Мемлекеттік қызметші – өзінің халқы мен мемлекеттің игілігі үшін қызмет атқаратын адам. Оның барлық іс-әрекеттері азаматтардың күнделікті мәселелерін шешуге бағытталған. Ол тұтынушыға бағдарланған және жұмысында мемлекеттік қызметтердің тұтынушылары ретінде азаматтардың ой-пікірлерін ескереді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші жұмыс және жұмыстан тыс уақытта тұрақты түрде мінез-құлықтың моральді-әдептілік нормаларын ұстануы керек. Мемлекеттік қызметші тарапынан әдептілік нормаларын бұзу қатаң түрде жазаланатын болады. Өз кезегінде, бұл іс-шаралар кәсіби мемлекеттік аппаратты құруда маңызды орынға ие екендігін айта кеткен жөн.
Мемлекеттік қызметтегі заңдылықты сақтау мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» күшіне енген болатын. Аталған Кодекс мемлекеттік қызметші мінез-құлығының жалпы стандарттарын; қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарын; қызметтік қатынастардағы мінзе-құлық стандарттарын; көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттарын; әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функцияларын; әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін ұйымдастыруды қамтиды.
Көріп отырғанымыздай, мемлекет атқаратын қызметіне қарамастан, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлықтарына ерекше мән береді. Өйткені, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.