GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Байланыс ақпарат
Все материалы
20 октября 2026
«БЖЗҚ» АҚ халыққа жыл басынан бері 36 миллионнан астам қызмет көрсетті

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 «БЖЗҚ» АҚ халыққа жыл басынан бері 36 миллионнан астам қызмет көрсетті

 «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ, Қор) – Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бірыңғай операторы, ол зейнетақы жинақтарының сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Оның негізгі міндеті – азаматтардың зейнетақы жинақтарын жинақтау және болашақта төлемдер қамтамасыз ету. Қор ұсынатын қызметтер азаматтарға лайықты зейнетақы үшін қажетті соманы жинап қана қоймай, сонымен қатар өз болашағын қаржылық жоспарлауға белсенді қатысуға көмектеседі. БЖЗҚ қазақстандықтарға цифрлық форматта түрлі қызметтер көрсетеді және оларды салымшылардың қажеттіліктеріне бейімдей отырып дамытуда. Қордың сайтта және мобильді қосымшада 24/7 режимінде көрсететін қызметтерінің қолжетімділігі – салымшылардың өз жинақтарына деген қызығушылығын арттырудың маңызды шарты.

01.01.2026ж. мен 31.08.2026ж. аралығында Қор салымшыларға 36,2 млн қызмет көрсетті. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 24,0 млн-ы электрондық форматта, 11,4 млн автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электронды және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,6%-ын құрады. Цифрландырудың жоғары деңгейіне қарамастан, өңірлік бөлімшелердегі Қор мамандары азаматтарға жүзбе-жүз қызмет көрсетуін әлі де жалғастыруда. Десек те, мобильдік қызметтер мен веб-ресурстардың ыңғайлылығы аясында кеңселерге өзі барып қызмет алу үлесі ең аз көрсеткішке ие боп қала береді. Мәселен, күндізгі форматта 516,7 мың қызмет көрсетіліп, оның ішінде 504,3 мың қызмет тікелей Қор кеңселерінде жүзеге асырылған.

Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарына нысаналы талаптар автоматты түрде есептеліп, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды алушыларға нысаналы жинақтарды есептеу және есепке алу үшін нысаналы жинақтау шоттары ашылады. 

Есепті кезеңде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор ­— балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 1,3 млн бірлікке жетті. 

Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан 25,0 млн үзінді көшірме берілді. Оның 22,4 млн-ы – электрондық, ал 2,3 млн үзінді көшірме автоматты түрде рәсімделді. Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарын қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтарға өте қолайлы. БЖЗҚ 2025 жылдан бастап жыл сайынғы үзінді көшірмелерді пошта арқылы автоматты түрде жіберу тоқтатылғанын ескертеді. Бірақ, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты "БЖЗҚ" АҚ атына тиісті сұранысты жіберген пошта арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Салымшылардың (алушылардың) Қор сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинеттен үзінді көшірме алудан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шотының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтер қолжетімді. Өткен кезеңде салымшылардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аударуға 88,8 мың өтініші қабылданды, оның басым бөлігі – электрондық форматта.

БЖЗҚ азаматтардың зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасы инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) туралы барлық негізгі ақпаратты бір цифрлық кеңістікке біріктіріп, инвестициялық қызметтері туралы деректерді жүйелі түрде ұсынатынын естеріңізге салады. invest.enpf.kz порталында пайдаланушыларға зейнетақы жинақтарының жүйесі, бағалы қағаздар, инвестициялау стратегиялары (критерийлері), базалық ұғымдар, зейнетақы активтерін орналастыру құрылымы туралы мәліметтер, сондай-ақ әрбір ИПБ-ның қаржылық көрсеткіштері, ИПБ-ның реттеушілік талаптарды сақтауы туралы деректер, салымшыларға ИПБ-ның портреті мен инвестициялық қызметін жасауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтер қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

БЖЗҚ мамандарына қандай да бір қызмет түрі бойынша жүгіне отырып, салымшылар, әдетте, жинақтарды қалыптастыруға қатысты қосымша кеңестер ала алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 39,7 мың көшпелі таныстырылым өткізіліп, оған 783,4 мың адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары бойынша 27,5 мың материал жарияланды.

Салымшылар мен алушылардан кері байланыс (Call-орталық, веб-сайт арқылы кеңес, мессенджерлер, әлеуметтік желілер және басқа байланыс түрлері) арналары бойынша 283,0 мың өтініш түсті.

Естеріңізге сала кетейік, кез келген компания Қор кеңсесіне барып жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша таныстырылым мен кеңестер өткізуге өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалып, Қор сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет.

БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.  

 БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

20 октября 2026
Мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіретін және оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілейтін, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілді органдар
04 сентября 2026
Мемлекеттік корпорация ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыруда

2026 жылдың басынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің ауылдық елді мекендер тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді алу және цифрлық сервистерді пайдалану бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Бір жарым ай ішінде еліміздің түрлі өңірлерінен 18 мыңнан астам азамат оқудан өтті.
Қазақстан Республикасында жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және оларды онлайн форматта өз бетінше алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Өңірлер арасында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында оқытылған азаматтар саны басым.
Оқу сабақтарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары еліміздің әр өңіріндегі ауылдық округтер мен елді мекендерде өткізді.
Сонымен қатар, жыл басынан бері «Таным» корпоративтік оқу орталығының қатысуымен облыс орталықтарында 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті. Сабақ барысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымның негізгі құралдары мен мүмкіндіктерін меңгерді.
Еске сала кетейік, электрондық мемлекеттік қызметтерді және заманауи онлайн-сервистерді пайдалануды тегін үйренгісі келетін азаматтар үшін еліміздің әр облыс орталығында оқу сыныптары жұмыс істейді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі.

20 августа 2026
Өз сайлау учаскеңізді қалай табуға болады?

Өз сайлау учаскеңізді қалай табуға болады?


Азаматтардың өз сайлау учаскесін табуына мүмкіндік беретін арнайы онлайн-сервистер іске қосылды.

Ол үшін ұсынылған сервистердің бірінде тұрғылықты өңірі мен ЖСН енгізу жеткілікті:

https://sailau.e-zhetisu.kz/

https://t.me/sailau_zhetysu_bot

19 августа 2026
Зейнетақы жинақтарын тұрақты түрде қалыптастыратын қазақстандықтардың саны артып келеді

 

Зейнетақы жинақтарын тұрақты түрде қалыптастыратын

қазақстандықтардың саны артып келеді

 

Қазақстанда азаматтардың лайықты зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты саналы көзқарасы жыл санап дамып келеді. Бұл үрдіс басқа елдерде әлдеқашан қалыптасқан тәжірибе. Зейнетақы жинақтарын өзінің қартайған кездегі әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін ұзақ мерзімді қаржылық капиталы ретінде қабылдайтын азаматтар саны көбеюде. Бұған зейнетақы жинақтары көлемінің серпінді өсуі, халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен (ЖЗЖ) қамту ауқымының кеңеюі, зейнетақы жарналарын тұрақты төлейтін азаматтар санының артуы дәлел.

 

Зейнетақы шоттары мен ондағы жинақтардың өсуі

 

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары 28,09 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 4,08 трлн теңгеге немесе 17,0%-ға өсті.

ЖЗЖ дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – зейнетақы шоттары санының тұрақты өсуі. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-да 18,78 млн зейнетақы шоты ашылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,11 млн немесе 6,3%-ға көп. Олардың ішінде салымшылардың (алушылардың) 12,80 млн жеке зейнетақы шоты бар. Оның ішінде 11,36 млн шот – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), 786,27 мың шот – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), 462,40 мың шот – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша ашылған. Бұдан бөлек, БЖЗҚ-да жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) бойынша келіп түскен мәліметтер есепке алынатын 5,97 млн шартты зейнетақы шоты ашылған.

Шоттар мен жинақтар туралы барлық ақпарат ашық әрі азаматтарға тәулік бойы, аптасына 7 күн қолжетімді. Оны БЖЗҚ-ның сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке үзінді көшірмеден, сондай-ақ БЖЗҚ-ның өңірлік бөлімшелерінен алуға болады.

 

Халықтың зейнетақы жарналарын төлеу белсенділігін қалай бағалаған жөн?

