
Мұнайлы өлке – Атырау облысында ҚР Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, қазақтың қабырғалы қаламгері Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Елім менің!» атты көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы мәресіне жетті.
2016 жылдан бастап Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан әдеби шараға биыл еліміздің әр өңірінен 18-35 жас аралығындағы 13 үміткер қатысып, бақтарын сынаған. Мереке Құлкенов, Қасымхан Бегманов, Алмас Ахметбек сияқты танымал ақын-жазушылар қазылық еткен дүбірлі додаға Жетісу өңірінің намысын қорғап барған жерлесіміз Аршын Айдынбекұлы байқаудың 1 дәрежелі жүлдесін жеңіп алып, аймақ жұртшылығының абыройын асқақтатты. Бұл жеңіс «Жетісу» радиосында редактор болып жұмыс атқаратын Аршынның қанжығасына байлаған алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін де талай аламанда топ жарып, мерейімізді үстем еткен. Біз Аршын Айдынбекұлын жүлдесімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, толайым шығармашылық табыстарға жетуіне тілектеспіз.