"Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы "Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10 – бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі-мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің схемасы (жоспары), жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері туралы мәліметтер, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және жер учаскелеріне ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер;

      2) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      3) жер учаскесі – Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекараларда бөлінген жер бөлігі;

      4) "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті (бұдан әрі – жеке кабинет) – жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен электрондық нысанда қызметтер көрсету мәселелері, көрсетілген тұлғалардың өтініштерін қарайтын субъектілерге жүгіну, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған "электрондық үкіметтің" веб-порталының құрамдасы;

      5) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;

      6) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

Дата публикации
11 декабря 2025