Зейнетақы активтерін инвестициялау:

 

ұзақ мерзімді перспективадағы сақталымдылық пен нақты табыстылық

enpf.kz сайтында 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚР Ұлттық Банкі мен инвестициялық портфельді басқарушылардың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі есебі жарияланды.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылар (бұдан әрі – ИПБ) тарапынан зейнетақы активтерін басқару туралы есепті enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау – Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде ұсынады.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚРҰБ мен ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 25 948,09 млрд теңгені құрады.
Осы күнге міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған және ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен 25 103,96 млрд теңгені құрады.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан және ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 755,58 млрд теңгені құрады.
ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 88,55 млрд теңгеден асты.


ҚР ҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі

ҚР Ұлттық Банкі БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сенімгерлік басқарушысы ретінде теңгерімді инвестициялық саясат жүргізіп, активтерді валюталар, елдер, салалар мен эмитенттер бойынша әртараптандырылған қаржы құралдарына инвестициялайды.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары төмендегідей:

  • ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 43,51%

  • квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,45%

  • ҚРҰБ депозиттері – 4,45%

  • екінші деңгейлі банктердің облигациялары – 2,48%

  • шетел мемлекеттерінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 2,12%

  • ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,93%

  • микроқаржы ұйымдары – 1,24%

Валюталар бөлінісінде инвестициялық портфель құрылымы:

  • ұлттық валютада – 59,04%,

  • АҚШ долларында – 40,96%.

Алынған табыс құрылымын талдау нәтижесінде:

  • бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі табыс (депозиттер мен «кері РЕПО» операцияларын қоса алғанда) – 1 981,23 млрд теңге,

  • сыртқы басқарудағы активтер бойынша табыс (валюталық қайта бағалауды қоса алғанда) – 451,35 млрд теңге,

  • өзге табыстар – 6,14 млрд теңге болды.

Бағалы қағаздар мен шетел валютасының нарықтық қайта бағалануы (сыртқы басқарудағы активтерді қоспағанда) теріс қалыптасты.

2025 жыл қорытындысы бойынша есептелген инвестициялық табыс көлемі 1,77 трлн теңгені, ал салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,43% болды.


ЖМЗЖ бойынша инвестициялау

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен қалыптастырылған активтерді инвестициялау бағыттары:

  • ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 89,96%

  • ҚРҰБ депозиттері – 7,26%

  • РЕПО операциялары – 2,77%

  • инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражат – 0,01%

Бұл портфель толықтай ұлттық валютада қалыптастырылған.
2025 жылы сыйақы түріндегі табыс 67,47 млрд теңгені құрады.
Нарықтық қайта бағалау теріс мән көрсетті.
2025 жылғы инвестициялық табыс көлемі 45,35 млрд теңге, табыстылық – 5,11%.


Маңызды ескерту

Зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан инвестициялық табысты кемінде бір жылдық кезеңде талдау орынды. Жекелеген кезеңдерде валюта бағамдарының құбылмалылығы, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі және инфляция әсерінен табыстылық төмендеуі мүмкін.
Инвестициялық портфельді әртараптандыру бір құралдар бойынша алынған табыстың басқалар бойынша уақытша шығындарды жабуына мүмкіндік беріп, ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді. Соңғы 3 жылдағы инвестициялық табыс динамикасы тұрақты өсімді көрсетіп, табыстылық инфляция деңгейінен асып түсті.

ҚРҰБ басқаруындағы инвестициялық портфельдің толық құрылымы мен эмитенттер тізімі, сондай-ақ инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ ресми сайтында орналастырылған.

Дата публикации
04 февраля 2026