Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» – 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» – жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын – 600 000 теңге; 2-орын – 450 000 теңге; 3-орын – 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз. Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың – қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», - деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Ақпаратты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынды.
Жетісу облысының мектептерінде Білім күні «Жас сақшы» жас сарбаздар сыныптары ашылды. «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, патриоттық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастардың құқық қорғау органдарындағы қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Білім күні «Жас сақшы» сыныптары Ескелді ауданы Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектепте, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы Күреңбел қазақ орта мектебінде, Қаратал ауданы Достық ауылындағы Б. Римова атындағы мектеп-гимназияда және Көксу ауданы Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте ашылды.
Күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілген С. Сейфуллин атындағы мектепте мамандандырылған сыныптың салтанатты ашылуына облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Сарқытбай Құсайынов қатысты. Ол «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына патриоттық мазмұндағы кітаптар табыстады. Салтанатты жиын барысында «Жас сақшы» қатарына қабылданған оқушылардың ант беру рәсімі өтті. Мектеп оқушылары тәртіпті сақтауға, білімге ұмтылуға және Отанды сүюге ант берді.
Ал Елтай орта мектебінде ашылған жаңа сынып – Жетісу облысындағы тоғызыншы «Жас сақшы» сыныбы. Мұнда 8 «А» сыныбының 24 оқушысы білім алады. Сынып жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Гүлмира Қабылашева тәрбиеленушілерінің басым бөлігі оқу озаттары мен жақсы оқитын оқушылар екенін атап өтті. Ол оқушылар мектеп басшылығы мен ішкі істер органдарындағы аға тәлімгерлерінің өздеріне артқан үмітін ақтайтынына сенім білдірді.
– Біздің басты мақсатымыз – заңды құрметтеуді, Отанға деген сүйіспеншілікті және «Заң және тәртіп» қағидатын өмірлік маңызды бағдар ретінде қабылдайтын білімді, тәртіпті әрі жауапты жас азаматтарды тәрбиелеу. Бұл ретте «Жас сақшы» сыныбының маңызы зор. Сонымен қатар бұл сынып бірқатар оқушылардың болашақ мамандық таңдауына жасалған алғашқы қадам деуге болады, – дейді ол.
«Жас сақшы» сыныбының оқушысы Айзере Жүсіпқан өз ойын білдірді.
– Менің әкем – полиция қызметкері. Бала кезімнен оның формасына, жинақылығына қызығып, әкем сияқты болуды армандадым. Бүгін бұл арманыма бір қадам жақындап, «Жас сақшы» сыныбының оқушысы атандым. Бізге бұл сыныпта білім алу Полиция академиясына түсу кезінде белгілі бір артықшылықтар беретінін түсіндірді. Бұған өте қуаныштымын. Ендігі мақсатым – жақсы оқу, болашақта әкемнің жолын қуып, Отан игілігі үшін қызмет ету, – деді ол.
Жалпы, Білім күні Жетісу облысында осындай төрт арнайы сынып ашылды. Бүгінде жобада облыстағы 9 мектептің 210 оқушысы қамтылған. Оның 4-еуі Талдықорған қаласында орналасқан. Құқықтық тәрбие аясында полиция қызметкерлері оқушыларға қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңдылықты сақтау мәселелеріне арналған тақырыптық әрі профилактикалық сабақтар өткізеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшылығымен өткізген кеңесте «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саясат нұсқаулығына айналуы керек екенін ерекше атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ретінде: «Тағы бір маңызды құндылық, бұл – заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тиым салынады. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз», – деп атап көрсетуінің өзі мемлекетіміздегі тыныштықты және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беруін өте орынды айтылған талап деуге болады.
Шынында заң мен тәртіп – мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі. Қазақстанда соңғы жылдары заң үстемдігі орнығып келе жатқанының айғағы ретінде 2023 жылғы құқықтық статистика бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 32 пайызға төмендегенін айтуға болады. Мысалы, 2019 жылы елде 190 мың қылмыс тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 104 мыңды құрады. Ауырлығы орташа қылмыстар саны 2019 жылы 137 мыңнан 2023 жылы 51 мыңға дейін төмендеді.
Әділетті қоғамда заң теңдік пен тәртіптің кепілі болып табылады. Заңның сақталуы қоғамда жауапкершілікті әрбір азаматтың саналы түрде сезіне білуінен және оны мүлтіксіз орындауынан байқалады. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік барлық әлеуметтік қатынастардың заңмен реттелу көрсеткішімен айқындалады.
Даңқты қолбасшы Б.Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – дегеніндей, барлық ортада әрбір азамат өзін әдепті, мәдениетті һәм тәртіпті ұстаса мемлекетте тыныштық орнап, істеген істе береке болып, адамдар арасында татулық орнайды. Ол үшін алдымен азаматтарымыздың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін жаңа сапалық деңгейде көтеруіміз керек.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда көшедегі келеңсіздіктер мен ұсақ құқық бұзушылықтан бастап кез келген қылмыстық құқық бұзушылықтың қай түріне болмасын бүкіл қоғам болып ымырасыз күрес жүргізуді Президентіміз дер кезінде көтеріп отыр.
Заң мен тәртіп консолидациялық жобасы бойынша құқық бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдайды мемлекетте қалыптастыра білуіміз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады», – деп өзекті мәселені орынды көтеріп отыр. Осы бағытта мемлекет пен қоғам дамуының кепілі болып саналатын заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты орнықтыруға әр азамат өз үлесін қосуға міндетті.
Қоғамдық орындар – өзара сыйластық аумағы. Саябақтар, алаңдар, гүлзарлар мен аулалар адамдардың демалып, қарым-қатынас жасауына арналған. Бұл кеңістіктердің баршаға жайлы болуы үшін қарапайым мінез-құлық нормалары мен қоғамдық тәртіп талаптарын сақтау маңызды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді, сонымен қатар әркімнің өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу міндетін де айқындайды. Қоғамдық қауіпсіздіктің негізі де осы қағидаға сүйенеді.
Демалыстан кейін қалдырылған қоқыс, мүлікті бүлдіру, түнгі уақытта шу шығару немесе агрессивті мінез-құлық айналадағы адамдарға қолайсыздық туғызып, көбіне жанжалдарға себеп болады. Сондықтан қоғамдық орындардағы тәртіп қағидаларын сақтау құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі болып қала береді.
Адамдар күнделікті өмірде бір-біріне неғұрлым көбірек құрмет көрсетсе, қалалық орта да соғұрлым қауіпсіз әрі жайлы бола түседі. Қоғамдағы тәртіп пен сенім атмосферасы дәл осындай қарапайым әрекеттерден қалыптасады.
Құрметті жетісулықтар!
Астана күніне орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Биыл еліміз үшін тарихи жыл – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Жаңарған Ата Заң ауқымды өзгерістердің берік негізі болса, елорда – мемлекеттік реформалардың орталығы. Өзінің жаһандық диалог алаңы ретіндегі мәртебесін орнықтыра отырып, Астана Тәуелсіздіктің, конституциялық даму мен жаңғырудың символына айналды.
Бас қаланың жетістіктері әлеуметтік-экономикалық дамудың драйвері, сенімді бағдар, әрі тірек бола отырып, еліміздің барлық өңірлерінің өркендеуіне ықпал етіп отыр.
Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін.
Елордамыз гүлденіп-көркейе берсін.
Құжатта мемлекеттің конституциялық құрылысы мен оның негіздері, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары, мемлекетті ұйымдастырудың, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың негізгі қағидаттары айқындалған.
Ата заң ең жоғары заңдық күшке ие. Сондықтан «Қазақстан Республикасының Конституциясына» ешбір нормативтік құқықтық акт қайшы келмейді.
Жетісу облысында Балқаш жағалауындағы туризмді дамыту бағытында ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Лепсі ауылында жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүріп жатыр, полиция пунктінің ғимараты қайта жаңғыртылып, аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Құрылыс жұмыстарының барысымен және атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жасаған жұмыс сапары барысында танысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ең алдымен Бейбіт Исабаев жаңа теміржол вокзалы салынып жатқан құрылыс алаңына барды. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың тамыз айына жоспарланған. Аталған нысан іске қосылғаннан кейін жолаушыларға қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге, өңірдің көлік инфрақұрылымының дамуына оң әсерін тигізеді.
Нысанды салып жатқан мердігер ұйым директорының бірінші орынбасары Медет Омархановтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 45%-ы аяқталған. Іргетастың монолитті-бетон жұмыстары толық аяқталды. Қазір ғимараттың қабырғалары қалануда, ал жуық арада әрлеу жұмыстары басталады.
- Құрылыс нысанының жалпы аумағы 617 шаршы метрді құрайды. Вокзал ғимараты барлық заманауи талаптарға сай болады. Жобада тамбур, вестибюль, күту залы, сауда алаңы, балалы жолаушыларға арналған бөлме, демалыс бөлмесі, санитарлық торап, сондай-ақ бірқатар әкімшілік және техникалық бөлмелер қарастырылған, – деді М. Омарханов.
Облыс әкімі өз кезегінде нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін айтты.
Мұндағы полиция пунктінің ғимараты ағымдағы жөндеу жұмыстарынан кейін толықтай талапқа сай келтірілген. Ғимарат жөндеуден өткізіліп қана қоймай, қызметкерлерге қолайлы болу үшін мұнда асхана мен демалыс бөлмесі ашылды, ал екінші қабатта казармалық үлгідегі жатақхана бөлмелері жабдықталды. Полиция пунктінде тұрақты негізде 5 қызметкер жұмыс істейді. Ал туристік маусым кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жеке құрам саны 25 адамға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар Лепсі ауылында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы патрульдік қызмет атқаратын құтқару бөлімшесінің 12 қызметкері жұмыс істейді.
Сондай-ақ 30 орындық Лепсі ауылдық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылдың сәуір айында басталған жұмыстардың қазіргі таңда 30%-ы орындалған. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
– Біздің ауылдық ауруханаға соңғы рет жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген. Сондықтан ғимаратты заманауи талаптарға сай жаңарту қажеттілігі туындаған болатын. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыру үшін өте керек, өйткені пациенттер саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе туристік маусымда Лепсіге келетін қонақтар мен демалушылар қатары көбейеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана бізге 800 адам медициналық көмекке жүгінді. Осыған байланысты туристік маусым кезінде аудандық ауруханадан арнайы мамандарды қосымша жіберіп отырамыз. Жақын уақытта тағы үш дәрігер келеді, – деді аудандық орталық аурухананың директоры Алтай Шұлғаубаев.
Белгілі болғандай, аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан кезде науқастарды жергілікті емхана қабылдауда.
Бейбіт Исабаев келесі жылы осы емхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Осылайша, ауылдағы денсаулық сақтау саласының екі ірі нысаны да заман талабына сәйкестендіріліп, жергілікті тұрғындар мен туристер үшін сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігі арта түспек.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Байдырахымов
2025-2026 оқу жылында Жетісу облысындағы 314 білім беру ұйымында 129 268 оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде 8500-ге жуық түлек мектеппен қоштасқалы отыр.
«Алтын белгіге» үміткерлер саны – 627, ал үздік үлгідегі аттестат алуға үміткерлер саны – 682.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев
және фотосуреттерді аудандар мен қалалардың әкімдіктері ұсынды
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 2026 жылдың 1 сәуіріне 26,82 трлн теңгеден асты. 12 айдағы өсім 4,08 трлн теңгеге немесе 17,9%-ға өсті.
2026 жылдың 1 сәуірінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 25,12 трлн теңге. Бір жылдағы өсім 3,25 трлн теңге (14,8%).
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары – 741,14 млрд теңге, 12 айдағы өсім – 13,4%.
Бір жыл ішіндегі ең үлкен өсім – 23,1% ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, 2026 жылдың 1 сәуіріне олардың көлемі – 10,09 млрд теңге.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да ұлғаюда. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,9 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 сәуіріне 950,57 млрд теңге болды.
Түсімдер
Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың алғашқы үш айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 869,33 млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 14,1%-ға (немесе 107,12 млрд теңгеге) артық.
МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 сәуірге дейін 673,45 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 6,7%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 38,77 млрд теңге (өсім – 9,8%), ЕЗЖ – 499,00 млн теңге түсті. 12 айдағы ЖМЗЖ есебінен жарналар 156,61 млрд теңгені құрады.
Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруы есебінен түскен таза инвестициялық кіріс 296,55 млрд теңгеден асты.
Төлемдер мен аударымдар
2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 360,02 млрд теңгені құрады.
Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 68,63 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем – 35 596 теңге.
2026 жылдың басынан бері тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 135,24 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 33,05 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 9,86 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға – 933,26 млн теңге, жерлеуге – 2,37 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 109,94 млрд теңге аударылды.
ЖЗШ саны
2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны – 18,53 млн. бірлік (12 айдағы өсім – 1,08 млн бірлік немесе 6,2%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 сәуіріне 12,76 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,32 млн - МЗЖ бойынша, 774,40 мыңы - МКЗЖ бойынша, 473,07 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар. Айта кетейік, МЗЖ есебі жүргізілетін шоттардың жалпы санына (11,32 млн бірлік) елден тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, бірақ жинақтарын алу үшін жүгінбеген алушылардың, мұрагерлері зейнетақы жинақтарын мұраға ресімдемеген қайтыс болған салымшылардың, 2016 жылдан бастап зейнетақымен мемлекеттік қамсыздандырылуға толық ауыстырылған әскери қызметшілердің және шоттарына Қазақстан заңнамасына сәйкес жарналар түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттарының шоттары кіреді.
БЖЗҚ-дағы ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны - 5,76 млн бірлік.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде орналастырылған.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
700-ге жуық қазақстандық бір айда ХҚКО-ларда цифрлық сауаттылықты үйренді
Наурыз айынан бастап ХҚКО-ларда цифрлық сауаттылық бойынша оқыту курстары Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді болды. Бір айдың ішінде шамамен 700 қазақстандық оқудан өтіп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды меңгерген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
Жоба алғашында Астанада пилоттық форматта іске қосылған. Сұраныс жоғары болғандықтан, наурыз айынан бастап ол еліміздің барлық өңіріне кеңейтілді.
Сабақтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтеді. Оқыту барысында азаматтар цифрлық сервистерді еркін пайдалану мен мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн алу дағдыларын меңгереді.
Практикалық оқыту барысында қатысушылар электрондық цифрлық қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, соттылығы бар-жоғы туралы анықтама алу сияқты қызметтерді қалай рәсімдеу керектігін үйреніп, оларды бірден өз беттерінше жасап көреді. Мұндай формат әсіресе ересектер мен зейнет жасындағы адамдар үшін қолайлы - олар цифрлық қызметтерді асықпай, түсінікті түрде меңгере алады.
Астанада сабақтар тұрақты түрде сәрсенбі және жұма күндері өтеді, ал өңірлерде кесте ХҚКО жүктемесіне қарай жасалады. Оқыту тегін, алдын ала жазылу талап етілмейді.
«Бүгінде мемлекеттік қызметтерді ХҚКО арқылы да, түрлі цифрлық сервистер арқылы онлайн форматта да алуға болады. Бұл мүмкіндіктер азаматтар үшін шынымен қолайлы болуы үшін цифрлық дағдыларды дамыту және пайдаланушыларды оқыту маңызды. Бұл өз кезегінде әр азаматқа қажетті қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.