Эпидемиологиялық жағдайға және коронавирустық инфекциямен (COVID-19) сырқаттану деректерінің көбеюіне байланысты БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті, он төртінші отырысы онлайн түрде өткізілді.
Кеңес отырысын оның төрағасы Евгений Сейпульник ашты. Ол Василина Атоянц, Алексей Байтеев, Анна Видянова мен Қуат Домбайдың Кеңес құрамынан өз еріктерімен шыққанын хабарлады. Үш жаңа үміткер ұсынылды. Олар: «Қазақстан сарапшы РА» рейтингтік агенттігінің бас директоры Әділ Мамажанов, «АЛМЭКС» холдинг тобы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Жомарт Нұрабаев, тәуелсіз экономист Айдархан Құсайынов. Үшеуі де бірауыздан Қоғамдық кеңес құрамына қабылданды.
Одан соң «БЖЗҚ» АҚ қызметі туралы 2020 жылдың 1 маусымына жасалған егжей-тегжейлі есеп ұсынылды.
БЖЗҚ-дағы шоттардың жалпы саны 10,9 миллионға жетті, ол жұмыспен қамтылған халық санынан 8,8 миллион адамға артық. Бұл БЖЗҚ-да зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударып отыратын жұмыс істейтін азаматтардың ғана емес, сондай-ақ зейнеткерлікке шыққан алушылардың, мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға ауыстырылған әскери қызметшілердің, сондай-ақ жұмыспен қамтылған халық санатына жатпайтын өзге де азаматтардың да жинақтары бар екендігінің айғағы.