Республика күніне және Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Жетісу облысының әр түкпіріндегі 43 ту тұғырында Мемлекеттік Ту көтерілді. Іс-шаралар қазақстандық патриотизмді, жалпыұлттық бірлікті және азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласында «Қыран елім – Қазақстан» атты Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі «Жастар» саябағындағы орталық ту тұғырының жанында өтті. Іс-шараға облыс және қала басшылығы, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Жалпы, салтанатты шараға мыңға жуық адам жиналды.
Қала тұрғындары жерлестерін Республика күнімен құттықтады:
– 25 қазанда бүкіл еліміз болып Республика күнін атап өтеміз. Бүгін отбасымызбен бірге Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсіміне қатыстық. Бұл жүрекке ерекше әсер сыйлап, еліңе, халқыңа деген мақтаныш пен қуаныш сезімін ұялататын тағылымды сәт болды.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз үшін маңызды бұл ұлттық мереке тәуелсіздігімізді нығайтуға, бірлік пен келісімді бекемдеуге үлкен ықпал етеді. Біз, жастар, еліміздің одан әрі дамып, өркендеуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
– Талдықорған тұрғындарымен қоса барша жерлестерімді осы айтулы мерекемен құттықтаймын. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен береке-бірлік орнасын. Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
Осы күні Көксу және Сарқан аудандарындағы жаңадан орнатылған 3 ту тұғырымен қоса 42 елді мекендегі ту тұғырларында тағы 42 Мемлекеттік Ту көтерілді.
Атап өтсек, биыл өңірде Мемлекеттік рәміздер күніне және Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «35 ауыл – 35 Тұғыр» акциясы аясында ту тұғырлары орнатылған болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Еркебұлан Тұрсынғали
Жетісу өңірінде газдандыру жұмыстары қарқын алып, ауыл тұрғындарына заманауи мүмкіндіктер жасалуда. Республика күні қарсаңында шекаралық Панфилов ауданының тағы бір ауылына табиғи газ берілді. Жалпы, аудандағы 40 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады, бұл жалпы елді мекендер санының 65%-ы. Өткен жылы да ауқымды жұмыстар атқарылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Газ қосылғанының арқасында ауылдағы 500-ге жуық тұрғын енді экологиялық таза әрі үнемді отынды тұтына алады. Бұл тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдетіп, үйлеріне тұрақты жылу берілуіне, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұрынғы қатты отынмен жылытудың машақатынан арылтып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені де азайтуға ықпал етеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, он елді мекенде - Ават, Ынтымақ, Сұптай, Надек, Ақкент, Керімағаш, Қызылжиде, Сарпылдақ, Ақарал және Жиделі ауылдарында жалпы ұзындығы 108,6 км желі арқылы 6,9 мың тұрғынның үйіне газ жеткізілді. Қазіргі уақытта ауданның тағы 12 елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін газға қосуды аяқтау жоспарланған. Алдағы уақытта 60,7 мың тұрғын газға қол жеткізеді, ал желілердің жалпы ұзындығы 682 км-ге жетеді. Сонымен қатар аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, 6 елді мекенге газ тартудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды. Тұрпан, Садыр, Диханқайрат ауылдарын газдандыруға қатысты мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сарыбел, Басқұншы және Көктал-Арасан ауылдарының жобалары мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Аталған елді мекендерде құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылы жүргізу жоспарланған.
Осы ауқымды жұмыстың жалғасы ретінде Алтыүй ауылы газдандырылды. Мамандар ұзындығы 9,9-дан 32 шақырымға дейінгі газ жеткізу құбыры мен ауылішілік тарату желілерін төсеп, сондай-ақ заманауи 7 газ реттеу шкаф пунктін орнатты.
Көптен күткен қуанышты оқиғаға қатысты Алтыүй ауылының тұрғыны Гүлнар Иманбекова әсерін жеткізді:
– Ауылымызға табиғи газ келгені біз үшін нағыз мереке, әрі өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтерген үлкен қуаныш. Бұрын қыс мезгілінде көмір мен отын сатып алу, пеш жағып, күл тазалау сияқты бітпейтін шаруалармен әуреленетінбіз. Енді үйіміз жылы, таза, жайлы. Бір жағынан уақытымыз бен қаражатымыз үнемделсе, екіншіден отбасыларымыздың тұрмысы жеңілдеп, жайлы бола түседі. Ауыл тұрғындарының атынан көрсеткен қамқорлығы және осындай маңызды жобаны жедел жүзеге асырғаны үшін облыс және аудан басшылығына шынайы алғысымды білдіремін, - деді ол.
Атап өтсек, шекара маңындағы аудан тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді отынмен қамтамасыз ету жергілікті билік органдарының басым міндеттерінің бірі болып қала береді және бұл жұмыстар облыс басшылығының тұрақты бақылауында.
Бүгінде Жетісу облысында газдандыру деңгейі 67,4 пайызға жетті. Коммуналдық инфрақұрылым 115 елді мекенді қамтып, 468,5 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Сонымен қатар тағы 11 ауылда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттерді Панфилов ауданының әкімдігі ұсынды
Жетісу облысында жаңартылатын энергетиканы дамыту жұмыстары жалғасуда. Республика күні қарсаңында өңірде қуаты 40 МВт болатын күн электр станциясы іске қосылды. Жаңа нысан пайдалануға берілген соң облыстағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының саны 20-ға жетті. Өңірдің электр энергетикасының жалпы белгіленген қуаты 370 МВт болса, оның 291 МВт-ы жаңартылатын энергия көздері нысандарына тиесілі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Панфилов ауданында «Жаркент-2» күн электр станциясы пайдалануға берілді. Құны 5,8 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жоба өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, экологиялық жүктемені азайтуға, сондай-ақ Қорғас агломерациясындағы тұрғын үйлер мен қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындарды тұрақты әрі таза электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Асет Қанағатов қатысты.
– Жетісу облысының табиғи ресурстары жаңартылатын энергия көздерін дамытуға зор мүмкіндік береді. Осыған байланысты облыс әкімінің басшылығымен өңірде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінде облыста 15 гидроэлектр станциясы, қуаты әртүрлі 2 жел электр станциясы және осы нысанны қоса алғанда 3 күн электр станциясы жұмыс істейді. Бүгінгі күн электр станциясының іске қосылуы генерациялау қуатын арттырып, өңірдің электрмен жабдықтау сенімділігін нығайта алады, - деді А. Қанағатов.
Жоба туралы толығырақ «Jetisu Terra Power» ЖШС директоры Денис Царев баяндап берді.
- Біз қуаты 20 МВт болатын «Жаркент-2» күн электр станциясын іске қостық. Бұл станция жылына 33 млн кВт-қа дейін таза электр энергиясын өндіре алады. Бұл Жаркент қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл – өңірде жүзеге асырған екінші жобамыз. Наурыз айында осындай көрсеткіштері бар күн электр станциясын іске қосқан болатынбыз. Осылайша, екі станцияның жалпы қуаты 40 МВт-қа жетті, – деді ол.
- Электр энергиясының жетіспеушілігінің алдын алу үшін алдымызда жасыл энергетиканы дамыту мінеді тұр. Осы міндетке орай аумағы 50 гектар жерге 62 мың күн панелі қойылды. Әр панельдің қуаты 650-680 Вт. Таңғы 5-тен кешке дейін энергия өндіреді. Жалпы қуаты – 40 МВт. Станцияда 20 адам жұмыс істейді, - деді станция директоры Серікбай Көбелеков.
Жаңартылатын энергетиканы дамыту өңірдегі басым бағыттардың бірі болып қала береді. 2026-2028 жылдары жалпы қуаты 170 МВт-тан асатын тағы 9 жаңартылатын энергия көздері нысанын пайдалануға беру жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Панфилов ауданының әкімдігі ұсынды.
2026 жылғы 7 қазаннан бастап жоғары оқу орнын үздік аяқтаған, яғни GPA көрсеткіші 3.33 және жоғары түлектер eqyzmet.gov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтегі төменгі бос лауазымдармен танысып, өтінім бере алады.
🔎 Инфографикамен танысып, eQyzmet порталындағы "Түлектерге арналған бос лауазымдар" бөлімінің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
☎️ Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша Департаментке хабарласуға болады: +7(7282)240688, +77073010071.
@elgeqyzmet.gov.kz
ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті
Жетісу облысында көлік легін оңтайландыру және «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктіне түсетін жүктемені азайту мақсатында автокөліктерді «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының арнайы экономикалық аймағы аумағына бағыттау жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта пилоттық режимде іске асырылып жатқан жоба өткізу пунктіне түсетін жүктемені 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Қорғас» ШЫХО» АЭА басқарушы компаниясының мәліметінше, 7-14 қазан аралығында 8 мыңнан астам автокөлік бағытталған. Ал тәуліктік көрсеткіш 1 мың көліктен асты.
– Автокөлік құралдарын қайта бағыттау нәтижесінде «Нұр жолы» өткізу пункті арқылы өтетін пайдалы жүк ағыны артты. Бұл өз кезегінде кедендік түсімдердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, бюджетке түсетін кіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілді іске асыру көлік инфрақұрылымын тиімді пайдалануға, қосымша экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға және Жетісу облысының маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді. Жалпы, пилоттық жоба «Нұр жолы» өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыруға, көліктердің бос тұру уақытын және тасымалдау шығындарын қысқартуға, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті «Қорғас» ШЫХО» АЭА БК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сейілбек Садырбай.
Оның айтуынша, 17 қыркүйектен бастап алдын ала декларациялау және кедендік ақпарат алмасу үшін «EuraTrade Link» цифрлық платформасын енгізу бойынша қосымша жоба да іске қосылды. Бұл кедендік рәсімдерден өту тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Бүгінде «Қорғас» ШЫХО-да автокөлік құралдарын қабылдау мен рәсімдеуге қажетті барлық инфрақұрылым бар. Атап айтқанда, уақытша сақтау қоймалары, көлік-логистикалық алаңдар, кедендік және шекаралық бақылау аймақтары, жол және инженерлік инфрақұрылым қарастырылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды.
Жетісу облысында бір күнде бес елді мекенге табиғи газ берілді. Сөйтіп, Панфилов ауданының тағы 1500-ге жуық тұрғыны көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ, Керімағаш ауылдарына жалпы ұзындығы 58 км газ құбыры тартылды.
Алдымен Ақарал ауылында газ беру салтанатты шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады:
- Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырудағы маңызды басымдықтардың бірі. Атап айтқанда, 110 елді мекен газдандырылып, 467,0 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Сонымен қатар 16 елді мекенде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Кербұлақ ауданынан Панфилов ауданын қоса алғанда Талдықорғанға дейін 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында іске асырылды. Жыл соңына дейін облыста газдандыру деңгейі 74 %-ға жетеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз, - деді Ә.Қанағатов.
Мұнан соң ресми түрде көгілдір отынның қосылғанын білдіретін газ алауын жағу рәсімі атқарылды.
Ауыл тұрғындары бұл айтулы жаңалыққа ризашылығын білдірді.
- Бұл ауылда тұрғаныма он жыл болды. Екі жыл бұрын осы жаңа үйге көшіп келдік. Үш баламыз бар. Бүгін ауылымызға газ келіп, қуанып жатырмыз. Енді бұрынғыдай көмір тасып, от жағып, күл шығармаймыз. «Балалар тоңып қалмады ма, үйдің іші суып қалған жоқ па» деп уайымдамай, жұмысымызға алаңсыз барып келетін болдық. Газ келгені әсіресе балалар үшін жақсы болды, - дейді Ақарал ауылының тұрғыны Раушан Кариева.
Бұл ретте Панфилов ауданы әкімдігінің мәліметінше, 40 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Соның ішінде Жаркент қаласына газ құбыры бірнеше жыл бұрын тартылған. Өткен жылы Ават, Ынтымақ, Сұптай, Надек, Ақкент ауылдарына табиғи газ берілсе, биыл тағы 5 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Қалған 15 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары осы жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының 60,7 мың тұрғыны табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, 6 елді мекенді газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Тұрпан, Садыр, Диқанқайрат ауылдары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал Сарыбел, Басқұншы және Көктал-Арасан ауылдарының жобалары мемлекеттік сараптаманың қарауында. Аталған елді мекендерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу 2027 жылға жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысы құрылғаннан бері білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы уақыт аралығында 26 жаңа білім беру нысаны салынып, 33 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді, бейімделген мектептердің саны екі есеге қысқарды. Сонымен қатар педагогтерді жүйелі қолдау және мұғалім мамандығының беделін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, Мұғалімдер күніне орай өңірдің 350-ден астам педагогі марапатталды, олардың 9-ы мемлекеттік наградаларға ие болды. Педагогтерді кәсіби мерекесімен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында өткен салтанатты шарада құттықтады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Құттықтау сөзінде Бейбіт Исабаев өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қоғамды дамытуда педагогтердің айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз кеңесінде: «Адамды, оның дүниетанымын өзгерту тек нағыз тәлімгердің қолынан келеді», - деп атап өтті. Қоғамда заң мен тәртіпке, тазалық пен мәдениеттілікке негізделген жаңа этиканы қалыптастыру ісі осы маңызды миссиядан, яғни мектеп қабырғасынан басталады. Балаларымыздың білім алуы ғана емес, тәрбиесі, өмір қиындықтарына дайын болуы және адамгершілік қасиеті да сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан педагогтерді қолдау мен олардың еңбегіне лайықты жағдай жасау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі, – деген облыс әкімі білім беру инфрақұрылымын дамыту және өңір педагогтерін қолдау шараларына кеңінен тоқталды.
Өзін-өзі жетілдірудегі жетістіктерімен, шығармашылық ізденістерімен, оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін тиімді қолдануымен ерекшеленген бірқатар педагогті атап өткен өңір басшысы мұғалімдердің кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығы олардың шәкірттерінің жетістіктері мен табыстарынан көрінетінін айтты. Бұл ретте ауыл мектептері оқушыларының арасында өтетін «Мың бала» олимпиадасында 33 бала жеңімпаз атанса, 14 оқушы еліміздің үздік лицейлерінде тегін білім алуға жолдама алған. Сонымен қатар соңғы 4 жылда өңір оқушылары халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік байқауларда 73 жүлделі орынға ие болды, оның 13-і алтын, 28-і күміс және 32-сі қола медаль.
Педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, облыс педагогтерінің 85,5%-ы оқу процесінде жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы оқудан өтті. 12 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттырса, 14 мыңнан астам педагог санатына сәйкес лауазымдық жалақысына ай сайынғы үстемеақы алады. Сондай-ақ жыл сайын «Үздік педагог» байқауы ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға мемлекеттік гранттар табысталады. Сондай-ақ соңғы 4 жылда 1400 жас маманға «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен көтерме ақы, сондай-ақ 554 маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие берілді.
- Облыс құрылғаннан бері жан-жақты қолдаудың арқасында өңіріміздің 29 педагогі жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Педагог-шеберлеріміз де ерекше құрметке бөленді. Олардың барлығы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды, – деді Б. Исабаев марапаттау рәсіміне көшіп.
Осы жиында 8 педагогке жоғары мемлекеттік награлар беріліп, оларға «Құрмет» ордені, 2 «Ерен еңбегі үшін» медалі және 5 «Шапағат» медалі берілді. Тағы 5 педагог «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды. Еске салсақ, бүгін Астанада Мұғалімдер күніне орай Президенттің қатысуымен өткен салтанатты жиында Талдықорғандағы Мұхтар Арын атындағы № 24 мамандандырылған лицейінің мұғалімі Айман Жантілеуова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған еді.
Сондай-ақ өңір басшысы облыстық байқау номинацияларының жеңімпаздарын да марапаттады. Атап айтқанда, «Үздік сынып жетекшісі» аталымында Алакөл ауданы А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 8-сынып жетекшісі Мөлдір Түсіпбекова жеңімпаз атанды. «Үздік ауыл мектебі» аталымында Кербұлақ ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп үздік деп танылса, «Үздік балабақша» аталымында Көксу ауданының «Алпамыс» бөбекжай-бақшасы жеңімпаз атанды. Сарқан ауданы Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Арғынбаева «Жетісу ұстазы» аталымының жеңімпазы болды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.
Салтанатты шараның ресми бөлімі өңірдегі мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен дайындалған мерекелік концертке жалғасты.
- Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Ұстаздар мерекесінде мемлекеттік наградаға ие болып отырмын. Бұл жалғыз менің ғана еңбегім емес, барша ұстаздардың адал қызметінің бағаланғаны деп білемін. Мемлекет басшысы білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақты білімді әрі тәрбиелі етіп өсіруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, - деді «Құрмет» орданенің иесі, М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің директоры Гүлжанар Еспанова.
– Ең алдымен, ұстаз еңбегіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны үшін алғыс айтқым келеді. Білім саласында жүргеніме 42 жыл болды. Бүгінгі марапат – тек менің ғана еңбегімнің нәтижесі емес, бұл – бүкіл педагогикалық ұжымымның еңбегі, әріптестерімнің қолдауы, ата-аналардың сенімі және әрине шәкірттерімнің жетістіктерінің жемісі. Барша ұстаздарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, – деді «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Қаратал ауданы М. Горький атындағы орта мектептің мұғалімі Октябрина Ким.
Оның сөзін тағы бір әріптесі жалғады:
– Менің жұмысым жан-жақты, білімді әрі озық ойлы жас ұрпақты тәрбиелеу екенін мақтан тұтамын. Мұғалім мамандығының қызығы да осында. Барлық бастамаларымызға қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекетімізге алғыс айтамын. Түрлі байқауларға қатысып, өзімізді әр қырымыздан көрсетуге мүмкіндік көп. Біз әртүрліміз, бірақ барлығымыз ортақ іске қызмет етіп келеміз. Мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер! – деді Текелі қаласындағы №4 орта мектептің «Шебер» санатындағы мұғалімі Наталья Банецкая.
Атап өтсек, қазіргі таңда Жетісу облысында 19 мың педагог еңбек етеді. Биылғы оқу жылында Рудничный және Сұптай ауылдарында жаңа мектептер іске қосылды. Ал Республика күні қарсаңында Көксай ауылында жаңа мектеп пен Талдықорған қаласында «Білім-инновация» лицейінің жаңа ғимараты есігін айқара ашады. Сонымен қатар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында, сондай-ақ қайтарылған активтер есебінен Көксу ауданының Балпық би ауылында әрқайсысы 600 орынға арналған мектептер салынуда. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін өңір мектептері физика, химия және биология пәндеріне арналған 240 заманауи кабинетпен жабдықталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев
Жаркент қаласында қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған «Ортақ шаңырақ» форумы өтті.
Жиында этносаралық байланыс, отбасы құндылықтары, ұрпақтар сабақтастығы және қоғамдағы келісімді қалыптастырудағы жастардың рөлі талқыланды.
Сондай-ақ азаматтар арасындағы сенім мен татулықты сақтауда ортақ құндылықтар мен ашық диалогтың маңызы айтылды.
Форум соңында қоғам өміріне белсене араласып, татулықты дәріптеуге үлес қосқан тұрғындарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Жетісу облысында 98 мың зейнеткер бар. Қарттарды қолдау мақсатында өңірде әлеуметтік, медициналық және сауықтыру бағыттарындағы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар белсенді ұзақ өмір сүруге, өзара қарым-қатынасқа және мазмұнды демалыс өткізуге қолайлы жағдайлар жасалуда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы - осындай негізгі бағыттардың бірі. Алакөл, Сарқан, Көксу, Панфилов аудандарында, сондай-ақ Талдықорған қаласында жалпы саны 6 орталық жұмыс істейді. Күн сайын олардың қызметін 500-ге жуық қарт адам пайдаланады.
Орталықтардың басты міндеті – зейнет жасындағы адамдардың белсенді өмір салтын қолдау, олардың қоғаммен етене араласуына ықпал ету, физикалық және психологиялық денсаулығын нығайту, сондай-ақ білім алуына және өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызу.
Мұнда келушілер үшін еңбек терапиясы, сурет салу, скандинавиялық жүріс, йога және фитнес сабақтары өткізіледі. Үстел теннисі, шахмат, дойбы, бильярд, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ би, вокал және хор өнері, тігін тігу мен қолөнер сабақтары ұйымдастырылған. Қарт адамдар ағылшын және қазақ тілдерін үйреніп, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын арттыра алады, массаж қызметін алып, басқа да сауықтыру шараларына қатысады.
Жалғызбасты қарт адамдар мен қосымша әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға да ерекше көңіл бөлінуде. Халықаралық қарттар күніне орай өңірде онкүндік іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр. Оның аясында қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында мерекелік, әлеуметтік және қайырымдылық шаралары өткізіледі. Жалпы, мерекелік онкүндік аясында облыстың аудандары мен қалаларында 40-қа жуық негізгі ірі іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, жалғызбасты қарт адамдарға үй шаруасына көмектесу, қысқы отынын дайындауға жәрдемдесу, азық-түлік себеттерін табыстау, тұрмыстық қызметтерді тегін көрсету, сондай-ақ медициналық тексеруден өтуіне қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар саябақтарда бірге серуендеу, қарт адамдардың өмір жолы, еңбек тәжірибесі мен естеліктеріне арналған әңгіме-сұхбаттар ұйымдастырылады.
«Халықаралық қарттар күні – аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың көп жылғы еңбегі мен қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіруге мүмкіндік беретін маңызды күн. Онкүндік аясында біз тек мерекелік іс-шараларға ғана емес, қарт адамдарға нақты қолдау көрсету шараларына да ерекше көңіл бөлеміз. Бұл жұмысқа мекемелер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен жастар белсенді түрде атсалысуда», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Осылайша, өңірде өткізіліп жатқан іс-шаралар күнделікті әлеуметтік қолдаудан бастап, денсаулықты нығайту, белсенді ұзақ өмір сүру және мазмұнды демалысты ұйымдастыру мәселелерін қамтып отыр. Еске салсақ, Халықаралық қарттар күніне арналған онкүндік 10 қазанға дейін жалғасады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер авторлары: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев.
ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ПІКІРСАЙЫС ДЕБАТЫ ӨТТІ
Панфилов ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» және «Адалдық. Парасаттылық. Сенімділік» тақырыптарын қамтыған аудандық пікірсайыс дебаты өткізілді.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің хатына сәйкес ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін дамытуға, пікірсайыс мәдениетін қалыптастыруға, сыни және жүйелі ойлау қабілеттерін жетілдіруге бағытталды.
Аудандық пікірсайыс дебатына мемлекеттік қызметшілерден құралған 6 команда қатысты. Қатысушылар белгіленген Қағидаларға сәйкес екі тақырып аясында пікірталас жүргізіп, өз ұстанымдарын нақты дәлелдер арқылы қорғады.
Пікірсайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын – «Орбұлақ» фракциясы – 70 000 теңге;
ІІ орын – «Парасат» фракциясы – 50 000 теңге;
ІІІ орын – «Атамекен» фракциясы – 30 000 теңге.
Жеңімпаз фракцияларға ақшалай жүлделер табысталды.
Пікірсайыс барысында қатысушылар шешендік шеберлігін, сыни ойлау және өз пікірін дәлелді түрде жеткізу қабілеттерін көрсетті.
Аталған іс-шара мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, пікір алмасу мәдениетін дамытуға және мемлекеттік қызметтің негізгі құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Ұйымдастырушы:
Панфилов ауданының ішкі саясат бөлімі