*** «Тіл тазалығын – сақтайық!» Акциясы ***
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іс- қимыл жоспарын жүзеге асыру мақсатында «Жарнама мен көрнекі ақпараттағы тіл нормаларын сақтау» тақырыбында өткен облыстық семинар- тренингтің хаттамасын назарға алып, Көксу ауданы бойынша бірқатар тапсырмалар орындалды.
Жетісу облыстық Ішкі саясат басқармасының нұсқауымен ауданда «Тіл тазалығын – сақтайық!» Акциясы 20 сәуірден бастау алды. Акция аясында алғашқы аптада: 74 нысан қамтылып, зерделенді. Нысан иелеріне тіл мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлерге көмекші құрал ретіндегі брошюра, жадынама, плакаттар таратылып, әдістемелік көмек көрсетілді.
Аталған 74 нысанның 28-і аудан орталығы – Балпық би ауылында орналасқан.
Қалған 46 нысан – Айнабұлақ, Алғабас, Жарлыөзек, Мұқаншы, Мұсабек, Еңбекші, Мұқыры, Қабылиса, Мұқаншы ауылдық округтерінде зерделенді.
Жалпы, аудан көлеміндегі – 10 округ бойынша зерделенген 74 нысанның ішінде 5 нысан иесіне хаттама толтырылып, ескерту берілді.
Рейд барысында 10 ауылдық округ аумақтарындағы нысандардың (дүкендер, мекемелер, шағын маркет, дәмханалар, дүңгіршектер) маңдайшалары мен безендірілуі, хабарландырулар, көрнекі ақпараттың сыртқы жарнамалары Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңына сәйкестігі тексеріліп, біршама кемшіліктер анықталды.
Атап айтсақ: Балпық би ауылындағы ұсақ- түйек сататын дүкеннің жарнамасындағы «Ойыншықтар» сөзінде грамматикалық қате анықталды. Сол секілді YESAYTD және УЮТ дүкендерінің жарнамалары тек, орыс тілінде ғана жазылған.
Рейд қорытындысы бойынша ұсыныстар жасалып, шешім қабылданды.
Балпық би ауылындағы кемшілік анықталған 2 сауда нысанының иелері – Ш.Мусағалиеваға, Ғ.Бастаубаеваға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талаптар қойылды.
Анықталған кемшіліктерді түзету үшін 1 ай уақыт беріліп, көрсетілген мерзім ішінде кемшіліктер толығымен ретке келтіріліп, жаңартылуы қатаң бақылауға алыну туралы шешім қабылданды.
Аталған кемшіліктердің жойылуын жіті қадағалау аудан әкімі жанындағы «Тіл және Ономастика» жұмыс тобының мүшелеріне жүктелді.
Жүргізілген рейд жұмыстары әр округтің әлеуметтік желідегі жұмыс аккаунттарында жарияланып келеді.
Келесі аптада бұл туралы бөлімнің бас маманы мерзімдік баспасөзде сараптамалық мақала беруді жоспарлап отыр.
Осындай келелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.