Сыйлыққа зияткерлік меншікті бизнесті дамытудың стратегиялық құралы және әлеуметтік-экономикалық әсер қалыптастыру тетігі ретінде пайдаланатын экономиканың барлық салаларындағы (денсаулық сақтау, агроазық-түлік секторы, экология, креативті индустриялар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) стартаптар, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатысуға шақырылады.
ДЗМҰ-ның Жаһандық сыйлығы салалық бағытына және тіркелген еліне қарамастан, зияткерлік меншік құқықтарын өсудің стратегиялық құралы ретінде пайдаланатын компанияларды ынталандыруға бағытталған.
Аталған Сыйлыққа қатысу және жеңіске жету қазақстандық стартаптар мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ДЗМҰ және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі шеңберінде халықаралық деңгейде танымалдылығын арттыруға, позицияларын нығайтуға, сондай-ақ ұлттық инновациялық жобаларды ілгерілетуге, Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік пен инновациялар саласындағы әлеуетін көрсетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, жеңімпаздарға зияткерлік меншікті коммерцияландыру бойынша жеке менторлық бағдарлама, инвесторлармен және іскер серіктестермен байланыс орнату мүмкіндіктері, сондай-ақ ДЗМҰ Ассамблеясы аясында Женева қаласында өтетін марапаттау рәсіміне шақыру ұсынылады.