Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық тіл форумы өтті

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің  аймақтық тіл форумы өтті

2024 жылғы 27 тамызда Жетісу облысының қоғамдық даму және білім басқармасының «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе ұйымдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық Тіл форумы өтті.

Іс-шараның мақсаты: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педогогикалық шеберлігін арттыру.

Форумға облыс мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушы-ғалымдары, тіл оқыту орталықтарының меңгерушілері және оқытушылары мен әдіскерлері, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық, аудан, қалалық филиалдарының төрағалары, зиялы қауым, БАҚ өкілдері (жалпы саны 500-ге жуық адам) қатысты.

Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен айтулы шараның ашылу салтанаты «Ұлттық аударма бюросы» дайындаған қазақ-ағылшын оксфорд сөздігінің (Oxford Qazaq Dictionary) тұсаукесерімен басталды.

Өңірдегі тіл жанашырлары – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басын қосқан форумға «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Ш. Құрманбайұлы, Жетісу облысының білім басқармасының басшысы М. Сүлейменов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым, филология ғылымының кандидаты А. Фазылжанова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы және әдістеме кафедрасының меңгерушісі Н. Ілиясова қатысып, баяндама жасады.

Жиын барысында спикерлер оқулық сапасын және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, қазіргі жастардың жазу мәдениеті мен қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі өзекті мәселелерге қатысты өткір ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар өңірімізде тіл саясатын іске асыруға және барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік тілді өскелең ұрпаққа насихаттауға сүбелі үлесін қосып жүрген ұстаздар марапатталды.

Форум жұмысы Тіл сарайында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен бастауыш сынып мұғалімдерінің секциялық отырысымен жалғасып, педагоктарға сертификаттар табыс етілді.