Ақпараттық кеңістікте айшықты орны бар, елдің тыныс-тіршілігін жедел жариялауға асығатын аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының бірі тарихи басылым – аудандық «Қаратал» газеті. Газет ең алғаш 1932 жылы «Екпінді еңбек» деген атпен жарық көрді. Заман талабына орай 1957 жылдан бастап «Екпінді еңбек» газеті «Социалистік еңбек үшін» атты атаумен қазақ және орыс тілінде шығарыла бастады. 1963 жылдың 1 мамырынан бастап газеттің атауы «Коммунизм жолы» - «Путь к коммунизму» болып өзгертілді. Ал 1992 жылдан бері басылым «Қаратал» атауымен жарық көруде. 1932 жылдан күні бүгінге дейін газет тізгінін И. Атамқұловтан бастап И.Сатаев, Ш.Пралин, Ж.Тыналин, Қ.Нүсіпов, Ж.Бекжанов, М.Серғалиев, Ә. Ысқабаев, М.Өсербаева, С.Құйқабаев, Н.Несіпбаев, Г.Белгондынова, А. Өмірбаев ұстап келді. Қазіргі таңда «Қаратал» газетінің директор-бас редакторы қызметін Нұрланбек Несіпбаев атқаруда. Бүгінде редакцияда тәжірибелі журналистер мен біліп, үйренуге құштар жас буын мамандар өсіп келеді. Газеттің директор-бас редактордың орынбасары – Альфита Сексенбаева, жауапты хатшы - Наталья Эйбауэр, тілшілер: Асхат Өмірбаев, Алия Искенова. Фото тілші – Рыскелді Алтыбаев аудан тынысын дөп басып, жұртшылыққа жылт еткен жаңалықты жеткізетін майталман мамандар. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы газеттің гүлдей құлпырып шығуына айтарлықтай үлес қосатын, біркісідей атсалысатын, безендірілуіне жауапты оператор-дизайнер маманы Ернар Балабеков. Жалпы редакцияда 9 қызметкер жұмыс істейді. «Qaratal» газеті қазақ және орыс тілдерінде, аптасына 1 рет, жұма күні шығады. Негізгі тақырыптық бағыты: қоғамдық саяси, әлеуметтік-экономикалық . ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің мерзімді баспасөз басылымын, ақпараттық агенттігін және желілік басылымды есепке қою, қайта есепке қою туралы 2018 жылы 19 шілдеде № 17208-г куәлігі берілген. Газеттің таралымы 3000 дана. Мекен-жайы: Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы, Абылай хан көшесі 28. Тел.: 7-90-67, 2-21-08. Электронды адрес: karatal_1932@mail.ru