1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы «Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды (бұдан әрі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қалыптастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленді.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың мақсаты «Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі – Бөлім) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесін белгілеу болып табылады.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың міндеттері:
1) Бөлім қызметкерлерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықты іс- әрекетті қалыптастыру;
2) Бөлім қызметкерлерінің белгіленген қағидаларды мүлтіксіз сақтауға бағытталған іс-қимылдары мен шешімдерін айқындау;
3) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесін
белгілеу болып табылады.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың негізгі қағидаттары:
1) заңдылық;
2) адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;
3) жариялылық және ашықтық;
4) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану;
6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басымдықпен қолдану;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау және көтермелеу;
8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы болып табылады.