GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпарат
Әкім аппараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Все материалы
Әртүрлі
21 октября 2026
«Таза Қазақстан»: Жетісудың Үштөбе қаласында жаңарған саябақ ашылды

Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Үштөбе қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңарған заманауи орталық саябақ пайдалануға берілді. Бұл – биыл өңірде жөндеу жүргізіліп жатқан 7 саябақтың бірі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұлан Досымбеков, ардагерлер, жастар өкілдері, аудан тұрғындары – жалпы саны 1,5 мың адам жиналды.  Алдымен аудан әкімі көпшілікке өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Бүгін Мемлекет басшысының елді мекендерді көркейтуге, абаттандырып, көгалдандыруға үлкен серпін беріп отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түбегейлі жаңарған жаңа саябақтың іске қосылуына куә болып отырсыздар. Мұнда амфитеатрдан бастап, балалар ойын алаңдарына дейінгі демалысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Ендігі ретте ортақ игілікке қамқорлық танытып, оны күтіп ұстау – аудан тұрғындарының парызы. Бүгін қолданысқа беріліп отырған саябақ қаладағы ең көрнекті демалыс орындарының бірі болады деген сенімдемін. Жетісуымыз көркейіп, гүлдене берсін! Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», - делінген құттықтау хатта.

Тұрғындар атынан еңбек ардагері Рақымғали Өтегенов сөз алып, ізгі тілегін білдірді. Мұнан соң саябақтың ресми ашылғанының символы ретінде лентасы қиылды. Сондай-ақ жиналған қауым саябақ ішіне 50-ге тарта ағаш отырғызды.

Атап өтсек, Үштөбедегі орталық саябақ 1936 жылы салынған. Соңғы рет 2015 жылы жөндеуден өткен демалыс орны араға он жылдан астам уақыт салып, бүгінгі заман талаптарына сай жаңғыртылып, қайтадан халық игілігіне ұсынылып отыр. Оның жалпы аумағы - 6,6 гектар.

Абаттандырылған саябақта тұрғындар мен аудан қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне, отбасымен серуендеуіне және спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Мұнда спорт алаңдары, балалар ойын алаңқайлары, 200 адам сиятын амфитеатр, сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар орнатылған. Сол сияқты ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздан хабардар ететін «Жеті қазына» алаңы бар. Жыл басынан бері саябақта 1 200 ағаш көшеті отырғызылса, соның 750-і қарағай, 450-і ақ қайың. Жасыл желекті күтіп-баптау және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару жүйесі орнатылған.

Саябақтың ашылуына келген тұрғындар өз пікірлерін білдірді.

- Үштөбе қаласында 1980 жылдардан бері тұрамын. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мені осындағы «Үштөбе орман шаруашылығы» мекемесіне жолдамамен жұмысқа жіберді. Қазір зейнеткермін. Қаламыз жылдан жылға дамып келеді. Жолдар жасалып, көшелер көркейтіліп, жасыл желекке орануда. Әсіресе, осы парктің жаңа кейіпте қолданысқа берілгеніне қуаныштымыз. Бұрын бұл парк тозып тұрған, үлкен ағаштары ескіріп, қураған, демалысқа қолайлы емес еді. Бүгін орталық саябақ жаңа бет-бейнесімен халықты қуантып жатыр. Қазір жаңартылғаннан кейін паркті тіпті танымай қалдық десе де болады. Паркте бейнекамералар да қойылған. Ол мұндағы дүние-мүлікті сындырмай, тоздырмай ұстауға ықпал етеді деп ойлаймын. Әсіресе айналаға жастар жанашырлықпен қараса екен дейміз. Енді немерелерімізбен, қатарластарымызбен келіп, саябақта еркін демала аламыз, - дейді Көпбай Әкімов.

- Парктің ішінде спорт алаңдары бар. Балалардың ойын алаңдары да салынды. Бұл бізге өте жақсы болды. Енді спорттық ойындарды алаңсыз ойнауға мүмкуіндігіміз бар, - дейді оқушы Мұрат Айбын.  

- Биыл Үштөбе қаласына 65 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой қарсаңында Республика күніне орай қалада жаңа саябақтың ашылуы аудан орталығының тұрғындары үшін үлкен тарту болды. Жыл басында облыс әкімі саябақты жөндеп, көркейтіп береміз деп уәде берген болатын. Бүгін, міне, сол айтылған уәденің орындалғанына куә болып отырмыз. Үштөбе қаласы тұрғындарының атынан облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Жерлестеріме айтарым, енді біз бұл игіліктерді балаларымызға, ұрпақтарымызға осы көрікті қалпында қалдыруымыз керек. Саябағымызды күтіп ұстайық! – деді Никита Опрышко.

Атап өтсек, облыста елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында 2022-2025 жылдары 40 саябаққа жөндеу жүргізілсе, биыл 7 парк, 1 сквер, 4 аллея жөндеуден өткізілуде. Жалпы, облыс құрылғаннан бері Талдықорған қаласында, сондай-ақ Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарында 14 жаңа саябақ, 6 сквер және 4 аллея салынды.

Сондай-ақ Талдықорған қаласында «Тасбақа», Сарқанда «Қойтас», Текеліде «Серкесай» экопарктері құрылды. Төртінші экопарк ретінде Қапалдағы «Тамшыбұлақты» дамыту қолға алынбақ. Оларды құрудағы мақсат - Жетісуда экологиялық және мәдени-танымдық туризмді дамыту, сондай-ақ өңірдің табиғи және тарихи ерекшеліктерін кеңінен насихаттау.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

Әлеуметтік сала
20 октября 2026
Еңбек министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді

Еңбек министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін және оны қалай алуға болатынын түсіндірді. Азаматтар жаңа жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, біліктілігін арттыруға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады.

Көмек алудың алғашқы қадамы жұмыс іздеуші ретінде тіркелу. Ол үшін тұрғылықты жердегі Мансап орталығына баруға, eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш беруге болады. Тіркелу кезінде азамат білімі, кәсіби дағдылары, еңбек өтілі және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтерді көрсетеді.

Мансап орталығының мамандары азаматқа лайықты бос жұмыс орындарын табуға көмектесіп, қолжетімді қолдау шаралары туралы кеңес береді. Егер жұмыс табылмаса, белгіленген талаптарға сай азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысу мүмкіндігі қарастырылады.

Азаматтың кәсіби білімі мен өмірлік жағдайына қарай оған жаңа мамандықты меңгеру, біліктілігін арттыру, «Жастар практикасына» қатысу және субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу ұсынылуы мүмкін. Сонымен қатар кәсіп бастауға және жұмысқа орналасу мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға көмектесетін бағдарламалар бар. Оларға қатысу тиісті бағдарламалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Жұмысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін қолдаудың тағы бір түрі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Оны алуға құқығы бар азаматтарға жұмыс іздеу кезеңінде жоғалтқан табысының бір бөлігін өтеу үшін беріледі.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл төлемді алу мерзімінің ең ұзақ кезеңі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Төлемнің қанша уақыт берілетіні азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 45%-ынан аспайды. Әр азаматқа төленетін нақты сома әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай есептеледі.

Жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың мақсаты азаматтардың қайтадан жұмысқа орналасуына және өз табысын табуына көмектесу. Әр адамға ұсынылатын қолдау түрі оның жағдайы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қарай таңдалады. Кеңес алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығына жүгініңіз. Ал бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және жұмыспен қамту саласындағы қызметтер туралы толық ақпарат Enbek.kz электрондық еңбек биржасында қолжетімді.

Дереккөз: ҚР Еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты

Еңбек министрлігі жұмысынан айырылған азаматтарға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді

 

Білім
16 октября 2026
«Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Balazhan» мемлекеттік цифрлық платформасын енгізуде.

Платформаның негізгі мақсаты - ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды ерте анықтап, оларға қажетті көмекті уақтылы ұйымдастыру.

«Balazhan» балалар мен олардың отбасылары туралы ақпарат жинауға қатысты жаңа талаптар енгізбейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді бірыңғай цифрлық платформада жинақталады.

Бастапқы мәліметтер платформаға бір рет енгізіліп, кейін тек қажеттілігіне қарай жаңартылады. Бұл құжат айналымын азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Balazhan» Ұлттық білім беру деректер қорының модулі болып табылады. Балалардың дербес деректерінің қорғалуы заңнама талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.

Жаңа жүйе қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз сүйемелдеуге және оларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Дерекөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты

«Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді

Білім
15 октября 2026
В Жетісу обсудили вопросы обеспечения безопасности детей

 


Сегодня в акимате области Жетісу под председательством заместителя акима области Диаса Есдаулетова состоялось внеочередное заседание Межведомственной комиссии по делам несовершеннолетних и защите их прав при областном акимате. В совещании приняли участие представители департамента полиции, прокуратуры, руководители управлений образования и по защите прав детей, заместители акимов районов и городов, а также руководители и сотрудники организаций образования.

В центре внимания были вопросы обеспечения прав и безопасности детей, профилактики правонарушений и буллинга, а также повышения эффективности работы профильных организаций. Участники совещания также обсудили текущее состояние образовательных учреждений региона и принимаемые меры по обеспечению безопасных условий для детей.

По итогам заседания комиссии были даны конкретные поручения ответственным руководителям и организациям.

Пресс-служба акима области Жетісу

Тұрғындармен жұмыс
14 октября 2026
Аким Каратальского района встретился с жителями Тастобинского сельского округа

Қаратал ауданының әкімі Тастөбе ауылының тұрғындарымен кездесті

2026 жылғы 14 қазанда Тастөбе ауылындағы Мәдениет үйінде Қаратал ауданының әкімі У. Досымбековтің Тастөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі өтті.
Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды.
Кездесу басталмас бұрын аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, тиісті түсініктемелер берді.
Кездесу барысында аудан басшысы Қаратал ауданының 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндап, жыл соңына дейінгі жоспарлар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Ашық диалог барысында ауыл тұрғындары ауыл инфрақұрылымын дамыту және қажетті қызметтермен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мал айдауға арналған өткел салу, жергілікті ветеринар маманға қызметтік көлік бөлу, егістік алқаптарды суару суымен қамтамасыз ету, ауызсу тарифінің құны және ауыл көшелерін жарықтандыру мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Қосымша зерделеуді және тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар беріліп, оларды одан әрі пысықтау міндеттелді.
Мұндай кездесулер жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты нығайтуға, халықты толғандырған мәселелерді дер кезінде анықтауға және оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Тұрғындардың өтініштерін қарау және берілген тапсырмалардың орындалуы белгіленген тәртіппен жалғасады.

Әртүрлі
14 октября 2026
В Жетісу к концу года доля дорог областного значения, находящихся в хорошем состоянии, достигнет 96%

Жетісуда жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді

Жетісу облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Ақсу ауданында да жол инфрақұрылымының сапасы айтарлықтай жақсарған. Соңғы үш жылда ауданда облыстық маңызы бар 180,2 шақырым жол жөнделіп, 13 елді мекендегі 49 көше жаңартылды, 5 ауылда көше жарығы орнатылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық маңызы бар «Талдықорған – Үштөбе» (40 шақырым) және «Ақсу – Жаңалық» (22 шақырым) автожолдарын жөндеу жұмыстары аяқталды.

- «Жансүгіров - Матай» автожолының Ақсуға дейінгі учаскесінде 30 шақырым жолға толықтай асфальт төселді. «Ақсу - Ойтоған» және «Ақсу - Қаракөз» автожолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олар келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге де жыл сайын ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, биыл Жансүгіров ауылында 9 көше жөнделді. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады, - деді Б. Исабаев.

Атап өтсек, былтыр облыстық маңызы бар Егінсу, Алтынарық ауылдарына кіреберіс автожолдар, сондай-ақ «Алматы - Өскемен» тасжолынан Қапал ауылына дейінгі 26 шақырым жол учаскесі жөнделді.

Сонымен қатар өңірде республикалық маңызы бар «Алматы - Өскемен» автожолының Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде және қаланың айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 шақырымды құрайтын орташа және күрделі жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 103 шақырым жолда жұмыс аяқталды, қалған учаскелердегі жөндеу жұмыстары келесі жылы жалғасады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов

Ауыл шаруашылық
14 октября 2026
Жетісуда биыл 146 мың гектардан астам жер суарылды

 

Жетісу облысында 2026 жылғы вегетациялық кезең тұрақты режимде өтіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасты. Биыл өңірде 146 мың гектардан астам егіс алқабы суарылып, 1,2 млрд текше метрден астам су пайдаланылды.

Жетісудағы суармалы жерлердің басым бөлігі тау өзендері арқылы қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты су көлемі табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді. Су тапшылығы байқалған жекелеген кезеңдерде су қайта бөлініп, каналдардағы су айналымы реттелді. Мәселен, Қаратал ауданында су деңгейінің төмендеуіне байланысты Көксу бөгетінен Қаратал өзеніне қосымша су жіберіліп, жағдай тұрақтандырылды.

Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы 183 мың гектардан астам суармалы жерге қызмет көрсетеді. Оның теңгерімінде 19 гидротехникалық нысан және 4,5 мың шақырымнан астам каналдар мен коллекторлық-дренаждық желілер бар.

Су ресурстарын пайдалануды бақылау бағытында да жұмыстар жүргізілді. Жыл басынан бері 76 тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар бойынша 15,9 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Биыл су беру үдерісінің ашықтығын арттыру мақсатында электрондық келісімшарттар мен биллинг жүйесі толық енгізілді. Бұл су көлемін есепке алу мен

бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.

2027 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық басталды. Келесі жылы «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы 125 мың гектардан астам суармалы жерді қамтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тиімді пайдалану және ауыспалы егіс талаптарын сақтау бойынша жұмыстар жалғасады.



Әлеуметтік сала
08 октября 2026
Жұмыс берушілер қызметкерлерді міндетті сақтандыруды онлайн рәсімдей алады

Жұмыс берушілер қызметкерлерді міндетті сақтандыруды онлайн рәсімдей алады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен (ЖОМС) қамтуды кеңейту және жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында Мемлекеттік аннуитеттік компания өз сайтында жұмыс берушілерге кеңсеге бармай-ақ, менеджердің көмегіне жүгінбей, ЖОМС шартын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа онлайн-сервисті іске қосты.

Енді шартты рәсімдеудің барлық кезеңін онлайн режимде жүзеге асыруға болады: тіркелу, қажетті мәліметтерді енгізу, сақтандыру құнын есептеу, шартты қалыптастыру және оған қол қою. Құжаттар мен анықтамалар белгіленген талаптарға сәйкес тікелей портал арқылы жүктеледі.

Мәліметтердің белгілі бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде алынады. Қалған ақпаратты жұмыс беруші өзі енгізеді. Шартқа қол қойылғанға дейін енгізілген мәліметтерді тексеріп, қажет болған жағдайда түзетуге мүмкіндік қарастырылған.

Шарт жасасу үшін заңды тұлғаның жарамды электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Негізгі рәсімдердің барлығы бір сайтта жүзеге асырылады, бұл ретте басқа сервистерге өтіп қажет емес.

«Онлайн-сервистің іске қосылуы, ең алдымен, жұмыс берушілер үшін сақтандыру рәсімін барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге бағытталған. Рәсімді цифрлық форматта өз бетінше жүзеге асыру уақытты үнемдеуге және кеңсеге бармай-ақ қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік аннуитеттік компанияның басқарма төрағасы Олжас Ашкеев.

Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру – қызметкерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерінің бірі. Заңнамада көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдері еңбекке қабілеттіліктен айырылуға байланысты келтірілген зиянды өтеуді, сондай-ақ емделуге, медициналық және кәсіптік оңалтуға арналған заңда белгіленген шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты қызметкерлерді сақтандыру Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен шамамен 3,5 млн қызметкер қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 млн 130 мың адамға артық.

2026 жылдың соңына дейін ЖОМС шарттарын жасасқан жұмыс берушілердің санын 130 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Цифрлық сервистің іске қосылуы жұмыс берушілерге қызметін жүзеге асыратын өңіріне қарамастан, сақтандыру шарттарын рәсімдеуге қосымша мүмкіндік береді.

Министрлік өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытындағы жұмысты да жалғастыруда. Осы мақсатта кәсіпорындардың қызметін бақылауға арналған цифрлық құралдар қолданылып, жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау жүйесі жетілдірілуде.

Осылайша, ЖОМС рәсімдеу үдерістерін цифрландыру жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталса, өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өндірістік жарақат алу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет ресурсы

Жұмыс берушілер қызметкерлерді міндетті сақтандыруды онлайн рәсімдей алады

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі
08 октября 2026
ХАБАРЛАМА

 

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы
№ 282 бұйрығымен бекітілген «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидалары» негізінде Сізге төмендегіні хабарлаймыз.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Үлгілік қағидалардың 1-тармағына сәйкес, аталған Қағидалардың талаптары құқықтық мәртебесі мен шаруашылық қызмет нысандарына қарамастан барлық заңды және жеке тұлғаларға, сондай-ақ аула және қоғамдық аумақтарды абаттандыруға жауапты лауазымды адамдарға қолданылады.

Үлгілік қағидалардың 3-тармағының 24) тармақшасына сәйкес, іргелес аумақ – ғимараттың, құрылыстың, қоршаудың, құрылыс алаңының шекараларына, сауда және жарнама объектілеріне, сондай-ақ заңды немесе жеке тұлғалардың меншігіндегі, иелігіндегі, жалдауындағы, балансындағы өзге де объектілерге тікелей іргелес жатқан, периметрі бойынша 5 метр шекарадағы аумақ болып табылады.

Үлгілік қағидаларға сәйкес, меншік иелері мен жер пайдаланушылар өздеріне тиесілі аумақтарды тиісті жағдайда күтіп-ұстауға және тазалықты қамтамасыз етуге міндетті.

Осыған байланысты:

іргелес аумақтың санитариялық тазалығын қамтамасыз етуге;
тұрмыстық қоқысты, күл-қоқысты және басқа да қалдықтарды уақытылы жинауға және шығаруға;
аумақты қоқыстан, арамшөптерден және карантиндік өсімдіктерден тазартуға;
аумақтың абаттандырылуы мен тиісті санитариялық жағдайын қамтамасыз етуге назар аудару қажет.
Сонымен қатар, Үлгілік қағидалардың 31-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, жеке тұрғын үйлердің меншік иелері белгіленген шекаралар шегінде жер учаскесін тәртіпте ұстап, іргелес аумақтың тиісті санитариялық жай-күйін қамтамасыз етуге, оны қоқыстардан, арамшөптер мен карантиндік өсімдіктерден тазартуға тиіс.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

Жоғарыда көрсетілген талаптар сақталмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Әкімшілік жауапкершілік:

жеке тұлғаларға – ескерту жасауға немесе 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға (2026 жылы – 86 500 теңге);
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК
(129 750 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК (173 000 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге) әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының
2-бөлігіне сәйкес, осы баптың 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, неғұрлым қатаң әкімшілік жауапкершілік көзделген:

жеке тұлғаларға – 30 АЕК;
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК.
Осыған байланысты меншік иелері мен жер пайдаланушылардан өздеріне тиесілі объектілерге іргелес аумақтарды белгіленген талаптарға сәйкес таза, санитариялық және абаттандырылған жағдайда ұстауды сұраймыз.

Бөлім басшысы Ф. Булекбаев

Тұрғындармен жұмыс
08 октября 2026
Биыл Жетісу облысында 935 мың тонна астық жинау жоспарланған, бұл өткен жылдағыдан 41%-ға артық

Биыл Жетісу облысында 935 мың тонна астық жинау жоспарланған, бұл өткен жылдағыдан 41%-ға артық

Жетісу облысында егін жинау науқаны жалғасуда. Биыл шаруалар астықтың жалпы түсімін 935 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл 2025 жылғы 663,0 мың тоннамен салыстырғанда 41%-ға жоғары. Қазіргі таңда бидай мен арпаны жинау жұмыстары толық аяқталды. Шаруашылықтар дәндік жүгері, майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинауда. Бүгінде 547 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарына 23 центнерден асады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта дәндік жүгері жиналып жатыр. Жалпы 62,7 мың гектар алқаптың 7 мың гектары орылып, гектарынан орта есеппен 75,7 центнер өнім алынды. Бүгінде 52 мың тонна жүгері жиналды.

Сонымен қатар майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда жалпы егіс алқабының 38%-ы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 15,0 центнерді құрап, 60 мың тонна өнім алынды.

Егін жинау науқаны барысында қант қызылшасына да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл бұл дақыл 13,5 мың гектар алқапқа егілді. Алқаптан 585 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Оның 374 мың тоннасын Көксу қант зауытына, 211 мың тоннасын Ақсу қант зауытына жөнелту көзделген.

«Қант қызылшасын жинау жұмыстары 24 қыркүйекте басталды. Бүгінде 537 гектар алқап жиналып, 23,9 мың тонна тәтті түбір алынды. Орташа өнімділік гектарына 445 центнерді құрап отыр, бұл 2025 жылғы 402,5 центнермен салыстырғанда жоғары. Облыстағы екі қант зауытына қазірдің өзінде 16,2 мың тонна қызылша жеткізілді. Жалпы биыл Жетісу облысында қант қызылшасы мен қант қамысынан 101 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарлануда», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Сонымен қатар диқандар алдағы ауыл шаруашылығы маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Күзгі дала жұмыстарына 6,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Кестеге сәйкес бүгінде оның 5,4 мың тоннасы сатып алынып, 4,6 мың тоннасы шаруашылықтарға жеткізілді. Қалғаны қазан айында сатып алынатын болады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен және тұқыммен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Биыл минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін 70,6 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда жоспарланған көлемнің 91,1%-ы сатып алынып, егістік алқаптарда қолданылды.

2027 жылғы егіс науқанына 65,2 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы қажет. Бүгінде қажетті тұқым көлемінің 74,3%-ы дайындалды.

Маусымдық жұмыстарды жүргізуде мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 455 шаруашылыққа жалпы сомасы 11,3 млрд теңге көлемінде несие берілді.

Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауыл шаруашылығы техникасын лизингіге сатып алуға 456 өтінім түсті. Қазіргі таңда 355 бірлік техника сатып алынды, оның 26-сы комбайн, 223-і трактор және 207 басқа да агрегат бар.

Осылайша, Жетісу облысында егін жинау жұмыстарымен қатар келесі маусымға дайындық та қатар жүріп жатыр. Атап айтқанда, тұқым қоры қалыптастырылып, тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, шаруашылықтар қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуде. Жалпы, ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында.

Атап өтсек, биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 514 мың гектарды құрап отыр.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы