ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

  Көп ғасырлық күрделі тарихымызды ой елегінен өткізсек, қаншама батыр бабаларымыз халқымыздың азаттығы жолында қасық қаны қалғанша күресіп өтті. Қасиетті қазақ жерінің қарыс сүйемін де жау табанына бастырмау үшін қаншама егей ерлеріміз жанын қиды. Қылышынан қан тамған кешегі кеңес заманыныда солақай саясаттың кесірінен ұлысқа ұран болған сол батыр бабаларымыз халыққа «банды», қаһармандарымыз «қарақшы» ретінде таныстырылып, есімдерін атауға мүлдем тиым салынғаны белгілі. Егемендік алғалы бері елдік шежіреміздің көлеңкелі беттері жаңа көзқарас тұрғысынан қайта қаралып, қадау-қадау тұлғаларымыздың шынайы бейнесі тарих тұманынан аршылып, өз тұғырларына қонып жатыр.   

Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Тіл сарайында белгілі журналист, жазушы Серік Әбікенұлының «Жалғыз арша» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оқырманға жаңадан жол тартып отырған бұл кітапта алапат аштық пен қуғын-сүргін жылдары еліне қорған болып, коммунистік әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы күрескені үшін «Банды» атанған Жетісулық жаужүрек батыр Құндақбай мергеннің шынайы бірегей тұлғасы ашылып, өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі халқымыздың басынан өткен қасіретті оқиғалар мен  тарихи деректер баяндалады.  

Кітаптың тұсаукесеріне арналған рухани шараға ақын, журналист Нүсіпбай Әбдірахым, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, айтыс өнерінің ақтаңгері Айтақын Бұлғақов, сондай-ақ, өңірдегі бірқатар қаламгерлер мен жас журналистер және батырдың ұрпақтары қатысты. Шара барысында Серік Әбікенұлы кітаптың жазылу барысымен және оның Жетісу өлкесінің тарихындағы алар маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. Жиналған қауым қаламгерді жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.