2026 жылғы 1 қаңтардан бастап инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) қызметінің тиімділігін объективті бағалауды қамтамасыз ету үшін кірістілік пен тәуекел деңгейіне байланысты Ki композиттік индекстері негізінде бағалау жүйесі енгізілетін болады.
Композиттік индекс – жаһандық экономикалық тенденцияларды, сондай-ақ капитал нарығындағы жағдайларды ескере отырып, ИПБ жұмысының нәтижелерін объективті бағалауды қамтамасыз ететін ұлттық және әлемдік қор нарықтарының индекстерін қамтитын бенчмарк түрі. Осы индекстердің динамикасын ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері (ЗА) портфелінің кірістілігімен салыстыру басқарушы компанияның нарықтық конъюнктурадан қаншалықты озық немесе артта қалғанын бағалауға мүмкіндік береді. Бенчмарк – жеке басқарушылардың тиімділігін салыстырып, нәтижелерін бағалау үшін қолданылатын эталондық көрсеткіш немесе бағдар.
Бүгінгі таңда БЖЗҚ бес ИПБ-мен ЗА сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан. ИПБ-лардың қолданыстағы тәсілі шеңберінде белгіленген нормативтер, заңнама талаптары сақталатынын және зейнетақы активтерінің орташа табыстылығы негізінде есептелген ең төменгі деңгейден төмен емес кірістілік көрсеткіштерін қамтамасыз ететінін атап өткен жөн. ИПБ басқаруына берілген зейнетақы қаражаты көлемінің ұдайы өсуі байқалады. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ИПБ басқаруына берілген зейнетақы активтерінің жалпы көлемі шамамен 107,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте ИПБ активтерінің көпшілігі консервативті инвестициялау стратегиясына сәйкес келетін облигациялар мен мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестицияланады. Қолданыстағы тәсіл зейнетақы активтерінің ең көп мөлшеріне ие ИПБ басқаруындағы орташа алынған кірісті қалыптастыруға айтарлықтай әсер етіп, нәтижесінде басқарушылардың инвестициялық мүмкіндіктерін белгілі бір дәрежеде шектейтіндігіне әкеледі.
Басқа ИПБ кірістілігіне тәуелді емес, әлемдік және жергілікті нарықтардағы жағдайды көрсететін танылған бенчмарк негізінде басқару тәсілін енгізу ИПБ-ға объективті бағдарларға сүйенуге және зейнетақы активтерін инвестициялаудың ең жақсы нәтижелеріне ұмтылуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық стратегияларды қалыптастырудың және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтудің жаңа ережелері
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ИПБ-лар инвестициялық стратегияларға арналған портфельді композиттік индекстер негізінде таңдайтын болады. Эталондық портфель инвестордың стратегиялық мүдделерін көрсететін қаржы құралдарының жиынтығынан тұрады. Эталондық портфельдің кірістілігі зейнетақы активтерін басқару тиімділігін бағалау кезінде шара ретінде қызмет етеді. Композиттік бенчмарк жетекші әлемдік қаржы компаниялары әзірлеген және қадағалайтын индекстерді, сондай-ақ инвестициялау стратегиясына байланысты белгілі бір пропорцияларда "Қазақстан қор биржасы" АҚ индекстерін қамтиды.
Әр ИПБ, бұрынғыдай, активтерді бір инвестициялық стратегия шеңберінде басқарады – ИПБ-ға стратегиялардың бірнеше нұсқалары арасынан таңдау жасау көзделмеген. Алайда, ИПБ-лардың инвестициялық стратегиялары тәуекел деңгейіне, күтілетін кіріске және инвестициялау мерзіміне байланысты әртүрлі болады. Осыны негізге ала отырып, ИПБ салымшыларға зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде үш инвестициялық портфельдің бірін ұсына алады: