Жетісу облыс құрылғаннан бері білім беру нысандарының 41,8 % жаңғыртылды. Биыл 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 2 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Солардың бірі - дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 300 орынды заманауи жаңа оқу ғимараты Республика күні қарсаңында пайдалануға берілді. Талдықорған қаласында орналасқан бұл білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы көпшілікті айтулы жаңалықпен құттықтады:
- Соңғы үш жылда жетісулық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік конкурстарда 73 медаль иеленді. Аталған марапаттардың 27-сі, яғни 40% тікелей осы лицей шәкірттеріне тиеcілі. Бұл айтулы көрсеткіш – лицейде қалыптасқан сапалы білім беру дәстүрі мен ұстаздардың кәсіби еңбегінің айқын көрінісі. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан біз жастардың терең білім алуына, жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауды жалғастырамыз, - деді Б.Исабаев.
Мектептің лентасы қиылып, жиналған көпшілік ғимараттың ішкі мүмкіндіктерімен танысты. Облыс басшысы география, тарих, қазақ тілі, роботтехника кабинеттерін аралап көрді. Сол сияқты фоеде қойылған лицей оқушылары жетістіктерінің көрмесімен танысты. Осы жерде халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарымен тілдесті. «Мемлекет басшысы парасатты, оқитын, ізденімпаз, технологияны, жасанды интеллектті меңгерген, зерделі ұрпақ қалыптастыруға барлық жағдай жасау туралы міндет қойып отыр. Соған сай ел көлемінде, соның ішінде облыста да үлкен жобалар іске асырылып жатыр. Сіздер де осы үрдістен қалмай, республикадағы ең беделді, өзінің тарихы бар мектеп лицейінде жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жете беріңдер, үлкен азамат болып өсіңдер», - деді облыс басшысы.
Осы күні лицей оқушыларына «Кітап оқитын ұлт» жобасына енгізілген кітаптар тізіміндегі 60 жинақ сыйға тартылды.
Мектеп директоры Айбек Аширметовтің айтуынша, «Талдықорған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған мектеп-лицейі 1993 жылы құрылған.
- Осы уақыттан бері білім мекемесін 1,5 мыңға жуық түлек бітіріп шықты. Өткен жылы бітірген 48 оқушының бәрі жоғары оқу орындарына оқуға түстін. Мұнда оқыту қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жүреді. Бүгінгі ашылып отырған жаңа ғимаратта 37 кабинет бар, соның ішінде лингвистикалық кабинет және зертханалар жабдықталған. Бұл оқушылардың жетістіктерін еселей түсуге үлкен ықпал етеді, - дейді А.Аширметов.
Мектепте 100-ден астам адам жұмыс істесе, соның 37-сі – педагог. Солардың бірі жас маман Мирас Медетұлы елеулі қуанышқа орай пікір білдірді:
- Мен осы білім мекемесіне биылғы оқу жылында жас маман болып келіп отырмын. Биология пәнінен сабақ беремін. Бұл мектепте жараталыстану пәндері ағылшын тілінде өтеді, сондықтан биология пәні де ағылшын тілінде жүреді. Өзім Өскемен қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-лицейін бітірдім, кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқыдым. Алғашқы еңбек жолымды осы лицейден бастап жатқаныма қуаныштымын, - деді ол.
Жаңа оқу ғимаратының ашылғанына ата-аналар да риза.
- Бүгін біз үшін ерекше күн. «Білім-инновация» мектебінің жаңа ғимараты ашылды. Менің ұлым Жайдар Ескендір бастауышта қаладағы Абай атындағы №1 мектепте, 5-6 сыныптарды № 20 лицейде оқыды, сол алған сапалы білімінің арқасында 7 сыныпта осы мектепке қабылданды. Қазір 11 сыныпта, бұл өте жауапты кезең. Осы жылда жаңа оқу корпусы қолданысқа берілгеніне қуаныштымын. Ішін аралап көрдік әдемі, жайлы, кең, үлкен ғимарат. Жаңа корпустың құрылысына атсалысқан барша азаматтарға ата-аналар атынан алғыс айтамыз, - деді Шынар Ахмадиева.
Атап өтсек, мектеп-лицейде 266 оқушы оқиды. Соның бірі - Әділет Бекмолда.
- Мен 7 сыныптан бері осы мектепте оқимын. Алдыңғы жылы лицей президенті болдым. Лицей өміріне белсене қатысамын. Республикалық олимпиадалар мен ғылым жобалар байқауының үш мәрте жүлдегерімін. Бүгін лицей тарихының жаңа белесі басталды деп білеміз. Отыз жылдан астам уақытта қалыптасқан білім мен тәрбие құндылықтары жаңа ғимаратта жалғасын табады. Менің ойымша, бізден кейінгі өсіп келе жатқан інілеріміз үшін бұл ғимарат керемет мүмкіндіктер береді. Болашақта осы жерден алған білімімді елдің игілігіне арнаймын деп ойлаймын, - дейді Әділет Бекмолда.
Еске салсақ, бұл «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқу ғимаратының құрылысы 2025 жылы мамырда басталған болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Қанат Өмірәлинов, Жұмабай Мұсабеков.
Жетісу облысында соңғы үш жыл ішінде әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі орта есеппен 55,8%-ға жетіп, 276 нысан жаңарды. Соның ішінде биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілсе, 7 мекеме күрделі жөндеуден өтуде. Келесі жылы ашылатын объектілер қатары да арта түспек. Бұл туралы Кербұлақ ауданының тұрғындарымен болған кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз баяндамасында өңір басшысы халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік саланы қолдау шараларына кеңінен тоқталды. Мәселен, биыл білім саласында 4 мектеп қолданысқа беріліп, 2 мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, солардың бірі – Кербұлақ ауданы Көксай ауылында орналасқан 60 орындық мектеп. Аталған білім беру нысаны 19 қазан күні пайдалануға берілді. Ал денсаулық сақтау саласында 4 нысан іске қосылған, соның ішінде қайта жаңғыртылып, жуырда ашылған Кербұлақ аудандық ауруханасы да бар. Аурухана жаңа медициналық құралдармен толық қамтылған. Бұл ретте өңір басшысы аудан әкіміне келесі жылдың бюджетіне Қоғалы ауылдық ауруханасын ағымдағы жөндеуге бюджеттік өтінім әзірлеуді тапсырды.
Атап өтсек, Талдықорған қаласында 500 келушіге арналған жаңа емхананың құрылысы және көпсалалы облыстық балалар ауруханасын жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, облыс орталығында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы салынуда.
- Биыл облыста 3 мәдениет үйі мен 2 кітапхана пайдалануға берілді. Оның біреуі – сіздердің ауданда, Сарыөзек ауылындағы кітапхана. Президенттің бастамасымен қолға алынып отырған аса маңызды «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асыру аясында Сарыөзектегі жаңа кітапхана 53 мыңнан астам кітап қорымен және заман талабына сай электронды кітаптармен жабдықталды. Жалпы, адамның логикалық ойлау қабілетін, парасат-пайымын, аналитикалық талдауын дамыту үшін кітап оқудың пайдасы үлкен. Сондықтан әсіресе жастар кітап оқуы керек, - деген Б. Исабаев аудан әкіміне кітапхана ғимаратын қысқа мерзімде табиғи газға қосуды тапсырды.
Сондай-ақ, Қоғалы ауылдық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және абаттандыруға биыл «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлінген. Жұмыстарды келесі жылы көктемде аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі сонымен қатар спорт саласындағы жаңа нысандарға да тоқталды. Атап айтқанда, Алакөл ауданының Қабанбай ауылында 80 орындық спорт кешені ашылып, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында демеуші қаражаты есебінен дзюдо орталығы салынған. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инклюзивті спорт орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
- Жалпы алғанда биыл 35 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді, келесі жылы да бұл қарқын бәсеңдемейді, салынып, жөнделетін нысандар қатары артады. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз тұрақты экономикалық, әлеуметтік, рухани толысу жолына түскенін көрсетеді. Бүкіл Қазақстан бойынша өте үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі халықтың игілігіне, жас ұрпақ игілігіне атқарылып отыр - деді Б. Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.
2026 жылғы 7 қазаннан бастап жоғары оқу орнын үздік аяқтаған, яғни GPA көрсеткіші 3.33 және жоғары түлектер eqyzmet.gov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтегі төменгі бос лауазымдармен танысып, өтінім бере алады.
🔎 Инфографикамен танысып, eQyzmet порталындағы "Түлектерге арналған бос лауазымдар" бөлімінің мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
☎️ Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша Департаментке хабарласуға болады: +7(7282)240688, +77073010071.
@elgeqyzmet.gov.kz
ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті
Республика күніне орай 2026 жылғы 20 қазанда Талдықорған қаласындағы №12 орта мектеп-гимназиясында «MI-Battle» зияткерлік-командалық сайысының облыстық кезеңі өтті.
Өңіріміздегі жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға, командалық жұмыс пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған ауқымды білім беру жобасына Жетісу облысының түкпір-түкпірінен 100 қатысушыдан құралған 21 команда қатысты.
Сайысқа аудандық және қалалық білім бөлімдеріне қарасты мектептердің, сондай-ақ мамандандырылған және жекеменшік білім беру ұйымдарының командалары қатысып, өздерінің білім деңгейін, тапқырлығын, логикалық ойлау қабілеті мен ұйымшылдығын көрсетті.
Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Жетісу облысының білім басқармасы атынан І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Барлық қатысушыларды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Жас зияткерлерге толағай табыс, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!
Білімді ұрпақ — ел болашағы!
Зияткерлік сайыс — жарқын жетістіктер бастауы!
2026 жылғы 16 қазан жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша ХIX Президенттік олимпиаданың екінші (іріктеу) кезеңі өтуде. Олимпидаға аудандық (іріктеу)кезеңнен өткен 20 оқушы қатысып, бақтарын сынауда.
Президенттік олимпида екі турда өтеді:
- бірінші тур (тестілеу)
- екінші тур (шығармашылық, эссе жазу)
Екінші кезеңінен сәтті өткен оқушылар Президенттік олимпиаданың үшінші (қорытынды) кезеңіне жолдама алады.
Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Республика күні қарсаңында Жетісу облысында бейімделген ғимараттың орнына жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, биыл өңірде 5 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, тағы 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс құрылғаннан бері 24 жаңа білім беру нысаны салынып, 27 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар бейімделген ғимараттарда орналасқан мектептер саны екі есе азайды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа мектеп Кербұлақ ауданының Көксай ауылында пайдалануға берілді. Бұған дейін мектеп 1970 жылдардың соңында салынған, бейімделген бір қабатты ғимаратта орналасқан еді. Онда асхана мен спорт залы болмаған. Ал ғимарат салынғалы бері тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
- Біздің мектеп 60 орынға арналған. Бұрынғы ғимараттың салынғанына 50 жылдан астам уақыт болғандықтан, қазіргі талаптарға сай келмеді. Енді оқушыларымыз пәндік кабинеттермен, спорт және акт залдарымен, кітапхана және зертханалармен жабдықталған заманауи мектепте білім алады. Қазіргі уақытта мектебімізде 20 мұғалім жұмыс істейді, оның бесеуі – жас маман. Мектепте 51 бала оқиды, - деді Көксай негізгі мектебінің директоры Әсем Сарыбаева.
Лента қию рәсімінен кейін іс-шараға қатысушылар мен ауыл тұрғындары жаңа мектептің ішін аралап көрді.
Жаңа мектеп туралы ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар пікір білдірді.
- Көксай мектебінде 38 жыл еңбек еттім. Жаңа мектептің ашылуы – бәріміз үшін, тұтас ауыл үшін үлкен қуаныш. Әрине, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи мектепте бізге, ұстаздарға, жұмыс істеу әлдеқайда қолайлы болады. Мен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бұдан былай да үлесімді қоса беремін, – деді мектеп мұғалімі Рауза Сқақбаева.
- Бұл мектепте менің балаларым оқыды, енді немерелерім білім алып жүр. Барлық ауылдастарымды құттықтаймын! Балаларымыз жаңа мектепте жақсы оқысын, – деді ауыл тұрғыны Коку Даева.
- Ескі мектеп қыста салқын болатын, ал жаңа мектеп жылы, жайлы әрі жарық. Мұнда арнайы кабинеттер мен сан түрлі жабдықтар бар. Енді олимпиадалар мен байқауларға қатысуға мүмкіндігіміз молайды. Біз мектебіміздің мәртебесін көтеруге бпар күш-жігерімізді саламыз, - деді мектеп оқушысы Сания Асхатқызы.
9-сынып оқушысы Сайдхасан Балтаев та осындай пікірде:
- Жаңа мектеп ескі мектептен әлдеқайда үлкен. Жеке спорт залы мен заманауи жабдықталған түрлі кабинеттері бар. Білім алуға жағдай әлдеқайда жақсарды. Біз де жақсы оқуға тырысамыз, – деді ол.
Атап өтсек, биыл өңірде Панфилов ауданының Сұптай ауылында, Текелі қаласының Рудничный ауылында, Ақсу ауданының Көлтабан ауылында және Кербұлақ ауданының Көксай ауылында жаңа мектептер пайдалануға берілді. Сондай-ақ Көксу ауданының Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы және Ескелді ауданының Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында 600 орынды жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар қайтарылған активтер есебінен Көксу ауданының Балпық би ауылында 600 орындық мектеп салынып жатыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Қанат Өмірәлинoв
1. Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы өтінішті, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, діни білім беру, кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтері саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Негізгі талаптардың тізбесі) 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жолдайды.
Мемлекеттік қызмет көрсету нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптар негізгі талаптардың тізбесінде көрсетілген.
Порталда көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтінішті (сұранысты) қабылдау туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрсетіледі.
2. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі құжаттар түскен күні оларды қабылдауды, тіркеуді жүзеге асырады және жауапты құрылымдық бөлімшенің қызметкеріне орындауға береді. Көрсетілетін қызметті алушы еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті берушінің жауапты құрылымдық бөлімшесінің қызметкері құжаттарды тіркеген сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, медициналық қызметке лицензия туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «электрондық үкімет» шлюзі арқылы алады.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда жауапты құрылымдық бөлімшенің қызметкері құжаттарды тіркеген сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды, ол көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының порталдағы «жеке кабинетіне» жіберіледі.
3. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде лицензияны және/немесе оған қосымшаны беру, лицензияны және/немесе оған қосымшаны қайта ресімдеу кезінде заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару немесе бөлу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде:
Департаменттерде:
жауапты қызметкер құжаттарды тіркеген сәттен бастап 22 жұмыс күні ішінде құжаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігін, көрсетілетін қызметті алушыға бару арқылы рұқсаттық бақылау жүргізеді, сараптама қорытындысын қалыптастырады және оны комиссияның қарауына ұсынады. Комиссия туралы ереже мен құрамы Департамент директорының бұйрығымен бекітіледі.
Комиссия сараптама қорытындысын қарап, екі жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.
Комиссияның шешімі негізінде жауапты қызметкер екі жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің басшысына келісуге және тексеруге жіберілетін электрондық шешімді – лицензияны және/немесе лицензияға қосымшаны не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты қалыптастырады, ол көрсетілетін қызметті берушінің басшысына келісуге және тексеруге жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті берушінің басшысы шешімді тексереді және бір жұмыс күні ішінде ЭЦҚ-ны пайдалана отырып қол қояды.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың негізі анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушы алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын білдіруі үшін тыңдаудың уақыты мен орны (әдісі) туралы хабарлайды.
Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдау хабарланған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.
Хабарлама (хабархат) тапсырыс хаттың табыс етілгендігі туралы хабарламамен тапсырыс хатпен, телефонограммамен немесе телеграммамен, ұялы байланыс абоненттік құрылғысы бойынша мәтіндік хабармен немесе электрондық мекенжай бойынша не хабархаттың немесе шақырудың тіркеліп-бекітілуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланылып жіберіледі.
Тыңдау рәсімі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүргізіледі.
Көрсетілетін қызметті алушы алдын ала шешімді алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде көрсетілетін қызметті берушінің алдын ала шешіміне қарсылығын ұсынады немесе айтады
Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші заңды тұлға-лицензиатты бөліп шығару немесе бөлу нысанында қайта ұйымдастыру кезінде лицензияны және/немесе оған қосымшаны беру, лицензияны және/немесе оған қосымшаны қайта ресімдеу туралы не мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындасапаны қамтамасыз ету комитеті
Білім беру қызметіне лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру тәртібі
Алматы облысының ұйымдастыруымен өткен «Жаһандану дәуіріндегі Түркі әлемінің рухани мұрасы: тарих, әдебиет, құндылықтар тағылымы және тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына облысымыздың тарих және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жетісу облысында цифрлық шешімдер мемлекеттік басқару, жер ресурстары мен инфрақұрылымды мониторингілеу, инвестицияларды қолдау, білім беру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және IT-мамандарды даярлау салаларында қолданылады. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымы дамып, халықтың цифрлық сервистерге қолжетімділігі кеңейіп келеді. Осы және өзге де мәселелер Талдықорғанда өткен «JETISU IN THE AGE OF AI» – «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» форумында талқыланды. Форумға Yandex, Google компанияларының өкілдері, сондай-ақ Түркия, Қытай, Үндістан, Испания елдерінен және Астана мен Алматы қалаларынан келген IT саласының спикерлері қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Форум жасанды интеллектіні дамыту перспективаларын талқылау, тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдерді ілгерілету мақсатында мемлекеттік органдардың, IT-индустрияның, бизнес пен білім беру саласының өкілдерінің басын қосты.
Форумды ашқан облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржан Егінбаев өңір басшысының атынан жиынға қатысушыларды құттықтады.
- Жетісу облысының цифрлық трансформациясының негізі қаланды, жаңа жобалар мен даму бағыттары пайда болуда. Қазіргі кезеңде облыс әкімінің қолдауымен жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолдану аясын кеңейту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, болашақ мамандарды даярлау бағытында жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі форум тәжірибе алмасуға, перспективалы бастамаларды талқылауға, өңірдің цифрлық дамуына жаңа серпін беретін шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналады деп сенемін, – деп атап өтті Н. Егінбаев.
Жиында жасанды интеллектіні дамыту мен технологиялық шешімдерді енгізуге арналған «Жетісу жасанды интеллект дәуірінде» атты панельдік сессия өтті.
Жетісу облысындағы цифрлық шешімдер туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев баяндады.
Оның айтуынша, 2022 жылдан бері жер ресурстары мен инфрақұрылым нысандарын бақылауға мүмкіндік беретін «Smart Jetisu» өңірлік геоақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ инвестициялық жобалар мен өнеркәсіп нысандары қамтылған инвестициялық карта бар. Биыл жыл басынан бері E-Jetisu жүйесі арқылы мектепке дейінгі білім беру саласында 29 мыңнан астам өтініш өңделген. Ал коммуналдық қызметтер, қалалық инфрақұрылым және тұрмыстық мәселелер бойынша тұрғындардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай 109 байланыс орталығына 17 мыңнан астам өтініш түсті.
– 2025 жылдан бастап Жетісу облысында 65 аналитикалық кейсі бар ахуалдық орталық жұмыс істейді. Қауіпсіздік саласында 25 мыңнан астам бейнекамера пайдаланылып, халықтың 90%-дан астамын қамтитын Mass Alert ерте хабарлау жүйесі енгізілді. IT-мамандарды даярлауға «Jetisu Digital» IT-хабы мен «Tomorrow School» кампусы үлес қосып келеді. Сонымен қатар интернет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта облыс елді мекендерінің 97,7%-ы интернет желісіне қосылған, – деді А. Темірбаев.
«Target AI» компаниясының бас директоры Дамир Жаримбетов өңірде қолданылып жатқан компанияның цифрлық шешімдері туралы айтып берді.
– Өңірде платформаға 1,5 мыңға жуық бейнекамера қосылған. Мектептердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Біз цифрлық технологиялардың Жетісу тұрғындарына нақты пайда әкелгенін қалаймыз. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қарапайым бейнебақылау камералары арқылы оқушыларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді анықтауға мүмкіндік беретін модуль әзірледік. Келер жылы бұл шешімді облыстағы барлық мектепке енгізе аламыз деп үміттенеміз, – деді ол.
Панельдік сессияға қатысушылар жасанды интеллектінің кәсіби даму мен білім берудегі рөлін талқылай отырып, мектеп оқушыларына, IT саласына енді қадам басқан және жас әзірлеушілерге оқу, жазу, математика және аналитикалық ойлау дағдыларына ерекше көңіл бөлуді ұсынды. Бұл дағдылар жасанды интеллектіні одан әрі тиімді қолданудың берік негізін қалайды. Ал кәсіби тұрғыда қалыптасқан мамандарға жасанды интеллектіні жұмыс үдерістерін жеделдету мен еңбек тиімділігін арттыру үшін пайдаланған маңызды.
Жаңа технологияларды енгізудің практикалық тәсілдері туралы «Tech Lead Kolesa Group» компаниясының басқарушы директоры Амангелді Қадыл баяндады. Ал Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығының GR-директоры Әсел Абақова «Жасанды интеллектінің жолын ашу. Қазақстанның AI-экожүйесін дамыту» тақырыбында сөйледі.
Бағдарламаның тағы бір бөлімі кәсіпкерлікті цифрландыруға арналды. Онда Жетісу облысындағы бірқатар компаниялардың негізін қалаушылар цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті. «Google DevFest» аясында «Google Developer Experts» халықаралық сарапшылары сөз сөйледі. Форум соңында стартап-командалар қазылар алқасы мен инвесторларға өз жобаларын таныстырды.
Форум аясында жетекші IT-компаниялар өздерінің технологиялық өнімдері мен инновациялық әзірлемелерін ұсынған көрме де ұйымдастырылды.
Сонымен қатар іс-шара барысында өңірдің цифрландыру саласын дамытуға үлес қосқан мамандар мен компания өкілдері марапатталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Balazhan» мемлекеттік цифрлық платформасын енгізуде.
Платформаның негізгі мақсаты - ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды ерте анықтап, оларға қажетті көмекті уақтылы ұйымдастыру.
«Balazhan» балалар мен олардың отбасылары туралы ақпарат жинауға қатысты жаңа талаптар енгізбейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді бірыңғай цифрлық платформада жинақталады.
Бастапқы мәліметтер платформаға бір рет енгізіліп, кейін тек қажеттілігіне қарай жаңартылады. Бұл құжат айналымын азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Balazhan» Ұлттық білім беру деректер қорының модулі болып табылады. Балалардың дербес деректерінің қорғалуы заңнама талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Жаңа жүйе қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз сүйемелдеуге және оларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Дерекөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты
«Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді