«ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ ТІЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

«ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИ ТІЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

           Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп, - жалпы қоғам алдына келелі міндет қойған болатын. Шын мәнінде мемлекеттік тілді насихаттау мен дамыту тек бір министрліктің құзіретіне жүктелген немесе бір мекеме ғана айналысатын шаруа емес, тұтас ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып атқаратын ортақ міндет. Қазіргі таңда елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеруге мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалуда. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында іске асырылып жатқан іс-шаралардан денсаулық сақтау саласы да тыс қалған емес.
Ағымдағы жылдың 29-30 қыркүйегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ-ның ұйымдастыруымен Алматы қаласында республикалық форум өтті. Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі тіл мамандарының қатысуымен ұйымдастырылған «Қазақтың ұлттық әдеби тілі» атты республикалық байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. «Медицина қызметкерінің бір күні», «А.Байтұрсынұлының әлемі», «Үздік поэтикалық шығарма», «Үздік публицистикалық шығарма» сынды төрт аталым бойынша өткізілген әдеби байқауға республикамыздың түкір-түкпірінен 50-ден астам жұмыс ұсынылып, қатысушыларға дипломдар мен Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, ауыз толтырып айта кетерлік тағы бір қуантарлық жәйт, аталған министрлік биыл қайраткер тұлғаның құрметіне арнап, «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына 150 жыл» мерейтойлық төсбелгісін шығарып, ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында тіл саясатын іске асыруға белсенді атсалысып келе жатқан денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен тіл мамандарын арнайы марапаттады.