
2024 жылғы 19 қарашада Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетудің маңызы» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасын арттыру және кәсіпкерлік саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А. Ешжанов ашып, жүргізді.
Семинар жұмысына І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Иманғазинов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-дәріскері, филология ғылымдарының кандидаты Г. Сырлыбаева спикер ретінде шақырылды. Сонымен қатар «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық және Талдықорған қалалық филиалдары өкілдері, облыстық кәсіпкерлер палатасы және банк қызметкерлері, кәсіпкерлер, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенттері, БАҚ өкілдері, барлығы 72 адам қатысты.
Шара барысында «Мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетудің маңызы», «Мемлекеттік тілде қызмет көрсетудің артықшылықтары» тақырыбында мазмұнды баяндамалар тыңдалып, мемлекеттік тілде көрсетілетін қызметтің сапасын артыру және оның кәсіпкерлік саласында қолданыс аясын кеңейту мәселелері талқыланды.
Семинардың пікір алмасу кезеңінде сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Т. Рахымберлина мен облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ж. Жолдыбаев өңірде тіл саясатын іске асыру саласы және мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, студенттер тарапынан түскен сүбелі сұрақтарға жүйелі жауаптар берді.
Қатысушылар танымдық шарадан тағылымды ой түйіп, ризашылықтарын білдіріп қайтты.