Арнайы салық режимдерінің жаңа жүйесі: халықты әлеуметтік және зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР)  енгізіледі: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР, оңайлатылған декларация негізінде АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР (ШФҚ). Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салық қана емес, сонымен қатар зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін төлеуін де реттейді. 

  1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оның ішінде қызметін интернет-платформаларды пайдалана отырып жүзеге асыратындар үшін АСР

2026 жылдан бастап енгізілетін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР жеке кәсіпкерлер (ЖК) болып табылмайтын және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлғаларға (Қазақстан азаматтары, қандастар) арналған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР ҚР Үкіметі бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне қолданылады.

АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың күнтізбелік айдағы кіріс лимиті  тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 300 еселенген мөлшерінен (жылына 3 600 АЕК) аспауға тиіс.

Осы АСР-ды қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) алған табыстарынан өздері төлейді.

 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР бойынша зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі:  

  • МЗЖ– табысының 1%,
  • ЖМЗЖ– табысының 1%.

 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар осы АСР-ды арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, төлем чектері және өзге көздерден алынған кірістер туралы басқа да мәліметтер негізінде қолданатын болады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ орындардағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР өздері әзірлеген қарапайым нысанда жүргізіледі. Тек операциялардың күні, атауы, әрбір операция нәтижесінде алынған сомалар, әрбір күндегі,  айдағы қорытынды соманы көрсету  керек.

 

Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалану арқылы жүзеге асыратын және АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан МЗЖ мен ЖМЗЖ-ны интернет-платформа операторы ұстап, аударатын болады.

Арнайы салық режимдерінің жаңа жүйесі: халықты әлеуметтік және зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту
Дата публикации
01 декабря 2025