GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
17 сентября 2026
КАНДИДАТҚА АРНАЛҒАН БӨЛМЕНІ 360 ГРАДУСҚА ШОЛУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША НҰСҚАУЛЫҚ
Экономика және бюджеттік жоспарлау
13 августа 2026
Нұрлыбек Нәлібаев Жетісу облысындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, электр және жылумен жабдықтау саласындағы  ірі жобалармен, тұрғын үй, әлеуметтік және өртке қарсы инфрақұрылым нысандарының құрылысымен танысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобалар, қысқа әзірлік барысы Үкімет бақылауында. 

Жұмыс сапары облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары таныстырылған кеңестен басталды. Экономикалық өсімге негізгі үлесті өнеркәсіп саласы, көлік және қоймалау, байланыс қызметтері мен ауыл шаруашылығы қосты. Жалпы саны 11 500-ге жуық жұмыс орны құрылды.

Жұмыс сапары Текелі қаласында жалғасып, жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту және кеңейту жұмыстары таныстырылды. Қазір жалпы қуаты 36 МВт болатын үш газтурбиналық қондырғы пайдалануға берілді. Дайындық деңгейі – 90%. Бу-газ қондырғысын іске қосу Текелі қаласындағы электр энергиясы тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа өндірістік нысандар мен тұрғын үй алаптарын сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Қора өзеніндегі Корин ГЭС-3 су электр стансасына  10,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Осы су электр стансасының пайдалануға берілуімен өңірдегі «жасыл» электр энергиясын өндіру көлемі жылына 95 млн кВт·сағатқа артты, ал облыс бойынша өсім 22%-дан асты. Жалпы Жетісу облысында 19 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан абаттандыру жобалары да назардан тыс қалмады. Көппәтерлі тұрғын үй қорын жаңғырту, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы  «Жеңіс» саябағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары таныстырылды. Өткен жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 13 саябақ, 6 аллея, 2 сквер, 2 орталық алаң, 49 аула, 81 балалар және спорт алаңы абаттандырылды.

Жетісу аграрлық бағыттағы өңір болғандықтан,  өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 519,7 млрд теңгеге, ал қайта өңдеу көлемі 110 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде. Биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 68,1 млрд теңге қарастырылған, жалпы егіс алқабы 514,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Оның ішінде өңір үшін басым дақыл – қант қызылшасының егіс көлемі 13,5 мың гектар. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ескелді ауданындағы «НАМ» шаруа қожалығының егіс алқаптарына барып, жер асты тамшылатып суару жүйесінің жұмысымен танысты. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында шаруашылық алқаптарында заманауи испандық технология негізінде автоматтандырылған жер асты тамшылатып суару жүйесі енгізілген. 

Жалпы соңғы төрт жылда Жетісу облысында заманауи суару технологиялары қолданылатын алқап көлемі 4,6 есеге, яғни шамамен 34 мың гектарға ұлғайды. Қазіргі уақытта ылғал үнемдеу технологиялары өңірдегі суармалы жерлердің 20,5%-ында қолданылып отыр.

Жетісу облысына жұмыс сапарының екінші күні өнеркәсіп және энергетика салаларының нысандарын аралаумен, алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерумен жалғасты. 

Талдықорған қаласында жылына 150 мың текше метр автоклавты газбетон блоктарын өндіретін зауыт өткен жылдың маусым айында іске қосылған болатын. Жобаға салынған инвестиция көлемі 2,5 млрд теңге, 30 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда кәсіпорын толық өндірістік қуатына шықты. Айта кету керек, кәсіпорындағы өндірістік процесс толық автоматтандырылған. 

Жұмыс сапары барысында энергетика саласын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылып, Талдықорған қаласындағы «Басқуат» орталық қазандығының маңында салынып жатқан газтурбиналық станция құрылысы  таныстырылды.

Облыс орталығында жылумен жабдықтау жүйесін табиғи газға кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ал көмірмен жұмыс істейтін «Басқуат» қазандығы резервтік жылу көзі ретінде сақталады. Қабылданып жатқан шаралар экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсерін тигізеді.

Жылумен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражаты есебінен Талдықорған қаласында қуаттылығы сағатына 49 Гкал болатын кварталдық қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Жоба іске асырылғаннан кейін шамамен 120 көппәтерлі тұрғын үй, әлеуметтік саланың 17 нысаны және 20 мыңға жуық тұрғын тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі, жобаны пайдалануға беру осы жылдың қараша айына жоспарланған.

Айта кету керек, Жетісу облысы «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру, оның ішінде 2026–2027 жылдарға арналған жобалар пулын қалыптастыру бойынша көшбасшы өңірлердің қатарына кіреді. Жалпы, аталған ұлттық жобаны іске асыруға осы екі жылда өңірде шамамен 79 млрд теңге инвестиция бағытталады. Осы қаражат есебінен екі жылдың қорытындысы бойынша 1156,2 шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады, сондай-ақ 83,6 мың есепке алу құралы орнатылады.   Инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 19%-ға төмендейді деп күтілуде.

Сапар барысында  әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғын үй құрылысына да ерекше назар аударылды. 2022 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Талдықорған қаласында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысы басталған болатын. Өрт сөндіру депосының боксын аралау кезінде орындалған құрылыс-монтаж жұмыстарының нәтижелері таныстырылды.  Нысан толық дайын және алдағы күндері пайдалануға беріледі. Бұл қаланың оңтүстік-батыс бөлігін, сондай-ақ адам көп жиналатын бірқатар нысанды өрттен қорғауға мүмкіндік береді. 

Бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылыс барысы да тексерілді. Нысанның дайындығы 84% және ол қыркүйек айында іске қосылады. Пайдалануға берілгеннен кейін қолданыстағы нысанға түсетін жүктеме азайып, жаңа медициналық нысан 50 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.

Әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға арналған тұрғын үйлер бой көтерген «Жастар-3»  шағын ауданына 790 жеке тұрғын үй салу көзделген. Оның ішінде 2024–2025 жылдары 309 үйдің құрылысы аяқталды. Биыл 350 үйдің құрылысы жүргізілуде, оларды сатып алу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар өңірдің жол инфрақұрылымын дамыту туралы да баяндалды. Осы аумақтан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100%-ға, ал облыстық маңызы бар жолдар бойынша 96%-ға жетті.

Сапар қорытындысы бойынша  Жетісу облысының агроөнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін арттыру, жылыту маусымына сапалы дайындалу және оның үздіксіз өтуіне жағдай жасау, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу,  инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы іске асырып, әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруге қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Нұрлыбек Нәлібаев #ТКШ #Энергетика #Өңірлер

Источник: официальный сайт Премьер-министра Республики Казахстан

Нұрлыбек Нәлібаев Жетісу облысындағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысымен танысты - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы

 

Энергетика және ТҮКШ
16 июля 2026
Жетісу облысындағы көмір тұйықтары мен қоймаларының тізімі

Көмірді ауа райының қолайлы кезінде сатып алу керектігін тұрғындардың есіне саламыз.

Экономика және бюджеттік жоспарлау
14 июля 2026
Жетісуда 43 инвестициялық жоба іске асырылуда

Жетісу облысында 2026 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,7%-ды құрады. Экономикалық өсімде негізгі үлес өнеркәсіп, көлік және қоймалау, байланыс қызметтері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне қарағанда, бұл динамика 2025 жылы аяқталған республикалық ірі инфрақұрылымдық жобалардың, яғни «Достық-Мойынты» теміржолының, «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры мен Достық өткізу пунктінің құрылысы, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» және «Сарыөзек-Қорғас» жолдарын жөндеу жұмыстарының аяқталуы әсерінен, яғни жоғары базаның арқасында қалыптасты. Нақтыланған жоспарға сәйкес жыл соңына дейін бұл индикаторларды орындауға толық мүмкіндік бар.

Бүгінде облыста жалпы сомасы 129 млрд теңгеге 43 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішінде ірілерін атап өтсек, Ақсу, Көксу қант зауыттарын жаңғыртудың нәтижесінде олардың өндірістік қуатты жылына 950 мың тоннаға дейін ұлғайтылады, қуаты жылына 20 мың тонна арматура өндіретін «Steelers» зауыты және кофе-шай сусындарын шығаратын MacCoffee зауыттары іске қосылады.

Жыл соңына дейін Көксу және Қора өзеніндегі бірқатар су электр станциялары, «Қойлық» ГЭС-і және Талдықорған, Текелі қалаларында жалпы қуаты 137 МВт / 118 Гкал/сағ болатын газтурбиналық станциялар кезең-кезеңімен іске қосылады.

Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қоса алғанда, ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылады. Күзде қуаты 49 Гкал/сағ қазандықтың және Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс тұрғын үй ауданындағы жылу желілерінің құрылысы аяқталады. Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенінде газ тарату желілерін тарту жұмыстары басталады. Бұдан басқа, «Алтынкөл – Жетіген» темір жол учаскесін және «Алматы – Талдықорған» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары аяқталады.

Туризмді дамыту мақсатында Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауында инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар кешені іске асырылуда, оның ішінде жағалауды нығайту бөгеттері мен кәріз тазарту қондырғыларының (КОС) құрылысы бар.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды (фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев)

18 июня 2026
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру

Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бастамасымен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында мемлекеттік қызметшілер үшін «Бюджеттік жоспарлау, әлеуметтік-экономикалық дамуды талдау және бюджеттік рәсімдердің ашықтығы саласындағы адалдық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу» тақырыбында дәріс-түсіндіру жұмысы өткізілді.

Іс-шара барысында қатысушыларға бюджет қаражатын тиімді және ашық жоспарлау, мемлекеттік органдар қызметіндегі адалдық қағидаттарын сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және олардың алдын алу тетіктері түсіндірілді. Сонымен қатар бюджеттік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этика талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.

Кездесу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау
22 мая 2026
Жетісу облысы: биыл Панфилов ауданында 190 мың тонна жүгері алынады деп күтілуде

Панфилов ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарынан жүгері себуге басымдық беріледі. Өткен жылы ауданда жүгері 23 мың гектардан астам жерге егіліп, одан 182 мың тонна өнім жиналды. Ал биыл бұл дақылдың егіс көлемі тағы 2 мың гектарға ұлғайтылып, 190 мың тоннадан астам өнім алу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы биыл аудандағы егіс алқабы 43,7 мың гектар болады. Сонымен қатар бау-бақша шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, «Жаркент фрукт» ЖШС 55 мың жас көшет отырғызып, 500 гектар бақты жаңартты. Сондай-ақ «Агромир» ЖШС 55 мың жаңа алма ағашын отырғызды. Биыл шаруашылықта 5 мың тонна алма және 2 мың тонна шие өнімін алу күтілуде.

Сонымен қатар аудан әкімі Марат Сағымбектің айтуынша, өткен жылы тоқтап тұрған жылыжайдың жұмысы қайта жанданып, 4 гектар жерге қияр егілді. Нәтижесінде 750 тонна өнім алынады деген жоспар бар. Ал тағы бір жылыжайдың 1 гектар алқабынан 120 тонна қияр жинау көзделуде. Жалпы биыл ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнім көлемі 67 млрд теңгеден асады деп күтіліп отыр.

Атап өтсек, соңғы төрт жылда ауданда мемлекет меншігіне жалпы көлемі 60 300 гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 58 мың гектар жер конкурс арқылы жаңа жер пайдаланушыларға беріліп, қоғамдық жайылымдарға бекітілді және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. 

Ауданның экономикалық дамуы жайында сөз қозғаған М. Сағымбек ауданда 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейтінін, онда шамамен 21 мың адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар аудан дамуының маңызды бағыттарының бірі – туризм саласына тоқталды.

