Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2025 жылғы 1 қазандағы № 318 бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасында облыстық және аудандық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын инженерлік желілермен және коммуникациялармен қиып өтуге техникалық шарттар беру бойынша жаңа мемлекеттік қызмет енгізілді.
Техникалық шарттар автомобиль жолдарын каналдармен, байланыс және электр беру желілерімен, мұнай және газ құбырларымен, су құбырларымен, темір жолдармен және басқа да инженерлік желілермен қиып өту кезінде, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына кірме жолдар мен қосылулар салу барысында беріледі.
Техникалық шарттарды беру жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен жол құрылыстарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ құрылыс және техникалық нормалардың талаптарын сақтау үшін қажет.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өтініш тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күнін құрайды.
Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш берушілер Сарқан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне, Сарқан қаласы, М.Тынышбаев көшесі, 8А мекен-жайы бойынша жүгінуі қажет.
Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес көрсетіледі.