
2022 жылдың 7 қазанында Тіл сарайында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының алқа отырысы өтті. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткізілген жиынға «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының алқа мүшелері, білім саласының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда алдымен басқарма басшысы Ермек Сүндетбайұлы Ақшабаев сөз алып, отырыстың күн тәртібінде қаралатын негізі мәселе «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалын құру, алқа мүшелерін келісу, филиал төрағасын сайлау, сондай-ақ тілді өркендетудің алдағы міндеттерін айқындау және аудандық, қалалық филиалдарды тіркеу жұмыстарын үйлестіру екендігін жеткізді.
Одан кейін облыстық филиалдың төрағалығына өңіріміздің рухани өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі тіл жанашыры Әміре Әрінұлы Әріннің кандидатурасы ұсынылып, дауысқа салынды. Қатысушылардың бірауыздан қолдауымен Әміре Әрінұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар, жиын барысында өңірдегі тілдік ахуал, тіл саясаты аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаның жәй-күйі, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолданылуын қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелер талқыланып, тұшымды ойлар мен ұсыныстар ортаға салынды. Келелі отырысқа қатысушылар облыстық филиал төрағасының жаңа қызметіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта мемлекеттік тілді дамыту бағытында бір қолдың саласындай бірлесе жұмыс жасауға дайын екендерін айтты.