«Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына, «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Панфилов аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
- Панфилов ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.
- Панфилов аудандық мәслихатының «Панфилов ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы» 2016 жылғы 23 желтоқсандағы № 6-12-87 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4062 тіркелген, 2017 жылдың 11 қаңтарында «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
- Осы шешімнің орындалуын бақылау Панфилов аудандық мәслихатының «Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік саясат, спорт және жастар ісі жөніндегі» тұрақты комиссиясына жүктелсін.
- Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен қолданысқа енгізіледі.
Панфилов ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі
Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына, «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына (бұдан әрі – Ереже) сәйкес әзірленді.
- Жалпы ереже
- Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібінде Ереженің 1-тармағында көрсетілген негізгі ұғымдар пайдаланылады.
- Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
2) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
- Тұрғын үй көмегi кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттiк төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшiн шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
- Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) бюджет қаражаты есебінен шығындар сметасына сәйкес кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттары және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шоттары бойынша көрсетіледі.
- Шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының (азаматтың) жиынтық табысының он пайызы мөлшері.
- Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі
- Тұрғын үй көмегі «Панфилов ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - уәкілетті орган) тоқсанына бір рет көрсетіледі. Тұрғын үй көмегі өтініш берген тоқсанда құжаттарды ұсыну уақытына қарамастан ағымдағы тоқсанға тағайындалады және көрсетіледі.
- Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы (бұдан әрі - портал) Ереженің 4 тармағына сәйкес құжаттарды ұсына отырып, жүгінеді.
- Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе порталдан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
- Тұрғын үй көмегін алушылар күнтізбелік он бес күн мерзімде уәкілетті органды тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етеді.
Өтініш беруші тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытылы хабарламаған жағдайда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықталған фактісі бойынша).
Артық төленген сомалар ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуы тиіс.
- Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі «Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн бекіту туралы» 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 226 Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығына сәйкес есептеледі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20498 болып тіркелген).
- Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:
1) бір отбасы мүшесіне - нақты алаңынан асырмай, пайдалы алаңның 18 шаршы метрі, бір бөлмелі тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) немесе жатақхана бөлмесінде тұратындар үшін - тұрғынжайдың жалпы алаңы;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын жалғыз тұратын азаматтар үшін - пайдаланатын алаңына қарамастан, нақты алаңынан асырмай 30 шаршы метр.
- Коммуналдық қызметті тұтыну нормалары тиісті уәкілетті орган қолданатын коммуналдық қызметтерді босату нормаларына баламалы.
- Коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемінің тарифтерін қызмет көрсету мекемелері ұсынады.
- Тұрғын үй көмегін тағайындағанда келесі нормалар ескеріледі:
1) газ тұтыну - көп пәтерлі тұрғын үйде тұратын отбасыларына орталықтандырылған газбен жабдықтау болған жағдайда - нақты шығындар бойынша, айына әр отбасы мүшесіне 4,8 килограммнан, 4 және одан да көп адамы бар отбасы үшін 20 килограммнан аспайтындай, есептеу құралдары болған жағдайда көрсеткіштері бойынша, айына әр отбасы мүшесіне 1,6 текше метр, 4 және одан да көп адамы бар отбасы үшін 6,6 текше метр, бірақ қолданыстағы нормалардан аспауы керек, пешпен жылытатын тұрғын үйде тұратын отбасыларына - отбасына айына 10 килограмм (1 кішкене баллон),
тағам дайындау үшін 1 адамға тауарлық газ - 10 текше метр,
тұрғын үйдің 1 шаршы метр ауданын жылытуға тауарлық газ - 7 текше метр;
2) электр энергиясын тұтыну: 1 адамға - бір айға 70 киловатт, 4 және одан да көп адамы бар отбасы үшін - бір айға 250 киловатт;
3) сумен қамтамасыз ету нормасы - әр отбасы мүшесіне, есептеу құралдары болған жағдайда - көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспауы керек;
4) кәріз - әр отбасы мүшесіне, есептеу құралдары болған жағдайда - көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспауы керек;
5) қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару - ай сайын әр отбасы мүшесіне 150 теңге;
6) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға: 1 шаршы метрге - 15 теңге;
7) қатты отынды тұтынушылар үшін: пешпен жылытатын тұрғын үйлерге - жылыту маусымына бір рет 3 тонна көмір.
Коммуналдық қызметтерді тұтыну есебіне қабылданатын шығыстар коммуналдық қызметтерді тұтынудың белгіленген нормативтерінен аспайтын, өткен тоқсандағы нақты шығындар бойынша айқындалады.
- Қатты отынның құнын есептегенде аймақта өткен тоқсанда қалыптасқан орташа баға ескеріледі.
- Қаржыландыру және төлеу
- Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру Панфилов ауданының бюджетімен тиісті қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
- Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырады.
- Қорытынды
- Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібімен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.