Жетісу облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Республика күні қарсаңында Талдықорғанда бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын жаңа қалалық емхана пайдалануға беріліп, күрделі жөндеуден кейін Ақсу және Кербұлақ орталық аудандық ауруханалары ашылды. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Ескелді ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Елтай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған. Ғимаратта балаларды қабылдау, вакцинациялау, ем-шаралар жүргізу, скринингтен өткізу, стоматологиялық көмек көрсету, күндізгі стационар және басқа да медициналық қызметтерге арналған кабинеттер жабдықталған. Осының арқасында ауыл тұрғындары қажетті медициналық көмекті үйіне жақын жерде, анағұрлым қолайлы жағдайда ала алады.
Жаңа медициналық мекеменің ашылуын жергілікті тұрғындар көптен күткенін айтады. 90 жастағы Әуғали Мырзахметов бұрын медициналық көмек 1959 жылы салынған шағын ғимаратта көрсетілгенін жеткізді.
– Мен өмір бойы осы ауылда тұрдым, жақсы медициналық мекеменің жақын жерде болғанының қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Жаңа амбулаторияның ашылғанына өте қуаныштымыз, өйткені бұл күнді 20 жылдай күттік, бүгінге дейін осы мәселені көтеріп келдік. Бұрын шағын ескі ғимаратқа барып, медициналық көмек алуға тура келетін. Енді ауыл тұрғындары үшін әлдеқайда қолайлы жағдай жасалып отыр. Осындай өзгерістердің Республика күні қарсаңында болып жатқаны ерекше қуантады, – деді ол.
Амбулаторияның ашылуы жас отбасылар үшін де ерекше маңызды. Ауыл тұрғыны Жанаргүл Ермұрат енді болашақ аналар мен балаларға медициналық қызмет көрсету қолайлы бола түсетінін атап өтті.
– Мен үшін, болашақ ана ретінде, жаңа амбулаторияның ашылуы – ерекше қуанышты жайт. Жақында отбасымызда үшінші бала дүниеге келеді. Енді әр дәрігер пациенттерді жеке кабинетте, қолайлы жағдайда қабылдай алады. Бұл болашақ аналарға да, балаларға да, ауылдың барлық тұрғындарына ыңғайлы. Осындай қажетті медициналық нысанның ашылғанына ризамыз, – деді ол.
40 жыл өмірін медицина саласына арнаған Дамира Лятиева да ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ол еңбек жолында медициналық көмектің қолжетімділігі мен мамандардың жұмыс жағдайының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді.
– Медицина менің бүкіл өмірім деуге болады. Сондықтан ауылымызда заманауи амбулаторияның ашылып жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Медицина қызметкерлері үшін жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалуы керек, өйткені пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасы көп жағдайда соған байланысты. Ал тұрғындар үшін ең бастысы – дәрігерге уақытында қаралып, қажетті көмек алуы. Жаңа амбулатория халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, жерлестеріміздің денсаулығын сақтауға ықпал етеді деп ойлаймын, – деді ол.
Соңғы үш жылда Ескелді ауданда 25 әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде 18-і – денсаулық сақтау нысаны.
Атап өтсек, осы күні ауданның тағы бір елді мекені Жалғызағаш ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті ашылды. Соның арқасында 1230-дан астам адам тұратын Жалғызағаш және Биғаш ауылдары өрттен қорғау шараларымен қамтамасыз етілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов
2026 жылғы 7 қазаннан бастап жоғары оқу орнын үздік аяқтаған, яғни GPA көрсеткіші 3.33 және жоғары түлектер eqyzmet.gov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтегі төменгі бос лауазымдармен танысып, өтінім бере алады.
🔎 Инфографикамен танысып, eQyzmet порталындағы "Түлектерге арналған бос лауазымдар" бөлімінің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
☎️ Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша Департаментке хабарласуға болады: +7(7282)240688, +77073010071.
@elgeqyzmet.gov.kz
ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті
Түлектерге арналған бос орындар
2026 жылғы 7 қазаннан бастап жоғары оқу орнын үздік аяқтаған, яғни GPA көрсеткіші 3.33 және жоғары түлектер eqyzmet.gov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтегі төменгі бос лауазымдармен танысып, өтінім бере алады.
🔎 Инфографикамен танысып, eQyzmet порталындағы "Түлектерге арналған бос лауазымдар" бөлімінің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
☎️ Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Департаментке хабарласуға болады:
+7(7282)240688, +77073010071
@elgeqyzmet.gov.kz
Жетісу облысында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің 120 жылдығы аталып өтті. Қайраткердің өнегелі өмір жолына арналған ғылыми-мерейтойлық конференция ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізілді - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескелді ауданы Нұрмолда Алдабергенов ауылында өткен салтанатты іс-шара алдымен Батырлар аллеясына гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, ары қарай «Елге қызмет – ерге мұра» атты ғылыми-мерейтойлық конференциямен жалғасты. Жиынға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Облыс әкімінің атынан конференцияға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов алдымен көпшілікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Нұрмолда Алдабергенов ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп, Жетісу өңірін көркейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол өзі басқарған шаруашылықтарды өркендетуге зор еңбек сіңіріп, ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Соның арқасында Социалистік Еңбек Ері атағын екі мәрте иеленді. Қоғам қайраткерінің есімі ел ішінде «Дала академигі» деген ардақты атпен танылды. Халқымыздың осындай қадірлі перзенттерін жұрт жадында сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біз бір ел болып қабылдаған Конституцияда еңбекқорлық құндылығын орнықтыру мемлекетіміздің мызғымас қағидаттарының бірі ретінде бекітілді. Сондықтан адал еңбегімен жұртқа өнеге көрсеткен тұлғалардың жасампаз істерін жан-жақты дәріптеу айрықша маңызды», - делінген құттықтауда.
Д. Есдәулетов өз сөзінде Нұрмолда Алдабергеновтің есімін ұлықтау мақсатында облыста атқарылған шараларға тоқталып, оның өнегелі өмірінің жас ұрпақтың тәрбиесіне тигізер ықпалын ерекше атап өтті.
Мұнан соң Н. Алдабергеновтің ғибратты ғұмыр жолы туралы қысқа метражды деректі фильм көрсетілді.
Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Ескелді ауданының Құрметті азаматы Төлеген Мұсапиров, еңбек ардагері Шайбала Тергеуова, қоғам қайраткерінің қызы Рабиға Алдабергенова мазмұнды баяндамалар жасап, жылы естеліктер айтты.
- Менің әкем кең жүректі, сабырлы, байсалды жан еді. Еңбекқорлығымен қатар өзінің адамгершілік қасиетімен де көпке үлгі болды. Жас ұрпақ әкемдей халық үшін еңбек ететін патриот, еліміздің қалаулы перзенті болсын. Еңбек еткен адам ешқашан елеусіз қалмайды. Бүгінгі мерейтойлық шараға атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын, - деді Рабиға Алдабергенова.
Осы күні мерейтой аясында спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылып, волейболдан, футболдан жарыстар өткізілді.
Атап өтсек, қоғам қайраткерінің есімін есте қалдыру мақсатында 2023 жылы Талдықорғанда ескерткіш-бюст орнатылды. Бюст ағаш егіліп, гүлзар өсірілген сквердің ішіне қойылды. Сондай-ақ Алдабергенов ауылында орналасқан музейінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, нысан аумағы абаттандырылды.
Еске салсақ, Нұрмолда Алдабергенов Кербұлақ ауданында туған. Қазақстандағы алғаш колхоз құрушылардың бірі. Жетісу өңірінде бірнеше колхозды басқарған білікті ұйымдастырушы. Ол ауыл шаруашылығында егіншілік мәдениетін арттыру және мал тұқымын асылдандыру ісінде ғылым жаңалықтары мен озат тәжірибені өндіріске батыл енгізіп, жоғары өнімге қол жеткізді, сөйтіп ұжым экономикасын күрт жоғары көтерді. Ұжымшарда озат тәжірибе мектебі тұрақты жұмыс істеді, асыл тұқымды мал фермалары құрылды, ауылда қала үлгісінде құрылыс салу тұңғыш жүзеге асырылды. Оның еңбегі лайықты бағаланып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков
Жетісу облысында ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, инфрақұрылымы дамып, ветеринариялық пункттер мен станциялар желісі кеңейіп келеді. Облыс құрылғаннан бері 66 ветеринариялық пункт пен ветеринариялық станция салынды. Ал биыл тағы 16 ветеринариялық пункт пен 4 ветеринариялық станцияның құрылысы жүргізілуде. Осылайша, жыл соңына дейін өңірдегі ветеринариялық пункттерге деген қажеттілік толық өтеледі, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, маңызды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру. Бүгінде өңірдің дерекқорында 2,8 млн-нан астам мал басы тіркелген. Сонымен қатар қазан айының басындағы жағдай бойынша төлдің 872 мыңнан астамы бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілді. Мал басын нақты есепке алу профилактикалық іс-шараларды жоспарлауға, олардың жүргізілуін бақылауға және аурулардың таралу қаупі туындаған жағдайда жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Ветеринариялық қызметтің тағы бір маңызды бағыты – вакцинациялау. Биыл аса қауіпті жұқпалы аурулардың 14 түрі бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізу жоспарланып, оған 11,8 мыңнан астам доза вакцина қарастырылған. Тоғыз айлық жоспардың орындалуы 90%-ды құрады. Осы жұмыс аясында мамандар вакцинациялау, диагностикалық және зертханалық зерттеулер жүргізіп, ветеринариялық анықтамалар береді. Сонымен қатар халық арасында жануарларды вакцинациялау мен бірдейлендірудің, ветеринариялық талаптарды сақтаудың маңыздылығы түсіндіріледі.
Аталған жұмыстардың негізгілері - сала инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық базасын нығайту.
– Өңір басшысының қолдауының арқасында облыс құрылғаннан бері Жетісуда 66 ветеринариялық пункт пен ветеринариялық станция салынды. Биыл тағы 16 ветеринариялық пункт, 4 ветеринариялық станция және 10 мал қорымының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыстағы ветеринариялық пункттерге деген қажеттілік толық өтеледі. Сонымен қатар ветеринариялық ұйымдарға 83 бірлік арнайы автокөлік, 217 компьютер, 238 планшет және басқа да қажетті жабдықтар берілді. Жалпы, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мамандардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді, – деді Жетісу облысының ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаев.
Инфрақұрылымды дамытудың нақты нәтижесінің бір көрінісі Ескелді ауданында байқалады. Соңғы жылдары Қарабұлақ, Жалғызағаш, Төлеңгіт, Сырымбет ауылдарында жаңа ветеринариялық пункттер салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар аудандық ветеринариялық станцияға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, Жалғызағаш, Ақын Сара ауылдарында малды топтастыруға арналған қоршау (раскол) орнатылды. Жалпы облыс бойынша малды топтастыру, вакцинациялау және қараусыз малды уақытша ұстау мақсатында 16 қоршаудың құрылысы аяқталды.
Аудандық ветеринариялық станцияның директоры Фарнуш Намысбаевтың айтуынша, ветеринария – ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі.
– Жануарлардың саулығын сақтау, сондай-ақ олардан алынатын шикізат пен өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл бағыттағы жұмыс аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерекше маңызға ие. Біздің аудандық дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарларының 46 мыңға жуық басы тіркелген. Бекітілген жоспарға сәйкес вакцинациялау бойынша профилактикалық іс-шаралар, диагностикалық және зертханалық зерттеулер жүргізіліп, жануарлар бірдейлендіріліп, ветеринариялық анықтамалар беріледі, – деді ол.
Жалпы қазіргі таңда Ескелді ауданының барлық ауылдық округі ветеринариялық пункттермен толық қамтамасыз етілген. Мамандарға жаңа автокөліктер беріліп, пункттер жиһазбен және қажетті құрал-жабдықтармен, сондай-ақ вакциналар мен биологиялық препараттарды сақтау және тасымалдауға арналған термоконтейнерлермен жабдықталған.
Бұл туралы мал шаруашылығымен айналысатын Төлеңгіт ауылының тұрғыны Бақыт Түкібаев пікірін білдірді. Ол жаңа ветеринариялық пункттің ашылуы ауыл өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі болғанын айтады.
– Соңғы уақытта ауылымызда бірқатар оң өзгерістер орын алып, жаңа ветеринариялық пункт салынды. Қазір тұрғындарға қызмет көрсетіп жүрген ветеринар дәрігерлердің жұмысына көңіліміз толады. Малдарға қажетті дәрі-дәрмектер уақытылы жеткізіліп, қажетті ветеринариялық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Көктемгі және күзгі кезеңдерде жануарларды түрлі ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстары да ұйымдастырылады, – дейді ауыл тұрғыны.
Ол инфрақұрылымның дамуы ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне оң әсерін тигізіп отырғанын тілге тиек етті.
– Ауылымызда жаңа нысандардың салынып, қажетті инфрақұрылым мен қызметтердің жолға қойылып жатқаны қуантады. Өйткені ауылдың дамуы мен абаттандырылуы – барлығымыз үшін де игілік. Бүгінде ауылдағы тіршілік өз ырғағымен жалғасып, мал шаруашылығы да біртіндеп дамып келеді. Әрине, мал басы өссе, шаруашылық дамыса бұл тұрғындардың әл-ауқатына да оң әсер ететіні сөзсіз, – дейді ауыл тұрғыны.
Өңірдегі ветеринариялық қызметті кадрмен қамтуға да ерекше көңіл бөлінген. Облыста мамандықтың мәртебесін арттыруға, тәжірибелі мамандарды сақтап қалуға және жас кадрларды тартуға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Осылайша, облыс басшылығының тікелей қолдауының арқасында Жетісу облысының ветеринариялық қызметі жүйелі түрде дамып келеді. Мал басы бірдейлендіріліп, вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде, мамандардың еңбек жағдайы жақсаруда, заманауи ветеринариялық нысандар салынуда, автокөлік паркі жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізілуде. Бұл ретте өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты және бақылауда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Жетісу облысы құрылғаннан бері білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы уақыт аралығында 26 жаңа білім беру нысаны салынып, 33 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді, бейімделген мектептердің саны екі есеге қысқарды. Сонымен қатар педагогтерді жүйелі қолдау және мұғалім мамандығының беделін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, Мұғалімдер күніне орай өңірдің 350-ден астам педагогі марапатталды, олардың 9-ы мемлекеттік наградаларға ие болды. Педагогтерді кәсіби мерекесімен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында өткен салтанатты шарада құттықтады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Құттықтау сөзінде Бейбіт Исабаев өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қоғамды дамытуда педагогтердің айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз кеңесінде: «Адамды, оның дүниетанымын өзгерту тек нағыз тәлімгердің қолынан келеді», - деп атап өтті. Қоғамда заң мен тәртіпке, тазалық пен мәдениеттілікке негізделген жаңа этиканы қалыптастыру ісі осы маңызды миссиядан, яғни мектеп қабырғасынан басталады. Балаларымыздың білім алуы ғана емес, тәрбиесі, өмір қиындықтарына дайын болуы және адамгершілік қасиеті да сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан педагогтерді қолдау мен олардың еңбегіне лайықты жағдай жасау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі, – деген облыс әкімі білім беру инфрақұрылымын дамыту және өңір педагогтерін қолдау шараларына кеңінен тоқталды.
Өзін-өзі жетілдірудегі жетістіктерімен, шығармашылық ізденістерімен, оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін тиімді қолдануымен ерекшеленген бірқатар педагогті атап өткен өңір басшысы мұғалімдердің кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығы олардың шәкірттерінің жетістіктері мен табыстарынан көрінетінін айтты. Бұл ретте ауыл мектептері оқушыларының арасында өтетін «Мың бала» олимпиадасында 33 бала жеңімпаз атанса, 14 оқушы еліміздің үздік лицейлерінде тегін білім алуға жолдама алған. Сонымен қатар соңғы 4 жылда өңір оқушылары халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік байқауларда 73 жүлделі орынға ие болды, оның 13-і алтын, 28-і күміс және 32-сі қола медаль.
Педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, облыс педагогтерінің 85,5%-ы оқу процесінде жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы оқудан өтті. 12 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттырса, 14 мыңнан астам педагог санатына сәйкес лауазымдық жалақысына ай сайынғы үстемеақы алады. Сондай-ақ жыл сайын «Үздік педагог» байқауы ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға мемлекеттік гранттар табысталады. Сондай-ақ соңғы 4 жылда 1400 жас маманға «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен көтерме ақы, сондай-ақ 554 маманға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие берілді.
- Облыс құрылғаннан бері жан-жақты қолдаудың арқасында өңіріміздің 29 педагогі жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Педагог-шеберлеріміз де ерекше құрметке бөленді. Олардың барлығы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды, – деді Б. Исабаев марапаттау рәсіміне көшіп.
Осы жиында 8 педагогке жоғары мемлекеттік награлар беріліп, оларға «Құрмет» ордені, 2 «Ерен еңбегі үшін» медалі және 5 «Шапағат» медалі берілді. Тағы 5 педагог «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды. Еске салсақ, бүгін Астанада Мұғалімдер күніне орай Президенттің қатысуымен өткен салтанатты жиында Талдықорғандағы Мұхтар Арын атындағы № 24 мамандандырылған лицейінің мұғалімі Айман Жантілеуова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған еді.
Сондай-ақ өңір басшысы облыстық байқау номинацияларының жеңімпаздарын да марапаттады. Атап айтқанда, «Үздік сынып жетекшісі» аталымында Алакөл ауданы А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің 8-сынып жетекшісі Мөлдір Түсіпбекова жеңімпаз атанды. «Үздік ауыл мектебі» аталымында Кербұлақ ауданы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп үздік деп танылса, «Үздік балабақша» аталымында Көксу ауданының «Алпамыс» бөбекжай-бақшасы жеңімпаз атанды. Сарқан ауданы Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Арғынбаева «Жетісу ұстазы» аталымының жеңімпазы болды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.
Салтанатты шараның ресми бөлімі өңірдегі мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен дайындалған мерекелік концертке жалғасты.
- Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Ұстаздар мерекесінде мемлекеттік наградаға ие болып отырмын. Бұл жалғыз менің ғана еңбегім емес, барша ұстаздардың адал қызметінің бағаланғаны деп білемін. Мемлекет басшысы білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақты білімді әрі тәрбиелі етіп өсіруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, - деді «Құрмет» орданенің иесі, М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің директоры Гүлжанар Еспанова.
– Ең алдымен, ұстаз еңбегіне ерекше көңіл бөлініп жатқаны үшін алғыс айтқым келеді. Білім саласында жүргеніме 42 жыл болды. Бүгінгі марапат – тек менің ғана еңбегімнің нәтижесі емес, бұл – бүкіл педагогикалық ұжымымның еңбегі, әріптестерімнің қолдауы, ата-аналардың сенімі және әрине шәкірттерімнің жетістіктерінің жемісі. Барша ұстаздарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, – деді «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Қаратал ауданы М. Горький атындағы орта мектептің мұғалімі Октябрина Ким.
Оның сөзін тағы бір әріптесі жалғады:
– Менің жұмысым жан-жақты, білімді әрі озық ойлы жас ұрпақты тәрбиелеу екенін мақтан тұтамын. Мұғалім мамандығының қызығы да осында. Барлық бастамаларымызға қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекетімізге алғыс айтамын. Түрлі байқауларға қатысып, өзімізді әр қырымыздан көрсетуге мүмкіндік көп. Біз әртүрліміз, бірақ барлығымыз ортақ іске қызмет етіп келеміз. Мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер! – деді Текелі қаласындағы №4 орта мектептің «Шебер» санатындағы мұғалімі Наталья Банецкая.
Атап өтсек, қазіргі таңда Жетісу облысында 19 мың педагог еңбек етеді. Биылғы оқу жылында Рудничный және Сұптай ауылдарында жаңа мектептер іске қосылды. Ал Республика күні қарсаңында Көксай ауылында жаңа мектеп пен Талдықорған қаласында «Білім-инновация» лицейінің жаңа ғимараты есігін айқара ашады. Сонымен қатар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында, сондай-ақ қайтарылған активтер есебінен Көксу ауданының Балпық би ауылында әрқайсысы 600 орынға арналған мектептер салынуда. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін өңір мектептері физика, химия және биология пәндеріне арналған 240 заманауи кабинетпен жабдықталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев
Құрметті Ескелді ауданың тұрғындары!
Жергілікті бюджетте ағымдағы жылға қаражаттың толық игерілуіне және қосымша қаржының қарастырылмауына байланысты [Тұрғын үй сертификатын] беру 2027 жылға дейін тоқтатылғанын хабарлаймыз.
Түсіністік танытқандарыңызға рақмет!
Күннің суытуымен пештерге, жылыту қазандықтары мен электр құрылғыларына түсетін жүктеме артады. Жылыту маусымы басталар алдында жылыту жабдықтарының, түтін мұржалары мен электр сымдарының жарамдылығын тексеру қажет. Пеш пен түтін мұржасы күйеден тазартылып, анықталған жарықтар мен ақаулар уақытылы жөнделуі тиіс.
Газ жабдығын пайдаланған кезде қосылу орындары мен желдету арналарының жай-күйін тексеріңіз, жұмыс істеп тұрған жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз және қолдан жасалған немесе ақаулы электр құрылғыларын пайдаланбаңыз, пештер мен жылытқыштардың жанына тез тұтанатын заттарды қоймаңыз.
Жеке үйлерде пешпен жылытуға ерекше назар аудару қажет. Пешті жағар алдында түтін мұржасындағы тартудың қалыпты екеніне көз жеткізіңіз, от жағу үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдаланбаңыз және қызып тұрған пештің маңында балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
Ең бастысы, үйге автономды өрт хабарлағышын орнатыңыз. Ол түтін пайда болған жағдайда дер кезінде дыбыстық белгі беріп, өртті ерте анықтауға көмектеседі. Жылыту маусымына дайындық көп уақытты қажет етпейді, алайда өрт қаупін азайтып, үйіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты
Фототілші: Жұмабай Мұсабеков
Мұғалімдер күні қарсаңында Оқу-ағарту министрлігі ұстаздарға алғыс білдіруге және олардың еңбегін дәріптеуге бағытталған «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясын бастайды.
Бастама 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде өтетін «Ұстаз - ұлт шамшырағы» іс-шаралары аясында жүзеге асырылады. Осы кезеңде білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін арттыруға және ұстаздық кәсіпті дәріптеуге бағытталған мерекелік, ағартушылық және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бүгінде Қазақстандағы 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі білім сапасын қамтамасыз етуде, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және еліміздің адами капиталын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Акция аясында әрбір азамат өзінің ұстазы немесе тәлімгері туралы айтып, естелігімен бөлісіп, алғысын білдіре алады.
Қатысушылар әлеуметтік желілерде ұстазы туралы фото, видео немесе оқиғасын #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегімен жариялай алады, хат немесе ашықхат жолдай алады, сондай-ақ алғысын жеке білдіре алады.
Министрлік оқушыларды, түлектерді, ата-аналарды, қоғам өкілдерін және барша қазақстандықтарды акцияға қосылып, өмірінде із қалдырған ұстаздары туралы естеліктерімен бөлісуге шақырады.
Еске салайық, 2023 жылдан бастап Қазақстанда Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Кәсіби мереке аясында еліміздің барлық өңірінде педагогтердің, білім саласы ардагерлерінің, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты
Қазақстанда «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясы басталды
«Ескелді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-сі, «Ескелді ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің жне мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Ескелді аудандық мәслихатының 2026 жылғы 9-шы шілдедегі № 62-188 шешімге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі деп танылған тұлғалар (отбасы): оның ішінде, туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа кірісін есепке алмай-7 айлық есептік көрсекіш көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалатынын хабарлайды.