2015 жылғы 23 қарашада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы қабылданды. Бұл заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелерін айқындайды.
Аталған заңдағы жаңашылдық деп мемлекеттік қызметшілердің әкімшілік және саяси болып бөлінуін айтуға болады. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi. Мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыруға жауаптылықта болатын мемлекеттiк қызметшi.
Екі топқа жіктелу нақ та түсінікті екенін көріп отырмыз. Сөзсіз, аталмыш өзгерістер, мемлекеттік қызметшілердің өкілеттіктерінің шекараларын айқындауға мүмкіндік берді.
Оған қоса, қазақстандық мемлекеттік қызметшілер «А» корпусы мен «Б» корпусына бөлінген болатын. «А» корпусына кадр резервіне іріктеудің, конкурстық іріктеудің, мемлекеттік қызметті өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар кіреді. Қалған мемлекеттік қызметшілер «Б» корпусына жатады.