«ЖЕТІСУ ШҰҒЫЛАСЫ» ГАЗЕТІНЕ – 90 ЖЫЛ 90 ЛЕТ ГАЗЕТЕ «ЖЕТІСУ ШҰҒЫЛАСЫ»

 

 «ЖЕТІСУ ШҰҒЫЛАСЫ» ГАЗЕТІНЕ – 90 ЖЫЛ

90 ЛЕТ ГАЗЕТЕ «ЖЕТІСУ ШҰҒЫЛАСЫ»

 

МӘЛІМЕТТЕР МҰХИТЫНДАҒЫ «АҚ КЕМЕГЕ» 90 ЖЫЛ

         Ұлттың айнасы, рухтың тамыры болған баспасөз құралдарының ішінде бағы жанған, тарихы тереңде жатқан газеттердің саны көп. Екі заманда да бұқараға бүкпесіз ақпар таратып, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан мерзімді басылымның бірі Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің жарыққа шыққанына бүгін 90 жыл толып отыр.

         Аудандық газеттің алғашқы нөмірі 1930 жылдың 13 қазанында «Вперед» деген атпен жарық көрді. 1932 жылы «Колхозшы», 1934 жылы «Социалды еңбек», 1939 жылы «Сталин жолы», 1956 жылы «Путь коммунизму» деп ауысып отырды. Елдің сауат ашар әліппесі, бағыт алар темірқазығы болған басылым 1962 жылдың 1 мамырынан бастап «Жетісу шұғыласы» - «Заря Семиречья» деген атпен шықты. Содан кейін араға 32 жыл салып, 1994 жылы аудандық газет біріктірілген түрде екі тілде  шығып келеді. Осылайша газет атауы өз тарихында 7 рет өзгертілген. «Жетісу шұғыласы» жергілікті басылымның 7-ші атауы болып тұрақтады.

         Осы жылдар аралығында қандай қиындықтар кездессе де  ұжым өзінің ізденісін тоқтатпады. Жаңашылдықты қалаған қарулы жандар латын қаріпінен кирилл қарпіне дейін жарыққа шығып, соғыс жылдарында  тоқырауға ұшырамай, ары қарай бұқараға қызмет атқарды.

         Отызыншы жылдардағы саясаттың салқынын, алапат соғыстағы алыптардың опат болуын, қасіреттен көз ашпаған, қара қағаздың қарша бораған сәттегі жағдайды ауыр болса да айтты. Онысын сол кезде еңбек еткен мамандардың кәсібіне деген адалдығымен өлшеуге толықтай негіз бар.

         Шаруашылықтың қаңырап, талайдың тентіреп кеткен кезінде, жеңістің жұлдызы жылт еткен мезетінде ақпарат алаңында табаны таймаған, майталман газет десек артық айтқандық емес.

90 жыл бойы оқырманынан ажырамаған мерзімді баспасөздің тетігі елдік пен егемендік жолында өз міндетін мінсіз атқаруда. Редакция алқасының бет түзейтін құбыласы әуелден ұлттық мүдде мен ел ертеңі еді. Олардың ұтқан тұсы да осында. Жұртының жағдайын ойлап, жыртығын жамаған кезде ғана әр істің өміршең болары, есті азаматтың игілігі ел есінде мәңгі  қалары сөзсіз. Бүгінгі бір ғасырға жуық тарихы бар басылымның қазіргі бет-бедері осыған дәлел.

         Тоқсан жыл ауызға жеңіл, жазуға оңай болғанмен қос санның артында қаншама тер, біз білмейтін тағдырлар мен төзім жатыр. Кешегі өткен ашаршылық, жазықсыз жарық дүниемен қоштасқан қайраткерлер туралы жазған да, идеологиялық теңсіздікті көрген де осы газеттің қаламды жауынгерлері еді.

         Туған өлкесінің қатпарлы қайғысын қара нардай көтеріп, елінің еңсесін тіктеуге барын салды. Таңның шуақты шұғыласындай, шапағын халқына шашып, жаураған жүректерді сан мәрте жылытты.

         Мәліметтер мұхитындағы кеменің желкенін түсірмей, тік ұстаушы топтың қызметінсіз айдындағы кеме суға батып кетері анық. Тамыры тереңге жайылған, бірнеше буынды тәрбиелеп шығарған редакцияның негізін қалаушылардың қатарында мүйізі қарағайдай ардагер журналистер бар.     Солардың қатарында 30 жылға жуық осы салада тапжылмай жұмыс істеген, бұл мамандықтың ауыртпалығын мойымай көтерген, республикалық сайыстарда редакцияның атының алға озуына үлкен септігі тиген азаматтардың қатарында Рымтай Дәулетов, Федор Литвинов, Ораз Ысмайылов, Әбдіқадыр Алашбаев, Иван Шеметов, Дауылбай Досымбеков және Сәбит Биболовтар бар.

Өкінішке орай, жас қаламгерлерді тәрбиелеген аға буынның көбісі  бүгінде арамызда жоқ. Олардың «Жетісу шұғыласында» қолтаңбалары мен журналистикадағы ізі мәңгі өшпейді.

Тілшілік тіршілікті серік еткен мамандарды қиында күрделі жолда шыңдалуына жағдай жасаған газет үлкен қара шаңырақ. Баспа ісінің қыр-сырына қаныққан журналистер осы редакция қабырғасында жүріп көркем шығармаға бет бұрып, қалам тербеді.

         Бүгінгі күні басылым ел тарихы, ұлт татулығы, жұрт бірлігі, ұлттық тарихымызды насихаттайтын сарындағы материалдарды тұрақты түрде оқырманға ұсынып келеді. Газеттің өзіне тән айдарлары бар басылым 4000 таралыммен, екі баспа табақ көлемінде аптасына бір рет шығып тұрады.  

         «Жетісу шұғыласы» газетінің мамандары да халқының қамы үшін барын салып, жанын беруде. Мәселен, газеттің тілшілері облыстық  шығармашылық байқауларда топ жарып, жүлдегерлер қатарында ой көрсетіп жүр.

         Бүгінгі күні ұжымда бас-аяғы 6 адам қызмет атқаруда. Мақсаты бір, мүддесі ортақ жандар редакцияның алдына қойған міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Ондағы әрбір журналистің өзіндік қолтаңбасы, жазу стилі қалыптасқан. Оқырмандары осынау көп мерзімді басылымдардан, ондағы бірсыпыра мақалалардың ішінен газеттегі мамандардың туындысын жазбай таниды. Оның өзі ұжымның жарты жеңісі десек, артық айтқандық емес.

Мерзімді баспасөз құралының барша қадір-қасиетін қалың бұқараға, дүйім жұртқа салыстырмалы түрде адамның өз бойының дене мүшелерімен шендестіріп түсіндіру тәжірибесін  ғылымда Ахмет Байтұрсынов алғаш рет қолданған еді. Онысы, әр жазылған мақаланың адам ойымен  ұштасып, жүректен-жүрекке жетуі керек деген бір ғана қағиданың астары болған. Қазіргі кезде жас буыннан құралған редакция алқасы бұл тұрғыда жағынан жаңылысып, тұяғынан сүрінген жоқ.

         Журналистиканың қара нары, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін бір кездері «Жетісу шұғыласын» редакция шағын болса да, шымыр» деп бағамдаған еді. Осыдан-ақ,  ақпарат аламанында алар орнының ерек екенін аңғаруға болады.

        

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.

 

«ЖЕТІСУ ШҰҒЫЛАСЫ» ГАЗЕТІНЕ – 90 ЖЫЛ 90 ЛЕТ ГАЗЕТЕ «ЖЕТІСУ ШҰҒЫЛАСЫ»
Дата публикации
14 декабря 2021