Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Талдықорған қаласында жаңа қалалық емхана ашылды. Бұл медициналық мекеме қаланың қарқынды дамып, жаңа тұрғын үйлер салынып жатқан бөлігінде тұратын халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған емхана тіркелген 62 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатына қатысқан Бейбіт Исабаев жиналған қауымды емхананың ашылуымен құттықтады:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы міндеттерді жүзеге асыру – біздің өңірлік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Талдықорғанда үшінші емхананың ашылуы – осындай атқарылған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Бұрын бұл ғимарат сот органдарын орналастыру үшін салынып бастаған еді. Алайда облыстар бөлінгеннен кейін оған қажеттілік болмады. Сондықтан жобаны халықтың қажетіне қарай өзгерту туралы шешім қабылданды. Қаланың осы бөлігінде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруіне байланысты халық саны да артып келеді. Осыны ескеріп, үлкен әрі заманауи емхана салуды жөн көрдік. Мұндай емхана өңірде жоқ: іші де, сырты да әдемі, ауласы абаттандырылған, құрал-жабдықтары жаңа заманға сай. Жаңа емхананың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл маңызды әлеуметтік нысан тұрғындардың игілігі үшін табысты қызмет ете берсін, - деген Б. Исабаев мердігер ұйым басшылығы мен ұжымына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтағаны үшін алғыс айтты.
Емхана заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтар, рентген және маммография аппараттары орнатылған. Сонымен қатар қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізуге арналған жеке зертхана қарастырылған.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде медициналық көмектің сапасын арттыру үшін кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты облысқа медицина мамандарын тарту мақсатында біржолғы көтермеақы төлеу көзделген. Қалаға жұмысқа барған дәрігерлерге 5 млн теңге, ал ауылдық жерлерге барған мамандарға 10 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде дәрігер тапшылығы екі еседен астамға қысқарды. Ал 32 медициналық учаскесі жұмыс істейтін жаңа емхананың штаттық бірліктерінің жалпы саны 445. Медициналық мекеме учаскелік қызмет, жалпы практика дәрігерлерінің қабылдауы және бейінді мамандардың консультациялары бар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді.
Жобада ғимарат ішінде және оған іргелес аумақта қозғалысы шектеулі азаматтардың кедергісіз кіруі мен қауіпсіз жүріп-тұруына қажетті жағдайлар қарастырылған.
Салтанатты рәсімде жаңа ғимараттың символдық лентасы қиылды. Мұнан кейін шараға қатысушылар мен қонақтар емхананың ішін аралап көрді. Облыс әкімі медициналық кабинеттердегі заманауи құрал-жабдықтардың жұмысымен және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің ұйымдастырылуымен танысты.
Емхана директоры Сәуле Құсмолданованың айтуынша, бұл медицина нысаны отбасылық бағытта.
- Мұнда отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Сол сияқты Талдықорғанда алғаш рет амбулаториялық хирургия орталығы ашылады. Барлық шағын инвозиялық операциялар осы жерде жасалады. Күндізгі стационар, заманауи зертхана да бар, деді Сол.
Жаңа емхананың ашылуына қатысты медицина мамандары, сондай-ақ қала тұрғындары пікір білдірді.
- Өткен жылы жұбайым екеуміз Астанадан Талдықорғанға көшіп келдік. Көтермеақы алдық, бұл жас отбасымызға үлкен қолдау болды. Енді жаңа емханада жұмыс істейміз. Емхана заманауи медициналық жабдықтар орнатылған, сапалы диагностикадан өтуге мүмкіндік бар, барлығы жаңа. Осылайша, қаламызда заманауи медициналық орталық пайда болды, - деді жалпы тәжірибелік дәрігер Ілияс Сәби.
- Жаңа емхана туралы жалпы әсерім өте жақсы. Мұнда көптеген жаңа медициналық аппараттар бар екен. Бұл – жақсы жаңалық. Енді қаламызда сапалы медициналық көмек алудың мүмкіндігі арта түседі, - деді талдықорғандық Анастасия Селеванова.
Жергілікті тұрғын Әният Бейсембекұлы да осындай пікірде:
- Ең бастысы, мұның бәрі халықтың игілігі мен денсаулығын нығайту үшін жасалып жатыр. Өзім осы шағынауданда тұрамын. Енді дәрігердің қабылдауына бару үшін қаланың басқа бөлігіне қатынаудың қажеті болмайды. Бұл емханаға келу маған әлдеқайда ыңғайлы, оның үстіне мұнда бәрі жаңа, - деді ол.
Атап өтсек, бес қабатты жаңа емхана ғимаратының жалпы ауданы 11 562,7 шаршы метр.
Жаңа заманауи медициналық мекеменің ашылуы Жетісу облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы кезекті қадам деуге болды.
Жалпы, Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде 149 жаңа медициналық нысан салынды. Оның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Сонымен қатар 15 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Соңғы 4 жылда әлеуметтік сала инфрақұрылымын жаңғырту деңгейі 55,8%-ға жетті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысында соңғы үш жыл ішінде әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі орта есеппен 55,8%-ға жетіп, 276 нысан жаңарды. Соның ішінде биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілсе, 7 мекеме күрделі жөндеуден өтуде. Келесі жылы ашылатын объектілер қатары да арта түспек. Бұл туралы Кербұлақ ауданының тұрғындарымен болған кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз баяндамасында өңір басшысы халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік саланы қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Мәселен, биыл білім саласында 4 мектеп қолданысқа беріліп, 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, солардың бірі – Кербұлақ ауданы Көксай ауылында орналасқан 60 орындық мектеп. Аталған білім беру нысаны 19 қазан күні пайдалануға берілді. Ал денсаулық сақтау саласында 4 нысан іске қосылған, соның ішінде қайта жаңғыртылып, жуырда ашылған Кербұлақ аудандық ауруханасы да бар. Аурухана жаңа медициналық құралдармен толық қамтылған. Бұл ретте өңір басшысы аудан әкіміне келесі жылдың бюджетіне Қоғалы ауылдық ауруханасын ағымдағы жөндеуге бюджеттік өтінім әзірлеуді тапсырды.
Атап өтсек, Талдықорған қаласында 500 келушіге арналған жаңа емхананың құрылысы және көпсалалы облыстық балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, облыс орталығында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы салынуда.
- Биыл облыста 3 мәдениет үйі мен 2 кітапхана пайдалануға берілді. Оның біреуі – сіздердің ауданда, Сарыөзек ауылындағы кітапхана. Президенттің бастамасымен қолға алынып отырған аса маңызды «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру аясында Сарыөзектегі жаңа кітапхана 53 мыңнан астам кітап қорымен және заман талабына сай электронды кітаптармен жабдықталды. Жалпы, адамның логикалық ойлау қабілетін, парасат-пайымын, аналитикалық талдауын дамыту үшін кітап оқудың пайдасы үлкен. Сондықтан әсіресе жастар кітап оқуы керек, - деген Б. Исабаев аудан әкіміне кітапхана ғимаратын қысқа мерзімде табиғи газға қосуды тапсырды.
Сондай-ақ, Қоғалы ауылдық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және абаттандыруға биыл «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінген. Жұмыстарды келесі жылы көктемде аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі сонымен қатар спорт саласындағы жаңа нысандарға да тоқталды. Атап айтқанда, Алакөл ауданының Қабанбай ауылында 80 орындық спорт кешені ашылып, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында демеуші қаражаты есебінен дзюдо орталығы салынған. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
- Жалпы алғанда биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді, келесі жылы да бұл қарқын бәсеңдемейді, салынып, жөнделетін нысандар қатары артады. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз тұрақты экономикалық, әлеуметтік, рухани толысу жолына түскенін көрсетеді. Бүкіл Қазақстан бойынша өте үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі халықтың игілігіне, жас ұрпақ игілігіне атқарылып отыр - деді Б. Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Енді қажетті тексерулерден өтіп, ем-домды аудан аумағында алуға болады. Республика күні қарсаңында Сарыөзек ауылында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сейсмикалық күшейтуден өткен орталық аудандық аурухана ашылды. Жалпы, соңғы үш жылда ауданның ауылдық елді мекендерінде 19 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының стационарлық бөлімі 1986 жылы салынған. Ғимарат пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жүргізілген жұмыстар стационарлық медициналық көмек көрсету жағдайларын жақсартуға, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңартылған ғимарат 120 төсек-орынға арналған.
- Біздің аурухана - аудан тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін көпбейінді медициналық ұйым. Мұнда терапиялық, хирургиялық және травматологиялық көмек көрсетіледі. Аурухана құрылымына перзентхана, педиатрия, инфекциялық және басқа да бөлімшелермен қатар, диагностика және реанимация бөлімдері кіреді, - деді Кербұлақ аудандық ауруханасының директоры Жанета Нұрманбетова.
Аудандық орталық аурухананы жаңғыртудың басты игіліктерінің бірі – мұнда медициналық жабдықтар жаңартылды.
Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
Мұнда 83 бірлік медициналық техника, сондай-ақ 601 дана жиһаз бен төсек-орын жабдықтары сатып алынды. Қазіргі уақытта ауруханада компьютерлік томограф, рентген, маммограф және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараттары толыққанды жұмыс істеп тұр. Осылайша аудан тұрғындарына заманауи диагностикалық қызмет көрсетіледі. Бұл - өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Мекемеде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында 2024 жылдан бері ауданға 14 дәрігер жұмысқа келді.
- Мен аудандық ауруханада жас маманмын, эндокринолог дәрігер болып жұмыс істеймін. Маған 10 млн теңге көлемінде біржолғы көтермеақы берілді, бұл бізге - үлкен қолдау. Сонымен қатар баспана мәселесі де шешілді. Мұндай мемлекеттік қолдау ауылдық жерлерді білікті медицина мамандарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ендігі менің басты міндетім – өзіме артылған сенімді ақтау. Өз тарапымнан пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсету үшін бар күшімді салып келемін. Осы тұрғыдан алғанда, аурухананың жаңартылуы да жұмысымызға үлкен қолдау болып отыр, - деді Айдана Маратқызы.
Жаңартылған аурухана туралы жергілікті тұрғындар пікір білдірді. Солардың қатарында Сарыөзек ауылының тұрғыны Жанат Ахметова да бар:
– Менің төрт қызымның төртеуі де осы ауруханада дүниеге келді. Әрине, соңғы жылдары аурухана ғимараты ескіріп, тозған болатын, сондықтан күрделі жөндеу жасағаны жақсы болды. Ауруханамыз заманауи кейіпке енді, жаңа құрал-жабдықтар әкелінді. Ауданға дәрігерлер, жаңа мамандар келіп жатқанына қуаныштымыз. Жалпы алғанда, мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміән, - деді ол.
Бұл пікірге ауыл тұрғыны Сламбай Тоқабаев та қосылды:
- Ауруханамыз ашылғалы бері, яғни осыдан 40 жылдай уақыт бұрын салынғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мысалы, бұрын стационарға емделуге келгенде іші қараңғы, бәрі ескі болатын. Тіпті, кейде жазылып шығатыныңа деген сенім де азаятын. Қазір бәрі өзгерді: іші жарық әрі жайлы. Сонымен қатар барлық қажетті медициналық жабдықтар орнатылған. Бұрын компьютерлік томографиядан (КТ) өту үшін Талдықорғанға баруға тура келетін. Енді бұл мәселе де шешілді. Бұған қоса, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданымызға білікті дәрігерлер келді, – деп ой бөлісті ауыл тұрғыны.
Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының жаңартылып, қолданысқа берілуі ауданның денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызды кезең деуге болады. Медицина мамандарының жұмысына және пациенттердің ем алуына заманауи жағдай жасау медициналық қызмет сапасын арттыруға әрі тұрғындарға уақытылы көмек көрсетуге бағытталған.
Еске салсақ, бұған дейін Ақсу ауданындағы орталық аудандық аурухана да күрделі жөндеу мен сейсмикалық күшейту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілген болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысының Ақсу ауданында соңғы 3 жылда білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларындағы 23 жаңа әлеуметтік нысан салынып, 5 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы, аталған кезеңде облыста әлеуметтік нысандардың жаңару деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, осы уақытқа дейін күрделі мәселеге айналған Ақсу аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Өткен аптада аурухана пайдалануға беріліп, жаңа медициналық жабдықтармен қамтылды. Қазіргі уақытта медициналық мекеме жұмысын бастады.
- Келесі жылдың бюджетінде аудан тұрғындарына қажетті компьютерлік томограф пен оттегі станциясын орнатуға қаражат қарастырылған. Енді аудан тұрғындары компьютерлік томографиядан өту үшін облыс орталығына бармайды. Сонымен қатар былтырғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген мәселені ескере отырып, Қарашілік ауылында блокты-модульді медициналық пункт орнатылды. Бұдан бөлек, Қызылағаш ауылында шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған трассалық медициналық-құтқару пунктінің құрылысы жүріп жатыр. Онда тәулік бойы жедел медициналық көмек көрсетіледі. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – деді Б. Исабаев.
Білім беру саласында биыл Көшкентал ауылында бұрынғы бейімделген ғимараттың орнына 180 орынды мектеп пен 75 орынды шағын орталық пайдалануға берілді. Мектепте 18 орынды оқу залы бар кітапхана, 40 орынды асхана, 124 орынды спорт және акт залдары қарастырылған. Сондай-ақ физика, химия, биология пәндеріне арналған кабинеттерді, екі мультимедиалық кабинетті қамтитын жаңа үлгідегі оқу кабинеттері жабдықталған. Бұған қоса, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Мәдениет саласында өңірде 3 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оның екеуі биыл Ақсу ауданындағы Матай, Есболатов ауылдарында ашылды. Қапал ауылындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жылыту қазандығы ауыстырылды.
Бұған дейін жеке ғимараты болмаған аудандық кітапханаға Жансүгіров ауылындағы балалар спорт мектебінің ғимараты берілді. Бұл кітапхананың жұмысына қолайлы жағдай туғызды.
- Сонымен қатар Арасан ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта нысанның жалпы дайындық деңгейі 73%. Осыған байланысты аталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырамын. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Ақсу аудандық М. Байсақұлы атындағы мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және аумағын абаттандыруға 150 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды келесі жылдың көктемінде аяқтау қажет, – деген өңір басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов және фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі де ұсынды.
Жетісу облысында өткен жылы 3 284 отбасы баспаналы болса, биыл 4 600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Олардың қатарында Ақсу ауданының тұрғындары да бар. Бұл туралы аудан халқымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй беру функциясының «Отбасы банкке» берілуіне байланысты биыл Ақсу ауданында кезекте тұрған азаматтарға өткен жылы құрылысы аяқталған 116 пәтер мен тұрғын үй берілді.
- Кезекте тұрған азаматтарға көпқабатты тұрғын үйден 60 пәтердің және 56 жеке тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар биыл Жансүгіров және Қапал ауылдарында 40 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін олар пайдалануға беріледі, - деді Б. Исабаев.
Жалпы, соңғы 3 жылда Ақсу ауданында 297 отбасы қолжетімді баспанамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үйлер Жансүгіров, Қапал, Есеболатов, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарынан берілді.
Биыл қоныс тойын тойлағандардың бірі - Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлнара Сабырбаева пікір білдірді.
- Биыл өзімнің жеке пәтеріме қол жеткіздім. Жарық, кең, сапалы баспана. Отбасымызда осындай қуанышты сәттің болғанына өте ризамын. Баршаға, әсіресе жас отбасыларға осындай қуаныш тілеймін, - деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов.
Жетісу облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды өткізу жоспар-кестесін орындау мақсатында 2026 жылғы 25 қыркүйекте сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшылардың қатысуымен:
– «Әлеуметтік нысандар құрылысы және жұмыстардың сапасын бақылау саласындағы цифрландыру, ашықтық және адам факторын төмендету»;
– «Қызметтерді алу тәртібі және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіру» тақырыптарында 2 лекция өткізілді.
Іс-шара барысында құрылыс процесінің барлық қатысушылары үшін бірыңғай ақпараттық жүйе – «Е-Құрылыс» жүйесінің әлеуметтік нысандар құрылысының ашықтығын қамтамасыз етудегі мүмкіндіктері, сондай-ақ қағаз түріндегі бақылаудан адам факторын және субъективті шешімдер қабылдау тәуекелдерін төмендете отырып, цифрлық басқаруға көшу мәселелері түсіндірілді.
Қызметтерді алу тәртібі мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіру бөлігінде іс-шараға қатысушыларға мынадай нормалар жеткізілді:
– өтініш берудің негізгі тәсілдері;
– әкімшілік шағымдану тәртібімен өтініш беру;
– сот арқылы қорғау.
Схемалық түрде:
Азамат → қызмет алуға өтініш → мемлекеттік орган → шешім/қызмет
Егер құқық бұзылған жағдайда:
Шағым → жоғары тұрған орган/уәкілетті орган → әкімшілік рәсім → шешім
Егер бұзушылық жойылмаған жағдайда:
Әкімшілік сот → сот шешімі → бұзылған құқықты қалпына келтіру.
Жетісу облысында Қала күні қарсаңында талдықорғандық 43 отбасына жаңа баспананың кілті табысталды. Атап өтсек, жыл басынан бері бүгінгі қоныс иелерін қоса алғанда, қала бойынша 617 отбасы баспаналы болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кілт табыстау рәсімінде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы айқындаған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол облыс басшылығының қолдауымен Талдықорғанда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, жаңа үйлер пайдалануға берілуде, осылайша жыл сайын жаңа қоныс қуанышына жеткен отбасылардың қатары көбейіп келеді.
Атап айтқанда, биыл қалада 177,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жақын арада «Бірлік» шағын ауданында 170 пәтерге арналған екі кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Жыл соңына дейін «Ынтымақ» тұрғын алабында 200 пәтерлі бес бесқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар да атсалысуда. «Жастар-3» тұрғын алабында 350 үйдің құрылысы жалғасып жатса, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде 641 пәтерлі тоғыз қабатты үй бой көтеруде.
Осы күні жаңа қоныс иелеріне «Құлагер» шағын ауданынан, «Береке» коттедж қалашығынан және «Жастар-3» тұрғын алабынан тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Атап айтқанда, биыл қалада 177,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қоныс иелерінің бірі Элина Кибедова ой бөлісті. Ол 13 жылдан астам уақыт бұрын жетім бала ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Осы уақыт ішінде отбасын құрып, ана атанды. Енді Элина мен оның ұлдары Абдуллах, Ахмад және Халидтің өз пәтері бар. Ол осы жылдар бойы бұл күнді асыға күтіп, бір күні өз баспанасына ие болатынына сенгенін айтады. «Сондықтан кілт табыстау сәті біздің отбасымыз үшін ерекше маңызды», - дейді ол.
Гүлнар Нүсіпова да қуанышын жасырмады. Ол салтанатты рәсімге балалары мен немерлерін ертіп келді. 15 жылға жуық уақыт тұрғын үй кезегінде тұрған отбасы бүгін алғаш рет өз үйлерінің кілтін қолына алды.
- Біз үшін үйлі болу - бір бақыт. Мемлекетке көрсетіп отырған ықыласы мен қамқорлығы үшін алғыс айтамын. Өзім үшін ғана емес, бүгін менімен бірге қоныс тойын атап өтіп жатқан басқа жерлестерім үшін де қуаныштымын, - деді ол.
Жалпы, жыл соңына дейін Талдықорған қаласында 1500-ден астам отбасын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ‼️
360° БЕЙНЕШОЛУДЫ ҚАЛАЙ ДҰРЫС ӨТУ КЕРЕК?
📌360° форматта бейнешолуда:
— бөлменің барлық қабырғалары мен бұрыштарын;
— төбе мен еденді;
— жұмыс үстелінің үсті, асты және жан-жағын;
— монитор, пернетақта және компьютер тінтуірді;
— жүйелік блокты (пайдаланылған жағдайда) көрсетіңіз.
✅Бейнешолу аяқталған соң смартфонды жұмыс орны толық көрінетіндей етіп орналастырыңыз.
🔷Камерадан:
— кандидаттың қырынан көрінісі;
— жұмыс орны мен монитор аймағы;
— монитордың артындағы кеңістік толық көрінуі тиіс.
‼️Ескерту!
Тестілеу немесе конкурс кезеңі толық аяқталғанға дейін смартфонның орнын өзгертуге болмайды.
‼️Тыйым салынады:
бөгде адамдардың қатысуына
қосымша бейнекамераларды орналастыруға тыйым салынады.
ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫНА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.
Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жетісу облысының Қаратал ауданында бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, олар - білім беру, спорт, көлік қатынасы, абаттандыру салаларының нысандары. Олардың құрылысы барысымен танысу үшін ауданға жұмыс сапарымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев барды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында екі бірдей спорт нысаны салынып жатыр. Оның бірі - орталық стадион маңында орналасқан дене шынықтыру сауықтыру кешені. Ғимараты 2 блоктан тұратын нысанның жалпы аумағы 3300 шаршы метр. Кешен заманауи талаптарға сай жабдықталып, баскетбол, волейбол, бадминтон, гандбол, теннистен спорттық секциялар өткізуге, сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыруға, оқу-жаттығу сабақтары мен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасайды. Мұнда бокс және күрес залдары да қарастырылады. Яғни бұқаралық спортты дамытуға, халықтың саламатты өмір салтын ұстануына, барлық жастағы тұрғындардың спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалмақ.
Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс алаңында 33 адам жұмыс істеп жатыр. Техника да, құрылыс материалдары да жеткілікті. Жоспар бойынша құрылыс келер жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер мекеме осы жылдың аяғына дейін тапсыруды жоспарлап отыр.
Аудан орталығындағы тағы бір спорт нысаны дзюдо күресіне арналған. Аталған нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, қазір әрлеу, тазалау жұмыстары атқарылуда. Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне қарай екі күрес залы болады, одан бөлек жаттығу залы қарастырылған.
Жұмыс сапары барысында Бейбіт Исабаев Үштөбе қаласындағы 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысын да көрді. Маусым айында құрылыс жұмыстары басталған білім ошағы келер жылдың тамыз айында салынып бітуі тиіс. Бұл ретте облыс әкімі әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше мән беру керек екенін ескертті.
- Мектеп, емхана, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы – біз ерекше мән беретін маңызды жобалар. Себебі бұлар ең алдымен халыққа қажет. Сондықтан құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы ерекше бақылауда болуы тиіс, - деді Бейбіт Исабаев.
Мұнан соң өңір басшысы Үштөбе темір жол вокзалының реконструкциясымен де танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстарының 76% атқарылған, яғни ғимаратты сейсмикалық нығайту, перронды жаңғырту, сыртқы инженерлік желілілерді қосу жұмыстары бітті. Бүгінгі күні вокзалдың қасбетін жаңарту аяқталуға жақын, күту залының ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер ұйым өкілі нысанды осы айдың соңына дейін аяқтау үшін 70-ке жуық адам екі ауысымда жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жаңғырытылып жатқан Үштөбе қаласының орталық саябағындағы жұмыстармен де танысты. Саябақтың 6 гектар аумағында амфитеатр, ойын және спорт алаңдары, демалыс аймақтарынан бөлек этноауыл орналасады, шағын архитектуралық мүсіндер қойылады автоматты суару жүйесі жасалады. Бұл нысан да қыркүйек айының соңында тапсырылуы тиіс.
Атап өтсек, жыл басынан бері орталық саябақта жалпы саны 1 200 ағаш көшеті отырғызылды, соның 750-і – қарағай, 150-і – ақ қайың.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев.