Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Енді қажетті тексерулерден өтіп, ем-домды аудан аумағында алуға болады. Республика күні қарсаңында Сарыөзек ауылында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сейсмикалық күшейтуден өткен орталық аудандық аурухана ашылды. Жалпы, соңғы үш жылда ауданның ауылдық елді мекендерінде 19 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының стационарлық бөлімі 1986 жылы салынған. Ғимарат пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жүргізілген жұмыстар стационарлық медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсартуға, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылған ғимарат 120 төсек-орынға арналған.
- Біздің аурухана - аудан тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін көпбейінді медициналық ұйым. Мұнда терапиялық, хирургиялық және травматологиялық көмек көрсетіледі. Аурухана құрылымына перзентхана, педиатрия, инфекциялық және басқа да бөлімшелермен қатар, диагностика және реанимация бөлімдері кіреді, - деді Кербұлақ аудандық ауруханасының директоры Жанета Нұрманбетова.
Аудандық орталық аурухананы жаңғыртудың басты игіліктерінің бірі – мұнда медициналық жабдықтар жаңартылды.
Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
Мұнда 83 бірлік медициналық техника, сондай-ақ 601 дана жиһаз бен төсек-орын жабдықтары сатып алынды. Қазіргі уақытта ауруханада компьютерлік томограф, рентген, маммограф және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараттары толыққанды жұмыс істеп тұр. Осылайша аудан тұрғындарына заманауи диагностикалық қызмет көрсетіледі. Бұл - өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында 2024 жылдан бері ауданға 14 дәрігер жұмысқа келді.
- Мен аудандық ауруханада жас маманмын, эндокринолог дәрігер болып жұмыс істеймін. Маған 10 млн теңге көлемінде біржолғы көтермеақы берілді, бұл бізге - үлкен қолдау. Сонымен қатар баспана мәселесі де шешілді. Мұндай мемлекеттік қолдау ауылдық жерлерді білікті медицина мамандарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ендігі менің басты міндетім – өзіме артылған сенімді ақтау. Өз тарапымнан пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсету үшін бар күшімді салып келемін. Осы тұрғыдан алғанда, аурухананың жаңартылуы да жұмысымызға үлкен қолдау болып отыр, - деді Айдана Маратқызы.
Жаңартылған аурухана туралы жергілікті тұрғындар пікір білдірді. Солардың қатарында Сарыөзек ауылының тұрғыны Жанат Ахметова да бар:
– Менің төрт қызымның төртеуі де осы ауруханада дүниеге келді. Әрине, соңғы жылдары аурухана ғимараты ескіріп, тозған болатын, сондықтан күрделі жөндеу жасағаны жақсы болды. Ауруханамыз заманауи кейіпке енді, жаңа құрал-жабдықтар әкелінді. Ауданға дәрігерлер, жаңа мамандар келіп жатқанына қуаныштымыз. Жалпы алғанда, мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміән, - деді ол.
Бұл пікірге ауыл тұрғыны Сламбай Тоқабаев та қосылды:
- Ауруханамыз ашылғалы бері, яғни осыдан 40 жылдай уақыт бұрын салынғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мысалы, бұрын стационарға емделуге келгенде іші қараңғы, бәрі ескі болатын. Тіпті, кейде жазылып шығатыныңа деген сенім де азаятын. Қазір бәрі өзгерді: іші жарық әрі жайлы. Сонымен қатар барлық қажетті медициналық жабдықтар орнатылған. Бұрын компьютерлік томографиядан (КТ) өту үшін Талдықорғанға баруға тура келетін. Енді бұл мәселе де шешілді. Бұған қоса, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданымызға білікті дәрігерлер келді, – деп ой бөлісті ауыл тұрғыны.
Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының жаңартылып, қолданысқа берілуі ауданның денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызды кезең деуге болады. Медицина мамандарының жұмысына және пациенттердің ем алуына заманауи жағдай жасау медициналық қызмет сапасын арттыруға әрі тұрғындарға уақытылы көмек көрсетуге бағытталған.
Еске салсақ, бұған дейін Ақсу ауданындағы орталық аудандық аурухана да күрделі жөндеу мен сейсмикалық күшейту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілген болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында өткен жылы 3 284 отбасы баспаналы болса, биыл 4 600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Олардың қатарында Ақсу ауданының тұрғындары да бар. Бұл туралы аудан халқымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй беру функциясының «Отбасы банкке» берілуіне байланысты биыл Ақсу ауданында кезекте тұрған азаматтарға өткен жылы құрылысы аяқталған 116 пәтер мен тұрғын үй берілді.
- Кезекте тұрған азаматтарға көпқабатты тұрғын үйден 60 пәтердің және 56 жеке тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар биыл Жансүгіров және Қапал ауылдарында 40 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін олар пайдалануға беріледі, - деді Б. Исабаев.
Жалпы, соңғы 3 жылда Ақсу ауданында 297 отбасы қолжетімді баспанамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үйлер Жансүгіров, Қапал, Есеболатов, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарынан берілді.
Биыл қоныс тойын тойлағандардың бірі - Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлнара Сабырбаева пікір білдірді.
- Биыл өзімнің жеке пәтеріме қол жеткіздім. Жарық, кең, сапалы баспана. Отбасымызда осындай қуанышты сәттің болғанына өте ризамын. Баршаға, әсіресе жас отбасыларға осындай қуаныш тілеймін, - деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов.
Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі кеңейіп, қолжетімді бола түсті. Енді көптеген тексеру мен емдеу түрін аудан аумағында сапалы алуға мүмкіндік. Республика күні қарсаңында Жансүгіров ауылында сейсмикалық күшейту жасалып, күрделі жөндеуден өткен орталық аудандық аурухана іске қосылды. Жалпы, соңғы төрт жылда аудандағы медициналық инфрақұрылымның шамамен 40% жаңартылды. Осы уақыт аралығында 14 ауылдық округте жаңа дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бой көтерді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аурухана ғимараты 1974 жылы салынған. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезеңде медициналық қызметтер бейімделген ғимаратта көрсетілді. Бұған дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген аурухана ғимараты 52 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Балалар, терапия, хирургия, реанимация және босандыру бөлімдері, қабылдау бөлімі, балалардың консультативтік-диагностикалық бөлімі, асхана толық жаңартылып, ғимарат толықтай реттелді. Инженерлік желілер де жаңартылып, талапқа сай жағдайға келтірілді. Осылайша, денсаулық сақтау нысаны заманауи кейіпке еніп, пациенттер мен дәрігерлер үшін қолайлы жағдай жасалды.
Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
– 2024 жылдан бері ауруханаға 17 жас маман жұмысқа келді. Оның бесеуі биыл қызметке орналасты. Соның екеуі мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау шараларын алып үлгерді. Тағы үш маман көтерме жәрдемақы алуды күтіп отыр. Облыс әкімінің қолдауымен ауылдық жерлерге жұмысқа келген дәрігерлерге 10 млн теңгеден мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ауылдағы денсаулық сақтау саласына осындай маңызды қолдау көрсетіліп отырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ақсу аудандық орталық ауруханасының директоры Байқадам Құрымбай.
Қазіргі таңда Ақсу ауданында 56 дәрігер, 310 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданға 5 дәрігер жұмысқа қабылданды. Олар – хирург, оториноларинголог, реабилитолог және 2 жалпы тәжірибелік дәрігер.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтар да жаңартылды. Ауруханада заманауи операциялық блок жұмыс істейді. Өкпені жасанды желдету аппараттары, ФГДС жүргізуге, флюорографиялық және рентгенологиялық зерттеулер жасауға арналған жабдықтар сатып алынды. Ауыр жағдайдағы пациенттер үшін көпфункционалды төсектер бар. Бұл заманауи хирургиялық және травматологиялық операциялар жасауға, сондай-ақ пациенттерді диагностикалау мен емдеуге жағдай жасап отыр. Онкологиялық қызметті дамыту аясында да қосымша құрал-жабдықтар жеткізілді. Ауруханаға цифрлық маммограф және жылжымалы флюорографиялық аппарат орнатылды.
Дәрігерлер аурухананың жаңаруын тек ғимараттың жаңа кейіпке енуі ғана емес, диагностика мен емдеу мүмкіндіктерінің кеңеюі деп есептейді.
Бірінші санаттағы педиатр дәрігер, трансфузиолог Әсел Жолдасованың айтуынша, бүгінде ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп келеді.
– Ауыл тұрғындарының денсаулығына және аудандық ауруханаларды дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын көріп отырмыз. Соның арқасында біздің аудандық орталық ауруханамыз күрделі жөндеуден өтті. Бұл бүкіл ұжым үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Ендігі басты міндетіміз – ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жоғары деңгейде көрсету. Алдағы уақытта оңалту, педиатриялық қызмет, жедел және хирургиялық көмекті одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде ауруханада эндоскопиялық емдеу әдістері, трансфузиологиялық және оңалту көмегі көрсетіледі. Мұның бәрі тұрғындарымыздың денсаулығы үшін жасалып отыр, – деді дәрігер.
Хирург дәрігер Ақылбек Көшкінов те жаңа техникалық жабдықтардың медициналық қызметкерлердің мүмкіндігін едәуір кеңейткенін айтады.
– Қазір бізде жаңа құрал-жабдықтар бар, заманауи хирургиялық және травматологиялық операциялар жасауға жағдай жасалды. Дәрігер үшін диагноз қойып қана қоймай, пациентке қажетті көмекті дер кезінде көрсете алғаны маңызды. Енді мұндай мүмкіндіктеріміз артып отыр, – деді ол.
– Бүгін біз үшін шынымен де маңызды күн. Аурухананың жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетіп, осындай жағдай жасауға атсалысқан барша азаматқа алғысымызды білдіреміз. Енді жаңарған ғимаратта тұрғындар үшін бұдан да үлкен жауапкершілікпен еңбек етуге дайынбыз, – деді хирургия бөлімшесінің аға мейіргері Раушан Қазиева.
Аурухананың ашылу салтанатына аудан тұрғындары да қатысты. Ауыл тұрғындары заманауи аурухананың ең алдымен қажетті тексеру мен емді тұрғылықты жеріне жақын маңда алуға жасалған мүмкіндік деп біледі.
Аудан тұрғыны Айгүл Кукузованың айтуынша, бұған дейін кейбір тексеру мен ем алу үшін облыс орталығына баруға тура келген. Бұл жол шығындарын, уақыт шығындауды қажет ететін, оған қоса әсіресе қарт адамдар мен балалы отбасылар үшін қосымша қолайсыздықтар туғызатын.
– Біз бұл күнді көптен күттік. Ауруханада жақсы жағдай жасалып, жаңа құрал-жабдықтар орнатылған, қызметкерлері де мұқият. Басты байлық денсаулыққа лайықты көңіл бөлінгені қуантады. Енді өз ауданымызда сапалы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндігіміз бар, – деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында кезектегі азаматтар жаңа тұрғын үйлерге ие болды. Баспана кілтін беру салтанаты Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар аясында өткізілді. Жаңа үй иелеріне кілттерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көксу ауданы Зылиха Тамшыбай ауылында салынған үйлердің кілтін беру барысында Бейбіт Исабаев жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады:
- Бүгін ауылдарыңызда қос қуаныш. Бақытын еңбектен тапқан Зылиха Тамшыбаева апамыздың 90 жылдығына арналған тағылымды шаралар өтіп жатыр. Сонымен қатар осы ауылда салынған жаңа үйлердің алғашқы қоныстанушыларына кілт тапсырғалы отырмыз. Президенттің халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес бұл үйлерде өмір сүруге барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Осы жаңа қоныста ұрпақтарыңызбен өсіп-өне беріңіздер, үйлеріңіздің іші құт-берекеге толсын, - деді Б. Исабаев.
Баспаналы болған кезекте тұрған азаматтар ризашылық пікірін білдірді. Солардың арасында көп балалы ана Лаура Азамбаева да бар.
- Біздің отбасымызда 8 баламыз бар, немерелі де болдық. Жолдасым Марат Әбдіғали Көксу қант зауытында жұмыс істейді. Тұрғын үй кезегіне 2023 жылы тұрғанбыз. Бүгін, міне, көптен күткен үйімізге қол жеткіздік. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, - деді ол.
Атап өтсек, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Зылиха Тамшыбай ауылында 15 жеке тұрғын үй салынған болатын. Осы күні кезекте тұрғандарға 5 үй берілді. Қалған 10 үй де пайдалануға дайын. Мұндағы әрбір тұрғын үйдің жалпы ауданы 73,0 шаршы метр. Бұл үйлерді азаматтарға «Отбасы банк» АҚ белгіленген тәртіппен беруді жүзеге асырады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Жетісу облысында Қала күні қарсаңында талдықорғандық 43 отбасына жаңа баспананың кілті табысталды. Атап өтсек, жыл басынан бері бүгінгі қоныс иелерін қоса алғанда, қала бойынша 617 отбасы баспаналы болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кілт табыстау рәсімінде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы айқындаған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол облыс басшылығының қолдауымен Талдықорғанда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, жаңа үйлер пайдалануға берілуде, осылайша жыл сайын жаңа қоныс қуанышына жеткен отбасылардың қатары көбейіп келеді.
Атап айтқанда, биыл қалада 177,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жақын арада «Бірлік» шағын ауданында 170 пәтерге арналған екі кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Жыл соңына дейін «Ынтымақ» тұрғын алабында 200 пәтерлі бес бесқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар да атсалысуда. «Жастар-3» тұрғын алабында 350 үйдің құрылысы жалғасып жатса, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде 641 пәтерлі тоғыз қабатты үй бой көтеруде.
Осы күні жаңа қоныс иелеріне «Құлагер» шағын ауданынан, «Береке» коттедж қалашығынан және «Жастар-3» тұрғын алабынан тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Атап айтқанда, биыл қалада 177,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қоныс иелерінің бірі Элина Кибедова ой бөлісті. Ол 13 жылдан астам уақыт бұрын жетім бала ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Осы уақыт ішінде отбасын құрып, ана атанды. Енді Элина мен оның ұлдары Абдуллах, Ахмад және Халидтің өз пәтері бар. Ол осы жылдар бойы бұл күнді асыға күтіп, бір күні өз баспанасына ие болатынына сенгенін айтады. «Сондықтан кілт табыстау сәті біздің отбасымыз үшін ерекше маңызды», - дейді ол.
Гүлнар Нүсіпова да қуанышын жасырмады. Ол салтанатты рәсімге балалары мен немерлерін ертіп келді. 15 жылға жуық уақыт тұрғын үй кезегінде тұрған отбасы бүгін алғаш рет өз үйлерінің кілтін қолына алды.
- Біз үшін үйлі болу - бір бақыт. Мемлекетке көрсетіп отырған ықыласы мен қамқорлығы үшін алғыс айтамын. Өзім үшін ғана емес, бүгін менімен бірге қоныс тойын атап өтіп жатқан басқа жерлестерім үшін де қуаныштымын, - деді ол.
Жалпы, жыл соңына дейін Талдықорған қаласында 1500-ден астам отбасын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Жетісу облысының Қаратал ауданында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, олар - білім беру, спорт, көлік қатынасы, абаттандыру салаларының нысандары. Олардың құрылысы барысымен танысу үшін ауданға жұмыс сапарымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев барды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында екі бірдей спорт нысаны салынып жатыр. Оның бірі - орталық стадион маңында орналасқан дене шынықтыру сауықтыру кешені. Ғимараты 2 блоктан тұратын нысанның жалпы аумағы 3300 шаршы метр. Кешен заманауи талаптарға сай жабдықталып, баскетбол, волейбол, бадминтон, гандбол, теннистен спорттық секциялар өткізуге, сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыруға, оқу-жаттығу сабақтары мен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасайды. Мұнда бокс және күрес залдары да қарастырылады. Яғни бұқаралық спортты дамытуға, халықтың саламатты өмір салтын ұстануына, барлық жастағы тұрғындардың спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалмақ.
Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс алаңында 33 адам жұмыс істеп жатыр. Техника да, құрылыс материалдары да жеткілікті. Жоспар бойынша құрылыс келер жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер мекеме осы жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.
Аудан орталығындағы тағы бір спорт нысаны дзюдо күресіне арналған. Аталған нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, қазір әрлеу, тазалау жұмыстары атқарылуда. Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне қарай екі күрес залы болады, одан бөлек жаттығу залы қарастырылған.
Жұмыс сапары барысында Бейбіт Исабаев Үштөбе қаласындағы 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысын да көрді. Маусым айында құрылыс жұмыстары басталған білім ошағы келер жылдың тамыз айында салынып бітуі тиіс. Бұл ретте облыс әкімі әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше мән беру керек екенін ескертті.
- Мектеп, емхана, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы – біз ерекше мән беретін маңызды жобалар. Себебі бұлар ең алдымен халыққа қажет. Сондықтан құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы ерекше бақылауда болуы тиіс, - деді Бейбіт Исабаев.
Мұнан соң өңір басшысы Үштөбе темір жол вокзалының реконструкциясымен де танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстарының 76% атқарылған, яғни ғимаратты сейсмикалық нығайту, перронды жаңғырту, сыртқы инженерлік желілілерді қосу жұмыстары бітті. Бүгінгі күні вокзалдың қасбетін жаңарту аяқталуға жақын, күту залының ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер ұйым өкілі нысанды осы айдың соңына дейін аяқтау үшін 70-ке жуық адам екі ауысымда жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жаңғырытылып жатқан Үштөбе қаласының орталық саябағындағы жұмыстармен де танысты. Саябақтың 6 гектар аумағында амфитеатр, ойын және спорт алаңдары, демалыс аймақтарынан бөлек этноауыл орналасады, шағын архитектуралық мүсіндер қойылады автоматты суару жүйесі жасалады. Бұл нысан да қыркүйек айының соңында тапсырылуы тиіс.
Атап өтсек, жыл басынан бері орталық саябақта жалпы саны 1 200 ағаш көшеті отырғызылды, соның 750-і – қарағай, 150-і – ақ қайың.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев.
Жетісу облысының ауылдық жерлерінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар инфрақұрылымдық мәселелер шешімін табуда. Мәселен, Сарыөзек ауылында жолдар жөнделіп, сапалы ауыз сумен қамту жолға қойылуда, сол сияқты апатты үйлердің тұрғындарын жаңа үйге көшіру, аудандық аурухананы жаңғырту бағытында елеулі жұмыстары атқарылып жатыр. Кербұлақ ауданына барған жұмыс сапарында облыс әкімі Бейбіт Исабаев бірқатар құрылыс құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен өңір басшысы апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын көшіру көзделген бес қабатты 60 пәтерлі жаңа үйдің құрылысын көрді.
Аудан әкімінің орынбасары Бақыткелді Қабидолданың айтуынша, Сарыөзектегі апатты үйлер мәселесін шешу мақсатында 2024 жылы 60 пәтерлік бес қабатты үй сатып алынып, оған баспанасы апатты деп танылған 100-ге тарта отбасы қоныстандырылған болатын. Құрылысы біткен тағы бір 60 пәтерлік жаңа үй қолданысқа беруге дайын, жуырда жаңа қоныс иелеріне беріледі. Ал қазір құрылысы 80% аяқталған көп қабатты тұрғын үй биылғы наурыз айында салына бастаған болатын, нысанды осы күзде аяқтау жоспарланып отыр. Үйдің ауласы абаттандырылып, балалар алаңдары да жасалуда. Құрылыс алаңында 45 адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.
Құрылыс барысын көрген Бейбіт Исабаев, жұмыстардың қарқыны мен сапасын ерекше назарда болу керектігін айтты. Сондай-ақ ғимараттың кіреберіс баспалдағына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіріп-шығуына арналған пандус орнатуды тапсырды.
Мұнан соң облыс басшысы республикалық жолдың Сарыөзек аумағындағы айналма жолы учаскесінде болды. Мұнда ұзындығы жеті шақырымға күрделі жөндеу жасалған. Атқарылған жұмыстар мен жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайы туралы баяндаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаев учаскеде 1 көпір салынып, 18 құбыр төселгенін, жарықтандыру тіректері орнатылғанын жеткізді. Қазір нысанды қабылдап алу жұмыстары жүріп жатыр.
Сол сияқты осы сапар барысында ауылды ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл жұмыстардың жайын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев жеткізді. Оның айтуынша, Сарыөзекте сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялаудың бесінші кезегі жүзеге асырылуда. Су құбыры желілерінің ұзындығы – 110 шақырым. Жоба аясында 1298 құдық салу және 257 өрт сөндіру гидрантын орнату көзделген. Жүйе көппәтерлі және жеке тұрғын үйлерді, сондай-ақ әкімшілік және әлеуметтік нысандарды қоса алғанда, жалпы саны 2932 абонентке есептелген. Қазір жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Алғашқы екі кезеңде тұтынушылардың жоспарланған саны толықтай жүйеге қосылды. Үшінші кезеңде межеленген 869 абоненттің бүгінгі күнге 351-і қосылды, қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
- Жобаны іске асыру жұмыстарын қарқынды жалғастырып, сапалы аяқтау керек. Қаражаттың игерілуі мен жұмыстардың белгіленген кестеге сай атқарылуы басты назарда болсын. Ең бастысы түпкі нәтиже – осы ауқымды жаңғырту арқылы Сарыөзек ауылының жылдар бойы қордаланып келген ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі, - деді Б. Исабаев.
Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Кербұлақ аудандық орталық ауруханасында да болды. Мұнда ғимаратты қалпына келтіру, сейсмикалық күшейту жүргізілді. Медициналық мекеменің жаңа заманауи ғимараты ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Осы ретте аурухананың тамақ дайындау блогын жөндеу мәселесі көтеріліп, бұл ұсыныс облыс басшылығы тарапынан тиісті қолдау тапты. Бүгінде аурухана аумағына асфальт төсеу, кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы нысанның дайындық деңгейі 97%.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев аралау соңында белгіленген жұмыстардың мерзімінде атқарылуына және абаттандыру жұмыстарына қатысты жауапты мекемелердің басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев.
Жетісу облысында тұңғыш рет жаңа, заманауи, екі қабатты кітапхана ғимараты арнайы салынып, қолданысқа берілді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылды. Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында орналасқан кітапхананың ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыс басшысы ауылдық елді мекенде заманауи жаңа кітапхананың ашылуы Жетісу өңірінің рухани өміріндегі айтулы жаңалық екенін атап өтті.
- Бұл – кітап оқу мәдениетін дамыту және заманауи кітапхана кеңістіктерін қалыптастыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын өңірде іске асырудың алғашқы бастамасы. Жаңа кітапханада кітап оқуға ғана емес, цифрлық ресурстарды пайдалануға, жан-жақты ізденуге, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Кітапханаға салынған инвестиция – ең алдымен адам капиталына, ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне жасалған инвестиция. Бұл ретте осы киелі ордадан білімді, саналы, тәрбиелі, кітапсүйер ұрпақтың қалыптасып шығатынына сенімдіміз. Жаңа нысан осындай игі мақсаттарға қызмет етіп, өңірдің рухани шамшырағына айналсын! – деді Б. Исабаев.
Мұнан соң жиналған көпшілік кітапхананың ішін аралап көрді. Соның ішінде мәжіліс залын, оқу залын және балалар бөлімін аралап көрді.
Кітапхана директоры Гүлмира Аханқызының айтуынша, жаңа кітапхананың кітап қоры 53 мыңнан асады. Ғимараттың басты ерекшелігі - мұнда бірнеше оқырман залының болуы, атап айтқанда мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балаларға, ересектерге арналған арнайы оқырман залдары қарастырылған. Сонымен қатар медиатекасы бар ақпараттық-анықтамалық зал, көбейту зертханасы, ауқымды кітап қоймасы орналасқан. Қазіргі таңда кітапхана оқырмандарының саны шамамен 5570 адам.
Жаңа кітапхана ғимаратының аумағы 1620 шаршы метр. Кітапханада оқырмандарға қолайлы жағдай жасалып, заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Бірінші қабатта кітапхананың негізгі қызметтік және оқу залдары орналасқан. Мұнда кітап қорын заманауи талаптарға сай сақтауға және оқырмандарға электронды форматта ұсынуға мүмкіндік беретін сканерлеу және цифрландыру кабинеті бар. Сондай-ақ компьютермен және интернетпен жабдықталған мультимедиа залы жұмыс істейді. E-gov порталы арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қарастырылған.
- Бірегей залдардың бірі – 30 орындық өлкетану залы. Мұнда өлкенің тарихы мен мәдениеті, Кербұлақ ауданынан шыққан белгілі тұлғалар туралы кең көлемде ақпарат беретін кітап материалдары қойылған. Сондай-ақ бұл залда ауданның тарихи-мәдени мұрасын сақтауда маңызды орны бар сирек кездесетін кітаптар топтамасы сақталған. Мұның бәрі аудан тұрғындары мен қонақтарының иглігі үшін ұсынылып отыр, – деді Г. Аханқызы.
Кітапхананың екінші қабатында кітапхананың балалар бөлімі орналасқан. Мұнда интернетке қосылған, компьютермен жабдықталған ІТ-зал бар. Сондай-ақ 56 орындық оқу залында балалардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылған. Бұл олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Үйірмелер өткізу үшін «Балауса» оқу кеңістігі және балалардың пайдалы уақытын ұйымдастыруға арналған коворкинг орталығы құрылған. Сонымен қатар екінші қабатта түрлі мәдени іс-шараларды өткізуге жағдай жасалған акт залы орналасқан.
Балалар бөлімінің кітап қорымен танысқан облыс басшысы оны алдағы уақытта жаңа құндылықтарға негізделген жаңа әдебиетпен толықтыру керек екенін айтты. Сол сияқты «Балалардың IT залына» интернетті пайдаланып, балаларға әлемнің кез келген еліндегі кітапхананың оқырманы бола алатындай мүмкіндікті үйрететін мамандарды арнайы тартуды тапсырды.
Мектеп оқушылары кітапхананың оқу залында кітап, білім туралы қазақ қаламгерлерінің өлеңдерін оқыды.
Еске салсақ, бұған дейін аудандық кітапхана мен балалар кітапханасы ауылдық әкімдік ғимаратында және Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ішінде отырған болған.
Жалпы, өңірде 150 кітапхана бар. Оларда 128 клуб пен үйірмелер, 29 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Облыс құрылғалы бері кітапханалардағы кітап қорының саны 2,8 миллионнан асты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев
Талдықорғанда кезекте тұрған 51 отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болды. Жаңа қоныс иелерін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы атап өткендей, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Талдықорған қаласының өзінде 49 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен Талдықорғанның 1400-ден астам отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді Б. Исабаев.
Жаңа баспана кезекте тұрған азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілді. Олардың арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар бар.
Жаңа қоныс иелері өз әсерін бөлісті:
– Бүгін отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Жаңа қонысқа ие болып жатырмыз. «Жастар-3» шағын ауданындағы жаңа үйіміздің кілтін қолымызға алдық. Тұрғын үй кезегінде 9 жылға жуық тұрдым. Алты бала тәрбиелеп отырмын, оның бесеуі мектеп оқушылары, – деді Динара Отарбаева.
– 2017 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. Қуанышымды сөзбен айтып жеткіе алмаймын. Ең алдымен балаларымды ертіп апарып, өздерінің жеке үйлерін көрсетемін. Енді олардың өз бөлмелері болады, кең әрі жайлы жерде тұратын болдық. Осы уақытқа дейін талай жыл пәтер жалдап тұрдық. Енді, міне, өз баспанамыз бар. Көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деді Дана Жаманаева.
– Тұрғын үй кезегінде 10 жыл тұрдық. Осы уақыт ішінде бір жалдамалы пәтерден екіншісіне көшіп, талай қиындықты бастан өткердік. Балалармен бірге көшіп-қону әрине қиын болды. Енді мұның бәрі артта қалды. Жас отбасымыздың жаңа шағын ауданда өз баспанасы бар деп қуанып жатырмыз, – деді «Құлагер» шағын ауданынан пәтер алған Торғын Тойшыбекова.
Атап өтсек, алдағы уақытта Талдықорған қаласында «Бірлік» шағын ауданында 170 пәтерге арналған екі кредиттік үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Ынтымақ» тұрғын алабында 200 пәтерге арналған бес бесқабатты үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Жалпы, соңғы 4 жылда Жетісу облысында 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 мыңға жуық астам отбасы жаңа қонысқа ие болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Жетісу облысы бойынша жаңа 2026-2027 оқу жылында оқушылар контингенті 131,5 мыңнан асады деп күтілуде, оның ішінде 1-сынып оқушылары 12,8 мың. Облыс колледждеріне 4,5 мың студент қабылдау жоспарлануда. Өңірдегі білім беру ұйымдары оқу жылының басталуына толық дайын, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Облыстағы барлық білім беру ұйымдарында орнатылған 19 200-ге жуық цифрлық бейнекамера Жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар «Дабыл түймелері» орнатылып, жергілікті полиция басқармаларының кезекші бөлімдеріне толықтай қосылған. 209 білім беру ұйымы 352 штат бірлікте арнайы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 228 білім беру мекемесінің жанына жасанды жол кедергілері, 132 мектептің маңына балалар макеттері және 259 мектептің аумағына жылдамдықты шектеу белгілері орнатылды.
«Биыл жаңа оқулықтарды сатып алу, қосымша оқулықтар мен көркем әдебиетті толықтыру мақсатында 14 баспамен 85 келісімшарт жасалды. Жергілікті бюджет есебінен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға 1,7 млрд. теңге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 2,5 млрд. теңге бөлінді. Облыста барлық 314 мектеп интернет желісіне толық қосылған. Жалпы білім беру қорынан 25 704 әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға жергілікті бюджет есебінен, ата-аналардың жеке есеп шоттарына толығымен аударылды. Биыл тегін ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 6,9 млрд. теңге бөлінді», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Облыста 84 елді мекеннен 1 816 оқушы тасымалданады. Қазан айында жергілікті бюджет есебінен 10 микроавтобус сатып алынады.
Атап өтсек, өңірде апаттық және үш ауысымдық мектеп жоқ. Биыл 5 жаңа білім беру нысанының құрылысы Арнайы мемлекеттік қордан, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан және жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Оның 4-еуі биыл аяқталады, атап айтқанда 3-еуі жаңа оқу жылына дейін қолданысқа беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 3 мектеп күрделі жөнделуде - 2 нысан жаңа оқу жылы басталғанға дейін, 1 мектеп жыл соңына дейін аяқталады.
Өңірде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. 21 мемлекеттік колледждің және І. Жансүгіров атындағы университеттің жатақханаларында 5 391 орын бар. Барлық жатақханалар бейнебақылау, дабыл түймелері, өрт қауіпсіздігі жүйелерімен және мамандандырылған күзетпен толық қамтамасыз етілген.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков.