«Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ энергетика және инфрақұрылымдық даму бөлімі туралы Ереже

«Жетісу облысының энергетика және тұрғын

үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ

энергетика және инфрақұрылымдық даму бөлімі туралы

Ереже

                                                   

  1. Жалпы ереже

 

  1. Энергетика және инфрақұрылымдық даму бөлімі (бұдан әрі - бөлім) «Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ (бұдан әрі - Басқарма) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
  2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, қолданыстағы заңнаманы, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, облыс әкімінің шешімдері мен өкімдерін, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұйрықтары мен әдістемелік нұсқауларын, басқару туралы ережені және осы Ережені басшылыққа алады.
  3. Бөлімнің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы бекітеді.

                                       

  1. Энергетика және инфрақұрылымдық даму бөлімінің

негізгі міндеттері, құқықтары мен функциялары

 

  1. Міндеттері:

1) облыста жылыту маусымына дайындықты және оның өтуін бақылау;

2) дизель отынының саны мен босатылуын тұрақты бақылау, күнделікті, ай сайынғы, тоқсандық ақпаратты дайындау;

3) жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарды отынмен қамтамасыз етуді бақылау;

4) облыстың коммуналдық кәсіпорындарында жылу беру маусымының өтуі бойынша мониторинг жүргізу;

5) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын барлық жобалар бойынша республикалық бюджет комиссиясының отырысына қажетті құжаттарды дайындау және ұсыну;

6) облыстық мәслихаттың отырысына аудандар мен қалалар әкімдіктерімен бірлесіп, бюджеттік өтінімдерді дайындау және ұсыну;

7) облысты жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау жобаларын іске асыруға бөлінген қаражатқа сәйкес қаржыландыру жоспарын дайындау;

8) жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау саласындағы жобаларды әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша Мемлекеттік сатып алуды жүргізу үшін қажетті құжаттарды дайындау;

9) тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, жұмыстарды берушілермен, орындаушылармен жасалатын шарттардың, қосымша келісімдердің жобаларын дайындау;

10) жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау жөніндегі жобаларды әзірлеуге және құрылыс-монтаждау жұмыстарына мониторинг жүргізу және бюджет қаражатын игеру.

11) облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінің апта сайынғы хаттамасына ақпарат дайындау;

12) Жетісу облысының 2017-2025 жылдарға арналған жаңартылатын энергия көздерін дамыту Бағдарламасы шеңберінде жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу;

13) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына және бөлім қызметіне қатысты басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін әзірлеу және келісуге, бекітуге, тіркеуге ұсыну; ;

14) өткен қаржы жылындағы бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді дайындау, ашық бюджеттердің интернет-порталында орналастыру, ашық бюджеттердің интернет-порталында одан әрі жұмыс істеу.

15) электр жабдықтау объектілеріне құқық белгілейтін құжаттарды дайындау бойынша мониторинг.

 

  1. Функциялар:

1) ведомстволық бағынысты аумаққа орналастырылатын, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне берілетін жылу энергиясын өндіруге арналған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобаларын келісу;

2) тұтынушылардың жылу пайдалану қондырғыларын пайдалану мен техникалық жай-күйіне бақылауды жүзеге асыру;

3) жылу желілері бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен жүзеге асыруды және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуін бақылау;

4) жылу желілеріндегі (магистральдық, орамішілік) технологиялық бұзушылықтар бойынша ақпарат жинау;

5) жылу желілерін (магистральдық, орамішілік)жөндеу жоспарларын келісу;

6) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті аумақты дамыту бағдарламасына енгізуді қамтамасыз ету, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында келісім жасасу, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ақпараттық қызметті жүзеге асыру;

7) объектілер мен кешендердің ведомстволық бағынысты аумағында салынуы белгіленген (реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, күрделі жөндеу) объектілерге мониторингті жүзеге асыру;

8) өз құзыреті шегінде облыстық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту үшін ұсыну;

9) Жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын объектілер мен кешендерді салуға арналған жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қарау және бекіту;

10) есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін электрмен жабдықтау және жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын әзірлеу және бекіту үшін ұсыну;

11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен облыстық коммуналдық мүлікті ауданның, облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлік деңгейіне беру туралы шешімдер қабылдау үшін енгізу жатады;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

  1. Құқық:

1) ұйымдар мен бөлімдерден қажетті материалдарды, құжаттарды, анықтамалар мен ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.

 

  1. Бөлімнің қызметін ұйымдастыру

 

  1. Бөлімді басқарма басшысы тағайындайтын басшы басқарады.

Бөлімінің басшысы:

1) бөлімнің жұмысын ұйымдастырады және Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына дербес жауап береді;;

2) бөлім қызметкерлері арасында міндеттерді бөледі, қажетті тәртіпті және еңбекті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді,;

3) бөлімнің қызметін, оның әрбір қызметкерін зерделейді және басқарма басшысына бөлімнің құрылымын жетілдіру, мамандарды қызметке тағайындау және босату, оларды жазалау және көтермелеу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретіне кіретін басқарма басшыларының тапсырмалары бойынша басқа да міндеттерді орындайды.

  1. Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Бөлім атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Бөлім басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.

         

 

Энергетика және инфрақұрылымдық

даму бөлімінің басшысы                                                                           Е. Елуханов

 

 

«Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ энергетика және инфрақұрылымдық даму бөлімі туралы Ереже
Дата публикации
04 января 2024