– Ауданда 25 туристік нысан бар. Өткен жылы оларда 38,9 мың келушіге қызмет көрсетілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11,9%-ға ұлғайды. Ал биылдың өзінде шамамен 45 мың келушіге қызмет көрсетілді. Биыл «Жаркент-Арасан» шипажайы жоғары санаттағы 50 орындық жаңа ғимаратты пайдалануға беріп, қосымша 50 жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ осы айда Жаркент қаласында жалпы сыйымдылығы 95 орын болатын 4 және 5 жұлдызды қонақ үйлер іске қосылып, тағы 68 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды, – деді аудан әкімі.

Ауданды дамытудағы өзекті мәселелердің бірі – халықты тұрғын үймен қамту. Өткен жылы Жаркент қаласында 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 203 жеке тұрғын үй сатып алынды. Қазіргі таңда бұл баспаналарды кезекте тұрған азаматтарға «Отбасы банк» арқылы бөлу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Нұркент ауылында 2022 жылдан бері құрылысы созылып келген 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің мәселесі де шешімін тапты. Құрылысы толық аяқталған бұл үйлерді маусым айында кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін «Отбасы банкке» тапсырылады. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтар үшін 424 тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінді. Сонымен қатар Шолақай ауылында жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталады.

Халықты сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 3 ауылда ұзындығы 76,1 шақырым болатын су жүйелерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы Қырыққұдық ауылы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, биыл Шолақай және Керімағаш ауылдарында осындай жұмыстар аяқталады. Соның нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтылады. Өткен жылы халықпен кездесуде көтерілген Сарыбел ауылындағы ауыз су сапасына қатысты мәселе де шешімін тапты. Жоба әзірленіп, оны 2026-2027 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Облыс басшылығының қолдауының арқасында ауданның 26 елді мекені өңірлік газдандыру схемасына енгізіліп, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жалпы қазіргі таңда Жаркент қаласы 90%-ға газдандырылған, ал жұмыстарды 2027 жылдың соңында толық аяқтау жоспарланған. Ақкент, Нәдек, Ават, Сүптай, Қырыққұдық және Ынтымақ ауылдарына газ тартылғанымен, абоненттерді қосу жұмыстары баяу жүргізілуде. Осыған байланысты облыс әкімі халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар биыл ауданның тағы 19 ауылын газдандыруға қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде осы жылы 61 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, Тұрпан, Садыр, Сарыбел, Басқұншы, Диқанқайрат, Жаркент-Арасан және Көктал-Арасан ауылдарын газдандыру жобасы әзірленуде.

Аудан әкімі әлеуметтік саланы дамыту, өнеркәсіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру, абаттандыру және жалпы инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де жан-жақты тоқталды.

Бейбіт Исабаев аудан әкіміне бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, «Жаркент мешіті», «Әулиеағаш» табиғи ескерткіші, «Керімағаш» және «Жаркент-Арасан» шипажайларының әлеуетін тиімді пайдаланып, туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ауданның шекарада орналасудың инвестициялық мүмкіндіктерін иескеріп, өңдеу өнеркәсібінің көлемін арттыруға ерекше назар аудару, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылыжай шаруашылықтарын, жеміс-жидек сақтау қоймаларын ашу жұмысын күшейту, заманауи агротехнологиялар мен ылғал үнемдеу тәсілдерін енгізу, мал бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермаларын, құс фабрикаларын, ет комбинаттарын салу үшін инвесторлар тартуды тапсырды.

- Сонымен қатар аудан тұрғындарын күн сайын алаңдататын бірқатар мәселелер бар. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына, санитарлық нормалардың сақталуына және елді мекендерді дамыту мәселелеріне қатысты. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету сапасына, медицина қызметкерлерінің жұмысына байланысты шағымдар мен Аққұдық, Көктал ауылдарындағы интернет желісінің тұрақсыз жұмысы жөнінде де мәселелер көтерілуде. Соңғы бірнеше жыл ішінде аудандағы көптеген ірі проблемалық мәселелер өз шешімін тапты. Магистралды жолдар жөнделді, ауданға газ тартылды, ауыз судың сапасы жақсарды. Алдағы 4-5 жылда ауылдардың ішкі көшелерін де толық ретке келтіреміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Панфилов ауданы облыста әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері бойынша бірінші орын алды. Барлық оң өзгерістер – ортақ еңбектің нәтижесі, оған аудан тұрғындары ретінде сіздер күн сайын өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Әрине, өмір болған соң жаңа мәселелер туындайды, біз өз тарапымыздан оларды заман талаптарына сай шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Аудан әкімі халық арасында туындаған барлық мәселелерге дер кезінде назар аударып, жедел әрекет етуі қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсарту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету - біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Б. Исабаев.

Мұнан соң облыс әкімі аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Мәселен, Үлкеншыған ауылының тұрғыны ауылға мәдениет үйін салып беру туралы өтініш білдірді. Аудан әкімінің айтуынша, аталған ауылдық округте шамамен 7500 адам тұрады, қазіргі таңда 400 орындық мәдениет үйінің құрылысына арналған жоба дайын. Өңір басшысы бұл бастамаға қолдау көрсетілетінін айтып, келесі жылға бюджеттік өтінім беруді тапсырды. Жаркент қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғыны олардың үйі не себепті газдандыру жобасына енбей қалғанын сұрап, бұл мәселе шешіле ме деген сауалын қойды. М. Сағымбектің мәліметінше, Жаркент қаласын газдандыру жұмыстары 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар газдандыру жоспарына енгізілген «Өсек» шағын ауданындағы қалған үйлер де көгілдір отынға қосылады. Тұрғындарды мектептерді жөндеу, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу, ағын суға сараланған тариф енгізу, минералды тыңайтқыштар алу, жаңа электр бағаналарын орнату мәселелері де алаңдатты. Барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Осы күні Бейбіт Исабаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға кірген екі азамат жол жөндеу және жылумен қамту мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін Ынтымақ ауылына дейінгі облыстық маңызы бар кіреберіс жолдың жалпы ұзындығы 3,28 шақырымды құрайтын қалған бөлігі жөнделеді. Сонымен қатар Жаркент қаласындағы Белалов көшесіндегі №85 көп қабатты тұрғын үйін блокты-модульді қазандыққа қосу мәселесі де шешімін табады.

Жалпы, өткен жылдан бері қаладағы көпқабатты үйлерді пешпен жылытудан туындайтын мәселені шешу үшін заманауи блокты-модульді қазандықтарға кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 31 үй қосылып, тағы 11 үйді қосу жоспарланып отыр. Блокты-модульді қазандықтарды орнату және үйлерді қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, келесі жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Экономика және бюджеттік жоспарлау
24 апреля 2026
Бейбіт Исабаев: Балқаш көлінің жағалауында 3 коммуналдық жағажай салынады

 

Биыл Балқаш көлінің жағалауында 3 коммуналдық жағажайдың құрылысы жүргізіледі, оның 1-еуі алдағы шомылу маусымында ашылады деп жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Сарқан ауданының тұрғындарымен өткізген кездесуі кезінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сарқан аудандық мәдениет үйінде өткен кездесу жиынында өңір басшысы тұрғындарға облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Соның ішінде  агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, ирригациялық жүйелерді жөндеу, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, сол сияқты «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне тоқталды. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге қарастырылып, 271 несие беру, 540 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 2 млрд. теңгесі 58 кооперативті қаржыландыруға бағытталады.

Сонымен қатар Бейбіт Исабаев өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту тақырыбын да назардан тыс қалдырған жоқ.

- Өткен жылы өздеріңізбен кездескенде, «Лепсі-Мұқан Төлебаев» жолын жөндеу мәселесі көтерілген болатын. Биыл жобаны бастауға қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, былтырғы кездесудегі сұрауларыңыз бойынша «Алматы-Өскемен» автожолын күрделі жөндеу барысында Алмалы, Абай, Бақалы, Қойлық, Қарабөгет ауылдарына кіреберіс жолдар жарықтандырылып, жол жиегі қоршалды. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсарттық, ендігі кезекте ауылішілік жолдарды жөндеуге көңіл бөлеміз, оған биыл қомақты қаржы қарастырылды. Алдағы жылдары бұл  жұмыстар жалғасады, - деді Б. Исабаев.

Оның айтуынша былтыр «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтудың құжаттамасы әзірленген. Соның ішінде Сарқан ауданының 19 ауылына биыл газ тарту жұмыстары басталады.

Облыс басшысы өз сөзінде Балқаш көлі жағалауын дамыту шараларына ерекше тоқталды. Белгілі болғандай, былтыр көлге апаратын 137 шақырым жол қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ Лепсі станциясында жаңа теміржол вокзалының құрылысы биыл аяқталады. 2025 жылы Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электр және су желілері тартылды.

- Балқаш көлінің жағалауында 3 коммуналдық жағажай салынады. Бірінші жағажай бойынша жұмыстар басталды. Оның біреуі шомылу маусымында іске қосылады деп жоспарланған. Екінші жағажай тамыз айында салынып бітуі тиіс. Үшінші жағажайдың құрылысы биыл басталып, келесі жылы жазғы маусымда беріледі. Бұдан бөлек, көл жағалауындағы коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерiн аукцион арқылы инвесторларға беру жұмыстары басталды. Ендігі кезекте жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвесторларды тарту міндеті тұр, - деп атап өтті Б. Исабаев.

Облыс әкімі сондай-ақ тұрғындарды әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру жайынан да хабардар етті. 

Мұнан соң аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев сөз алып, аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен биылғы жоспарлары туралы айтты. Оның айтуынша, өнеркәсіпте 16,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, негізгі капиталға 50,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен бюджетке түскен салық көлемі былтырғымен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Биыл егістік 98,2 мың гектарға егін егіледі, ол үшін 46 шаруашылық «Кең дала-2», «Агробизнес» бағдарламалары арқылы несие алды. Ал тұрғын үй құрылысы 136,8% артық орындалып, 16,4 мың шаршы метр үйлер пайдалануға берілген. Сол сияқты биыл Басқан өзені бойында 3 ГЭС-тің құрылысы басталады. Әлеуметтік салаға келсек, өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Ақтұма, Қарғалы және М.Төлебаев ауылдарында үш ФАП қолданысқа берілген. Білім саласында былтыр Қойлық ауылындағы бөбекжай жөндеуден өткізілсе, биыл Ақтұма ауылындағы орта мектепті жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп отыр. Аудан әкімінің баяндамасында осы және басқа да жобалар жайлы кеңінен баяндалды.

Жиын соңында облыс әкімі аудан басшылығының алдына халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар міндеттер қойды. Бұл ретте мал бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермаларын, ет комбинаттарын салу, мал өнімдерін және жеміс-жидекті терең өңдеу туралы бірнеше жыл қатарынан айтылып, тапсырылғанымен әлі күнге қайта өңдеу өндірісін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмегенін қадап айтты. Сол сияқты балық шаруашылығын қолға алуды, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа өнеркәсіптер ашуды, аудан қорына қайтарылған 19,2 мың гектар ауыл шаруашылық жерлерін 1-ші шілдеге дейін айналымға қосуды тапсырды.

- Сіз халық сайлаған әкімсіз, тұрғындар сізге үлкен сенім артты. Сондықтан ауданды дамытудағы жауапкершілігіңіз де аса үлкен. Жалпы ауданда біршама оңды жұмыстар атқарылды. Дегенмен алда әлі де үлкен міндеттер бар. Туризм саласын дамытуға мұнда мүмкіншілік көп. Осыны кеңінен пайдаланып, туризм бағытын жандандыру арқылы аудан экономикасының өсімін ұлғайту керек. Ең бастысы – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңіріміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы жолда әрқайсымыздың үлесіміз маңызды, - деді Бейбіт Исабаев.  

Осы жиын барысында өңір басшысы аты аңызға айналған палуан Әбілсейіт Айхановтың есімін есте қалдыру бағытында аудан тарапынан нақты ұсыныстар беруді тапсырды. Сарқан ауданында туған атақты спортшының есімін ұлықтау кейінгі жас спортшыларға үлгі екені анық.  

Бұдан соң тұрғындар өз сауалдарын қойды. Атап айтқанда, олар Алмалы ауылындағы мектепке жөндеу жүргізу, сол сияқты Қарабөгет ауылындағы ескі медициналық нысанның орнына жаңа ғимарат салу туралы өтініштерін жеткізді. Бұл мәселелерге байланысты облыс әкімі тиісті басқармаларға және аудан әкіміне аталған ғимараттардың жағдайын зерделеп, олардың шешімі бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырды. Бұл мәселелер облыс әкімінің жеке назарында болады.

Осы күні Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендер жол жөндеу, ауыз су сапасын жақсарту, тұрғын үй мәселелері бойынша жүгінді. Бұл мәселелердің шешіміне байланысты белгіленген жоспарлар баяндалып, нақты жауаптар берілді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

17 апреля 2026
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелерін жария талқылау күні туралы хабарландыру

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелерін жария талқылау күні туралы хабарландыру

 

2026 жылғы 23 сәуір сағат 16:00-де Жетісу облысы Талдықорған қаласы Н.Назарбаев көшесі, 38, мекен-жайында (512 кабинет) «Жетісу облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін қоғамдық талқылау өтеді.

Анонс сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін талқылау бойынша жұртшылықты хабардар ету үшін жүргізіледі.

Сұрақтар бойынша келесі телефондарға хабарласа аласыз: Гүлшат Маратқызы Ожарова, 8 (7282) 40 26 69.

Экономика және бюджеттік жоспарлау
15 апреля 2026
Бейбіт Исабаев Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Жетісу облысында «Талдықорған – Үштөбе» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сол сияқты соңғы үш жылда Қаратал ауданында  облыстық маңызы бар 120 шақырым жол, елді мекендердің 54 көшесі жөнделіп, 30 ауылда жарық шамдары орнатылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу кезінде Бейбіт Исабаев алдымен облыста атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,2%-ға, құрылыс – 9,7%-ға, сауда – 3,5%-ға, байланыс – 5,8%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру – 11%-ға, көлік және қоймалау қызметтері 1,4 есеге ұлғайған. Облыс экономикасына 12,8% өсіммен 610,9 млрд. теңге инвестиция тартылды.

- Облыстағы республикалық маңызы бар жолдар 100% жөнделді. «Талдықорған – Үшарал», «Үшарал – Достық» жолдары пайдалануға берілді, «Сарыөзек – Көктал – Қорғас» жолы жаңғыртылды. 2025 жылдан бастап «Алматы – Талдықорған» жолына күрделі жөндеу жүргізілуде, 2027 жылы аяқталады. Сонымен қатар «Талдықорған – Үштөбе» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді, - деді Б. Исабаев.

Өңір басшысының айтуынша, облыс құрылғаннан бері газдандыру деңгейі 27%-дан 67%-ға жеткізілді. Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі 110 елді мекен газдандырылды. Қалған 16 елді мекенді газдандыру жұмыстары биыл аяқталады. Сонымен қатар өткен жылы «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы бітіп, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жеке инвестициялар есебінен жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Газ тарту жұмыстары биыл басталады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде  2028 жылы облыста 210 елді мекенге газ тартылып, газға 652 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 93,8%-ы қол жеткізе алады.

Өз сөзінде тұрғын үй құрылысы, туризм, абаттандыру, әлеуметтік сала және басқа да маңызды бағыттарға тоқталған Бейбіт Исабаев мұнан соң ауданның дамуы туралы баяндама жасау үшін сөзді аудан әкімі Ұлан Досымбековке берді.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, өнеркәсіпте 4,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға 21,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында ауданда 3 мыңға жуық бизнес субъектілерінен бюджетке 1,3 млрд. теңге салық түскен.

- Өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 13,3 млрд. теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысы 126% артық орындалды, яғни 19 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Аудандағы 35 елді мекеннің 34-і орталықтандырылған ауыз сумен, 16-сы табиғи газбен қамтылған. Ауылдарды газдандыру жалғасады. Сондай-ақ Үштөбе қаласы тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр магистралды жылу трассасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, сапасы жақсарды, - деп атап өтті Ұ.Досымбеков.  

Сол сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, өткен жылы Тастөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектеп пен Бастөбе сервистік-техникалық колледжі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 5 мектепке ағымдағы жөндеу жасалды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 ауылда медициналық нысандардың құрылысы жүргізіліп қолданысқа берілді, орталық аудандық аурухананың «В» блогына, Жаңаталап ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар былтыр Жасталап ауылында және Үштөбе қаласында жедел жәрдем қосалқы станциясына арналған ғимараттар қолданысқа берілді. Ал биыл Кәлпе ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Оған қоса мәдениет және спорт салаларында да нысандар жаңғыртылуда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

- Қаратал ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындап, оң нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – баршаңыздың бірлескен еңбектеріңіздің жемісі. Десек те алда атқарылатын міндеттер әлі де көп. Ауданға инвесторлар тартып, ет-сүт өндірісі мен балық өсіруді және оларды терең өңдеуді қолға алу керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен шағын және орта бизнесте өнеркәсіп санын арттыруды аудан әкіміне жеке бақылауда ұстауды тапсырамын. Ауданда ирригация жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, енді су үнемдеу технологияларын қолдануды және егістік аумағын ұлғайту қажет, - деген Бейбіт Исабаев сол сияқты пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, құрылысы жүріп жатқан нысандардың уақытылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сол сияқты облыс әкімі Президент жүктеген міндеттер аясындағы мұндай шаралардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал ететінін жеткізді.

Мұнан соң тұрғындар сауалдарын қойды. Мәселен, жетім балаларды қамқорлығына алған патронат ана, «Байтақ» партиясының Қаратал аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Қабылбекова балалар музыка мектебін салу туралы ұсынысын айтты. Бұл ретте облыс басшысы ауданда мәдениет үйінің құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізіп, мәдениет нысаны мен музыка мектебінің қайсысы бірінші кезекте қажет екенін айқындауды және мәселені қарастыруды аудан басшысына тапсырды.  

Осы күні азаматтар үшін жеке қабылдау өткізген Бейбіт Исабаев олардың тұрғын үйге және жол құрылысына қатысты сұрақтарына жауап беріп, мәселенің заң аясындағы шешімдерін түсіндірді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Экономика және бюджеттік жоспарлау
14 апреля 2026
Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы баяндалды.

Бейбіт Исабаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі мақсатты индикаторға қол жеткізілгенін айтты. Өңірге 610 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға артық.

Президентке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары таныстырылды. Ауыл шаруашылығы дақылдары, соның ішінде қант қызылшасы алқабы кеңейді. Ақсу және Көксу қант зауыттарының өндірістік қуатын 2 есеге арттырып, 950 мың тоннаға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай шаруашылықтары мен басқа да жобалар бар.

Өнеркәсіп саласында соңғы үш жылда 29 жаңа нысан іске қосылып, 7 кәсіпорын кеңейтілді, соның нәтижесінде 1841 жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысына инфрақұрылымды дамыту жайында мәлімет берілді. Өңірді газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетті. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры тартылды, соның нәтижесінде 650 мыңнан астам тұрғыны бар 210 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді.

Облыстың туризм саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыстар жалғасуда. Алакөл, Балқаш жағалауларында туристік нысандарға баратын жолдар салынып, ауыз су, электр желісі, кәріз жүйелері тартылды. Жағалауларды бекіту шаралары қолға алынды. Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 шақырымдық жол жаңартылып жатыр.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде үш экопарк салып, 121 мың ағаш егу көзделген.

Мемлекет басшысы облыс әкіміне Қытай Халық Республикасымен шекаралас «Достық» бекетіндегі және «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ Алакөл, Балқаш көлдері жағалауындағы демалыс орындарын, тау туризмін қарқынды түрде дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы