
29 қазан күні Жетісу облысы, Талдықорған қаласы Достық үйі ғимаратында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің Төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкин Жетісу облыстық ҚХА өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Губашев Тимур Айбекұлы, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің төрағалары және «Ассамблея жастары» қатысты.
Отырыста этносаралық бейбітшілік пен келісімді, бірлікті, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты, қоғамдық идеологияны дамыту бойынша Сарқан аудандық Аналар кеңесінің төрағасы К.Қалиева, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Келемсейіт және «Нахичевань» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Ф.Магеррамов сөз сөйледі. Сондай ақ, этносаралық диалог пен ынтымақтастықты дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Этносаралық қатынастарды дамыту мақсатында:
- Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму Тұжырымдамасы;
- Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылғы XXXIII сессиясында берілген тапсырмалары;
- Ұлт қалыптастыру Жол қартасы;
- Этносаралық қатынастарды дамыту бойынша ведомствоаралық жоспарлары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұлт қалыптастыру процесінің ағымдағы жай-күйі талданып, оның негізінде 2024-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітіліп жүзеге асырылуда. Онда ұлттың саяси қауымдастық ретінде дамуы және этностық тегіне қарамастан азаматтардың бірлігі мен теңдігі саясатын ілгерілету көзделген.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы аталған құрылымдармен 117 мыңнан аса адам қамтылған 280-нен астам шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында «Жүректен жүрекке», «Күшіміз бірлікте» акциялары ұйымдастырылып су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 70 тоннадан аса гуманитарлық көмек жолданды. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында, 4 отбасыға 5 млн. теңгеден астам соммаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасы алынды.
Бүгінгі күні Достық үйінде бірлік пен келісім құндылықтарын ілгерілету бағытында Медиация орталығы, «Жомарт жан» қайырымдылық орталығы, қазақ тілін оқыту кабинеті жұмыс істейді.
Достық үйі ғимаратында мемлекеттік органдармен отырыстар тұрақты өтуде. Құқық қорғау өкілдерімен түрлі форматта 20-дан астам шара ұйымдастырылды.