Қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір азамат белгілі бір этикалық нормаларға сүйеніп, өзгелермен қарым-қатынас орнатады. Бұл – адамзат тіршілігінің негізін құрайтын маңызды қағида. Ал халықпен тығыз жұмыс істейтін, азаматтардың талап-тілегіне, өтініш-шағымына құлақ асып, оларға сапалы қызмет көрсетуге міндетті мемлекеттік қызметшілер үшін әдеп нормаларын сақтау – басты әрі міндетті талаптардың бірі.
Мемлекеттік қызметшінің моральдық бейнесі мен кәсіби әдебі – мемлекет беделінің айнасы. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде белгіленген нормалар тек қызмет бабында ғана емес, күнделікті өмірде де бұлжытпай орындалуы тиіс. Мемлекеттік қызметші – әрдайым сабырлы, сыпайы, әдепті, ұқыпты әрі әділ болуы керек. Сонымен қатар, ол өз лауазымдық өкілеттігін жеке мүддесіне пайдаланбай, халықтың сенімін ақтайтын адал тұлға болуы қажет.
Қызметкердің сөйлеу мәдениеті, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы – оның жеке мәдениетінің деңгейін көрсетеді. Әдептілік – бұл тек мінез-құлық емес, бұл – адам бойындағы парасаттылық пен адамгершілік қасиеттердің жиынтығы. Мұндай қасиеттер адамның отбасында алған тәрбиесі мен қоғамдық ортада қалыптасады.
Қабылиса ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері үшін тұрғындардың өтініш-тілектеріне уақытылы жауап беру және оларды орындау – басты міндеттердің бірі. Ауылдың көркеюі мен әлеуметтік дамуы – мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара түсіністік пен ашық байланыстың нәтижесі. Осы ретте халықтың мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырмай, мәселені дер кезінде шешу, тұрғындарға қолдау көрсету, олардың сенімін нығайту – мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттырады.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі мен адамгершілік келбеті – қоғам мен азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімінің басты тірегі. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз әрекетінің заңдылығын ғана емес, сонымен қатар оның әдептік жағын да бағамдай отырып, әділдік пен адалдықты өмірлік ұстанымына айналдыруы тиіс.
Қабылиса ауылдық округінің бас маманы Г.Алимбаева