Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «SARAP» эксперттік клубының «Қазақстандағы қоғамдық үрдістер: отбасы, азаматтық қоғам, стратегиялық коммуникация» тақырыбындағы аймақтық жиін өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «SARAP» эксперттік клубының «Қазақстандағы қоғамдық үрдістер: отбасы, азаматтық қоғам, стратегиялық коммуникация» тақырыбындағы аймақтық жиін өтті

2024 жылғы 23 қазанда Талдықорған қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «SARAP» эксперттік клубының «Қазақстандағы қоғамдық үрдістер: отбасы, азаматтық қоғам, стратегиялық коммуникация» тақырыбындағы аймақтық жиынын өткізді.

Аталған аймақтық жиын Республика күні ұлттық мерекесіне орайластырылды.

Күн тәртібіне сәйкес еліміздегі отбасы саясаты, отбасылық құндылықтар, азаматтық қоғамның жаңа көрінісі, заманауи коммуникация құралдары туралы мәселелер талқыланды. Іс-шараға Жетісу облысы әкімдігі, Қоғамдық кеңес мүшелері, білім беру саласының мамандары, жастар және азаматтық қоғам, ҚҚДИ өкілдері қатысты.

Жиын Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаевтың модераторлығымен өтті.

«Бүгінде Республика күні – еліміздегі басты және ұлттық мереке болып бекітілді. 2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде аталып келген Республика күні қоғамның қолдауымен арнайы статусқа ие болып, елдегі, шеттегі жұрттың басын біріктіретін мәртебелі мерекеге айналып келеді. Биыл Республика күні қарсаңында Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет бірден екі мұғалім ең жоғары мемлекеттік марапатқа, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды.  Жалпы ел бойынша 137 педагог мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бірқатар азамат ерекше батылдық көрсеткені үшін марапатталды. Республика күні мамандыққа қарамастан әрқайсымыздың мерекеміз, өйткені біздің адал еңбегіміз – Қазақстанның өркендеуінің кепілі болмақ».

Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасым Қазақстандағы азаматтық қоғамның жаңа кейпі, қоғамдық келісім сұрақтарына тоқталды.

«Бүгінде қоғамдық қатынастарды жаңа мазмұнмен толықтыру мәселесіне қайта мән беріліп отыр. Нәтижесінде, соңғы жылдары мемлекеттік басқару институттарын жаңартумен қатар ұлттың дамуы жөніндегі консенсус, оның әр тобы үшін тартымды болатын біріктіруші құндылыққа деген сұраныс та, талап та, тілек те артты.

Сонымен қатар, жария саясат арқылы халықты саяси шешімге қатыстырудың тетіктері кеңейіп келеді: Ұлттық құрылтай, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер, Е-өтініш, Ulttyq quryltai мобильді қосымшасы, референдумдар».

Қазақстандық қоғамдық даму институты «MediaLab» орталығының Әдістемелік сүйемелдеу басқармасының басшысы Жақсыбек Жиеналиев заманауи коммуникация құралдары және әлеуметтік медиа, балаларға арналған контент мәселелері туралы баяндады.

«Әлеуметтік медианы белсенді пайдалану дағдысы ересектермен қатар балалардың да күнделікті өмір салтына біртіндеп еніп кетті. Бүгінде әлеуметтік медиа көптеген қызмет пен медиа өнімінің арқасында балалар арасында кеңінен танымал. Бұл адамдардың жақындары және достарымен өзара әрекеттесу, аудио және бейне файлдарды жүктеу мүмкіндігі, хабар алмасу, әртүрлі ақпаратты іздеу және тұтынуы әлеуметтік медиа платформаларының қоғам өмірінде кеңінен таралуының жарқын көрінісі. Балалардың электронды құрылғыларды белсенді қолдану тәжірибесін, мультимедиалық мазмұнның балалардың дамуына әсерін зерттеу ерекше назар аударуды қажет етеді. Сонымен қатар мемлекеттік аппарат пен халық арасындағы микро және макроклиматтық қатынастарды  қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Осы орайда мемлекет пен халық және БАҚ арасындағы байланыстардың қандай деңгейде екенін, оның әлсіз немесе мықты тұстарын анықтау барысында кешенді зерттеулер де жүргізілді».

Сонымен қатар Жетісу облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерғазы Қошанбеков еліміздегі қоғамдық кеңестер жұмысына шолу жасап, аталған ұйымдар жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Ал «Жетісу облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дәния Қыдырбаева азаматтық қоғам белсенділігі, жаңа қоғамдық мәдениет туралы сөз қозғаса, «Jetіsý jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арнай Байжұрынов жастар бойындағы патриотизм, еліміздің саяси өміріндегі жастар рөлі туралы пікір білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша басқа да  сарапшылар нақты  мәселелерге тоқталып, бірқатар ұсыныстар жасады. Сондай-ақ олар талқылау барысында туындаған сұрақтарға өз жауаптарын алды.