GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
Әлеуметтік қамсыздандыру
21 октября 2026
Үздік дипломмен бітірген жас түлектерге мемлекеттік қызметте бос лауазымдар қолжетімді

2026 жылғы 7 қазаннан бастап жоғары оқу орнын үздік аяқтаған, яғни GPA көрсеткіші 3.33 және жоғары түлектер eqyzmet.gov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтегі төменгі бос лауазымдармен танысып, өтінім бере алады.

🔎 Инфографикамен танысып, eQyzmet порталындағы "Түлектерге арналған бос лауазымдар" бөлімінің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.

☎️ Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша Департаментке хабарласуға болады: +7(7282)240688, +77073010071.

@elgeqyzmet.gov.kz

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті

Таза Қазақстан
20 октября 2026
«Таза Қазақстан»: Жетісудың Үштөбе қаласында жаңарған саябақ ашылды

Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Үштөбе қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңарған заманауи орталық саябақ пайдалануға берілді. Бұл – биыл өңірде жөндеу жүргізіліп жатқан 7 саябақтың бірі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ардагерлер, жастар өкілдері, аудан тұрғындары – жалпы саны 1,5 мың адам жиналды.  Алдымен аудан әкімі көпшілікке өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Бүгін Мемлекет басшысының елді мекендерді көркейтуге, абаттандырып, көгалдандыруға үлкен серпін беріп отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түбегейлі жаңарған жаңа саябақтың іске қосылуына куә болып отырсыздар. Мұнда амфитеатрдан бастап, балалар ойын алаңдарына дейінгі демалысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Ендігі ретте ортақ игілікке қамқорлық танытып, оны күтіп ұстау – аудан тұрғындарының парызы. Бүгін қолданысқа беріліп отырған саябақ қаладағы ең көрнекті демалыс орындарының бірі болады деген сенімдемін. Жетісуымыз көркейіп, гүлдене берсін! Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», - делінген құттықтау хатта.

Тұрғындар атынан еңбек ардагері Рақымғали Өтегенов сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Мұнан соң саябақтың ресми ашылғанының символы ретінде лентасы қиылды. Сондай-ақ жиналған қауым саябақ ішіне 50-ге тарта ағаш отырғызды.

Атап өтсек, Үштөбедегі орталық саябақ 1936 жылы салынған. Соңғы рет 2015 жылы жөндеуден өткен демалыс орны араға он жылдан астам уақыт салып, бүгінгі заман талаптарына сай жаңғыртылып, қайтадан халық игілігіне ұсынылып отыр. Оның жалпы аумағы - 6,6 гектар.

Абаттандырылған саябақта тұрғындар мен аудан қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне, отбасымен серуендеуіне және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Мұнда спорт алаңдары, балалар ойын алаңқайлары, 200 адам сиятын амфитеатр, сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар орнатылған. Сол сияқты ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан хабардар ететін «Жеті қазына» алаңы бар. Жыл басынан бері саябақта 1 200 ағаш көшеті отырғызылса, соның 750-і қарағай, 450-і ақ қайың. Жасыл желекті күтіп-баптау және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі орнатылған.

Саябақтың ашылуына келген тұрғындар өз пікірлерін білдірді.

- Үштөбе қаласында 1980 жылдардан бері тұрамын. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мені осындағы «Үштөбе орман шаруашылығы» мекемесіне жолдамамен жұмысқа жіберді. Қазір зейнеткермін. Қаламыз жылдан жылға дамып келеді. Жолдар жасалып, көшелер көркейтіліп, жасыл желекке орануда. Әсіресе, осы парктің жаңа кейіпте қолданысқа берілгеніне қуаныштымыз. Бұрын бұл парк тозып тұрған, үлкен ағаштары ескіріп, қураған, демалысқа қолайлы емес еді. Бүгін орталық саябақ жаңа бет-бейнесімен халықты қуантып жатыр. Қазір жаңартылғаннан кейін паркті тіпті танымай қалдық десе де болады. Паркте бейнекамералар да қойылған. Ол мұндағы дүние-мүлікті сындырмай, тоздырмай ұстауға ықпал етеді деп ойлаймын. Әсіресе айналаға жастар жанашырлықпен қараса екен дейміз. Енді немерелерімізбен, қатарластарымызбен келіп, саябақта еркін демала аламыз, - дейді Көпбай Әкімов.

- Парктің ішінде спорт алаңдары бар. Балалардың ойын алаңдары да салынды. Бұл бізге өте жақсы болды. Енді спорттық ойындарды алаңсыз ойнауға мүмкуіндігіміз бар, - дейді оқушы Мұрат Айбын.  

- Биыл Үштөбе қаласына 65 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой қарсаңында Республика күніне орай қалада жаңа саябақтың ашылуы аудан орталығының тұрғындары үшін үлкен тарту болды. Жыл басында облыс әкімі саябақты жөндеп, көркейтіп береміз деп уәде берген болатын. Бүгін, міне, сол айтылған уәденің орындалғанына куә болып отырмыз. Үштөбе қаласы тұрғындарының атынан облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Жерлестеріме айтарым, енді біз бұл игіліктерді балаларымызға, ұрпақтарымызға осы көрікті қалпында қалдыруымыз керек. Саябағымызды күтіп ұстайық! – деді Никита Опрышко.

Атап өтсек, облыста елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында 2022-2025 жылдары 40 саябаққа жөндеу жүргізілсе, биыл 7 парк, 1 сквер, 4 аллея жөндеуден өткізілуде. Жалпы, облыс құрылғаннан бері Талдықорған қаласында, сондай-ақ Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарында 14 жаңа саябақ, 6 сквер және 4 аллея салынды.

Сондай-ақ Талдықорған қаласында «Тасбақа», Сарқанда «Қойтас», Текеліде «Серкесай» экопарктері құрылды. Төртінші экопарк ретінде Қапалдағы «Тамшыбұлақты» дамыту қолға алынбақ. Оларды құрудағы мақсат - Жетісуда экологиялық және мәдени-танымдық туризмді дамыту, сондай-ақ өңірдің табиғи және тарихи ерекшеліктерін кеңінен насихаттау.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

ХҚКО
20 октября 2026
Жетісу облысында дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметі танымал болып келеді

Жетісу облысында дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметі танымал болып келеді
       Жетісу облысының тұрғындары арасында Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделген дайын құжаттарды үйге немесе көрсетілген мекенжайларға жеткізу қызметі танымал бола бастады.
     Бүгінде дайын құжаттарды жеткізу сервисі 18 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді және бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікті тіркеу, жер учаскелеріне актілер, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағаттық анықтамалар және әскери билет телнұсқалары бар. Жетісу облысы бойынша жеткізу құны 1 036 теңгені құрайды.  
       Сонымен қатар, Мамандандырылған ХҚКО желісі бойынша жүргізуші куәліктерін, техпаспорттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін де үйге алдыртуға болады.
 Мамандандырылған ХҚКО қызметтерінің тарифі бөлек есептеледі.        
    «Біздің мақсатымыз — халық үшін қолайлы жағдай жасау. Маңызды құжатты алу үшін азаматтарға енді жұмыстан сұранудың немесе жолға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ – олар құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ ала алады», — деп атап өтті филиал директоры Абзал Омаров.
   Құжат дайын болған кезде азаматтың телефон нөміріне 1414 қызметінен арнайы сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Сілтеме арқылы өтінімді толтырып, жеткізу мекенжайын көрсету қажет. Егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін жасалса – сол күні, ал 17:00-ден кейін жасалса – келесі жұмыс күні жеткізіледі. Жеткізу мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
   Жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында курьер дайын құжатты жеткізу кезінде алушының жеке басын куәландыратын құжатын тексереді және 1414 нөмірінен алынған бірегей SMS-кодты сұрайды.

Әлеуметтік қамсыздандыру
20 октября 2026
Еңбек министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін және оны қалай алуға болатынын түсіндірді. Азаматтар жаңа жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, біліктілігін арттыруға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады.

Көмек алудың алғашқы қадамы жұмыс іздеуші ретінде тіркелу. Ол үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға, eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады. Тіркелу кезінде азамат білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді көрсетеді.

Мансап орталығының мамандары азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын табуға көмектесіп, қолжетімді қолдау шаралары туралы кеңес береді. Егер жұмыс табылмаса, белгіленген талаптарға сай азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысу мүмкіндігі қарастырылады.

Азаматтың кәсіби білімі мен өмірлік жағдайына қарай оған жаңа мамандықты меңгеру, біліктілігін арттыру, «Жастар практикасына» қатысу және субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу ұсынылуы мүмкін. Сонымен қатар кәсіп бастауға және жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін бағдарламалар бар. Оларға қатысу тиісті бағдарламалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін қолдаудың тағы бір түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Оны алуға құқығы бар азаматтарға жұмыс іздеу кезеңінде жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу үшін беріледі.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Төлемнің қанша уақыт берілетіні азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45%-ынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.

Жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың мақсаты азаматтардың қайтадан жұмысқа орналасуына және өз табысын табуына көмектесу. Әр адамға ұсынылатын қолдау түрі оның жағдайы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қарай таңдалады. Кеңес алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгініңіз. Ал бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және жұмыспен қамту саласындағы қызметтер туралы толық ақпарат Enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді.

Дереккөз: ҚР Еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты

Еңбек министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді

Кәсіпкерлік және туризм
19 октября 2026
«Алтынемел – құландар мекені»: Жетісудағы туристік фестивальге бес елден қонақтар келді

Жетісу облысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өткен «Алтынемел – құландар мекені» туристік және мәдени-экологиялық фестиваліне мыңнан астам адам жиналды. Қатысушылар қатарында Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Ресейден, соның ішінде Якутиядан қонақтар, сондай-ақ Астана, Алматы, Талдықорған қалалары мен Алматы облысының тұрғындары бар. Биыл фестиваль алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Фестиваль аясында спорттық жүгіру жарыстары, этномәдени қойылымдар, ежелгі петроглифтерге экскурсиялар өткізіліп, құландарды табиғи мекенінде тамашалау мүмкіндігі жасалды. Бүгінде табиғи парктегі құландар саны 3500 бастан асқан, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фестивальге облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, travel-блогерлер, инфлюнсерлер, жалпы экологиялық туризмге қызығушылар қатысты. Ұйымдастырушылар - «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, облыстық туризм басқармасы, «Vizit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін насихаттау.

- Бұл фестиваль – Туризм және спорт министрлігінің ірі мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген үш шараның бірі. Оның ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Негізгі мақсаты – келушілерді ұлттық парктің бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру, сирек кездесетін жануарларды қорғауға назар аудару және табиғатты аялаудың маңызын насихаттау. Жалпы, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың басшылығымен өңірде туризмді дамытуға қажетті шаралар қабылданып, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде Жетісу облысына жыл сайын 2 милиондай турист келеді, – деді Марлен Көлбаев.

Биыл фестиваль Шолақ тауларының бөктерінде 5 және 10 шақырымдық эко-жарыспен басталды. Жарысқа қатысушылар белсенді демалыс пен экологиялық мәдениетті ұштастыра отырып, тау ландшафтары аясында жүгірді. Жарыс жеңімпаздары арнайы медальдармен марапатталды.

Осы күні ұлттық парктегі визит орталық алаңында далалық рухтағы мәдени шаралар көрермен назарына ұсынылды. Атап айтқанда, кеушілер фестиваль сахнасынан «Қылыш айналдыру», «Айбалта шоуын» тамашалап, көшпелілердің жауынгерлік дәстүрі көпшілікке паш етілді. Сол сияқты өнерпаздар ұлттық аспаптарда өнер көрсетті.

Фестиваль қонақтары Шолақ тауларындағы ежелгі петроглифтерге экскурсияға барып, мыңдаған жыл бұрын жартастарға қашалған, Жетісудың көне тарихынан сыр шертетін суреттер мен таңбаларды көрді.

Сол сияқты визит-орталық алаңында петроглифтер мен көне түркі жазуына және дәстүрлі қолөнерге арналған шеберлік сабақтары, балаларға арналған ойындар мен квесттер өткізіліп, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Сөйтіп, фестиваль табиғатпен бірге тыныстай отырып, ұлттық мәдениетті тануға, туған өлкенің тарихын сезінуге мүмкіндік беретін мәдени-танымдық алаңға айналады.

Келген қонақтар іс-шара туралы ой-пікірлерін білдірді.

- «Алтынемел» ұлттық паркіне визит-орталық ашылғанда бірінші рет келгенмін. Бүгін екінші мәрте келіп отырмын. Осы фестивальдің өтетіні туралы Инстаграм әлеуметтік желісінен көріп, күйеуім екеуіміз Алматыдан арнайы келдік. Таңертең 5 шақырымдық кросқа қатыстық. Маршрут өте қызық болды. Өзім жартасқа өрмелеумен айналысамын, сондықтан спорттық шараға қатысу аса қиындық туғызған жоқ. Бүгінгі фестивальда этникалық атмосфера бар, ежелгі тарих туралы сан қилы фантазияға берілдік, көне көшпелі халықтардың тынысын сезіндік. Сондықтан бұл сапар маған ерекше әсер етті, - дейді алматылық Дарья Никишина.

- Туристік компания өкілімін. Ұлттық паркке алғаш рет келіп отырмын. Өзіміз туристік салада жүргеннен кейін Қазақстанның табиғаты мен тарихын үйлестірген осындай көрнекті жерлерін насихаттауға атсалысайық деген ойымыз бар, оның үстіне фестивальді тамашаласақ, құландарды көрсек деп келдік. Өзім SMM маманымын, менімен бірге дронмен түсірілім жасаушы азамат бірге келді, біз бейнежазбалар түсіріп, осы парктің мүмкіндіктерін барынша кең таратсақ дейміз, - дейді Гүлдана Қаршигина.

Келушілердің ішінде шетелдік азаматтар да бар.

  • Қазақстанға бұл екінші рет келуім. Мені бұл елдің көркем табиғаты, ұлттық мәдениеті қызықтырады. Тұрғындарының қонақжайлығы ерекше. Әлеуметтік желідегі жазбаларым арқылы өз оқырмандарыма Қазақстанның кереметтері туралы мол мәлімет беріп отырамын, - дейді ұлыбританиялық Джорж Купер.

Ұлттық парк мамандары бір кездері саны күрт азайып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құландардың бүгінде «Алтынемелде» арнайы бағдарлама негізінде саны көбейтіліп, ол парктің табиғи символдарының біріне айналғанын айтады.

- Бүгінгі фестивальға келушілерге құландарды табиғи ортада тамашалауға мүмкіндік жасалып отыр. Бір атап өтерлігі, 1982 жылы небәрі 32 құлан болса, биыл олардың саны 3 571 басқа жетті. Бұл – табиғатты қорғау жұмыстарының нақты нәтижесі және сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтірудің жарқын үлгісі, – дейді «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Қуат Байтұрбаев.

Жалпы, өңірде туризм саласын дамыту 5 дестинацияға негізделген, соның бірі – ұлттық парктер. Былтыр «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 32 мың адам келсе, соның 11 мыңы – шетелдіктер.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Бекен Нұрхан.

Білім
16 октября 2026
«Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Balazhan» мемлекеттік цифрлық платформасын енгізуде.

Платформаның негізгі мақсаты - ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды ерте анықтап, оларға қажетті көмекті уақтылы ұйымдастыру.

«Balazhan» балалар мен олардың отбасылары туралы ақпарат жинауға қатысты жаңа талаптар енгізбейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді бірыңғай цифрлық платформада жинақталады.

Бастапқы мәліметтер платформаға бір рет енгізіліп, кейін тек қажеттілігіне қарай жаңартылады. Бұл құжат айналымын азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Balazhan» Ұлттық білім беру деректер қорының модулі болып табылады. Балалардың дербес деректерінің қорғалуы заңнама талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.

Жаңа жүйе қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз сүйемелдеуге және оларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Дерекөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты

«Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді

Әкімнің халықпен кездесуі
16 октября 2026
Қаратал ауданы әкімінің халықпен кездесулері Қарақұм ауылында қорытындыланды

Қаратал ауданының әкімі Ұ. Досымбековтің халықпен кездесулері аясындағы қорытынды кездесу Қызылбалық ауылдық округіне қарасты Қарақұм ауылында өтті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары назар аударуды және шешуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, көмір жеткізу, Қарағанды облысындағы теміржол станциясына апаратын жолды жөндеу, сондай-ақ тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері айтылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар аудан басшылығына тікелей жүгініп, өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер бақылауға алынды. Оларды қарау және шешу жолдарын айқындау жұмыстары тиісті қызметтер мен уәкілетті органдармен бірлесіп жалғасатын болады.

Әкімнің халықпен кездесуі
16 октября 2026
Қаратал ауданың әкімі Дөңші ауылының тұрғындарымен кездесті

2026 жылғы 15 қазанда Қаратал ауданының әкімі Ұ. Досымбеков Бәйшегір ауылдық округіне қарасты Дөңші ауылының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары күнделікті өмірге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын жөндеу, егістік жерлерді суару мәселесін шешу және ауыл шаруашылығы жұмыстарына қажетті техниканы бөлу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатуға, ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді талқылауға және оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді.
Тұрғындардың өтініштерін қарау және көтерілген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар тиісті қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті шеңберінде жалғасатын болады.

Білім
15 октября 2026
Жетісуда балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

Бүгін облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Оған прокуратура және полиция органдарының өкілдері, облыстық білім және балалардың құқығын қорғау басқармаларының басшылары, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Жиында балалар қауіпсіздігін және құқығын қамтамасыз ету, мектептердегі құқық бұзушылықтың, соның ішінде буллингінің алдын алу, осы бағыттарға жауапты мекемелердің жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды. Сол сияқты жиында өңірдегі білім беру мекемелеріндегі ағымдағы жағдай және балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданатын шаралар қарастырылды.

Отырыс соңында жауапты мекемелер мен ұйымдар басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі 

Әкімнің халықпен кездесуі
14 октября 2026
Қаратал ауданының әкімі Айту ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

2026 жылғы 14 қазанда Көкпекті ауылындағы Мәдениет үйінде Қаратал ауданының әкімі У. Досымбековтің Айту ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі өтті.
Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын орындау аясында ұйымдастырылды.
Кездесу басталмас бұрын аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, қажетті түсініктемелер берді.
Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындарды ауданның 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырып, жыл соңына дейінгі жоспарлар мен басым міндеттер туралы баяндады.
Ауыл тұрғындары аудан әкіміне жүзеге асырылған жобалар, атап айтқанда, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ФОК) құрылысы және Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Бұл жұмыстар ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ашық диалог барысында Сейфуллин көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау, ауызсумен қамтамасыз етуге арналған су мұнарасын меншікке беру, сондай-ақ табиғи газдың құны мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Қосымша зерделеуді және тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін мәселелер бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар берілді.
Халықпен кездесулер тұрғындардың пікірін ескеруге, ауылдық аумақтарды дамытудың басым бағыттарын айқындауға және өзекті мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы