Қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің бірі – құмар ойындарға тәуелділік, яғни лудомания. Бұл дерт адамның қаржылық жағдайына ғана емес, оның психологиялық күйіне, отбасы жағдайына және еңбек тәртібіне де кері әсерін тигізеді.
Лудомания – адамның құмар ойындарға деген бақылаусыз әуестігі. Мұндай тәуелділік уақыт өте келе қаржылық қиындықтарға, қарыздың көбеюіне, отбасылық келіспеушіліктерге, сондай-ақ адамның әлеуметтік жауапкершілігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілер үшін бұл мәселе ерекше маңызға ие. Өйткені мемлекеттік қызметші өз қызметінде адалдық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын ұстанып, қоғамға үлгі болуы тиіс. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін адал атқарып, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға міндетті.
Құмар ойындарға тәуелділік адамның жеке қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіріп қана қоймай, кей жағдайда қызметтік міндеттерді тиісті деңгейде орындамауға да алып келуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер үшін мұндай зиянды әдеттерден аулақ болу – кәсіби жауапкершіліктің бір көрінісі.
Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге өз уақытын тиімді пайдаланып, қаржылық тәртіпті сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға және құмар ойындарға қатысудан бас тартуға кеңес беріледі.
Лудоманияның алдын алу – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттік қызметтің беделін сақтаудың маңызды қадамдарының бірі. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің іс-әрекеті мен мінез-құлқы арқылы мемлекеттік қызметтің абыройын арттыруға үлес қосуы тиіс.
Нұрай Жұмәділқызы Қожабекова,
Көксу ауданы әкімі аппаратының
мемлекеттік қызметтер мониторингі және
ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы