Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 2026 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Бірыңғай есеп беру күніндегі БАЯНДАМАСЫ

Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің 2026 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Бірыңғай есеп беру күніндегі БАЯНДАМАСЫ

Мемлекеттік бюджеттің орындалуы

Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ағымдағы жылдың 8 айында мемлекеттік бюджетке 222,4 млрд теңге түсім қамтамасыз етті (2024 ж. - 222,1 млрд теңге), 391 млн теңгеге немесе 100,2% өсім қамтамасыз етілді.

 Жергілікті бюджетке салықтық түсімдер бойынша жоспар 100,3%-ға орындалды (жоспар 73,3 млрд теңге, түсім 73,5 млрд теңге) 191 млн теңге артығымен орындалды, өсім 2,4 млрд теңгеге немесе 3,4%-ға қамтамасыз етілді. Түсімдердің өсуі салықтық және кедендік әкімшілендіруді күшейту есебінен қол жеткізілді, солайша жыл басынан бастап жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша 9,6 млрд теңге қосымша резервтер өндірілді, оның ішінде кедендік әкімшілік ету бойынша 7,1 млрд теңге және салықтық әкімшілік ету бойынша 2,4 млрд теңге.

Тексерістер

Департамент 25 салықтық тексеру жүргізді, оның нәтижесі бойынша 3 546 млн теңге қосымша салық есептелді,оның 925 млн теңге өндірілді. Тексерулер кезіндегі негізгі бұзушылықтар:

              - сенімсіз салық төлеушілермен өзара есеп айырысулар;

              - ККС, ҚҚС және ЭШФ декларациялары арасындағы алшақтықтар;

              - салық төлеуден жалтару схемаларын қолдану.

Сонымен қатар 42 кедендік тексеру нәтижесі бойынша 699,7 млн теңге кедендік баждар есептелді, оның 633 млн теңге өндірілді.

Акциздік өнімдерді әкімшілендіру

Контрафактілік және заңсыз акциздік өнімдерді өткізу өзекті мәселе болып қала береді, жыл басынан бастап жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижелері бойынша акциздік өнімдердің көлеңкелі айналымы анықталды, соның ішінде: - 90,3 тонна алкоголь өнімдері, таңбасы жоқ 299,6 мың пачка темекі өнімдері және 10 тонна мұнай өнімдері.

Камералдық бақылау

Салықты әкімшілендірудің ашықтығын арттыру мақсатында камералдық бақылау хабарламалар тек автоматты режимде ҚР ҚМ МКК деңгейінде орталықтандырылған түрде қалыптасады.

  Хабарламаларды бастапқы өңдеу кезеңінде адам факторы толықтай алып тасталған. Жүйе хабарлама бойынша қосымша декларацияларды немесе электрондық түсіндірмелерді автоматты түрде қабылдайды және хабарлама орындалмаған жағдайда автоматты түрде шаралар қолданады. Жыл басынан бастап КҚС, КТС, ЖСН бойынша бұзушылық сомасы 506,3 млрд теңгеге 3 909 хабарлама жіберілді, 1 919 хабарлама бойынша орындалуы қамтамасыз етілді, нақты ақшалай түрде 1 841,0 млн теңге өндірілді немесе тиімділігі 71%-ды құрады.

ККМ

 Ақшалай қолма-қол ақшаны бақылау көлеңкелі экономикамен күрестің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады, жасырын операциялар деңгейін төмендету үшін департамент тұрақты негізде БКМ (бақылау кассалық машина) қолданылуын бақылауды жүзеге асырады. Солайша, 01.09.2026 ж. жағдай бойынша облыс аумағында барлығы 33,6 мың БКМ тіркелген, бұл ретте 15,6 мың немесе тіркелген БКМ -ың жалпы санының 46%-ы белсенді емес. Кассалық тәртіптің төмен деңгейінің басты мәселесі — төлемдерді мобильді аударымдар арқылы қабылдау немесе ККМ-ді қолданбау. Аталған салық төлеушілердің салық кабинетіне Push-хабарламалар жіберілді. Бүгінгі таңда кассалық аппарат әрбір кәсіпкердің ажырамас атрибуты болып табылады. БКМ -нің болмауы және чекті бермеу кәсіпкердің нақты табысын жасыруға, бюджетке салық түсімдерінің азаюына әкеп соғады. Кассалық тәртіпті бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 284-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, жыл басынан бастап облыс бойынша барлығы 121 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ҚР ӘҚБтК-нің 194-195-баптары бойынша (Pos-терминал) 132 кәсіпкерлік субъектісі тартылды.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету

Департамент 40 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның ішінде 23 салықтық және 17 кедендік қызмет бар. Бұл ретте қызметтердің 36 түрі немесе 99,9%-ы электрондық түрде көрсетіледі.

2026 жылдың 8 айында көрсетілген 1 255 мың қызметтің 1 254 мыңы немесе 99,9%-ы электрондық түрде көрсетілді. Ең көп сұранысқа ие қызметтер:

-Транзиттік декларацияны қабылдау– 823,8 мың немесе 66%.

-Салықтық есептілік– 225,8 мың немесе 18%.

Әкімшілік жүктемені азайту және бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Оңайлатылған декларация негізіндегі жаңа арнаулы салық режиміне көшу аяқталды. Облыста бұрынғы форматтарды қолданған 37,2 мың кәсіпкердің 34,0 мыңы (96%) жаңартылған Оңайлатылған декларация негізіндегі режимге көшті. Қалған 4%-ы (3,2 мың салық төлеуші) жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміне ауыстырылды.

Бұған дейін электрондық сервистердің барынша қолжетімді болуына қарамастан, бизнестің салықтық есептілікті тапсыру мерзімдерін бұзуы немесе оны мүлдем ұсынбауы өзекті мәселелердің бірі болды. Оның негізгі себептері салықтық есептілік нысандарының көптігі және оларды толтырудың күрделілігі еді.

Осы кедергілерді жою мақсатында 2026 жылдан бастап салықтық есептілік нысандары 30%-ға қысқартылды. Осылайша, әкімшілік жүктеме азайтылып, қайталанатын және артық СЕН нысандарының үштен бірі жойылды.

2026 жылдан бастап енгізілген жаңашылдықтардың бірі – «нөлдік» есептілікті автоматты түрде қалыптастыру. Кәсіпкер белгіленген мерзімде декларацияны тапсырмаған жағдайда, салық жүйесі оның орнына нөлдік есептілікті автоматты түрде қалыптастырады. Бұл жаңашылдық бизнеске банк шоттарын бұғаттау, әкімшілік айыппұлдар және қосымша қаржылық жүктеме сияқты шаралардан аулақ болуға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік кірістер органдарының имиджін арттыру және бақылау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларында және кеден бекеттерінде «Қызыл батырма» QR-кодтары енгізілді. Бұл бірыңғай тәуекелдерді бақылау тетігі бизнес өкілдеріне жергілікті кедергілерді айналып өтіп, бұзушылықтар туралы шағымдарды тікелей КГД Төрағасына жолдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Департамент сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға (СЭҚҚ) кеден бекеттерінде бірыңғай QR-код арқылы қолжетімді «Көмек Кеден» цифрлық платформасын енгізді.

Жүйе екі модуль арқылы жұмыс істейді: қызметкерлердің әрекеттерін бағалауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға арналған сауалнама, сондай-ақ ағымдағы мәселелерді жедел шешуге және шағымдар беруге арналған чат.

Аталған платформаны енгізу – клиентке бағдарланған және сыбайлас жемқорлықтан ада кеден қызметін қалыптастыру жолындағы стратегиялық қадам. СЭҚҚ-мен кері байланыс жүйелі мәселелерді жедел анықтауға, азаматтар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қанағаттану деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және клиентке бағдарлану – Департаменттің басым міндеттерінің бірі.

          Берешек

          Салық бойынша берешек (ЖК және ЗТ) 01.09.2026 жылғы жағдай бойынша 5 298,1 млн теңгені құрады, жыл басынан бастап 1 186,1 млн теңгеге көбейді (01.01.2026 ж. төлемдеме 4 112 млн теңгені құрады), оған тексеру актілерінің нәтижелері және камералдық бақылау нәтижелері  әсер етті.

Берешектің негізгі өсімі «Болашақ бастау» ЖШС-не тиесілі, тексеру актісі бойынша қосымша есептеулер сомасы 1 557,9 млн теңге (24.07.2025 ж. № 36).

Жеке тұлғалардың жергілікті салықтары бойынша төлемдеме 621,8 млн теңгені (16 524 ЖТ) құрады, бұл ретте негізгі үлес 98% немесе 609,3 млн теңге жеке тұлғалардан алынатын көлік салығына (10 594 ЖТ) тиесілі. Аудандық басқармалар барлық борышкерлерге қатысты ҚР Салық кодексіне сәйкес салықтық берешегі туралы хабарлама жіберу, уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және нысандарда бұйрықтарды табыстау арқылы мерзімі өткен салықтық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін күн сайын қолданады.       Жеке тұлғалардың берешегін одан әрі өндіру ҚР атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ЖСО арқылы жүзеге асырылады.

  Әкімшілік практика

2026 жылдың өткен кезеңінде 11 066 әкімшілік іс қозғалып, оның 10 813-і бойынша 1 317 млн теңге сомасында әкімшілік жаза қолданылды, оның ішінде: 6158 ерікті түрде төлеу туралы хабарлама, 4 655 қаулы (оның 1191-і әкімшілік айыппұл салу туралы, 3464-і ескерту туралы).

7077 (98%) іс бойынша 539 млн теңге (41%) сомасында өндірілді.

Кеден бағыты бойынша

          Автокөлік өткізу пункттерінде «CarGoRuqsat» және «TimeSheet» (автокөлік құралдарының өткізу пункті арқылы өту уақытын бақылау) электронды кезек жүйесі енгізілді, бұл автокөлік құралдарының өткізу пункттері арқылы өтуінің орташа уақытын 9 сағаттан 15 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді (36 есе қысқарды).

 «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде орналасқан шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру» жобасы аясында «Алакөл» өткізу пунктіндегі жол бөлігі екі жолақтан алты жолаққа дейін кеңейтіліп, жұмыс уақыты тәулігіне 8 сағаттан 12 сағатқа дейін ұзартылды.

Кедендік ресімдеу мен уақытша сақтау қоймасының қызметін атқаратын «Dostyk Customs Service» A класты көлік-логистикалық орталығының жанында тамақтану және қонақүй нысандары, сондай-ақ тегін автотұрағы бар «Autohub» іске қосылды. Сонымен қатар, шекаралық өткізу пунктінің маңында алыс қашықтыққа жүк таситын көліктерге арналған (дүкені мен санитарлық тораптары бар, 70–80 жүк көлігін сыйдыратын) бөлу және жинақтау алаңы құрылды, нәтижесінде өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1 000 көлікке дейін артып, бес есеге өсті.

«Нұр жолы» өткізу пунктінің жанында өздігінен жүретін (жолаушылар) көлік құралдары мен габариті үлкен көліктердің қозғалысына арналған айналма жолдың құрылысы аяқталды, аталған бекет соңғы екі жыл бойы тәулік бойы жұмыс істеп келеді.

«Нұр жолы» өткізу пункті қызмет көрсететін аумақта уақытша сақтау қоймаларының саны 11-ге дейін арттырылды, сондай-ақ 5-ші шақырым тұсында габариттен тыс көліктерге арналған арнайы алаң ашылды. Бұған қоса, «ҚазАвтоЖол» АҚ жүк көліктеріне арналған екі уақытша логистикалық-тарату орталығын іске қосты (олардың бірі өткізу пунктіне кіреберіс жолдың бір жағында, екіншісі екінші жағында орналасқан), қазіргі уақытта кіреберіс жол бойында қосымша көлік тұру алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде.

Шетелдік рұқсат қағаздарының нысандары тікелей кеден бекеттерінде беріледі (бұл функцияны бұрын Көлік министрлігі атқаратын), сөйтіп тасымалдаушыларға ҚХР-ға кірген кезде аталған құжаттарды алуға мүмкіндік жасалады.

Қабылданған шаралар нәтижесінде өңірдің өткізу қабілеті мен транзиттік әлеуеті 25%-ға - 817 000-нан 1 019 000 көлік құралына дейін артты; бұл сондай-ақ кедендік түсімдерге оң әсер етіп, олардың жылдық көрсеткіш бойынша 5,3%-ға немесе 13,0 миллиард теңгеге өсуіне ықпал етті.

2026 жылғы 2 мамырда «Нұр Жолы» автомобильдік шекаралық өткізу пунктінде қағаз талонды цифрлық баламаға алмастыратын «Цифрлық көлік паспорты» (ЦКП) модулін пилоттық режимде енгізу басталды. Цифрлық платформа жүк қозғалысын бүкіл маршрут бойына - құжаттарды ресімдеу мен мәртебесін тексеруден бастап, тексеру шараларының аяқталуы мен жүктің нақты тасымалдануына дейін - қадағалауға мүмкіндік берді.

Бірыңғай цифрлық көлік экожүйесі құрылды; бұл қатысушыларға бытыраңқы құжаттар мен жүйелермен емес, біртұтас цифрлық ортада жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Әрбір қатысушы - жүргізуші, логистика маманы, жүк иесі немесе инспектор болсын - өз рөліне қатысты нақты деректерге қолжетімділік алады.

Платформа кеден органы қызметінің әртүрлі бағыттарын қамтамасыз ететін бірнеше функционалдық модульден тұрады (соның ішінде «Цифрлық маршруттық парақтар» модулі - бұдан әрі «ЦМП модулі» және Пошта орталығындағы лауазымды тұлғаларға арналған модуль); бұл модульдер бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істейді және жекелеген міндеттерді орындайды.

ЦМП модулі тауарларды кедендік транзит рәсіміне орналастырмастан, кедендік бақылауға жататын тауарларды тасымалдауға арналған маршруттық парақтарды ресімдеу, қадағалау және басқару процестерін қамтамасыз етеді.

Модулді енгізгенге дейін маршруттық парақтарды өңдеу толығымен қағаз жүзінде және қолмен жүзеге асырылатын.

Кедендік транзит және экспорт рәсімдері бойынша, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда шеңберінде автомобиль және теміржол көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты навигациялық пломбаларды пайдалану арқылы бақылау шаралары кезең-кезеңімен енгізілуде.

Навигациялық пломбаларды қолдану нарыққа қатысушыларға қатысты кеден және басқа да реттеуші органдар тарапынан жүргізілетін артық тексерулер мен қосымша бақылау шараларын барынша азайтады. Бұл жүктердің бүкіл транзиттік бағыт бойында рұқсатсыз қолжетімділіктен қорғалуына кепілдік береді. Процестерді басқару Ұлттық оператордың ақпараттық жүйесіндегі «жеке кабинет» арқылы жүзеге асырылады; аталған жүйе Одаққа мүше барлық елдердегі операторлардың қызметтері үшін бірыңғай төлем тетігін қамтиды.

Мемлекет үшін навигациялық пломбаларды енгізу - көлеңкелі экономикамен күресудің тиімді құралы; ол «жалған транзит» пен «жалған экспорт» схемаларын жояды, адал бәсекелестікті қамтамасыз етеді және мемлекеттік бюджетке салықтық түсімдердің тұрақты ағынын қамтамасыз етеді.

Түсіндіру жұмысы

Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексін енгізу заманауи, ашық және сервистік бағыттағы салық жүйесін құру жолындағы іргелі қадам болды. Реформаның негізгі философиясы фискалдық-бақылау тәсілінен мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы серіктестік қатынастарға өтуді көздейді. Жаңартылған заңнама экономиканың нақты секторын өсіруге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және халықтың әлеуметтік қорғалуын арттыруға пәрменді қаржылық ынталандырулар қалыптастырды.

Азаматтар үшін басты оң нәтиже базалық салық шегерімін екі еседен астамға — 14-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту есебінен орташа және базалық табысы бар жеке тұлғалардың кірістеріне түсетін салық жүктемесінің едәуір төмендеуі болды. Өзгерістердің прогрессивті сипаты әлеуметтік қолдауды түбегейлі күшейтуде де көрініс тапты: I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін әлеуметтік шегерімдердің мөлшері 5 000 АЕК-ке дейін артты. Мемлекет тарапынан мыңдаған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен жеке орындаушылар үшін 4% ставка бойынша ашық бірыңғай төлемді енгізу барлық әлеуметтік кепілдіктерді сақтай отырып, кірістерді толық заңдастырудың қарапайым жолын ашты. Бұдан бөлек, бөлшек инвесторлар бағалы қағаздармен жүргізілетін операцияларға салық салу кезінде өткен кезеңдердегі шығындарды есепке алудың уақтылы механизміне ие болды.

Кәсіпкерлік субъектілері үшін жаңа Кодекс басым салаларды қолдаудың стратегиялық шараларын ұсынды. Агроөнеркәсіптік кешен үшін 3% деңгейіндегі ең қолайлы корпоративтік салық ставкасы сақталды, ал әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары үшін төмендетілген бейімделу ставкалары көзделген. Салықтық әкімшілендіру саласында сапалы бетбұрыс орын алды: сервистік модельді енгізу және процедураларды автоматтандыру тапсырылатын салықтық есептіліктің жалпы көлемін 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Бизнестің операциялық қызметін бюрократиялық іркілістерден қорғаудың маңызды қадамы банктік операцияларды тоқтата тұру шаралары қолданылатын салықтық берешек шегін 20 АЕК-ке дейін арттыру болды, бұл бұрынғы техникалық немесе незначительный берешектерге байланысты шоттарды бұғаттау тәжірибесін толығымен жойды.

Әрине, жүргізіліп жатқан реформаның ауқымдылығы жаңартылған институционалдық жағдайларға бейімделу кезеңін талап етті. Жекелеген өзгерістер, соның ішінде қосылған құн салығы бойынша шектерді қайта қарау, арнаулы салық режимдерін қолдану шарттарын түзету және электрондық шот-фактураларды бақылаудың базалық процедураларын енгізу адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, көлеңкелі схемаларды жоюға және адал бизнесті демпингтен қорғауға бағытталған. Кәсіпкерлерде туындайтын сұрақтар жұмыс сипатына ие және құқық қолдану тәжірибесін мониторингтеудің қолданыстағы жүйесі мен жұртшылықпен тұрақты диалог аясында табысты шешілуде.

Жалпы алғанда, Салық кодексін жүзеге асыру жоғары тиімді нәтиже көрсетіп отыр. Қалыптасқан салықтық модель ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің берік іргетасын қалайды, инвестициялық белсенділікті ынталандырады және қоғамдағы әлеуметтік жүктемені әділ бөлуді қамтамасыз етеді.

Назар аударғаныңызға рахмет.

Доклад
Дата публикации
13 октября 2026