Құрметті жерлестер!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды халқымыз үшін маңызы зор мереке – Конституция күнімен құттықтаймын!
Биылғы 2022 жыл еліміз үшін айтулы күндер мен мерейтойларға толы. Соның бірі және бірегейі, ел тәуелсіздігінің кепіліне айналған Ата Заңымыз – Конституцияға 27 жыл толып отыр.
Қай елдің болмасын тұрмыс-тіршілігі қандай да бір заң қағидаттарымен реттелетіні сөзсіз. Осы орайда қазақ елі де өз отауын тіккелі елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын заңын қабылдаған болатын.
Аз уақытта айбары асқан куатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған түрлі ұлыс өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Әрбір Қазақстан азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгін де әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге.
Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Қазақстан жерінде тұратын барлық азаматтардың теңдігі – біздің Отанымыздың табысты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі.
Ата заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.
Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көпұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Конституция қабылданғаннан бергі уақыттағы тарихи өлшемдер біз үшін бүкіл өткен жолымызды таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін белгілі бір үлкен кезең болып табылады.
Алғашқы рет Қазақстанда ол 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Биыл елімізде конституциялық өзгерістерге қатысты референдум өтті. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының 31-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс жасады. Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам бастық. 27 жылда алғаш рет іске қосылатын республикалық референдум туралы заңның негізгі нормаларын зерделеп, осынау маңызды шараны өткізу және дауыс беру тәртібін ұсынды. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік берді. Референдум арқылы еліміздің әрбір тұрғыны мемлекеттегі маңызды өзгерістерді жүзеге асыруға тікелей өзі қатыса алады. Осылайша жаңа Қазақстанды құруда ешкім шет қалмайды. Референдум – аса маңызды демократиялық институт.
Дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 млн. 163 мың 516 адам конституциялық өзгерістерді жақтап, дауыс берді. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 млн. 490 мың 470 адамды құрайды. Осылайша референдум туралы конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде еліміздің негізгі заңына өзгерістер қабылданды деп есептеледі. Референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді.
Кербұлақ ауданы бойынша 1 аудандық және 59 учаскелік сайлау комиссияларының құрамы және дауыс беруге арналған 59 сайлау учаскесі аудан әкімінің шешімімен бекітілген. Сайлаушылар саны - 29 537 адамды құрады.
Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшіп, «Жаңа Қазақстанды» құру жолында үлкен өзгерістерге бет бұрдық. Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз, әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз. Конституция күні – мемлекеттік мереке. Конституция күні біз үшін қасиетті күн болу керек. Өйткені, Ата Заңымыз – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат. Олай болса, біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ деп есептеймін.
Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Конституциясы – халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі» саналатынын айтқан болатын. Сондықтан Конституцияны құрметтеу және оны ұлықтау біздің басты парызымыз!
Құрметті жерлестер!
Бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналған Конституция күнінде тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді көздің қарашағындай сақтауға шақыра отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, Отанымыздың дамуы мен гүлденуі жолындағы қажырлы еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!
Назарларыңызға рахмет!