Құрметті ақ жаулықты аналар және қырмызы
гүлдей құлпырған әпке-қарындастарым!
Жылы шырайлы көктемнің алғашқы бір күндері барша азаматтың көңілін жадырата келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен ұлт пен ұрпақ бесігін тербеп, тіліміз бен дінімізді сүтімен бойға дарытып, санаға сіңірген, аяулы аналарымыздың мерекесімен баршаңызды құттықтаймын!
Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, әпке-қарындастарымыз өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат.
Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.
Қай заманнан да ананы сыйлаған, имандылыққа ұйыған халқымызда «Жәннәт ананың табанының астында», «Ананың сүйген жері – отқа күймейді, оқ та тимейді» деп ана қасиетін бәрінен биік қойған.
Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый құрмет көрсету баршамыздың парызымыз. Бұл күн ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны.
Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себетін, барлық тіршілік атаулының бастауысыздар.
Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, алдағы үлкен мақсаттарға жетелейді. «Отан – отбасынан басталады»,- дейді дана халқымыз.
Ал отбасының ұйытқысы, «Ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» - алтын жүрек аналарымыз біздің халқымыздың ең құнды қазынасы боп саналады.
Ана алдында бас имейтін жан жоқ.
Осы орайда, ауданымызда мың жарымнан астам көп балалы аналар, оның ішінде мемлекетіміздің аналарға деген үлкен марапаты 479 «Алтын» алқа, 551 «Күміс» алқа иегерлері бар екендігін айта кеткім келеді. Ана бір қолымен әлемді бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең қасиетті адам.
Ананың алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие.
Сан мыңдаған тарихтың озбыр тұстарын көрген қазақ халқының күні бүгінге дейін айбынды ел болып келуі, жер бетінен тұтастай жоғалмай кетуінің үлкен себебі, аналарымыздың көп баланы дүниеге әкелуінен.
Қазақстанның халық саны мен табиғи өсімінің ұлғаюына үлес қосып, ауданымызда 9-13 балаға өмір сыйлаған Гүлназ Шакенова, Назгүл Әліпиева, Хунчиева Милана, Алтынай Диханбаевалар қазіргі заманның Жас батыр аналары бүгін арамызда.
Еліміздің демографиялық өсуіне өз үлесін қосып отырған осындай Жас батыр аналарымыздың саны арта берсін!
Қымбатты ханымдар!
Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын.
Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл-күй Сіздердің сергектіктеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын. Сіздерге және отбасылыраңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілеймін!
Айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елдегі береке-бірлік молая берсін. Бұл мереке сонымен қатар, айналасына нұр шашып, әсемдік пен сұлулыққа бөлейтін қыздарымыздың да мерекесі.
Көкжиектен тамыр тартқан, тарихи оқиғаларға зер салсақ, біздің қыздарымыз адалдық пен сұлулықтың, батырлық пен ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен.
Биыл – қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 99 жыл. Ұлы Отан соғысында талай ерлігімен көзге түсіп, жау әскерін жермен-жексен еткен қазақ қызы туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ.
1942 жылы Хиуаз Доспанова 72 рет әуеге көтеріліп, 32 100 килограмм салмақты құрайтын түрлі калибрлі бомбаларды жауға тастағаны және өте қырағы, дәлдікпен нысанаға тиген бомба жарылысынан дұшпандармен қоса әскери техникалар шоғырланған жерлердің жойылғаны туралы дерек бар.
Кеңес Одағының батыры атағы берілмесе де апамыз сол «батыр» атағына ие болғандардан еш кем ерлік көрсеткен жоқ.
Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бүгін ауданымыздағы 24 968 әйелдердің ішінен ырым жасап әр салада адал да жақсы қызмет істеп жүрген, еліміз бен ауданымыздың гүлденуіне қомақты үлес қосқан 30 азаматшаларымызды шақыртып, қабылдау өткіздім.
Сіздер адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес, сонымен бірге жақсы басшы, білікті маман, іскер ұйымдастырушысыздар.
Сонымен қатар жаңа заманға сай қызмет атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген қыздарымызды да атап кеткенді жөн көрдім.
Олар, Зоя Юсупова, Бибігүл Нүкенқызы, Мария Сатаева, Сіздер билік пен кәсіпте, ғылым мен мәдениетте ерекше қабілетпен танылып, шығыс мәдениетіне тән нәзіктік пен ұстамдылық, батыс өркениетіне тән ой тәуелсіздігі мен еркіндік үйлесім тапқан жаратылыстары бөлек жансыздар. Баршаңызға мол бақыт, бастаған істеріңізге сәттілік, Қазақ еліндегі береке мен бірліктің ортаймауын тілеймін!
Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қаракөз қарындастар!
Сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін.
Көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!
Қазақ әйелі бағзыдан даланы қорғаған, ерлермен бірге ерлік жасаған. Қазақ әйелі тек қана ошақ басының емес, бүкіл өмірін, ұрпағын сақтаған, ерліктің үлгісін көрсеткен.
Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін әйел, келін, ана.
Ақ жаулықты апаларымыз бен аналарымыздың, сіңлілеріміздің төл мерекесі.
“Отан отбасынан басталады”, - деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді.
Көктемгі күннің көзіңдей жылы жүзді, тұла бойына сұлулық тұнған, арқаның ажарындай нұрлы келбетті, қызғалдақтай алаулаған аруларымызды көктемнің күлім қаққан шұғылалы мерекесімен құттықтаймын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әдемі жүздеріңізден қуаныштың нұры мен жүректеріңізден мейірім кетпесін.