
«Арқада бурабайға жер жетпейді,
Алашта Кенекеме ер жетпейді» - деп, қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, халқының бостандығы мен жерінің тұтастығы үшін жанын қиған Кенесары Қасымұлының ұлттық тарихымыздан алатын орыны ерекше. Өлшеулі ғұмыры арғымақтың жалында, жорық жолында өткен жолбарыс жүректі баһадүр батыр халқына суықта – пана, ыстықта – сая болды. Атасы Абылайдың жолыменен атқа қонып, Алаш ұранды үш арыс елдің басын біріктіріп, азаттықтың ақ таңы үшін қасық қаны қалғанша жан аямай күресті. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» демекші, қайраткер тұлғаның өнегелі өмірін, ел мен жерді қорғау жолындағы қаһармандық істерін кеңінен насихаттап, бүгінгі жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру – тұтас қоғам алдындағы маңызды міндет.
Ағымдағы жылдың 8 қазанында Тіл сарайында ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Қазақстан жастар одағы сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» атты роман-трилогиясының таныстырылымы өтті. Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен рухани шараны белгілі ақын, Қазақстан жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрінұлы жүргізді. Көрнекті қаламгерлер мен әдебиетшілер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысқан шырайлы шараның шымылдығын Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жаңа тағайындалған басшысы Ермек Әбілқасымұлы Доланғаранов құттықтау сөзбен ашты. Әдеби кештің әлқиссасы қазақ руханиятының алтын қорына жаңадан қосылған құнды тарихи еңбекті таныстыруға бағытталса, одан кейін Алматыдан арнайы келген құрметті қонақ, белгілі ақын, жазушы Арасанбай Жексенұлы Естенов пен жергілікті қаламгер, ақын, журналист Нүсіпбай Әбдірахым жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін атқарып, лентасын қиды. Сонымен қатар, жиын барысында Ақсу ауданы әкімінің құттықтау хаты оқылып, кітап иесінің иығына шапан жабылып, жерлестерінің атынан құрмет көрсетілді. «Арланның азуы», «Серт», «Рух» атты үш кітаптан тұратын роман-трилогияға қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы мен ол өмір сүрген тарихи кезеңнің шындығы арқау болған. Шараға жиналған зиялы қауым өкілдері оқырманға жол тартып отырған жаңа туындының жас ұрпақтың тарихи танымы мен ұлттық санасын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, авторға ризашылықтарын білдірді.