Азаматтардың зейнетақы жарналарын төлеу белсенділігін бағалау кезінде бірқатар маңызды жайттарды ескеру қажет. МЗЖ есепке алынатын шоттардың жалпы санына (11,36 млн) объективті себептерге байланысты жарналар түспейтін шоттар да кіреді. Оларға азаматтардың мынадай санаттары жатады:

  • зейнет жасына жетіп, зейнетақы төлемдерін алып жүрген және еңбек қызметін әрі қарай жалғастырып, табысы болған жағдайда да зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған зейнеткерлер;
  • мерзімсіз уақытқа бірінші және екінші топтағы мүгедектігі белгіленген адамдар;
  • 2016 жылдан бастап толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшірілген әскери қызметшілер;
  • елден тыс жерлерге тұрақты тұруға көшіп кеткен, бірақ зейнетақы жинақтарын алуға жүгінбеген салымшылар;
  • қайтыс болған, ал мұрагерлері зейнетақы жинақтарына мұрагерлік рәсімін әлі ресімдемеген салымшылар;
  • Қазақстан заңнамасына сәйкес шоттарына зейнетақы жарналары түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттары.

Сонымен қатар, әр адамның өмірінде зейнетақы жарналары төленуі тиіс табысы болмайтын объективті жағдайлар кездеседі. Оларға мыналар жатады:

  • оқу орындарында білім алу;
  • әскери қызмет өткеру;
  • балаға және туыстарына күтім жасау;
  • жұмыс іздеу және жұмыс ауыстыру кезеңдері;
  • шетелде жұмыс істеу;
  • жұмыстың маусымдық сипатына байланысты үзілістер;
  • күнтізбелік жыл ішінде табысы тұрақты түрде түспейтін жұмысты атқару;
  • ұзақ уақыт емделуге және оңалтуға байланысты кезеңдер.

Сондықтан халықаралық тәжірибеде халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартылуын бағалаудың жалпыға бірдей қабылданған әрі неғұрлым объективті көрсеткіштері ретінде табыс алатын азаматтардың саны және сәйкесінше жыл ішінде кемінде бір жарна түскен белсенді жеке зейнетақы шоттарының саны қарастырылады.

Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай шоттардың саны 7,20 млн-нан 7,34 млн-ға дейін, яғни 150,3 мың шотқа артты. Сәйкесінше, бұл шоттардағы зейнетақы жинақтарының көлемі де өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында олардың көлемі 20,95 трлн теңгеден 22,24 трлн теңгеге дейін, яғни шамамен 1,29 трлн теңгеге немесе 6,2%-ға ұлғайды.

Белсенді шоттардың негізгі бөлігі тұрақты еңбек қызметін жүзеге асыратын және МЗЖ-ны жүйелі түрде төлейтін азаматтарға тиесілі. Олардың саны алты ай ішінде 6,77 млн-нан 6,93 млн-ға дейін өсті, ал осы шоттардағы жинақтар 20,10 трлн теңгеден 21,07 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

 

Зейнетақы жарналарын төлеудің тұрақтылығы мен толықтығы

ЖЗЖ-ға қатысу ұзақтығынан бөлек, жеткілікті зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың маңызды факторларының бірі – жарналарды тұрақты әрі толық көлемде төлеу.

Қазақстанда бір жыл ішіндегі МЗЖ төлеудің орташа тұрақтылық көрсеткіші біртіндеп өсіп келеді:

- жалдамалы қызметкерлер арасында бұл көрсеткіш 2024 жылғы 8,95 жарнадан 2025 жылы 8,98 жарнаға дейін өсті;

- өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында 7,36-дан 7,53 жарнаға дейін артты.

Бұл ретте 2025 жылы жалдамалы қызметкерлердің 80%-ы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 64%-ы зейнетақы жарналарын жылына 6-дан 12 ретке дейін аударған.

2025 жылы жарналардың орташа мөлшері жалдамалы қызметкерлер арасында 43 661 теңгені құрады. Бұл республика бойынша орташа жалақы деңгейіндегі табыстан төленетін жарна мөлшерімен үйлеседі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында бұл көрсеткіш 23 225 теңге болды, бұл ең төменгі жалақыдан жоғары, алайда медиандық жалақыдан төмен табыстан төленетін жарнаны көрсетеді.

Ұзақ мерзімді динамика да халықты ЖЗЖ-мен қамту деңгейінің және МЗЖ төлеу тәртібінің біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Егер 2015 жылы МЗЖ есепке алынатын белсенді шоттардың саны 6,07 млн болса, 2025 жылы олардың саны 7,20 млн-нан асты. Жарналарды жылына 6-дан 12 ретке дейін төлейтін азаматтардың үлесі 2015 жылғы 71%-дан 2025 жылы 78%-ға дейін өсті. Тиісінше, жарналарды жүйелі түрде емес, яғни жылына 1-ден 5 ретке дейін аударатын азаматтардың үлесі 29%-дан 22%-ға дейін төмендеді.

 

Зейнетақы жарналарының салымшылар табысының деңгейіне тәуелділігі

Салымшылардың табыс деңгейіне қарай МЗЖ есепке алынатын белсенді жеке шоттардың құрылымында да оң өзгерістер байқалады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша (2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай) ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) төмен табыстан жарна төленетін шоттардың үлесі 12%-дан 9%-ға дейін қысқарды. Мұндай шоттардың саны 838,3 мыңнан 652,4 мыңға дейін, яғни 22,2%-ға азайды. Олардың қатарына жұмыс күні толық емес немесе ауысымдық жұмыспен қамтылған салымшылар жатады.

Сонымен бірге жоғары мөлшердегі табыстан жарна түсетін шоттардың да саны артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша медиандық жалақыдан орташа айлық жалақыға дейінгі аралықтағы табысы бар белсенді шоттардың үлесі 44%-дан (2025 жылғы 1 қаңтардағы) 45%-ға (2026 жылғы 1 қаңтарда) дейін өсті. Ал мұндай белсенді шоттардың саны 3,17 млн-нан 3,28 млн-ға дейін артты.

Бұл динамика ресми жұмыспен қамту және табыстың өсуін ғана емес, азаматтардың өз табыстарынан жарналарды ашық әрі толық көлемде төлеу арқылы қалыптастыруға ұмтылысын да көрсетеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жалдамалы қызметкерлердің жүйемен қамтылу деңгейі 91%-ға жетті. Бұл олардың толық дерлік қамтылғанын және зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы белсенділіктерін көрсетеді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында қамту деңгейі төменірек. Осыған байланысты халықаралық оң тәжірибені ескере отырып, оларды зейнетақы жүйесіне тарту бойынша кешенді шараларды іске асыру қажет. Бұл аса маңызды, өйткені базалық зейнетақы мөлшері де еңбек өтіліне байланысты. Ал еңбек өтілі БЖЗҚ-ға МЗЖ-ның ай сайын түсуі негізінде айқындалады.

 

Осылайша, қазіргі жағдайда зейнетақы жинақтарын қалыптастыру зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі табысты қамтамасыз ету тетігі ғана емес, сонымен қатар қоғамның қаржылық мәдениеті мен азаматтардың қаржылық дербестігінің маңызды элементіне айналып келеді.

Азаматтар өз шоттарының жай-күйін үнемі бақылап, БЖЗҚ-ның электрондық сервистерін пайдаланады, инвестициялық кірісті қадағалап, зейнетақы активтерін басқару мүмкіндіктерін зерделейді. Азаматтардың өз жинақтарын қалыптастыруға қатысуы, жарналарды тұрақты түрде төлеуі және жинақтарды басқаруға қызығушылық танытуы Қазақстанда ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте болашақтағы әл-ауқат үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың өздері үшін ортақ міндетке айналуда.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

19 августа 2026
Мектеп оқушысы қанша сағат ұйықтауы керек: Денсаулық сақтау министрлігі оқу жылы қарсаңында ата-аналарға ұсынымдар берді

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға балалардың қалыпты ұйқы режимін алдын ала қалпына келтіру ұсынылады. 6–12 жастағы мектеп оқушылары тәулігіне 9–12 сағат, ал 13–18 жастағы жасөспірімдер 8–10 сағат ұйықтауы қажет. Толыққанды демалыс баланың зейінін шоғырландыруына, жаңа ақпаратты жақсы меңгеруіне және оқу күні бойы жұмысқа қабілеттілігін сақтауға көмектеседі.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға балалар үшін толыққанды ұйқының маңыздылығын еске салды.

Мектепке дайындық – мектеп формасын, рюкзак пен оқу құралдарын сатып алумен ғана шектелмейді. Күн тәртібін алдын ала реттеу де маңызды. Әсіресе жазғы демалыс кезінде бала кеш жатып, кеш тұруға үйреніп қалған болса, оған ерекше назар аударған жөн.

Мамандар оқу жылы басталғанша күтпей, ұйқыға жату және таңертең ояну уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруды ұсынады. Бұл мектеп режиміне жайлы бейімделуге мүмкіндік береді.

Балаға қанша сағат ұйқы қажет

Ұйқыға деген қажеттілік жас ерекшелігіне байланысты. Америкалық педиатрия академиясының ұсынымдарына сәйкес, балаларға:

* 1 жасқа дейін – тәулігіне 12–16 сағат ұйқы;
* 1 жастан 2 жасқа дейін – 11–14 сағат;
* 3 жастан 5 жасқа дейін – 10–13 сағат;
* 6 жастан 12 жасқа дейін – 9–12 сағат;
* 13 жастан 18 жасқа дейін – 8–10 сағат ұйқы қажет.

Мектеп оқушылары үшін ұйқының ұзақтығымен қатар оның тұрақты болуы да маңызды. Баланың күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянғаны дұрыс.

Толыққанды ұйқы ағзаның қалпына келуі үшін қажет және зейінге, есте сақтау қабілетіне, эмоционалдық жағдайға, сондай-ақ жаңа ақпаратты қабылдау қабілетіне тікелей байланысты.

Бірінші сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлу қажет

Бірінші сыныпқа бару баланың қалыптасқан күн тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Жаңа режим, сабақтар, ерте тұру және көптеген жаңа әсерлер бейімделуге белгілі бір уақытты талап етеді.

Сондықтан қажет болған жағдайда мамандар бірінші сынып оқушыларына ұзақтығы екі сағатқа дейінгі қосымша күндізгі демалысты қарастыруды ұсынады.

Алғашқы апталардағы басты міндет – баланың жаңа күн тәртібіне біртіндеп үйренуіне көмектесу және оның қалпына келуіне жеткілікті уақыт беру.

Каникулдан кейін мектеп режимін қалай қалпына келтіруге болады

Мектеп режиміне алдын ала және күрт өзгеріссіз көшкен дұрыс. Егер бала жазда кеш ұйықтауға үйреніп қалса, ұйықтау уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруға болады.

Ата-аналарға бірнеше қарапайым ережені ұстану ұсынылады.

Күн тәртібін сақтау. Баланы күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта оятуға тырысқан жөн. Мүмкіндігінше демалыс күндері де қалыптасқан тәртіпті сақтаған дұрыс.

Ұйықтар алдында гаджеттерді пайдалануды шектеу. Кешкі уақытта смартфон, планшет және компьютерді пайдалануды азайтып, сондай-ақ тым белсенді ойындар мен эмоциялық тұрғыдан әсерлі контенттен бас тартқан жөн.

Ұйқы алдында тыныш орта қалыптастыру. Серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе тыныш әңгімелесу балаға күндізгі белсенділіктен демалысқа ауысуға көмектеседі.

Бөлмені ұйқыға дайындау. Бөлмені үнемі желдетіп, қолайлы температураны сақтап, жайлы ұйықтайтын орын ұйымдастырған жөн.

Ұйқы уақытын қысқартуға болмайды

Қосымша сабақтар, үй тапсырмалары немесе ойын-сауықтар түнгі демалыс уақытын үнемі қысқартпауы тиіс.

Ұйқының жеткіліксіздігі кері әсер етуі мүмкін: баланың зейінін шоғырландыруы, назарын сақтауы және оқу күні бойы нәтижелі жұмыс істеуі қиындайды.

Сондықтан мектеп басталғанға дейін күн тәртібін қалпына келтіріп, ерте тұру мен уақытында ұйықтауды біртіндеп қалыпты әдетке айналдырған дұрыс.

Толыққанды ұйқы – оқу күнінің нәтижелі өтуінің маңызды әрі қарапайым құрамдас бөлігі. Ұйқысы қаныққан бала сабаққа зейін қоюға, жаңа ақпаратты қабылдауға, оқу жүктемесін жеңіл еңсеруге және күні бойы белсенді болуға бейім келеді.

Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты

Иллюстрация жасанды интеллект көмегімен жасалды.

Мектеп оқушысы қанша сағат ұйықтауы керек: Денсаулық сақтау министрлігі оқу жылы қарсаңында ата-анаға ұсынымдар берді

12 августа 2026
60 секундтық қауіпсіздік: Бір розеткаға шамадан тыс жүктеме бермеңіз!

Теледидар, жылытқыш, шәйнек, үтік сияқты қуатты құрылғыларды бір розеткаға немесе бір ұзартқышқа қатар қоспаңыз.

  Қарапайым сақтық өрттің алдын алады.

  Электр сымдары қызса немесе күйік иісі сезілсе - құрылғыларды ажыратып, қауіпсіз жерге шығыңыз.

  Қауіп төнсе, "112" нөміріне қоңырау шалыңыз!

Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты

60 секундтық қауіпсіздік: Бір розеткаға шамадан тыс жүктеме бермеңіз!

12 августа 2026
Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар

Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлек, ал білім беру ұйымдарындағы білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.

Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар оны қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуге, ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.

Мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады.

Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді.

Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимараты ішінде бас киіммен жүруге жол берілмейді.

 «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.

Дереккөз: ҚР  Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты

Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар

28 июля 2026
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидалары жаңартылды

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің мәртебесі мен оларды пайдалану тәртібі Конституциямен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңмен және Үкіметтің өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін жетілдіру және оларға деген құрметті нығайту мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі Үкіметтің Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Гимн мәтінін пайдалану, орнату және орналастыру қағидаларын бекітетін қаулысына өзгерістер енгізді.

Енгізілген өзгерістердің бірі терминологияны біріздендіруге бағытталған. Бұдан былай нормативтік құқықтық актілерде «Гимн» атауының орнына «Әнұран» атауы қолданылады.

Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың Мемлекеттік Туды орналастыру тәртібі нақтыланды. Енді Туды ғимараттарға, оның ішінде балкондарға да 45 градус бұрышпен ілуге болады. Бұл норма 2020 жылдан бері заңнамада болғанымен, балконға орналастыру тәртібі осы уақытқа дейін нақты айқындалмаған еді.

Қағидаларға Мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты бірқатар талаптар да енгізілді. Жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы керек. Енді түнгі жарықтандыру талабы алынып тасталды. Ал егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты Туды қасбетке орналастыру мүмкін болмаса, оны үй аумағындағы жеке ту тұғырына (флагштокқа) орнатуға болады.

Мемлекеттік Ту жерге, еденге, суға немесе өзге де заттардың бетіне тимеуі тиіс. Ту тік орналастырылған жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы жағында болуы қажет. Сондай-ақ Мемлекеттік Туды егер олар коммерциялық мақсат көздемесе, жеке және заңды тұлғалар ұйымдастыратын мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда пайдалануға болады.

Ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Өңі кеткен, жыртылған, кірлеген немесе өзге де зақымдары бар Мемлекеттік Туды пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік Туды көлік салонында пайдалануға рұқсат етіледі.

Мемлекеттік Туды әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатқа сай емес қолдануға және оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен мәртебесіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке жол берілмейді.

Қағидаларда Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, төсеніш және тұрмыстық мақсаттағы өзге де бұйымдарға орналастыруға тыйым салынған. Бұл талап мемлекеттік рәміздің бейнесін күнделікті тұрмыста орынсыз пайдаланудың алдын алып, оған деген құрметті сақтауға бағытталған.

Сонымен бірге енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың киімі мен жабдықтарында қолдануға рұқсат етілді. Бұған дейін заңнамада спорттық киімде тек Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесін орналастыруға ғана мүмкіндік берілсе, енді бұл құқық Мемлекеттік Тудың бейнесіне де қолданылатын болды.

Спорттық киім мен жабдықтарға футболкалар, спорттық костюмдер, бейсболкалар, кепкалар және спортшылар пайдаланатын өзге де киім үлгілері жатады.

Енгізілген өзгерістер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін біріздендіруге, оларға деген құрметті арттыруға және азаматтар, ұйымдар, спортшылар мен кәсіпкерлер үшін ортақ талаптарды айқындауға мүмкіндік береді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты

28 июля 2026
ІІМ ата-аналарға маңызды үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырады. 

- Құрметті ата-аналар! Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін, бірден суық суға түспеңіздер.

Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. 

Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар! - деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.

ТЖМ судың жанында болған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады:
- балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеңіз;
 - тыйым салынған және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған жерлерде шомылмаңыз;
 - мас күйде суға түспеңіз;
 - шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзбеңіз;
 - шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындамаңыз;
 - тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгімеңіз;
 - жүзуге арналмаған заттармен суда жүзбеңіз;
 - қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, табиғи жартастардан, тастардан, қоршаулардан және осы мақсатқа арналмаған өзге де құрылыстардан суға секірмеңіз.

Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты

ІІМ ата-аналарға маңызды үндеу жасады

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы