Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде 853 миллиард теңгеден астамға өсті
БЖЗҚ-ның 1 тамыздағы негізгі көрсеткіштері
2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,7 трлн теңге сомаға зейнетақы жинақтары қалыптастырылған. Бір жыл ішінде бұл сома 853,7 млрд теңгеге немесе 6,7% - ға өсті.
Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 13,3 трлн теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 404,6 млрд теңгені, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 2,9 млрд теңгені құрады.
Кіріс ағындары, атап айтқанда, биыл жарналар көбейе түсуде. 2022 жылдың жеті айында салымшылардың шоттарына шамамен 952,4 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 29% - ға немесе 211,6 млрд теңгеге асып түсті. Жарналардың барлық түрлері бойынша өсім болғанын атап өту керек. Жарналардың жалпы көлемінің 95,3% – ын МЗЖ бойынша БЖЗҚ-ға түсімдер құрайды-907,4 млрд теңге (соңғы 12 айда өсім 28%), МКЗЖ бойынша 43,6 млрд теңге (өсім 37%) түсті. 1,5 млрд теңге (өсім 293%) ЕЗЖ бойынша аударылды.
Зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі 2022 жылғы 1 қаңтар мен 1 тамыз аралығында шамамен 501,1 млрд теңгені құраған таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді.