқайсымыздың игілігіміз үшін жасалып отыр.
– Экопарктің ашылуымен құттықтаймын! Табиғат аясында белсенді демалып, таза ауада серуендеу денсаулыққа пайдалы, денені шынықтырады. Енді мұнда текеліктерге демалуға қолайлы жағдай жасалды, қала қонақтарын да қызықтырады деп ойлаймын, - деді олар.
Осылайша, «Серкесай» экопаркінің ашылуын өңірдегі туризм мен туристік инфрақұрылымды дамыту жолындағы кезекті қадам деуге болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ‼️
360° БЕЙНЕШОЛУДЫ ҚАЛАЙ ДҰРЫС ӨТУ КЕРЕК?
📌360° форматта бейнешолуда:
— бөлменің барлық қабырғалары мен бұрыштарын;
— төбе мен еденді;
— жұмыс үстелінің үсті, асты және жан-жағын;
— монитор, пернетақта және компьютер тінтуірді;
— жүйелік блокты (пайдаланылған жағдайда) көрсетіңіз.
✅Бейнешолу аяқталған соң смартфонды жұмыс орны толық көрінетіндей етіп орналастырыңыз.
🔷Камерадан:
— кандидаттың қырынан көрінісі;
— жұмыс орны мен монитор аймағы;
— монитордың артындағы кеңістік толық көрінуі тиіс.
‼️Ескерту!
Тестілеу немесе конкурс кезеңі толық аяқталғанға дейін смартфонның орнын өзгертуге болмайды.
‼️Тыйым салынады:
бөгде адамдардың қатысуына
қосымша бейнекамераларды орналастыруға тыйым салынады.