Ұзақ мерзімді өсу: 2014 жылдан бері таза инвестициялық табыс 11,67 трлн теңгені құрады

2014 жылы зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) біріктірілген сәттен бастап 2025 жылғы 1 маусымға дейінгі аралықта жинақталған таза инвестициялық табыс көлемі 11,67 трлн теңгеге жетті. Жасалған төлемдерді ескере отырып, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жинақталған таза инвестициялық табыстың жалпы зейнетақы жинақтарындағы үлесі 39,6%-ды құрап отыр. Бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы инвестициялық қызметтің маңызды рөлін көрсетеді.

 

Айта кету керек, зейнетақы активтерінің кірістілігін қысқа мерзімді кезеңдерде бағалау олардың тиімді басқарылуын көрсетпейді. Себебі қаржы құралдары бойынша сыйақы түрінде және басқа операциялардан алынатын табыс қысқа уақыт аралығында бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының құбылуын әрдайым өтей алмайды. Сондықтан инвестициялық табысты шынайы бағалау үшін кемінде бір жылдық кезеңді қарастырған жөн.

 

Қысқа мерзімді ауытқуларға қарамастан, Ұлттық Банк басқаруындағы және міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылғы маусым мен 2025 жылғы мамыр аралығындағы соңғы 12 айда 13,08%-ды құрады. Осы кезеңдегі инфляция деңгейі 11,30% болған жағдайда инвестициялық табыс мөлшері 2,60 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша соңғы 12 айдағы кірістілік 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 11,39% болды.

 

Орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының нақты кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары болып, оң нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2025 жылғы 1 маусымға дейінгі аралықта жинақталған инвестициялық кірістілік 972,48%-ды құраса, осы кезеңдегі жинақталған инфляция 884,38%-ға жеткен.

 

Сондай-ақ, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарын сақтау бойынша бірегей кепілдік жүйесі бар екенін еске саламыз. Егер белгілі бір кезеңде кірістілік төмендеп, салымшының жинақталған кірісіне әсер етсе, төлем құқығы туындаған кезде айырмашылық мемлекет тарапынан өтеледі.

 

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық: әрбір салымшы өз инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы немесе мобильді қосымшада көре алады.

 

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруы және осы активтер орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпараттар БЖЗҚ-ның ресми сайтында (www.enpf.kz) «Статистика және талдау/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «МЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. Қордың құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті атынан Қазақстан Республикасы Үкіметі болып табылады.

 

БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес, БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ талап етілмеген кепілдік өтем сомасынан құралған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуды және аударуды жүзеге асырады. Бұл сомалар екінші деңгейлі банктерде орналастырылған депозиттер бойынша кепілді өтеуді жүзеге асыратын ұйым тарапынан Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Заңына сәйкес аударылады. Қор сондай-ақ зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады.

 

Сонымен қатар, БЖЗҚ мақсатты активтер мен талаптарды, мақсатты жинақтарды мақсатты жинақ шоттарына есепке алу және аудару, оларды алушының банк шотына төлеу, сондай-ақ қайтарымды есепке алу қызметтерін орындайды. Бұл «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады. (Толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
31 июля 2025