GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
Құрылыс
22 октября 2026
Бейбіт Исабаев: «Әлеуметтік нысандарды жаңғыртуды жалғастырамыз»

Жетісу облысында соңғы үш жыл ішінде әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі орта есеппен 55,8%-ға жетіп, 276 нысан жаңарды. Соның ішінде биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілсе, 7 мекеме күрделі жөндеуден өтуде. Келесі жылы ашылатын объектілер қатары да арта түспек. Бұл туралы Кербұлақ ауданының тұрғындарымен болған кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өз баяндамасында өңір басшысы халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік саланы қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Мәселен, биыл білім саласында 4 мектеп қолданысқа беріліп, 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, солардың бірі – Кербұлақ ауданы Көксай ауылында орналасқан 60 орындық мектеп. Аталған білім беру нысаны 19 қазан күні пайдалануға берілді. Ал денсаулық сақтау саласында 4 нысан іске қосылған, соның ішінде қайта жаңғыртылып, жуырда ашылған Кербұлақ аудандық ауруханасы да бар. Аурухана жаңа медициналық құралдармен толық қамтылған. Бұл ретте өңір басшысы аудан әкіміне келесі жылдың бюджетіне Қоғалы ауылдық ауруханасын ағымдағы жөндеуге бюджеттік өтінім әзірлеуді тапсырды.  

Атап өтсек, Талдықорған қаласында 500 келушіге арналған жаңа емхананың құрылысы және көпсалалы облыстық балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, облыс орталығында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы салынуда.

- Биыл облыста 3 мәдениет үйі мен 2 кітапхана пайдалануға берілді. Оның біреуі – сіздердің ауданда, Сарыөзек ауылындағы кітапхана. Президенттің бастамасымен қолға алынып отырған аса маңызды «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру аясында Сарыөзектегі жаңа кітапхана 53 мыңнан астам кітап қорымен және заман талабына сай электронды кітаптармен жабдықталды. Жалпы, адамның логикалық ойлау қабілетін, парасат-пайымын, аналитикалық талдауын дамыту үшін кітап оқудың пайдасы үлкен. Сондықтан әсіресе жастар кітап оқуы керек, - деген Б. Исабаев аудан әкіміне кітапхана ғимаратын қысқа мерзімде табиғи газға қосуды тапсырды.

Сондай-ақ, Қоғалы ауылдық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және абаттандыруға биыл «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінген. Жұмыстарды келесі жылы көктемде аяқтау жоспарланып отыр.

Облыс әкімі сонымен қатар спорт саласындағы жаңа нысандарға да тоқталды. Атап айтқанда, Алакөл ауданының Қабанбай ауылында 80 орындық спорт кешені ашылып, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында демеуші қаражаты есебінен дзюдо орталығы салынған. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.

- Жалпы алғанда биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді, келесі жылы да бұл қарқын бәсеңдемейді, салынып, жөнделетін нысандар қатары артады.  Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз тұрақты экономикалық, әлеуметтік, рухани толысу жолына түскенін көрсетеді. Бүкіл Қазақстан бойынша өте үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі халықтың игілігіне, жас ұрпақ игілігіне атқарылып отыр - деді Б. Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.

Спорт
09 октября 2026
Жетісуда халықты спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 70,5%-ға жетті: Алакөл ауданында жаңа спорт кешені ашылды

Республика күні қарсаңында Жетісу облысының ауылдық елді мекенінде тағы бір жаңа спорт кешені ашылды. Алакөл ауданының Қабанбай ауылындағы бұл кешенде 300-ге жуық жасөспірім спортпен қамтылып отыр. Осылайша, облыс құрылғаннан бері 40 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Спорт кешененің салтанатты ашылуына қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Дуанаев өңірде, әсіресе ауылдық жерде спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

Атап өтсек, спорт кешенінің құрылысы өткен жылдың сәуірінде басталған болатын. Нысанның жалпы ауданы - 2076,2 шаршы метр. Нысанда төрт зал - ойын залы, бокс, күрес және жаттығу залдары қарастырылған. Мұнда спорттың баскетбол, волейбол, футбол, бокс, дзюдо, үстел теннисі, жеңіл атлетика түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Кешенде бір мезгілде 80 бала спортпен шұғылдана алады.

Жергілікті жаттықтырушылар бұл нысан балалардың спорттық жаттығуларының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтады.

- Бүгін - ауыл балалары үшін ерекше қуанышты күн. Енді заманауи спорт кешенінде жаттығуларды қолайлы жағдайда сапалы өткізе аламыз. Бұл балалардың спортпен тұрақты айналысуына және өз қабілеттерін шыңдауына жол ашады. Мұнда аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жеңіске жететін болашақ чемпиондар тәрбиеленетініне сенімдімін, - деді жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Алмат Имашев.

Қабанбай ауылының тұрғындары да жаңа спорт кешенінің ашылғанына риза.

- Ауылымыщда осындай спорт кешенінің ашылуын көптен күттік. Енді балалардың спортпен айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік молаяды. Тұрақты жаттығулар балалардың денсаулығын нығайтып, мінезін шыңдауға, табандылыққа, жауапкершілікке, қиындықтарды еңсеруге үйретеді. Ауылымызда осындай маңызды бастамалардың жүзеге асырылып жатқанына ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны Қанат Қожабеков.

Балалардың өздері де қуаныштарын жасырмады.

- Мен волейбол ойнағанды жақсы көремін. Болашақта осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысқым келеді. Енді осы жаңа залда үлкен жарыстарға дайындалуға бізде барлық мүмкіндік жасалған, - дейді жас спортшы Амина Қаби. 

- Менің күреске қатысып жүргеніме екі жыл болды. Бізге осындай жаңа спорт кешенін салып бергеніне қуаныштымыз. Мұнда күреске қажетті барлық жабдықтар бар. Осында тұрақты жаттығып, болашақта чемпион боламыз деп сендіремін – деді Санжар Берік.

Жалпы, бүгінде облыста 1 146 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап өтсек, облыс халқының спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу деңгейі 70,5%-ға жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен асты. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 71,4%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Атап өтсек,  облыс құрылғаннан бері өңірде 40 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілсе, соның ішінде Алакөл ауданында 7 спорт нысаны іске қосылды, бұл ретте 2 күрес залы жергілікті инвесторлардың қаржысына салынған. Жаңа нысандардың қатарында Лепсі ауылындағы 240 орынды жатақханасы бар 160 орынды көпфункционалды спорт кешенін атап өтуге болады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алакөл ауданының әкімдігі ұсынды

17 сентября 2026
Мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлерге арналған маңызды ақпарат

 

 

Спорт
08 сентября 2026
Бейбіт Исабаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының 300 шақырымдық марафонында жеңіске жеткен «Жолбарыс» командасын қабылдады

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондарын қабылдады. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен өңір спортшылары төрт күнге созылған 300 шақырымдық марафонда жеңімпаз атанды. Олар қашықтықты 19 сағат 30 минутта жүріп өтіп, қарсыластарын шамамен 1,5 сағатқа басып озды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Жолбарыс» командасын айтулы жеңісімен құттықтаған Бейбіт Исабаев команда басшылығына, жаттықтырушылары мен спортшыларына 3 млн теңге көлемінде ақшалай сертификат және Алғыс хаттар табыстады.

– Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен топта жетісулық спортшылардың болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Сіздер төрт күн ішінде күрделі 300 шақырымдық қашықтықты еңсеріп, өздеріңіздің нағыз шебер, шымыр да төзімді, кәсіби мықты екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Бәріңіз де ұлттық спорт түрлерін дамытуға зор үлес қосып келесіздер. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жаңа жеңістерге жетулеріңізге тілектеспін. Өз тарапымыздан алдағы уақытта да қолдау көрсетеміз, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ ол спортшыларға, жаттықтырушылар мен команда құрамындағы барлық маманға өз алғысын білдірді.

Сол сияқты «Жетісу» ұлттық спорт түрлері бойынша кәсіби спорт клубының басшысы, «Жолбарыс» құрама командасының жетекшісі әрі жаттықтырушысы Рүстем Досжанов өздеріне көрсетілген қолдау үшін ризашылығын айтты.

– Жеңіске жеткеннен кейін менен жетістігіміздің сыры жайлы сұрағандар болды. Мен оларға жеңіске қолдаудың арқасында жеткенімізді айттым. Шынында да, біздің облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, түрлі деңгейдегі көптеген жарыстар ұйымдастырылады. Осының барлығы жалпы алғанда спортшыларымыздың сапалы дайындығын шыңдап, алға нық басуға жағдай жасап отыр, – деді ол.

Жеңімпаз спортшылар да жарыс барысындағы әсерлері жайлы айтты.

– 300 шақырымдық қашықтықты бағындыру оңай болған жоқ, оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оның үстіне ауа райы бұзылып, жаңбыр жауып, артынан күн суытты. Ақтық мәреге ең алдымен командалық бірліктің, аттарымыздың төзімділігінің, оған қоса әрине, тыңғылықты дайындықтың арқасында қол жеткіздік. Меніңше, бұл – бір ғана команданың емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі, – деді команда капитаны Жарас Төлебай.

Атап өтсек, төрт күнге созылған 300 шақырымдық марафонға жалпы саны 8 команда қатысты. Қазақстан құрамасының «Жолбарыс» командасы сапында Жетісу облысынан 4 спортшы – Жарас Төлебай, Қанат Рейімбай, Ернар Ержан, Жақсылық Ыдырыс және Қостанай облысының спортшысы Ахмет Есен өнер көрсетті. Сондай-ақ команда құрамында құрама жетекшісі әрі жаттықтырушысы Рүстем Досжанов, ат бапкері Сабыржан Нұрсапа, жаттықтырушы Дінмұхамед Шалқарұлы және өзге де мамандар болды.

Еске салсақ, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан жарысқа қатысқан Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында Жетісу облысының 2 спортшысы өнер көрсетіп, жарыс нәтижесінде команда екінші орынға ие болды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Құрылыс
03 сентября 2026
Жетісудың Қаратал ауданында білім беру, спорт, көлік қатынасы, абаттандыру салаларының нысандары салынуда

Жетісу облысының Қаратал ауданында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, олар - білім беру, спорт, көлік қатынасы, абаттандыру салаларының нысандары. Олардың құрылысы барысымен танысу үшін ауданға жұмыс сапарымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев барды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында екі бірдей спорт нысаны салынып жатыр. Оның бірі - орталық стадион маңында орналасқан дене шынықтыру сауықтыру кешені. Ғимараты 2 блоктан тұратын нысанның жалпы аумағы 3300 шаршы метр. Кешен заманауи талаптарға сай жабдықталып, баскетбол, волейбол, бадминтон, гандбол, теннистен спорттық секциялар өткізуге, сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыруға, оқу-жаттығу сабақтары мен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасайды. Мұнда бокс және күрес залдары да қарастырылады.  Яғни бұқаралық спортты дамытуға, халықтың саламатты өмір салтын ұстануына, барлық жастағы тұрғындардың спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалмақ.

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс алаңында 33 адам жұмыс істеп жатыр. Техника да, құрылыс материалдары да жеткілікті. Жоспар бойынша құрылыс келер жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер мекеме осы жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.

Аудан орталығындағы тағы бір спорт нысаны дзюдо күресіне арналған. Аталған нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, қазір әрлеу, тазалау жұмыстары атқарылуда. Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне қарай екі күрес залы болады, одан бөлек жаттығу залы қарастырылған.

Жұмыс сапары барысында Бейбіт Исабаев Үштөбе қаласындағы 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысын да көрді. Маусым айында құрылыс жұмыстары басталған білім ошағы келер жылдың тамыз айында салынып бітуі тиіс. Бұл ретте облыс әкімі әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше мән беру керек екенін ескертті.

- Мектеп, емхана, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы – біз ерекше мән беретін маңызды жобалар. Себебі бұлар ең алдымен халыққа қажет. Сондықтан құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы ерекше бақылауда болуы тиіс, - деді Бейбіт Исабаев.

Мұнан соң өңір басшысы Үштөбе темір жол вокзалының реконструкциясымен де танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстарының 76% атқарылған, яғни ғимаратты сейсмикалық нығайту, перронды жаңғырту, сыртқы инженерлік желілілерді қосу жұмыстары бітті. Бүгінгі күні вокзалдың қасбетін жаңарту аяқталуға жақын, күту залының ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.  Мердігер ұйым өкілі нысанды осы айдың соңына дейін аяқтау үшін 70-ке жуық адам екі ауысымда жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жаңғырытылып жатқан Үштөбе қаласының орталық саябағындағы жұмыстармен де танысты. Саябақтың 6 гектар аумағында амфитеатр, ойын және спорт алаңдары, демалыс аймақтарынан бөлек этноауыл орналасады, шағын архитектуралық мүсіндер қойылады автоматты суару жүйесі жасалады. Бұл нысан да қыркүйек айының соңында тапсырылуы тиіс.

Атап өтсек, жыл басынан бері орталық саябақта жалпы саны 1 200 ағаш көшеті отырғызылды, соның 750-і – қарағай, 150-і – ақ қайың.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Дмитрий Ерофеев.

25 августа 2026
Қазақстан дзюдосы тарихындағы тарихи алтын

Эквадордың Гуаякиль қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы аралас командалық жарыста алғаш рет жеңімпаз атанып, тарихи алтын медальға қол жеткізді.

Ел намысын қорғаған спортшылар қатарында Жетісу облысының мақтанышы, жас дзюдошы Талғатқызы Зере де бар. Ол Қазақстан құрамасының тарихи жеңісіне өз үлесін қосты.

Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатындағы жекелей жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама қоржынына 3 алтын, 3 күміс және 4 қола – барлығы 10 медаль түсті. Командалық есепте ұлдар құрамасы бірінші орынға, қыздар құрамасы екінші орынға ие болды.

Бұл нәтижелер Қазақстан дзюдосында жасөспірімдерден жастарға, жастардан ұлттық құрамаға дейінгі спортшыларды даярлаудың бірыңғай жүйесі қалыптасқанын көрсетеді. Жаттығу үдерісінде ғылыми сүйемелдеу, функционалдық диагностика, жүктемені жеке жоспарлау, спорттық медицина және қалпына келтіру бағыттары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Әлем чемпионатындағы тарихи командалық алтын мен жекелей жарыстардағы рекордтық 10 медаль – қазақстандық дзюдоның халықаралық аренадағы жаңа белеске көтерілгенінің айқын дәлелі.

Спорт
12 августа 2026
Қазақстанда Спорт күніне орай 250-ден астам спорттық іс-шара өтеді

Тамыз айының әр үшінші жексенбісінде елімізде Спорт күні аталып өтіледі. Биыл да кәсіби мерекеге орай Қазақстанның барлық өңірінде бір апта бойы түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Мерекелік апта аясында еліміз бойынша 250-ден астам спорттық іс-шара өткізу көзделген. Олардың қатарында бұқаралық спорттық жарыстар, спартакиадалар, турнирлер, чемпионаттар, жүгіру марафондары, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, спорт ардагерлерімен кездесулер және басқа да іс-шаралар бар.
Іс-шараларға спортшылармен қатар балалар мен жасөспірімдер, спорт саласының мамандары, ардагерлер және қала тұрғындары қатысады.

Негізгі мақсат – халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және азаматтарды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға тарту.

Кәсіби мерекелік апталықта Қазақстан Туризм және спорт мнистрлігінің Спорт күніне орай екі ауқымды республикалық іс-шара ұйымдастыруда.

11-15 тамыз аралығында Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өңірлердің дене шынықтыру және спорт мекемелері қызметкерлері арасында республикалық жарыс бастауын алды. Жарыс спорт саласының мамандарын біріктіріп, командалық рухты нығайтуға және әріптестер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 12 тамыз асық ату, үстел тенисі, дойбы спорт түрлері бойынша спорт ардегерлері арасында жарыс өтуде.

Министрліктің қолдауымен 13-тамыз Қазақ Ұлттық Спорт Университетінде «Спортшылар кеңесі» ҚБ бірнеше тақырыпқа арналған пленарлық сессиясы өтеді. Қазіргі спорттағы реформалар, ардагер спортшылар мен мамандарды қолдау, медициналық өзгеріс пен даму жолдары жиын барысында кеңінен талқыланады.

Мерекелік апта аясында еліміздің өңірлерінде түрлі форматтағы ауқымды спорттық іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында спорт мекемелері қызметкерлері арасында облыстық спартакиада, Атырауда жасөспірімдер арасында кросс жүгіруден жарыс, Алматыда Спорт күніне арналған фестиваль және әуесқой велоспортшылар арасында Gran Fondo World Championship әлем чемпионаты, Қарағандыда QARAQANDY HALF MARATHON – 2026 жартылай марафоны, Астанада бұқаралық веложарыс, «Astana Handball DAY» ашық гандбол турнирі және байдарка мен каноэде есуден қала чемпионаты, Ақтауда «Жас батыр» таеквондо кубогі, Шымкентте TARTYL FEST спорттық-бұқаралық фестивалі, Қостанайда KOSTANAY HALF MARATHON жеңіл атлетикалық марафоны ұйымдастырылады.

Бұл іс-шаралар кәсіби спортпен қатар, бұқаралық спортты дамытуға, халықтың спорттық белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Дереккөз:  ҚР Туризм және спорт министрлігі 

 

Туризм
03 августа 2026
Жетісудағы «Tekeli Baldyrgan Half Marathon» фестивалі 4 ел атлеттерінің басын қосты

«Tekeli Baldyrqan Half Marathon» спорттық-туристік марафоны мыңнан астам қатысушының басын қосты. Қазақстан, Ресей, Қытай және Франциядан 300 атлет жарыс жолына шықты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жарыс бағдарламасына 21,1 км және 10 км қашықтыққа жарыс, ал скандинавиялық жүріспен әуестенетіндер үшін 5 км жарыс енгізілді. Жер бедерінің таулы, күрделілігі ескеріліп, арнайы техника тартылды, спортшылардың толық қауіпсіздігі үшін бүкіл маршрут бойы құтқарушылар, медицина мамандары, полиция қызметкелері бірге жүріп отырды. Өз кезегінде қатысушылар «Заң мен Тәртіп» принципін іс жүзінде қолдап, адал тартыс, өзара құрмет пен жоғары спорттық мәдениетін көрсетті.

- Демеушілермен бірлесіп, Текелі қаласында алғаш рет кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да қатыса алатын спорттық-туристік марафон ұйымдастырдық. Қатысушылардың қызығушылығын ескере отырып, бұл фестивальді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсатымыз – Текелінің тау туризмін перспективалы орталықтарының бірі ретінде танытып, өңіріміздің бірегей табиғи ерекшеліктерін көрсету. Сонымен қатар салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты және белсенді демалысты насихаттаймыз. Таза ауада спортпен шұғылдану жағымды эмоция сыйлап, денсаулықты нығайтады, командалық рухты қалыптастырып, бірлікке негізделген ерекше ахуал қалыптастырады. Мұндай іс-шаралар туған өлкенің сұлулығын жаңаша танып, қоршаған ортаны сақтауға деген жеке жауапкершілікті сезіндіреді, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев.

Фестивальге мыңнан астам адам қатысты. Өзгелермен қатар 70 жастағы спорт ардагері мен ата-анасымен бірге жарыс жолына шыққан 6 жастағы бала да белгіленген қашықтықты бағындырды.

Марафонға қатысқан шетелдік спортшылардың бірі әсерін бөлісті:

«Бұл шынымен де керемет болды! Осындай заңғар таулардың арасында жүгіру бізге ерекше шабыт сыйлады. Ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде өтті, жарыс жолының нақты белгіленуінен бастап, таулы аймақта аса маңызды қауіпсіздік қызметтерінің тұрақты бақылауына дейін барлығы ойластырылған. Әр шақырым сайын мерекелік көңіл-күй мен қолдауды сезініп жүрдік. Текелінің табиғи сұлулығына тәнті болдым, бұл жерге міндетті түрде қайта ораламын», - деді.

 

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотосуреттерді Текелі қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

03 августа 2026
СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекеме басшыларының қатысуымен жұмыс жиыны өтті. Жиынға Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Жақанұлы төрағалық етті.

Кездесуде орындаушылық тәртіпті күшейту, тапсырмалар мен азаматтардың өтініштерін уақытылы әрі сапалы орындау мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, бөлінген бюджет қаражатын тиімді игеру және спорт мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы талқыланды.

Жиын барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларды спорт секцияларына тарту, «Ашық есік күндерін» ұйымдастыру және жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу бағытындағы міндеттер айқындалды.

Жиын қорытындысы бойынша мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатыны атап өтілді.

16 июля 2026
⚜️Құрметті азаматтар!

🔹2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенін хабарлаймыз.

🔹Осыған байланысты бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткерлерге, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне және азаматтық қорғау органдарына қызметке түсетін азаматтарға арналған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының тест сұрақтары жаңартылды.

Сіздерге сәттілік тілейміз!
@elgeqyzmet.gov.kz
#мемлекеттікқызмет

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы